Дін және ұлттық дәстүр жастардың мәселесі
Елімізде 14 пен 28 жас аралығында 4483 285 жастар бар. Бес облыста жастардың саны азаюда: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан. Қазақстан халқы осылай қартая беретін сияқты. Жұмыс орындары көп Батыс өңірлерінде жастар саны өсуде. Атырау облысында жастар 150 мыңнан асады.
Ел халқының 70,2% мұсылмандар, ал қазақтардың 98,3% мұсылмандар. Оның ішінде 15-19 жастағылардың 78,2%, 20-24-73,2%, 25-29-70,8%, 30-34-70,8%, 35-39-71,9% мұсылмандар. Ел халқының жасы өскен сайын дінге деген салқындығы байқалады: 40 пен 44 жас аралығындағылардың 72,6% мұсылманбыз десе, кейінгі буындарда бұл көрсеткіш азая береді, 70 жастан асқандардың 41,1% мұсылманбыз деген.
Бірақ жастардың да үлкендердің де басым көпшілігінің діни наным-сенімі үстүртін, діншілдік. Діннің мазмұнынан гөрі салт жағына, сыртқы діншілдікке мән беріледі. Ол түсінікті де, себебі біз дінді терең сенімнен гөрі, кеңес заманында шектеген салт-дәстүрімізге оралу деп қабылдадық. Үлкендердің оннан төрті «жасымыз келді, енді Алланың алдына барғанда не дейміз?» -дегендей психологияны басшылыққа алады. «Ештен кеш жақсы», дегендей оны да мақұлдау жөн. Абай айтқандай «әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз».
Бүгінгі әлеуметтік ғылымда оны «зейнеткерлік діншілдік» немесе «зейнеткерліктің алдындағы діншілдік» («пенсионная» или «предпенсионная религиозность»). Үлкендер дінді қабылдауда тұрақтылыққа, келісімге бейімді. Ал, жастардың оннан жеті-сегізі дінге бет бұрған және олардың арасында қызығушылық, ізденіс басымырақ.
Үстүртін, діншілдік посткеңестік елдердің барлығына да тән. Ресейлік архиепископтың «много крещенных, но мало просвещенных» деуі осыдан.
Шындығында, бүгін бізде ерекше жағдай қалыптасқан. Интеллигенция негізінен зайырлы білім алған. Ал дін теориясын білетін жаңа қалыптасып келе жатқан интеллигенцияға зайырлы білім жетіспейді, ал зайырлы интеллегент дін саласынан хабардар емес. Әзірге жан-жақты білімді алаш зиялылары сияқты діни білім мен зайырлы білімді бойында жинақтаған, дінді, имандылықты, ұлтшылдықты дүниетанымының түп қазығына айналдырған интеллигент бізде бірен-саран. Бұл біздің айыбымыз емес, сорымыз, атеизмнің санада қалдырған ізі.
Сондықтан жастарға дін саласында тәлім-тәрбие беруге, жол көрсетуге әлсізбіз. Жастарға дін саласында кімдер көбірек ықпал етеді? Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында дінтану пәні биыл үшінші жыл арнайы пән ретінде оқытылады. Жастармен пікір алмасуға мүмкіндік көп.
«Мен бала күнімде атам мен әжем санама дінді сіңірді, аят үйретті»; «менің арғы атам мен әжем намаз оқыпты, ал атам мен әжем намаз оқымайды, кейде құран оқиды, мұсылман болу керек деп аяттарды дәптерге жатқа жаздырады, осылай мен бірте-бірте дінге келдім». «Менің әке-шешем намаз оқуға тыйым салады, жат топтарға кіріп кетесің дейді, мен олардан жасырынып оқимын»; «Әке-шешем ораза ұстайды, діннен сабақ алады, тіпті араб тілін үйреніп келеді. Маған намаз оқы деп ақыл берді, мен олардан жұмақ пен тозақ туралы бірінші рет естідім», – дейді жастар.
Жастар дін туралы мәліметті достарынан алады. Олардың айтуынша, имам, молдалардың беделі төмен. Уағыздары өмірмен байланысты емес. Араб, ислам ғылымдарының көне кітаптарындағы цитаттардан аса алмайды. Ал, жастарға ізденіс тән, олар өзгерістерге, жаңалықтарға бейімді.
