Астана көшелерінде "Сергек" бейнебақылау камералары небәрі 24 күн бұрын ғана пайда болса да, олар көлік иелерінің көп байқап, көп "бас ауыртатын" мәселесіне айналды.

Айта кету керек, аяққа оралған көлденең жүргізушіден автобустарға арналған жолақтар босады, жолда "дойбы" ойнап, жылдамдықтарын асырып жарысатындар азайды. Бұны бейнебақылаушы компания да, қалалық әкімшілік пен полиция қызметкерлері де байқаған.

Бірақ, адамнан айла қалған ба? Әлеуметтік желіде осы "Сергек"-ке түспеудің амалын сұрайтындар, оларға ақыл айтатындар көбейді.

Сондықтан,  айтылмаған фактілерді анықтап, оқырман жіберген сұрақтардың жауабын анықтадық.

"Сергек"-тің төрт көзі түгел

Өздеріңіз байқағандай, бір бағанда кемінде екі, төрт, одан қалса, алты камера ілініп тұр. Бұл әрине жүргізушілердің үрейін үдете түседі.

"Камераның көптігіне не себеп? Бір камера көлікті алдынан, біреуі артынан бақылап тұра ма?" – дейді оқырмандар.

Жоқ. Камералар көліктің тек алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірін және жолдағы жалпы жағдайды төбеден түсіре алады. Ал, көп камера – бар болғаны алгортим.

Яғни, бір камера жолдағы ерсілі-қарсылы бағыттағы көлік жолын бөліп жатқан қос сызықты бақылайды. Көліктің мемлекеттік нөмірін анықтау үшін бір жолақта 1000 пиксельді камера тұруы керек. Домалақ камера 1980 пиксельді, яғни, мүмкіндігі 2 жолақты қамтуға жетеді. Яғни, жолдың бір бағытындағы екі жолақты бақылау үшін – бір камера жеткілікті.

Екі жолақты жолдағы камера

Екі жолақты жолдағы камера / Фото informburo.kz

Ал, төрт жолақты жолға екі камераның көзі керек. Міне, бір бағанда төрт "көздің" тұратыны сондықтан. Бір жағында 4 жолағы бар жолдарға 8 "көз" ілінеді.

Бұл бизнес пе? Немесе "Сергек" қандай пайда көреді?

"Бұл – қып-қызыл бизнес" дейді жүргізушілердің біразы. Ақиқаты қандай?

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа камераларды құрастырып, шығарған "Көркем-Телеком" компаниясы. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы бұл жобаға 8,4 млрд теңге инвестициясын салып отыр.

Ал Астана әкімдігі бір теңге де шығын шығармаған, тек бейнебақылау камераларын орнататын жер ғана бөлген.

Бұны оқыған оқырман "еш инвестор пайдасыз іске тәуекел етпейді, яғни, бұл жобаның артында көп ақша жатыр" деген ойларын жеткізді. "Көркем-Телеком" компаниясына сұрақты төтесінен қойдық.

Түсінгеніміз, "Сергек"-тің қожайындарына жиналатын айыппұлдың шектеулі бір мөлшері ғана тиесілі. Ол да шығынға ұшырамаудың кепілі ретінде. Яғни, әкімдік оларға бюджетке жүргізушілерге салынған айыппұлдан түскен ақшаның белгілі бір бөлігін ғана береді.

"Мысалы, біз белгіленген төлем кестесі бойынша белгілі бір кезеңде, мәселен, бір айда 100 теңге көлемінде айыппұл жиналуы керек десек, әкімдік сол сома жиналған жағдайға ғана 100 теңгені қалтамызға салады. Бірақ, сол бір ай ішінде жүргізушілер ережені көп бұзбай, бюджетке тек 70 теңге түссе, біз сол 70 теңгені аламыз. Арада 30 теңге айырмашылықты бізге ешкім төлеп бермейді. Бұл біздің кәсіпкер ретінде тәуекеліміз. Компания жиналған айыппұлдан ешқандай пайыз алмайды", – делінген informburo.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген компанияның хатында.

Яғни, айына, мысалы, 200 теңге айыппұл жиналса, 100 теңгесі "Сергек"-ке, артық ақшаның қалғаны түгел бюджетке түседі деген сөз.

"Сергек" туралы ескерту тақтайшасы неге жоқ

"Сергек" камералары орнатылғаннан кейін әлеуметке "ұнамай" қалған мәселенің тағы бірі – "алдыңызда камера бар" деп ескертетін ақпараттық тақтайшалардың жоқтығы.

Жүргізушілердің көбі мұны заңсыздық дейді. Бірақ, анықтағанымыздай, жол бойында бейнебақылау камералары орнатылғаны жайлы ескерте ме, жоқ па – оны жергілікті әкімдіктің өзі шешеді екен.

"Жалпы, заңда жол бойындағы бейнебақылау камерасы туралы ескерту тақтайшалары міндетті орнатылсын деген ереже жоқ. Әрине, Қазақстанда жергілікті әкімдік көп жағдайда ескерту іледі. Бірақ, бұл ереже заңмен бекітілмеген.

Ал, "неге камера туралы ескертпеді" деген заңгер болсын, қарапайым азамат болсын, бұл наразылығын Конституциямен байланыстырып, адам құқығы тапталды деп жатады", – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен белгілі заңгер Джохар Өтебеков.