+1 дауыс
32.4k көрілді

Діншілдік ұлтшылдықтан да қауіпті ме?

Бүгінде дін атын жамылған үлкенді-кішілі келеңсіздіктер қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Бұл тұста діндегі шектен шығушылықты айта кеткен абзал. Баланың қиянатшыл һәм қатігез болып өсуіне құдайсыздық қалай әсер етсе, әсіре діншілдік тәрбие де солай әсер етеді. Неге десеңіз, екеуі де сағат маятнигінің қос шеткі нүктесі сияқты бек шетін жол.  

Қиянатшылдық–өзімшіл менмендіктен, яғни «менікі жөн, өзгенікі бұрыс» деген ойдан туады. Біз ғана «тура жолдамыз» дейтін діні, жүрегі қатты тәкфирші ағымның өкілдері соның мысалы. Олар атеистер тұрмақ, намазы жоқтарды кісі құрлы көрмейді. Өз заманында Абай, Шәкәрім «Адамды сүю» гуманистік идеясын берік ұстанды. Хакім Абай 38-сөзінде қиянатшыл жандарға «жарым адам», «жарым мұсылман» деген «диагнозын» қояды.

5 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Дін және ұлттық дәстүр жастардың мәселесі

Елімізде 14 пен 28 жас аралығында 4483 285 жастар бар. Бес облыста жастардың саны азаюда: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан. Қазақстан халқы осылай қартая беретін сияқты. Жұмыс орындары көп Батыс өңірлерінде жастар саны өсуде. Атырау облысында жастар 150 мыңнан асады.

Ел халқының 70,2% мұсылмандар, ал қазақтардың 98,3% мұсылмандар. Оның ішінде 15-19 жастағылардың 78,2%, 20-24-73,2%, 25-29-70,8%, 30-34-70,8%, 35-39-71,9% мұсылмандар. Ел халқының жасы өскен сайын дінге деген салқындығы байқалады: 40 пен 44 жас аралығындағылардың  72,6% мұсылманбыз десе, кейінгі буындарда бұл көрсеткіш азая береді, 70 жастан асқандардың 41,1% мұсылманбыз деген. 

Бірақ жастардың да үлкендердің де басым көпшілігінің діни наным-сенімі үстүртін, діншілдік. Діннің мазмұнынан гөрі салт жағына, сыртқы діншілдікке мән беріледі. Ол түсінікті де, себебі біз дінді терең сенімнен гөрі, кеңес заманында шектеген салт-дәстүрімізге оралу деп қабылдадық. Үлкендердің оннан төрті «жасымыз келді, енді Алланың алдына барғанда не дейміз?» -дегендей психологияны басшылыққа алады. «Ештен кеш жақсы», дегендей  оны да мақұлдау жөн. Абай айтқандай «әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз».

Бүгінгі  әлеуметтік ғылымда оны «зейнеткерлік діншілдік» немесе «зейнеткерліктің алдындағы діншілдік» («пенсионная» или «предпенсионная религиозность»). Үлкендер дінді қабылдауда тұрақтылыққа, келісімге бейімді. Ал, жастардың оннан жеті-сегізі дінге бет бұрған және олардың арасында қызығушылық, ізденіс басымырақ. 

Үстүртін, діншілдік посткеңестік елдердің барлығына да тән. Ресейлік архиепископтың «много крещенных, но мало просвещенных» деуі осыдан. 

Шындығында, бүгін бізде ерекше жағдай қалыптасқан. Интеллигенция негізінен зайырлы білім алған. Ал дін теориясын білетін жаңа қалыптасып келе жатқан интеллигенцияға зайырлы білім жетіспейді, ал зайырлы интеллегент дін саласынан хабардар емес. Әзірге жан-жақты білімді алаш зиялылары сияқты діни білім мен зайырлы білімді бойында жинақтаған, дінді, имандылықты, ұлтшылдықты дүниетанымының түп қазығына айналдырған интеллигент  бізде бірен-саран. Бұл біздің айыбымыз емес, сорымыз, атеизмнің санада қалдырған ізі. 

Сондықтан жастарға дін саласында тәлім-тәрбие беруге, жол көрсетуге әлсізбіз. Жастарға дін саласында кімдер көбірек ықпал етеді? Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында дінтану пәні биыл үшінші жыл арнайы пән ретінде оқытылады. Жастармен пікір алмасуға мүмкіндік көп. 

«Мен бала күнімде атам мен әжем санама дінді сіңірді, аят үйретті»; «менің арғы атам мен әжем намаз оқыпты, ал атам мен әжем намаз оқымайды, кейде құран оқиды, мұсылман болу керек деп аяттарды дәптерге жатқа жаздырады, осылай мен бірте-бірте дінге келдім». «Менің әке-шешем намаз оқуға тыйым салады, жат топтарға кіріп кетесің дейді, мен олардан жасырынып оқимын»; «Әке-шешем ораза ұстайды, діннен сабақ алады, тіпті араб тілін үйреніп келеді. Маған намаз оқы деп ақыл берді, мен олардан жұмақ пен тозақ туралы бірінші рет естідім», – дейді жастар. 