Кейбір қақтығыстарға қатысқан дін ұстанатын жастарды экстремист деп жатады. Ал, олар жай ғана қылмыстық істерге қатысқандар. Талай саяси партия мүшелері жемқорлыққа байланысты сотталып жатыр, бірақ партияны тұтастай жемқорлар партиясы деу дұрыс болмас. Дінді ұстанып, болмаса ерекше киініп, бірақ қылмыстық іске қатысатындарды да діни экстремист деу орынсыз. Ақтөбе облысында орын алған қақтығыстар астарында діни көзқарастардан гөрі құқық қорғау қызметкерлерінен нақты адамдардың өліміне байланысты өш алу, кек қайтарып жатыр, ал кейбір жастар өздерінің қылмыстық істерін ислам құндылықтарын қорғау деп бүркемелеуі мүмкін. Бірқатар жастар бөтен ағымдардың ықпалына әдейі емес, кездейсоқ барып қалады, біреулердің уәдесіне сеніп, көніп ереді, бірқатары өздерін басқадан бөлек тұлға ретінде көрсету үшін топқа кіреді, сондай-ақ жастарға қиялға берілу, романтикалық көңіл-күйде тән. «Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, – дейді Абай, – бойын жинап алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі-пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері». Абайдың осы сөзін жастардың назарына біздің имам, молдалар, мұғалімдер жиі салып отырса, ол шет ел ғалымдарының шығармаларынан, өзімізде шығып жатырған брошюралардан тиімді болар еді.
Дін және ұлттық дәстүр мәселесі осы екі құндылықтың қайсысы жоғары деген сауал туғызып жатады. Сөз жоқ дін мәңгілік, жалпы адамзаттық құндылық. Сонымен бірге, ислам дінін қабылдаған қазақ та, басқа да халықтар арабтанбады арабтанбайды да, Ресей қанша шоқындыруға тырысқанымен қазақтар тұтастай православ дінін қабылдамады. Қажет болған жағдайда ұлт мүддесі дін парыздарынан тіпті үстемдірек болады.
Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан шұбырынды алмағайып заманда:
Намазды тоқтатыңдар, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым
Қожа, молда, имандар уақытша,
Қоржынға сақтап қойсын
шариғатын.
Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар,
Атылған дәу мылтықтан доп
кеп ұрар.
Мінажат қып жайнамазда отырғанда,
Сұм халхи ұстап алып, тұтқын қылар, – деп кеңес береді. Тек көңілің Аллаға таза болсын. Дін қай заманда да ұлтқа бейімделген, ұлттан жоғары тұрмаған, дін мен ұлт үйлесім тапқан.
Біздің мемлекетіміз исламға түпкі ой-пікірін ашық білдіріп, қолдап отыр. Біздегі ислам мемлекетке де шын пейілмен қарайды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда дін мен мемлекет ара-қатынасы нақты айқындалған. Дегенмен зайырлы мемлекет болғандықтан діннің өзіндік орны, позициясы болуы шарт. Мемлекетті тұтастай қолдаған дін мемлекеттегі жастарды ойландырып жүрген жемқорлық, экологиялық проблемалар, қазақ тілі мен мәдениетіне, дәстүрлеріне байланысты шешімін әлі толық таппаған мәселелер, жұмыссыздық, басқа да проблемаларға мемлекетпен бірге дін де жауапты болады, ол діннің беделіне нұқсан келтіреді. Кейбір посткеңестік мемлекеттер де, мысалы, Ресей мен Белоруссия православ шіркеулері мен мемлекет арасында бірлесіп шешетін ортақ мәселелер төңірегінде ғана келісім бар, бірақ қажет жағдайда мемлекетті шіркеулер қолдамайтындығын ашық жариялаған. Ресей православ шіркеуі әлеуметтік, экономикалық, заң саласында өз тұжырымдарын жасады, өз төңірегіне көптеген жастарды ұйытып келеді. Қазақстанның мұсылман Дін Басқармасы өзінің патриоттық, ұлтшылдық позициясымен жастарды өз төңірегінде біріктіре алатын құндылықтар көп: ортақ тарихымыз, тіліміз, дәстүріміз, ортақ экономикамыз, бір сөзбен айтқанда Қазақстанымыз.
"Ақиқат" журналы