0 дауыс
312 көрілді
Брокерден бастап. Халық айпио мен жасауды. Шет елдік компания акцияларын қалай сатып алуды

1 жауап

0 дауыс

Биржа деген сөз жиі айтылғанымен, осы ұғымның мән-мағынасын көпшілік жете түсіне бермейтіні жасырын емес. Сол себепті оқырманға ол туралы, біздің еліміздегі жай-күйі туралы аз-кем мәлімет берген артықтық етпейді деген ойдамыз. Бұл латынның «bursa» деген сөзінен тікелей тәржімаласақ «әмиян» дегенді білдіреді. Биржа – түрлі тауарларды, бағалы қағаздарды және жұмыс күшін көтерме бағамен сатуды ұйымдастырушылардың, сатушылар мен сатып алушылардың қаржылық мәміле жасау үшін кездесетін орын. 

Кәрі құрлық биржалары несімен мықты?

Қор биржасы – тұрақты түрде бағалы қағаздар сатылатын һәм сатып алынатын нарық. Экономикаға ұзақ мерзімді инвестиция салу, мемлекеттік бағдарламаларға қаражат тарту, компаниялардың акцияларын, облигацияларын, мемлекеттік облигацияларды сату және сатып алу сынды аса ауқымды шаралардың бәрі осы жерде жүргізіледі. Сонымен қатар биржада айналысқа түсетін бағалы қағаздардың бағамы белгіленеді, бұл бағам түсетін табыспен, несие пайызының деңгейімен айқындалады. Ал қор биржасындағы операциялар ақша капиталдарын тарту үшін және оларды өндірістің көптеген салалары арасында қайта бөлуге ықпал етеді. Қор биржасы тәжірибесінде бағалы қағаздардың мәміле жасалған сәттегі бағамы мен оның аяқталған кездегі бағамы арасындағы айырмадан табыс алу мақсатындағы операциялар кеңінен қолданылады. 

Алғашқы биржалар ХV-XVI ғасырларда пайда бола бастаған-ды. 1608 жылы құрылған Амстердам биржасы, оның көрсететін қызмет түрлері сан алуан, осыны қазірге дейін сақтап келеді. Жалпы алғанда, биржалар орындайтын жұмысы мен көрсетілетін қызмет және ұсынылатын тауарлар түрлеріне байланысты қор биржасы, тауар биржасы, валюта биржасы, еңбек биржасы, тағы да басқа болып жіктеледі. Лондон қор биржасы (London Stock Exchange немесе LSE) – әлемдегі ең ірі және ежелгі биржалардың бірі. Акциялардың халықаралық сауда-саттығы бойынша шамамен 50%-ы LSE-ге тиесілі. Қазақстанның ірі компаниялары өз акцияларын орналастыру үшін дәл LSE-ні таңдайтынын айта кету керек. XVI ғасырда Лондон қаласының көшелерінде және кофеханаларында сауда-саттық операциялары жасала бастаған. Сол үшін мәміле жасайтын ғимараттың құрылысын ең алғаш британдық саудагер әрі қаржыгер Томас Грешэм қаржыландырды, сөйтіп алғашқы нысанның іргетасы 1570 жылы қаланды. Осы жерде 1695 жылдан бастап бағалы қағаздармен мәмілелер жасау қолға алынды. Дегенмен, арада біраз уақыт өткенде акциялармен айналысатын брокерлерге биржа ғимаратына кіруге тыйым салынды. Себебі олар шулы және ашуланғыш адамдардың қатарына жатқызылды. Сондықтан бұл топ «Джонатанда» деген кофеханада тұрақты кездесіп тұрды. 

XIX ғасырда Лондон қор биржасы аса қарқынды дамыды. Бұл кезең темір жол бағыттарының, каналдар құрылысының, ойын бизнесінің және сақтандыру қызметінің шарықтап дамуымен тұспа-тұс келді. Биржада 1901 жылы көптеген компаниялардың 3 000-нан астам акциясы сатылды. 1914 жылы болған І дүниежүзілік соғыс биржа жұмысына кері әсер етті, LSE жарты жылға жабылып қалды. LSE ұстанымын қалпына келтіру мақсатында ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін өзінің даму жөніндегі бағдарламасы әзірленді, ол 1960 жылдардың ортасына қарай жүзеге асырылды. 1972 жылы биржалық сауда-саттықты автоматтандыру басталды. Нарықтың құрылымы толықтай өзгерді, бұл залда дауыстап сауда жасау жүйесінен бүгінде бәрімізге таныс қолжетімді электронды сауда-саттыққа өтуге негіз болды.