Жастар  дін туралы мәліметті достарынан алады. Олардың айтуынша, имам, молдалардың беделі төмен. Уағыздары өмірмен байланысты емес. Араб, ислам ғылымдарының көне кітаптарындағы цитаттардан аса алмайды. Ал, жастарға ізденіс тән, олар өзгерістерге, жаңалықтарға бейімді. 

Кейбір қақтығыстарға қатысқан дін ұстанатын жастарды экстремист деп жатады. Ал, олар жай ғана қылмыстық істерге қатысқандар. Талай саяси партия мүшелері жемқорлыққа байланысты сотталып жатыр, бірақ партияны тұтастай жемқорлар партиясы деу дұрыс болмас. Дінді ұстанып, болмаса ерекше киініп, бірақ қылмыстық іске қатысатындарды да діни экстремист деу  орынсыз.   Ақтөбе облысында орын алған қақтығыстар астарында діни көзқарастардан гөрі құқық қорғау қызметкерлерінен нақты адамдардың өліміне байланысты өш алу, кек қайтарып жатыр, ал кейбір жастар өздерінің қылмыстық істерін ислам құндылықтарын қорғау деп бүркемелеуі мүмкін. Бірқатар жастар бөтен ағымдардың ықпалына әдейі емес, кездейсоқ барып қалады, біреулердің уәдесіне сеніп, көніп ереді, бірқатары өздерін басқадан бөлек тұлға ретінде көрсету үшін топқа кіреді, сондай-ақ жастарға қиялға берілу, романтикалық көңіл-күйде тән. «Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, – дейді Абай, – бойын жинап алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі-пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері». Абайдың осы сөзін жастардың назарына біздің имам, молдалар, мұғалімдер жиі салып отырса, ол шет ел ғалымдарының шығармаларынан, өзімізде шығып жатырған брошюралардан тиімді болар еді. 

 Дін және ұлттық дәстүр мәселесі осы екі құндылықтың қайсысы жоғары деген сауал туғызып жатады. Сөз жоқ дін мәңгілік, жалпы адамзаттық құндылық. Сонымен бірге, ислам дінін қабылдаған қазақ та, басқа да халықтар арабтанбады арабтанбайды да, Ресей қанша шоқындыруға тырысқанымен қазақтар тұтастай православ дінін қабылдамады. Қажет болған жағдайда ұлт мүддесі дін парыздарынан тіпті үстемдірек болады.

Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан шұбырынды алмағайып заманда:
Намазды тоқтатыңдар, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым
Қожа, молда, имандар уақытша,
Қоржынға сақтап қойсын 
шариғатын.
Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар,
Атылған дәу мылтықтан доп 
кеп ұрар.
Мінажат қып жайнамазда отырғанда,
Сұм халхи ұстап алып, тұтқын қылар, – деп кеңес береді. Тек көңілің Аллаға таза болсын. Дін қай заманда да ұлтқа бейімделген, ұлттан жоғары тұрмаған, дін мен ұлт үйлесім тапқан. 

Біздің мемлекетіміз исламға түпкі ой-пікірін ашық білдіріп, қолдап отыр. Біздегі ислам мемлекетке де шын пейілмен қарайды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда дін мен мемлекет ара-қатынасы нақты айқындалған. Дегенмен зайырлы мемлекет болғандықтан діннің өзіндік орны, позициясы болуы шарт. Мемлекетті тұтастай қолдаған дін мемлекеттегі жастарды ойландырып жүрген жемқорлық, экологиялық проблемалар, қазақ тілі мен мәдениетіне, дәстүрлеріне байланысты шешімін әлі толық таппаған мәселелер, жұмыссыздық, басқа да проблемаларға мемлекетпен бірге дін де жауапты болады, ол діннің беделіне нұқсан келтіреді. Кейбір посткеңестік мемлекеттер де, мысалы, Ресей мен Белоруссия православ шіркеулері мен мемлекет арасында бірлесіп шешетін ортақ мәселелер төңірегінде ғана келісім бар, бірақ қажет жағдайда мемлекетті шіркеулер қолдамайтындығын ашық жариялаған. Ресей православ шіркеуі әлеуметтік, экономикалық, заң саласында өз тұжырымдарын жасады, өз төңірегіне көптеген жастарды ұйытып келеді. Қазақстанның мұсылман Дін Басқармасы өзінің патриоттық, ұлтшылдық позициясымен жастарды өз төңірегінде біріктіре алатын құндылықтар көп: ортақ тарихымыз, тіліміз, дәстүріміз, ортақ экономикамыз, бір сөзбен айтқанда Қазақстанымыз.

