0 дауыс
5.9k көрілді
Оразада;

-бетпе бет сүйсуге

-крем жағуға

-сілекей жұтуға Болама?

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

1.Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?

Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) «ашура күні»[1] жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!»[2]. Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.   

2.Сәресі уақытын күн шығысымен тоқтату керек пе?

Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Ендеше, аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек. Яғни, таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуді тоқтату керек.

Құран Кәрімде ауыз бекіту уақыты жайында былай делінген: «...Таңға дейін, (яғни) «қара жіп» «ақ жіптен» айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар...»[3]. Бұл аяттағы «қара жіп» – түнді, ал «ақ жіп» таңды білдіреді. Яғни, қараңғылық кетіп, таң анықтала бастаған уақытта ішіп-жеуді тоқтату керек деген сөз.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде сәресі уақытында екі азан айтылатын: бірі сахаба Біләлдің азаны, екіншісі сахаба Умму Мәктумның азаны.

Хз.Біләлдің азаны таң намазының уақыты кірмей тұрып айтылатын, ал Хз.Умму Мәктүмның азаны таң намазы кірісімен айтылады.  Пайғамбарымыздың (с.а.ғ) осы екі азан арасында сәресі ішкендігі, екінші азанда намазға тұрғандығы сахаба Зәид ибн Сәбиттен риуаят етілді[4]    

3. Науқас адам оразада не істейді?

Алла тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді[5]. Өйткені Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген.

Бұл жайында Құранда  былай делінген: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кім де кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!»[6]. Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», - дейді.

Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның оразаұстамауы уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»[7], - деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат болсаңыз сізге ораза ұстау парыз емес. Бірақ науқасыңыздан айығып, ауыз бекітуге шамаңыз келген кезде тұтпаған күндеріңізді қаза етіп өтейсіз. Бұл кәффарат (арасы үзілмей ұсталатын) өтеміне жатпайтындықтан, бөліп-бөліп тұтсаңыз болады. Ал, бұған да денсаулығыңыз жарамаса, онда оразаның әр күніне пидия[8] төлейсіз. Пидия төлеуге де шамаңыз жетпесе, Алла мейрімді, кешірімді. Пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.

4. Рамазан айында төсек қатынасына түсуге бола ма?

Рамазан айында тек күндіз ғана, яғни ауыз берік кезінде төсек қатынасына түсуге рұқсат жоқ. Кешке ауызашар уақытынан кейін төсек қатынасына түсуге рұқсат. Бұның оразаға тиетін кесірі жоқ. Бұл жайында Жаратушы Иеміз Алла Тағала былай дейді: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу рұқсат етілді. (Өйткені, бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер...»[9]. 

Ауыз берік бола тұра күндіз бұл әрекетке әдейі барған жандар рамазаннан кейін 60 күн үзбей кәфарат қазасын өтеуі тиіс.

5.Сілекей не түкірік жұтса, ораза бұзыла ма?

Аузы берік кісі аузындағы сілекейін не түкірігін жұтса және жұтынса оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып, жұтса да, ораза бұзылмайды. 

6. Рамазанда беттен сүйсе, ораза бұзыла ма?

Аузы берік кісінің беттен сүюі оразаны бұзбайды. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.а) ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен[10].

Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүһ[11].

7. Аузы берік адамға өзен-көлге түсуге бола ма?

Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т.б жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Бұл оразаны бұзбайды[12]. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуідтің сүнанында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у) аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады[13]. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз[14].

8. Ораза кезінде система салдыруға бола ма?

Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция (денеге дәрі жіберу) жасалып жатады. Сондықтан да, қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр[15]. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.

9. Сағыз шайнау оразаны бұза ма?

Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүһ болып саналады.

Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалаңыз. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды. 

10.Оразада тіс пастасын қолданса бола ма?

Ораза ұстаған адам ауызын тазалауын болады. Тіпті Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Аузы берік кісінің тіс тазалағышы ол – мисуак», [16]- деген. Десе де, шариғатта аузы берік кезде себепсіз бір нәрсенің дәмін тату не шайнау- мәкрүһ, яғни ұнамсыз іс [17]. Бұған байланысты кей ғалымдар тіс пастасын қолданарда ішке кетіп қалмауын қадағалағанмен, оның дәмі, бәрібір, ауыз қуысында ұзаққа сақталып қалады. Сондықтан ораза ұстаған адамға тіс пастасы да мәкрүһ деген пікірде [18].  Алайда «оны қолдануға рұқсат. Тек ішке кетіп қалмауына көңіл бөлсін» деген ғалымдар да жоқ емес [19].  Ендеше, ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан, ауызы берік кезде тіс пастасын қолданбаған абзал. Ал, қолданғысы келген кісілер, ішке кетіп қалмау жағын қатаң ескергені жөн. Себебі, ол ішке кетіп қалса, оразаны бұзады.

11. Крем жағу оразаны бұза ма?

Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалындатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.  

12. Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?

Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген (жүкті не емізулі) анаға Рамазан оразасын  тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат[20].  Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...»[21], - деді.

13. Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?

Намаз оқымайтын кісі, рамазан айында ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, намаз оқымай жүргені үшін де үлкен күнәға батады[22]. Өйткені, намаз мұсылмандығымыздың белгісі.  Ардақты Пайғамбарымыз бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің  ара жігін айырар белгі  - намаз оқу[23]», - дейді. Сондықтан да, жора-жолдастарыңыз оразамен қатар намазға да бастағандары жөн.