2000 жылы Лондон қор биржасы ашық акционерлік қоғам ретінде қайта құрылды. Өзінің алаңында жариялы түрде акцияларын орналастыра бастады. Осы жылы биржа ресми ашылған күннен бергі 200 жылдығын атап өтті. Бүгінгі таңда, статистикалық деректерге сүйенсек, LSE-нің құрамында 400-ге жуық компания мүше ретінде тіркелген, олардың басым көпшілігі инвестициялық банктер және брокерлік фирмалар. Ал биржадағы сауда-саттықтың жұмыс күндері Гринвич бойынша сағат 08.00 және 16.29-дың аралығында жүргізіледі. FTSE қор индексінің жабылған бағасы Гринвич бойынша 16.35-те есептеледі. World Federation of Exchanges (WFE) дерегіне сүйенсек, өткен жылдардың қорытындысы бойынша Лондон қор биржасы капиталы жағынан бүкіл дүние жүзінде алдыңғы бестіктің қатарында. 

«Азия барысының» артықшылықтары 

Әлемдегі аса ірі қаржылық хабтардың бірі – Сингапур. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі компаниялар мен алпауыт адамдар қаржыларын Сингапурда орналасқан қаржы құрылымдарында сақтайды. Жер көлемі аз болғандықтан көршілерінен құм әкеліп, теңіз жағалауын кеңейту арқылы аумағын үлкейтіп отырған осы бір аралдан кеңсе ашуға әлемдік мықты қаржы конгломераттары аса мүдделі. Қаржы саласының ғана емес, өзге де салалардағы талантты азаматтар Сингапурдан жұмыс тапса, өзін бақытты санайды. Бүгінгі таңда Сингапурдың қаржы саласы елдегі ІЖӨ-нің 10 пайыздан астамын береді, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 3 пайыздың көлемінде. Мұндағы ең басты артықшылық – мемлекеттік органдардың аса үйлесімді қызметі. Сингапурдың ұлттық банкіне ұқсайтын Ақша-несие басқармасы бар, ол қаржы орталығын дамыту қызметімен де айналысады. Осы басқарма жаңадан құрылып әлемдегі ірі «қаржылық хаб» атануды көздеген тұста елдегі Экономикалық даму агенттігі қаржы орталығына келуі тиіс ірі компанияларды Сингапурға шақыруға және ірі компаниялардың штаб-пәтерлерін Сингапурдан ашуға үгіттеуге барынша ден қойған еді. Мұндағы негізгі мақсат – Сингапурды жайлы, қолайлы, инвестицияны әкелуге және сақтауға тартымды мемлекет ету болды. Қазіргі таңда Сингапурдың үлгі ретінде көрсете алатын негізгі төрт бағыты бар. Біріншісі – Сингапур Оңтүстік Азияның капитал нарығына айналды. Екіншісі – аймақтағы әл-ауқатты басқару менеджментін қалыптастырды. Үшіншіден, активтерді басқаратын орталық саналады. Төртіншіден, қаржы институттарының бизнес орталығы деген атты сенімді түрде иемденген.

 Осы жерде айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының алға қойған мақсаты да осы бағыттармен сәйкес келеді. 5,5 млн халқы бар Сингапурда 200 мыңнан астам азамат қаржы саласында қызмет етеді. 500 басқарушы компания құны 1 трлн АҚШ долларынан астам активтерді басқарады, 1200 қаржы институты бар. Әйгілі «Fortune-500» тізіміне енген компаниялардың 300-і Сингапурда жұмыс істейді. Елдің қаржы реттегіші кез келген қаржы институты туралы ақпаратты жан-жақты тексеретін, болуы мүмкін қауіп-қатерден алдын ала сақтандыратын орган. 

Сонымен қатар Сингапурдың «экономикалық архитекторларының» үлесі де, географиялық орналасуы, ағылшындардан мұраға қалған ағылшын заңдылығы секілді жағдайлар да оның артықшылығы саналады. Елдегі «Темасек» компаниясы біздің «Самұрық-Қазынаға» ұқсас, ашығын айтқанда осы «Темасектің» үлгісін алғанға ұқсайды. 1974 жылы құрылған ұлттық әл-ауқат қоры – Сингапурдың ірі холдингі, ол экономиканың көптеген секторларындағы компанияларға иелік етеді және қызметін басқарады. «Темасектің» қазіргі активтерінің құны 200 млрд АҚШ долларына жуық. 