"Ақиқат" журналы

0 дауыс

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жалпы дінге деген қызығушылық обьективті түрде өсті, қоғам осы әлеуметтік-мәдени институтқа қатысты жаңа диспозицияға көшті. Зайырлылық үлгісінің қалыптасуы мен мемлекеттік-конфессионалдық қатынастар саясатын дамытуға жаңа идеологиялық және саяси шарттар пайда болды. Қоғам өміріне еніп отырған діни ұйымдар мен топтардың саны өсті. Дін қазақстандық қоғам өмірінің маңызды факторы бола отырып, белгілі бір азаматтар тобының бейімделуі мен әлеуметтенуінің дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік ахуалдың жаңашылдығы діндарлықты, қазіргі қазақстандық қоғамдағы оның қызмет етуін зерттеуге ғылыми қызығушылықты туындатады. Мемлекеттік идеологияның қажет деңгейде әзірленбеуі салдарынан діни дүниетаным зайырлылықтың баламасына айналып, оған сәйкес өмір сүру үлгісі мен құндылықтар жүйесі жайлы ұғымдардың қалыптасуына алып келеді. Жаһандық ықпалдар қазақстандықтарды оларға  дәстүрлі емес болып келетін  этнодіни субмәдениетке тарту арқылы, азаматтық бірегейліктерінің қалыптасуына әсер етеді. Ел азаматтарының діни таңдауының факторлары, діни өзіндік идентификация (бірегейлендіріп, тиесілігін түсіну) үрдістері, діндарлықты ғибадаттық (құлшылық тәжірибе, мешіттер мен храмдарға бару, құдайға құлшылық ету практикасына қатысу, діни ережелерді ұстану) және ғибадаттан тыс (діни кітаптарды оқу, діни ұйымдарды қолдау, әлеуметтік қызмет көрсету және т.б.) өлшеу және т.б. көрсеткіштер біздің елімізде діндарлықтың өсіп отырғанын аңғартады. Діндарлық тек индивидтердің сана, іс-әрекет және институт ретінде діннің белгілі бір проекцияларына қатыстылығы арқылы көрінеді.  Діни идеяға қатыстылық өзінің діни ұстанымын жариялау, діни сенім мен оның өмір үшін маңыздылығы мен бағасын түсіну, діни көзқарастардың құндылықтық сана құрылымындағы орнын түсіну сияқты белгілердің жиынтығы арқылы бекітіледі. Бұл көрсеткіштер діни ұстанымның (сенімнің) нақтылығын (немесе белгісіздігін) бейнелейтін діндарлықтың сипатын қалыптастырады. Қазіргі постсекулярлық қоғамда діни құбылыстар барынша динамикалық қырымен айрықшаланып отыр. Соңғы бес-алты жылдың ішінде біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың дін саласында бірқатар түйткілді мәселелер түйіні пайда болды. Мысалы, діндарлық пен зайырлылықтың парқы неде, бүгінгі мұсылманнның келбеті қандай, әсіре діншілдік пен ұлтшылдықтың салдары не болады, діндарлықтың бүгінгі үрдістері радикализммен шектесіп жатқан жоқ па, оған мемлекеттің жауабы қалай болады және ол қатаң секулярлы сипатта емес пе, адамның дін ұстану құқықтары мен қоғам тұтастығы, діни сұраныстың ұлғаюы мен зайырлы мемлекеттің ұстындарын сақтау таразысын қалай тең ұстауға болады, діни бірегейлік дұрыс, па әлде дүниетанымдық әр алуандылық керек пе, батыстық демократиялық стандарттар мен ұлттық өркениеттік ерекшеліктер, дәстүлі діни құндылықтар мен еуропалық либералды құндылықтар қабыса ала ма, шариғатты модернизациялауға бола ма және т.б. сұрақтар алдыңғы қатарға шығып отыр. Осындай заманауи үрдістер мен мәселелерге орай өткен жылы жасақталған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын» қабылдады. «Діни қызмет және діни ұйымдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы талқыланып, ҚР Парламентіне ұсынылды және оны таяуда ғана Мәжіліс бекітті.  Бұл шаралар еліміздегі мемлекет пен конфессиялар арасындағы үлгі мен әртүрлі діндер арасындағы келісімді жетілдіруге, дінді деструктивті мақсатқа қолданудың алдын-алуға және мемлекеттің зайырлылық ұстындарын нығайтуға бағытталған. Заманауи әлемдегі зайырлылық түріндегі мемлекет – нақты қоғамның, діннің, және адамның рухани жағдайларына, және мемлекет құрылымының демократиялық түріне толығырақ жауап беруі тиіс. Көпконфессиялық және полиэтникалық мемлекеттердегі зайырлылық түріндегі мемлекет жоғары дәрежеде үмітті ақтаған және дәлелденген болып есептеледі. Зайырлылықтың мәні туралы жалпы қорытынды мынадай: «Мемлекеттіліктің зайырлы формасы қағидалардың концептуалды деңгейін туындатты: мемлекет діннің өз алдына қызмет етуіне жағдай жасауы қажет, ал діндер мемлекеттік іске араласпай, қоғам мен мемлекетке өз тарапынан қауіп-қатер туындатпауы керек». Түйіндеп айтқанда, классикалық зайырлы мемлекетте  діни ұйымдар мемлекеттен ажыратылған (бірақ қоғамнан оқшауланбаған) және заң алдында бәрі тең. Зайырлы мемлекеттің бұл үлгісі барлық діни ұйымдарға бейтарап қатынаста болуды, мемлекеттің діннен және діни ұйымдардан оқшау болуын көздейді. Зайырлылық мемлекеттің клерикалдануы (діни сипатының басымдылық танытуы) мен секулярлануы (дінді қоғамнан аластатудың идеологиясы) аралығындағы тепе-теңдікті ұстап тұрады. Зайырлық түсінігі аясында мемлекет төмендегі ұстындарға сүйенеді: азаматтардың қандай да бір дін және діни ұйымдарға жататындығына қарамастан, өмірдің барлық саласында тең құқығын қамтамасыз етеді; азаматтардың дінге деген қатынастарына бейтарап қарап, олардың таңдауларын мадақтап, сөгіп немесе насихаттамайды; діни ұйымдар мен бірлестіктердің істеріне, діни ағартушылық, ішкі тәртіптік, діни, кадрлық істеріне мүлдем араласпайды; азаматтардің дінге деген қатынасын анықтауда мемлекеттік білім беру стандартының бейтараптығын қаматамасыз етеді; адам құқығы мен еркіндігін шектейтін, азаматтардың дінге деген қатынасын күшпен өзгерту мақсатында арнайы мекемелерді қолдануға рұқсат бермейді және т.б. Қазақстанды зайырлы мемлекет деп мойындау дегеніміз – бұл біздің елдегі зайырлылық қағидасын тәжірибеде жүзеге асырудың бірінші қадамы деп білеміз. Шындығында, қазіргі әлемдегі барлық мемлекеттердің көп бөлігі – зайырлы болып табылады. Онға жуық теократикалық мемлекеттер және одан азырағы – атеистік мемлекеттер бар. Қалғанның бәрі – зайырлы болып табылады. Бірақ біз тәжірибеден көріп отырғанымыздай, бұл мемлекеттер зайырлылық қағидасын жүзеге асыруда ауқымды түрде әрқилы үлгілерді қолданады. Зайырлылық қағидасы оны тым кең тұрғыда түсіндіруге мүмкіндік туғызады: теократиядан тіпті атеизмге дейін. Бұл қазіргі әлемде болып отыр. Мемлекеттің таңдаған зайырлылықтың түріне, сипатына байланысты, ол дін саласында өзінің барлық саясатын құрастырады. Зайырлылықтың белгілі бір түрін заңнамамен бекітудің қажеті жоқ. Дегенмен, қайсыбір зайырлылықтың типі мемлекеттің конфессиялық саясатының мазмұны мен түрін анықтайды, оның ішінде ерекше атап айтсақ, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы тәжірибелік шешімдерді қабылдау кезінде болады. Осыменен қазақстандық қоғамдағы діннің мәні мен рөлі анықталады. Сонымен қатар бұл мәселеде, әлемдік тәжірибені талдау да өзекті болып табылады – мұндай талдау Қазақстанға зайырлылық қағидасын жүзеге асырудың қандай да бір түрлеріне ыңғайласуға мүмкіндік береді. Еліміздің Ата Заңындағы Жалпы ережелер деп аталатын 1 бөлімінің 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан унитарлы мемлекет болғанымен, біздің қоғамымыз этностық, діни және мәдени тұрғыда әртекті. Демек, елдегі заманауи әлеуметтік-мәдени ахуал да, дүниетанымдық алуан түрлілік те зайырлылықты мемлекет сипатының конституциялық негізіне жатқызуға итермелейді. Яғни біздің республикамызда ешқандай дін мемлекеттік дін деп жарияланбаған, дін өмір тәртібі ретінде мәжбүрлеп таңыла алмайды және әрбір азаматтың ар-ождан бостандығына құқы бар. Қандай да бір діннің үстемдік етуіне немесе дінді мансұқ етуге заң бойынша жол берілмейді. «Діни қызмет және діни ұйымдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы маңызды бірқатар заңнамалық құжаттарды қамтыды. Заңдағы аталған баптар елдегі діни ахуалды орнықты жағдайға келтіріп, діннің дұрыс арнадағы ағымына септігін тигізеді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар уақыттың ағымы мен замана талаптарына лайықты жауап беріп, қазақстандық қоғамда, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, зайырлы мемлекеттік дәстүрмен қатар, дұрыс діни сана қалыптастыруға үлесін қосады деген ойдамыз. 