14. Жұмысы ауыр кісіге ораза ұстамауға бола ма?

Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың аш көздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр десек қателеспеспіз. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса,[24] яки бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн болмас. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық»[25], – деген.

15. Ине салса ораза бұзылады ма?

«Ине салса, ораза бұзыла ма?» дегенге келер болсақ, Имам Юсуф пен Имам Мұхаммәдтің (р.а.) тұжырымы бойынша «денедегі және бастағы «терең жараны» сұйық дәрімен емдесе де, ораза бұзылмайды. Себебі, дәрі ішке (азық секілді) табиғи жолдармен бармағандықтан, ішке түсуі екіталай»[26] дей отырып, ішке бір заттың табиғи жолдардан (ауыз, құлақ, мұрын, тік ішек) басқа жолдармен баруы оразаны бұзбайды деген. Ендеше салынатын ине де, «табиғи емес» жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.[27]

16.Тіс жұлдыру оразаны бұза ма?

Егер адам ораза кезінде тіс жұлдыртатын болса, онда оның оразасы бұзылмайды. Тіс жұлғаннан кейінгі аққан қанның ішке кетіп қалмауын байқау керек. Егер тісінен аққан қанды жұтып қойған жағдайда тек сол күнгі оразаның қазасын өтейді[28]. Тіс жұлғанда салынатын ине де, «табиғи емес» жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.

17. Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?

Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[29], – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр. Сондықтан да, келесі рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал[30]. Қазірден есептесек, Рамазан айының кіруіне бірнеше күн бар. Осы күндерді пайдаланып өткен жылдан қалған оразаңыздың қазасын өтеп алғаныңыз жөн. Ал Рамазанға дейін өтеп үлгермейтін болсаңыз, онда оны рамазаннан кейін де өтей аласыз. Кейбіреулер «өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?» деген де сұрақ қойып жатады. Дінде бұған рұқсат жоқ. Қазаға ораза жеке ұсталады.

18. Рамазанда қан алдыру оразаны бұза ма?

Ораза ұстаған адамнан қан алдыру оразаны бұзбайды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.у) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. Сахих Бухариде риуаят етілген хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді:«Алланың Елшісі (с.ғ.у.) аузы берік бола тұра хижама[31] жасататын»[32].

Әйтсе де, аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру мәкрүһ болып саналады. Бұл жайында сахаба Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) бір кісі: «Сендер аузы берік кісіге қан алдыруды (хижама) құптамаушы ма едіңіздер?» – деп сұрағанда, сахаба: «Егер әлсіздік тудырған болса, біз оны құптамайтынбыз»[33][3] – деген екен.

19.Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды?

Ұшақтағы адам жергілікті ораза кестесін емес, күннің батуын негізге алады. Мысалы, жергілікті кестеде «сағат осыншада ауызашар» дегенімен, ұшақтағы адамға күн әлі батпаса, ол кісі кестедегі уақытқа емес, күннің батуына қарайды[34]. Кесте уақыты жердегі ораза ұстаушылар үшін арналған. Өйткені, Құранда айтылғандай, сәресіні ішуді тоқтату уақыты таң қылан бере бастауымен, ауызашар уақыты күннің батуымен білінеді[35]. Бұл жолаушы кезде оразасын бұзғысы келмегендер үшін. Ал, жалпы дініміз сапарда ауыз ашуға рұқсат етеді. Тек рамазан айынан кейін сол күннің қазасын өтеуді ұмытпауы керек.

20. Жолаушы міндетті түрде аузын ашуы керек пе?

Жаратушы Иеміз Алла тағала ораза кезінде пенделеріне кейбір жағдайда ораза ұстамауға рұқсат еткен. Сол рұқсаттардың бірі - жол жүргенде ораза ұстамау[36][1]. Бұл дегеніміз: ауызы берік адам өзінің тұрақты жерінен ең кемі 85-90 шақырым ұзақтықтағы жерге жолға ниеттеніп шықса, ол кісіге ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ – міндет емес. Яғни, кімде кімнің жолаушы кезінде оразаға қауқары жетсе, аузын ашқаннан гөрі оразасын жалғастыра бергені абзал.

Ендеше, сіз де: «жол жөнекей ораза ұстауға күшім жетеді», - десеңіз ауызыңызды ашпағаныңыз дұрыс.

21. Оразада етеккірі тоқтаған әйел не істейді?

Оразаның күндізінде (сәресінің уақыты өтіп кеткен соң) етеккірі тоқтаған әйел сол күні ауыз бекітпейді. Ауыз бекітетін болса, ораза тұтқан болып есептелмейді. Рамазаннан кейін сол күнді де, алдыңғы тұтпаған кұндерімен қосып қазасын өтейді. Сәресіге дейін хайызы тоқтаса, оразаға ниет етіп ауызын бекітеді.[37] 

22. Құсса ораза бұзыла ма?

Ораза кезінде аузы берік кісі «еріксіз» құсса ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды.

Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін»[38], - дейді[39].

23. Тарауих намазын тек ораза ұстағандар ғана оқиды ма?

Тарауих намазы ораза айында оқылатын құлшылық түрі. Пайғамбарымыз (с.а.у) оразада бұл намазды үнемі оқығандықтан үкімі - «бекітілген сүннет».  Аталмыш намазды оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі.

Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алланың Елшісі: «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[40], - деген.

...