Географиялық орналасуы – елдің табыстылығын айқындаған маңызды фактор. Сингапурдың Үндістан, Индонезия, Қытай секілді ірі мемлекеттерге жақындығы, елдің ағылшын коммерциялық заңдылығы бойынша жұмыс істеуі инвесторлардың сенімінен шығуына зор ықпал етті. Қор биржасы салыстырмалы түрде жас, ол биржалардың бірігуінен пайда болған, онда тіркелген компаниялардың саны 800-ден асады. Олардың 40 %-ы елден тыс жерде орналасқанын айта кетейік, яғни қор биржасын бір мемлекеттікі немесе аймақтікі ғана емес, ғаламдық деуге болады.

Сингапурдың тағы бір ерекшелігі – талантты азаматтарды әлемнің әр мемлекетінен қызметке тарта білетіні. Қаржы саласында 200 мыңнан астам маман қызмет ететін болса, соның басым бөлігі экспаттар. Әсіресе 2008 жылы орын алған ғаламдық қаржы дағдарысынан Еуропа, АҚШ қаржы нарықтары зардап шеккен уақытта Сингапурда «экспаттар нөпірі» болды. Атап өтерлік тағы бір жайт, Сингапур тәуелсіздік алған жарты ғасыр мерзім ішінде әлемде қанша қаржы дағдарысы орын алғанымен, олардың осы арал-мемлекеттің өсіміне әсері болмаған. Кәсіби маман кадрларды өз елінің экономикасының өсіміне жұмыс істете біледі. 

«Астана» ХҚО һәм әлемдік тәжірибе

1993 жылдың 17 қарашасында  еліміздің Ұлттық банкі мен 23 жетекші қазақстандық коммерциялық банктер бірлесе отырып валюталық биржаны ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осыған дейінгі Валюталық операцияларды өткізу орталығы (Валюталық биржа) Ұлттық банктің құрылымдық бөлімшесі болған еді. Жаңа биржаның негізгі мақсаты – теңгенің енгізілуіне байланысты ұлттық валюталық нарықты ұйымдастыру және дамыту болғаны түсінікті. 

Біраз құрылымдық және басқа да өзгерістерден кейін 1997 жылы 5 наурыздағы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңы қор биржасының қызметін тек бағалы қағаздармен шектейтініне байланысты биржа акционерлерінің жалпы жиналысында «Алматы қаржы құралдарының биржасы» ЖАҚ (AFINEX) жеке заңды тұлғасын бөліп шығару арқылы биржаны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. «Акционерлік қоғамдар жөніндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 1998 жылдың 10 маусымындағы заң күшіне енуіне байланысты қор биржасының қызметіне шетел валюталары және бағалы қағаздардан өзге қаржы құралдардың сауда-саттығын ұйымдастыруға салынған тыйым жойылды. Сөйтіп AFINEX пен Қазақстан қор биржасын біріктіруге мүмкіндік туды. Осылайша акционерлердің тиісті шешімімен біріктірілген жаңа биржа қайта мемлекеттік тіркеуден өтті.

2006 жылдың 15 желтоқсанында KASE Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда-саттық алаңы ретінде белгіленді. 2007 жылдың 23 тамызында болып өткен KASE акционерлерінің жалпы жиналысы биржаның коммерциялануы туралы шешім қабылдады. KASE коммерциалануы шегінде дауыс берудің бұрынғы «бір акционер – бір дауыс» принципінен бас тартып, жалпы акционерлік қоғамдардың барлығына ортақ принцип – бір акцияға бір дауыс принципі енгізілді.

Бүгінде ТМД кеңістігінде ағылшын заңнамасына негізделген, инвесторларға түсінікті платформаны тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы ғана құрып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ағылшын заңнамасын басшылыққа алуының астарында үлкен артықшылықтар бар. Бұл, бірінші кезекте, шетелдіктермен байланыс орнатуға, бірлесіп жұмыс істеуге аса зор ықпалын тигізеді. Бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі деген қаржы орталықтарының үлгісін алу өте дұрыс шешім деп қабылдаған жөн. Жоғарыда Сингапурдың қор биржасын тәжірибе ретінде алғанымыз туралы да сөз еттік.

Жалпы, кез келген істі бастар кезде алғышарттардың дұрыс қалыптасуы мен оған көрсетілетін қолдаулардың қамтамасыз етілуі, атқарылуға тиіс жұмысты бір саланың ғана ісі деп қарамау, мемлекеттің негізгі болашақ бағыт-бағдары, дамуы мен өрлеуінің кепілі ретінде қарастырған жөн. Бұл биржаның жұмысына тікелей қатысты. Дүние жүзінің ең ерте ашылған немесе ең ірі саналатын биржалары, сол сияқты кейінгі жылдары табысқа жеткен биржаларға қысқаша шолу жасауымыздың себебі осы. 

Толығырақ: https://egemen.kz/article/169914-birdga-turaly-bilemiz-be

...