Толығырақ: http://religionmap.kz/kz/news/view?id=51

0 дауыс
Қарин: Ұлтшылдық қауіпті емес, бірақ әсіре ұлтшылдықтан сақтану керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі, саясаткер Ерлан Қарин Қордайдағы жағдайға байланысты өз пайымын жариялады.

Қордайдағы жағдай бүткіл елді елең еткізіп, ешкімді бей-жай қалдырмады. Мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар дереу қабылдануда - оқиға салдарын жою мақсатында Үкіметтік комиссия құрылып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, осы жағдайға жол берген жауапты қызметкерлер орнынан босатылды. Бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік желідегі дау-дамай, сөз тартысы тоқтайтын емес. Бүгінде сол әлеуметтік желіде дауласып жатқан азаматтарды шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол Қордай мәселесіне қатысты сөз қуғандарды 4 топқа бөлді.

1. Ұлтшылдар. Орын алған жанжалдарда тек қазақты айыптау қателік. Өзге ұлттар қазақтың мүддесімен санасуы қажет. Болған жағдайдың себебі – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілі, дәстүрін сыйламауы. Көпұлтты саясат ұстанымынан бас тарту керек.
2. Либералдар. Қазақтар және өзгелер деп бөліну дұрыс емес, барлығымыз, ең алдымен Қазақстан азаматтарымыз. Заң бәріне бірдей ортақ. Қазақстан көпұлтты саясаттан бас тартпауы қажет. Бәріне кінәлі билік. Саяси реформалар керек, мысалы әкімдер сайлануы қажет.
3. Бірлікке шақырғандар. Бірлік пен тұрақтылық басты құндылығымыз. Ұлтаралық келісімді сақтау қажет. Қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бәріне кінәлі – араңдатушылар.
4. Діншілдер. Ұлтқа бөліну дұрыс емес. Ұлтшылдық – қауіпті. Ең алдымен, барлығымыз мұсылман бауырлармыз. Мұсылман мұсылманға қол көтермейді. Бірлікті сақтауымыз қажет - дейді ол.

Сондай-ақ Ерлан Тынымбайұлы бұл тек шартты түрде атап отырған негізгі топтар екенін айтты.
Одан басқа да түрлі пікірлер мен позициялар жеткілікті. Осыдан, айталық, он жыл бұрын қоғамдық пікірталаста мұншама тараптар болмаушы еді, ары кетсе билік жағындағы және билікке қарсы болып бөлінетін. Бірақ соңғы жылдары саяси-қоғамдық өмірдің соншалық күрделенгені, енді пікірталас алаңы да кеңейе түсті. Және бұрын либералды топтардың өздері негізінен орыс тілді азаматтардан тұратын болса, қазір либералды алаңда біршама қазақ тілді спикерлер пайда болды. Яғни, қазақ қоғамы өзгеріс үстінде, жаңа топтар, жаңа мүдделер, жаңа талаптар пайда болуда. Бұл соңғы процесстердің оңды тұсы. Ал, қауіптілігі ол жалпы радикалды пікірлердің пайда болуы. Діншілдік қауіпті емес, бірақ әсіре діншілдік қауіпті. Және де, тек  мұсылман мұсылманға емес, жалпы адам баласы басқа адамға, қандай дін ұстанса да, қол көтеруі қылмыс. Ұлтшылдық та қауіпті емес, бірақ әсіре ұлтшылдықтан сақтану керек, әйтпесе, одан басқа қиын жағдайға ұрынып қаламыз. Либералды ұстаным қажет, бірақ билікті сынаймыз деп, мемлекетті тіптен жоққа шығару қателік. Бірлікке, ынтымаққа шақырғанның бәрін биліктің сөзін сөйлеп отыр деп айыптау дұрыс емес, бұлар шынымен де қажет құндылықтар, бірақ бар кемшіліктерді де мойындауымыз тиіс. Яғни, айналада болып жатқан кез келген оқиғаға байыппен, салмақты қарауға ұмтылғанымыз жөн. Дискуссия керек қой, бірақ қызыл кеңірдек болып айтысып жатқанда, өшпенділіксіз, агрессиясыз, тек менікі ғана дұрыс деп, өзге пікір ұстанғанның бәрі сатқын, опасыз, жау деп көрмей талқылауымыз қажет. Болған оқиғалар, бұл мемлекетіміздің даму тарихындағы қайғылы бір сәті, ауыр кезеңі, бірақ бұл сыннан да өтуіміз қажет, Құдай қаласа, өтеміз деген ұстаныммен қараған абзал. Тек ашық, бүкпесіз әңгіме, бірақ терең салмақты талқылаулар арқылы ғана біз сол әлеуметтік кеселдерден арыламыз - деді президент кеңесшісі.
0 дауыс

