Қазақ әдебиеті көне дәуірден аса бай ауыз әдебиеті мен сөз маржанын сақтап келеді. Әдебиет арқылы халық тарихы, ұлттық мәдениет пен өнер, дәстүр, дүниетаным, арман-мұңы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Адам - табиғаттың бір бөлігі, табиғат - адам өмірінің бөлігі. Адам табиғатты толық түсінгенде, оның ішкі жан дүниесі, рухы асқақтай бастайды.
Қазақ әдебиетінде ғажайып табиғатты, аңдарды, құстарды жырлайтын көптеген шығармалар бар болса да, бірақ қазақ халқы ежелден аққу құсты ерекше бағалап, құс падишасы деп санаған. Әрқашанда кербез аққуларға қарап, адамның ішкі жан дүниесі толқып, бір тылсым сезімге толары анық.
Тұла бойына сұлулық тұнған аққу - кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз да,кінәратсыз пәктіктің нышаны. Неліктен бұл бейне әлі күнге дейін ақын-жазушыларға соншама шабыт береді? Уақыт өте келе оның мәні өзгереді ме? Қазақ әдебиеті сабақтарында біз көптеген табиғат жайлы сыр шертетін өлең, поэма, романдармен таныстық. Менің ойымша, сол шығармалардың бәрінде аққу бейнесі ең жарқын бейне болып табылады.
Аққулар - өте сымбатты құстар. Қазақ халқы қыздарының сұлулығын осы киелі құспен салыстыра сөйлеген. Аққулар жұптасатын құстардың түрі, жұбынан айырылған кезде олар адамдар сияқты қайғырады, көз жасын тастайды және өлуге де баруы мүмкін. Жесір аққу биік аспанға ұшып, соңғы «әнін» айтып, жерге қарай зуылдап, тасқа соғылып өледі.
Аққулардың беріктігі туралы жырлайтын аңыздар көп. Аққудың көркі, мінезі әрдайым халықты таңғалдырады. Оның маңғаздығы, жүзуі, ұшқан кезде қанатын қағуы, табиғаттың ғажайып құбылысы емес пе! Сырттай қарасаңыз, айтса тіл жетпейтін, көрсе көз тоймайтын, асылдың асылына айналған құдіретті сұлулық! Аққуларға тек символ ретінде қарау дұрыс болмас. Олардың тіршілігіне назар аударып көрейік!
Аққуларды ақылды құстар деп санауға болады, өйткені есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Олар ешқашан жасалған жамандықты ұмытпайды. Аққу жақсы адамға тез үйренеді, өзен-көлдерде, қаладағы саябақтарда осы құстарды жиі кездестіруге болады. Адамдар құстарды көріп, қуанып, олардың іс-әрекетінен өзіне эстетикалық әсер алады.
Аққуларды тату құстар да деп санауға болады, олар бір-бірімен тілдесіп, бірін-бірі шақыру үшін шу шығармайды. Басқа құстардай төбелесіп, сабаласып қалмайды. Сұлулығы адамдарды ғана емес, басқа құстарды да танқалдыратын секілді. Егер қос аққу көлде жүзіп бара жатса, үйрек-қаздар оларға жол береді. Мұны қасиетке табыну немесе үлкен құстан қорқу деп ойлайсыз ба?
Аққулардың мойындары ұзын болады, өйткені аққуда 23, ал қазда 18 мойын омыртқалары бар. Суда жүзген аққу өте әсем көрінеді, мұны көруге ерекше көз және нәзік сезім керек деп ойлаймын.
Қазақстанда аққулардың сұңқылдақ аққу және сыбырлақ аққу деген түрлері кездеседі. Оларды ажыратып көрейік!
Сұңқылдақ аққу ұзын мойынын тік ұстайды, ал сыбырлақ аққу мойынын «S» әріпі тәрізді ұстайды. Сұңқылдақ аққуда тұмсығының ұшы қара түсті. Сыбырлақ аққудың тұмсығы қызғылт сары. Сұңқылдақ аққудың денесі сыбырлақ аққуға қарағанда кішірек болып келеді. Сыбырлақ аққу сыңқылдайды, ал сұңқылдақ аққу ащы дауыс шығарып ұшады.