 Амангелді Айталы,

философия ғылымдарының 
докторы, профессор

Дінсіз ұлт – ұлтсыз дін болмайды             

Әлемдік діндер (буддизм, христиандық, ислам) о бастан ұлттан жоғары тұратын, белгілі бір ұлтқа арнайы жіберілмеген құндылықтар. Бірақ, дін әр ұлттың психологиясымен, тарихымен, дәстүрімен тығыз байланыста болады, ұлт дінді өзінің ерекшелігі тұрғысынан санадан өткізді. Дін де ұлттық мәдениетке, психологияға өз ізін, қалыбын салды. Сондықтан, дәстүрлі дін адамның сана-сезімі мен дүниетанымына ең жақын, ең түсінікті ететін, оның адами, мәдени қасиеттерін, табиғат танымын тұтастай бір құндылыққа айналдырады. Дәстүрлі діншілдік әр ұлттың салт-дәстүрлерімен терең байланысты, тарихи қалыптасқан тұрмысына тамырын жайған. Қазақтың дәстүрлі діндарлығы Жаратушыны ақиқат деп қабылдаған, шынайы адалдықтан, ішкі түйсігінен туған сенім. Тағатшылық, қайырымдылық, жанашырлық, кешірімділік, табиғатты сыйлау Алла-тағаланың құдіретіндей тұтас қазақ этносының және жеке адамның тіршілігінің амалына айналған. 

Дәстүрлі діндарлық ұлттың психологиясын, мәдениетін, тұрмысын тұтастай болмысын реттеп әлеумет ретінде басын біріктірді, оны талай дағдарыстан, ішкі, сыртқы қауіп-қатерден, кездейсоқ уақиғалардан  сақтайды, қорғайды. Аштық, соғыстар мен қуғын-сүргінде қазақ ауыртпашылықты ел болып басынан бірге өткізген. Қазақтың мәдениеті жеке басының мүддесі емес, қауымдастықтың мүддесіне, тілектестігіне негізделген. Философиялық тілмен айтсақ, дәстүрлі діни таным теориялық қағидалардан гөрі күнделікті дағдысына, наным-сенімге негізделген. Ол тұрақтылықтың, бүгінгі мына құбылмалы заманда баянды өмірдің кепілі. Қазаққа аштықтан, жалаңаштықтан  гөрі жалғыздық батады, жалғыздыққа шыдай алмайды.     
Бүгін ғылым, білім, интернет заманында дәстүрлі наным-сенім бірте-бірте босаңсып, ақпараттық заман қауіп төндіре бастады. Жаһандану заманы дәстүрлі наным-сенімнің түп негізі, этностық болмыстың тұтастығын, этнопсихологиялық іштей байланысын ыдыратып, ұрпақтар жалғасуының үзілуіне әкелуі де мүмкін. Сонымен бірге, посткеңестік мұсылман елдерінде, жалпы мұсылмандар арасында дін мен ұлттық дәстүр, дүниетаным мәселесі жаңа өткір сипат алды. Ғылыми әдебиетте 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдар исламның «қайта жаңару», 70 жылдық атеизм үстемдігінен кейін тарихи дәстүрлерді жаңарту кезеңі деп  аталынады. Бірақ, ХХІ ғасырдың басында «Қайта жаңарған ислам» революцияға дейінгі канондардан ерекше болатындығы белгілі бола бастады. «Исламдық жаһандану», еуроислам ұғымдары өмірге келді. Түркі рухани кеңістігінің бұрынғы кеңестік аймақтарына исламның арабтық версиясы, кағидалары, шариғат үкімдері ене түсті. Шығыс ислам рухани ұстаздары мен уағыздаушылары, шет елдерде білім алған жас имамдар, молдалар бабалар дәстүрлерін қайта қарап, нағыз, шынайы дін үлгісін сырттан іздеді. Исламның арабтық моделін  неофиттер, жаңа бағытты уағыздаушылар, діни ақиқат деп таныды. Сонымен, конфессияішілік қайшылық бүгін алға шықты. Ұлттық дәстүр мен дін арасына жік салушылар көбейді. 