«Шағала келмей шаң болмас, аққу келмей боз болмас», - деген қазақ халқы. Өйткені, шағала ұшып келгенде жаз келгенін, ал аққу ұшып келгенде шөп шығып, табиғатта тіршілік басталатынын деп болжаған. Аққулар наурыз – сәуір айларында жылы жақтан оралады. Аққулар ұяларын көлдегі қамыс арасына салады. Аналығы ұяда болғанда, аталығы жақын жерде ұшып, ұясын жаулардан қорғаштайды. Аққудың балапанын - көгілдір дейді, ол өте көрікті және сүйкімді болады. Төрт жасында аққуға айналып, жұп құрай алады. Аналық аққу өз «ұлына» жұп табады, ал аталық аққу өз «қызына» жұп тауып, құда түскендей және қыз ұзатқандай болады екен. Бұған таңғалмау мүмкін емес!
Мұқағали Мақатаев - бір ғасырда бір рет қана дүниеге келетін қазақ поэзиясының ірі талант иесі. Мұқағали аққуды қасиеті, киелі құс екендігін суреттеген. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында негізгі кейіпкерлер: бала, баланың анасы, баланың әкесі. Ана баласы үшін аққуды атып, баласы үшін бәріне де даяр, қамқор жан екенін білдірді. Баланың әкесі - адал жан, ол халық дәстүрін қастерлеп, киелі аққу құсты атудан бас тартты. Поэмадағы бала сырқаттанып жатыр, оның өмірі қыл үстінде болды.
«Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,
Сайдан соққан самалмен тербетілген.
Жер бетінде тыныштық, көл бетінде,
Қауышыпты қара орман, көл де, түн де.» [4]
Келесі поэма кейіпкері тәуіп шал - мейірімсіз, таяз ойлы, есінен ауысқан адам. Ол баланың ата - анасына жалған наным айтты.
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті...
-Аққуменен баланы аластаңдар,
Деді-дағы жәйімен жөнеп кетті...»
Поэмадағы жылқышы қарт - түсінігі мол, көргені көп, парасатты, ақылды, данышпан. Ол анаға ақыл айтып, оны дұрыс жолға қоюға тырысты.
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан
«...Апыр-ай, бұл кім болды, таңсәріде,
Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!
Құстардың зәре-құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!»
Адамды табиғат жаратқан. Табиғат – біздің анамыз. Әр ана өз баласы үшін өлімге де бара алады. Бұл поэмада ана қасиетті құсты жаралады.
Көл бетінде көлбеңдеп, жаралы аққу,
Ұша алмайды, ұшпақ боп- күш қылады...
Сыңар қанат сынық құс байлауда тұр,
Тағы бірі айдында жайрап жатыр.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасында қазақ тұрмысына жақын ойлар айтылады, ана махаббатының құдіреттілігі сезінеді, табиғатты қорғауды үйретіледі.
Аққу тақырыбы әдебиетте мәңгілік сақталады. Шын мәнінде жазушылар мен ақындардың қаламынан шыққан туындыларда адамгершілік, эстетикалық, экологиялық, рухани мәдениеті қасиеттеледі. Аққудың ежелгі символикалық бейнесі мифологиядан басталып сұлулық бейнесі, табиғаттың үйлесімділігі, аспан мен жердің байланысы ретінде қалыптасты. Қазақ ақын-жазушылардың шығармаларында аққу бейнесі жиі белгілі нышан ретінде пайдаланылады. Қазақ әдебиетінде аққу бейнесімен «қос аққу», «аққу жүрек», «аққу әні», «аққудай сұлу», «аққу мойын», «аққу арман» сияқты теңеулер, тұрақты сөз тіркестер жиі байланысып тұрады. Аққу бейнесімен үйлескен табиғат көркі, құс төресі, махаббат иесі, мәңгілік текілігі, қасиетті көл еркесі, жанның жаңашылдығы, тұлғаның даралығы, туған жерге сағынышы, рухани тазалығы, қазақ жерінің киесі деген мән-мағыналар кездеседі. Ақын-жазушылардың шығармаларында аққу бейнесін белгілі нышан ретінде пайдалануын зерттеу арқылы жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын жоғарлатуын көздедік. Көркем шығармалар арқылы табиғаттың сырлы көріністерін тамашалап, сұлулығын сезіне отырып, аса қамқорлықпен табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғай білуді шақыруға жөн деп санадық.
Соңғы жылдары Қазақстанның өзен–көлдеріндегі аққу саны азайып кетті. Аққу Қызыл кітапқа енген құстың бірі, оған жойылу қаупі төніп тұр, сондықтан бұл құс елімізде қорғауға алынған. Біздің де қазіргі міндетіміз аққуға қамқорлық танытып, осы «құс падишасы» сақталып қалған айдын көлдерде санын көбейтуге ат салысу қажетпіз. Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған киелі құсты қастерлейік - дей отыра аққулардай сыйластық, достастықтарың кіршіксіз таза болсын дегім келеді!