 Социализм тұсындағы дін мен ұлттық дәстүр

 
Исламның арабтық моделін тықпалаудың астарында терең тарихи себептер жатырғандығы анық. Социалистік елдер атеистік бағыт ұстанғанымен, мемлекет пен діндер арасындағы қарым-қатынас оларды бірдей, бір үлгіде болмады. Мысалы, Польшада социализм тұсында діни ахуал өзгеше болды. Католик шіркеуі алғашқы жылдары коммунистерді өзінің ықпалына икемдеді. Діни ұйымдарды поляк халқы да қолдады. Себебі, күнделікті тұрмыс-салттары да діни наным-сенімдерге негізделген. Польшаның жұмысшы партиясы өзінің дінге бейтараптығын, шіркеудің ісіне араласпайтындығын және шіркеудің қоғамдағы маңызын мойындайтындығын мәлімдеді. Президент өз лауазымына кірісер алдында ант бергенде «Құдай мені қолдасын» деп айту міндетті болды. Еркін ой мен діни сенім бостандығын мойындаған саяси жүйені өз кезегінде шіркеу де мойындады. Бірақ, бірте-бірте коммунистер дін мен шіркеуге қарсы белсенді қимылдар бастады. Алдымен оқу орындарында дінді оқытуға арналған сабақтар азайтылды, кейін тіпті дінді оқытуға тыйым салды. Шіркеулерде  діни уағыздар шектеле бастады. Шоқыну, діни дәстүрлердегі мерекелері тойлау мен адамдарды жерлеуге қатысатын қайраткерлер қудалана бастады. Совет үкіметіндегідей жастар арасында атеистік тәрбиеге зор мән берілді. Коммунистік саясат дінді әшкерелеуге тырысып, оның тарихында тек қанаушы таптың  қолдаушысы болды деген пікір таратты. Священниктерге саяси және тұрмысқа байланысты айыптар тағылды. Сонымен бірге, алдау, арбау саясаты  да жүзеге асты, священниктерді әртүрлі патриоттық ұйымдарға тартып, бөле бастады. Сондай-ақ, прогресшіл діни қызметкерлер «Пане»  журнал редакциясының төңірегінде топтастырылды. Католиктердің басым тобы мемлекетке аса зор үміт артпағанмен, шіркеу мен билік арасындағы қарым-қатынас реттеледі деп сенді.
Польша католик шіркеуі халықаралық саясатқа да араласты. Польша коммунистері поляк халқын неміс қаупінен сақтандырып, Совет Одағымен тығыз байланысқа шақырды, себебі, немістер арасында соғыстан кейінгі герман-поляк шекарасын мойындамайтындар  болды. Ал, неміс протестанттары болса, екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі ахуалды мойындауға тырысты. Христиан дінінің кешірімділік рухына сай, епископ – поляктар неміс фашистерінің қылмысын кешіреміз деді. Коммунистер епископтарды сатқындар деп айыптады. Кейіннен католиктерді поляктардың басым көпшілігі қолдайтыны белгілі болды. 1966 жылы христиандықтың мыңжылдығын (Millenum) католиктер салтанатты түрде атап өтті, бірақ, мемлекет оған қарсы тұра алмады, тек христиандықтың маңызын, мерекенің мәнін төмендетуге тырысты. Сөйте тұра коммунистер поляк мемлекетінің мыңжылдығын, азат етуді қатар өткізді. Екі мерекенің бәсекелестігі католик діні мен дәстүрінің адамдардың санасына терең ықпал етіп келе жатырғандығын көрсетті. Ақырында 70-жылдардың басында коммунистер шіркеудің қоғамдағы зор ықпалын мойындады. Мемлекет пен католик шіркеуі өкілдері арасында жаңа деңгейдегі байланыстар қалыптасты. 
Коммунистер Ватиканмен де өзара қарым-қатынас қалыптастыра бастады. Кейбір партия қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан, мемлекетке шегінуге, шіркеу мен есептесуге тура келді. Бұл коммунистерге билікті бір қолда шоғырландырудан айырыла бастағанын көрсетті.
Польша католиктерінің беделінің шырқауына Краков архиепископы Кардинал Кароль Войтыла 1978 жылы 16 қазанда Рим папасы болып сайлануы ықпал етті. Польша шіркеуі ең жоғары рухани билік өкілдерінен қолдау тапты. Бұл маңызды жағдай поляк ұлтына күш-қуат беріп, мәртебесін өсірді. Әрине, бұл оқиға коммунистерге шіркеудің қызметін шектеуге үлкен қолайсыздық туғызды. Ал, 1979 жылы Кароль Войтыланың Польшаға сапары поляктардың коммунизм идеологиясының негізсіздігін әйгіледі. Қаптаған адамдар шіркеуге бет бұрды, дін ұлттың басын біріктіріп, тұтас қауымдастыққа айналдыра бастады. Әрине, шіркеудің ұйымдастыру қызметінің орны бөлек. Папа сапарына билік кедергі жасай алмады, келісуге мәжбүр болды. Бірақ оның мемлекет үшін жағымсыз салдарын азайтуға тырысты, қолдарынан келгенше ақпарат бермеуге әрекеттенді, Папаның елді аралауын шектеп бақты. Сонымен бірге, Иоан Павел ІІ ел арасындағы беделін өз мақсаттарына пайдалануға күш салады. Ол Польшадағы саяси режимді қолдайды деген насихат таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында коммунистік басшылықтың Папамен кездесуі насихатталды. Бір жағынан, Папа сапары шіркеудің ішкі мәселесі десе, екінші жағынан, оның ресми маңызына назар аударылды.  Польшадағы католик шіркеуінің беделі, оның ұлттың дәстүрімен, тұрмысымен байланысы социализм күйрегеннен кейін беделін тіпті асырды.
Кеңес үкіметіндегі діни ахуал өзгеше болды. Халық Комиссарлар кеңесі декретімен 1918 жылы 23 қаңтарда шіркеудің, мешіттің мемлекеттен бөлінгені туралы шешім қабылдады. Дін әр адамның жеке мүддесіне айналды. Шіркеу, мешіттерге қаржы бөлінбеді, ғимараттарды өңдеу қаржысы, діни қызметкерлердің еңбекақысы дінге сенушілердің есебінен қаржыландыратын болды. Осылай мешіттерде жәшіктер пайда болды. Діни білімге ашық тыйым салынбаса да мемлекет қолдамады. Сонымен шіркеу, мешіт ешқандай қолдаусыз қалды. Халық діннен айни бастады. Мешіт, медреселер, шіркеулер де тозды. Оларды бұзып, басқа ғимараттарға пайдаланды, қоймаларға, атқораларға айналды. Имамдар күні үшін коммунистік партияға кірді «Мен коммунистпін, бірақ құдай бар дейтін коммунистпін» дейтін имамдар көбейді. Дінмен бірге ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерде әлсіреді. 
Бүгінгі «Шынайы діншілдерміз» дегендердің айтуынша, кеңестік ислам отарлау саясатына қызмет жасады, сондықтан, саясаттың қысымымен ислам өзгерді, табиғатынан алыстады, күшпен орыстандырылды. Кеңес заманында білім алған молдалар мен имамдар, болмаса білімі таяз, кейін дінге келгендер сол бұрмалаған исламның насихаттаушылары, бақылауда болғандар деп шет елде оқыған жас имамдар олардан бөлініп, бойларын аулақ ұстайды. Олардың өздерінің қауымдастықтары, әлеуметтік ортасы, мәжілістері, жиындары да болуы осыдан. Сонымен бірге, жас имамдар  шет елдердегі мұсылмандардың күнделікті өмірімен біздің қоғамды салыстырып, бағалап, ішімдік, нашақорлық, жезөкшелік, жемқорлық пен ысырапшылдыққа жол берген біздің өмірімізді, әрине, қабылдамайды. Осыдан келіп рухани тазаруды, құтқаруды діннен іздейді. Ол дұрыс. Бірақ, үлгіні дәстүрлі ұлттық салтымыз бен дінімізден емес, «шынайы» шығыстағы араб елдерінен алады.
Жаңашыл исламшылдар ұлттық және діни феномендердің қазақ ұлт болмысында ажырамастай біте қайнасып, қабысып жатырғанына, дүниетанымын ескере бермейді. Діни ой-пікір, ұстаным, дүниетаным қазақ даласында ұлттық сана-сезімге  үйлесімді бейімделгені тарихтан белгілі. Біздің қоғам арабтық үлгідегі исламды әртүрлі деңгейде қабылдайды, қолдайтындары да, қолдамайтындары да бар. Ол жастар өз ұстанымдарын әке-шешелеріне де таңады. «Жас» уағыздаушылардың шектеулері, өздерін жоғары ұстауларын, ымыраға келмейтін тәртібі қалған елді бүгін ойландырып та отыр. Ұстанымдар қайшылықтары ұлттық салт-дәстүрлерімен араласып жатырған әсіресе өлікті жерлеу, ас беру, марқұмдарды есте қалдыруға арналған шаралар, үйлену, отбасы, ырым-нышандар төңірегінде жиі байқалады. Исламды «жаңаша» және дәстүрлі пайымдаудың астарында, өз орталарына ықпал жасау, бәсекелестік те жатыр. Бұрынғы имамдар билікпен тіл табысып қалған өз позицияларынан айырылғысы келмей, жастарды «уахапшылар» деп кіналауға үйір, тіпті оларды қудалауды да қолдайтын сыңай танытатындар бар. Шет елден білім алған жастар қазақ халқының рухани мұрасына, дәстүріне мән берсе ғана ортодоксалды пайымдаудан арыла бастайды. 

 

0 дауыс
Бүгінде дін атын жамылған үлкенді кішілі келеңсіздік тер қалың жұртшылдықты алаңдатып отыр.

Ұқсас сұрақтар

...