0 дауыс
1.6k көрілді
Мұқағали Мақатаев Райымбек Райымбек поэмасындағы ақындық рух пен елжандық сезім деген такырыпқа шығарма керек еді?

1 жауап

0 дауыс
ХХІ-ғасырдың алғашқы он жылын артқа салдық. Биылғы 2011 жыл – қазақ поэзиясы үшін есте қаларлық, кейін мол жемісін берерлік серпіліс жылы. Өйткені бұдан 100 жыл бұрын қазақтың қара өлеңіне өзгеше түр, ерекше екпін әкелген хас талант Қасым Аманжолов туған. Ал осыдан сексен жыл бұрын қазақ жырының бұрын көрінбеген жаңа қатпарларын ашып, қара өлеңді әрбір қазақтың сырласына, мұңдасына айналдыра білген қыран қанат тау ұлы Мұқағали ақын дүние есігін ашқан. Қазір асыл сөзді ардақтап, қара өлеңді қастерлеген әрбір қазақ «Қасым» деп дем алып, «Мұқағали» деп тыныстайтын күнге жеттік. Бұл да болса, еліміз тәуелсіздігінің, жеріміз бүтіндігінің, рухымыз біргелігінің белгісі. Құдайға, мың да бір тәуба!

«Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе,

неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім,» –

деп жырлаған Мұқағали ақын шындығында да поэзиямен егіз дүниеге келген сияқты.

Қазір оның туғанына сексен, дүниеден озғанына 35 жыл өткен кезде, ой көзімен қарасақ, қазақ поэзиясы дегенде, Мұқағали есімі бірден ауызға ілінетін, көз алдымызға шашын артқа қайырған тау тұлғалы ақын бейнесі елестейтін, тіпті оның сонау жиырмасыншы ғасыр қойнауында жазып кеткен мұңды, сырлы жырлары тілге бірден оралатын күнге де жеттік. Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Қазақ қазақ болғалы ұрпақ жадында өзіне өзі сөзден ескерткіш сомдаған біртуар ұлылар бар. Данышпан Абай, абыз Жамбыл, отты Махамбет, жұлдыз Сұлтанмахмұт, тұңғиық Мағжан, Құлагер Ілияс, дауыл Қасым сияқты тұлғаларымыздың асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта түсті.

Солардан кейін қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға сүйреген биігіміздің бірі әрі бірегейі Мұқағали екендігі Ай мен Күндей ақиқат.

Сонау бір 1931 жылдың басында Нарынқол өңірінің ескі Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан Мұхамедқали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақ поэзиясының басына қонған бақ екенін ол кезде ешкім де білмейтін. Осы тұста ақынды дүниеге әкелген асыл ана Нағиман апамыздың бір сұхбатта берген жауабындағы мына сөздер ойға оралады: «Мұқағалиым 1931 жылдың наурыз айының сегізінде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан екі апта кейін «Наурыз тойы болады» деп күтіп отырғанбыз. Ал құжатта қалайша ақпанның тоғызы деп жазылғанын білмеймін», – дейді. Демек ресми аталып жүрген 9 ақпан ақынның туған күнін нақтылау да келер күндер еншісінде.

Мұқаңның атын нағашысы Бизақ қояды. Мұхаммед пайғамбар мен пайғамбардың төрт шадиярының бірі – Әли сияқты қасиетті қос есімнен құралған атты иеленген бала тегін азамат болмас,–деген ырыммен қояды. Кейін жеңгелері «айтуға оң-айландырып» «Мұқағали» атап кеткен екен.

Ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 желтоқсанда қан майданға аттанып кете барады. Үш айдан кейін хабар-ошар біржола тоқтайды. Бала Мұқағали өзі де қиын кезеңдегі жетімдікті бастан кешіреді. Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның тәрбиесінде жетіліп жатқан оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген балалық сағынышы себеп болады. Қазір ескі Қарасазда орны ғана қалған, мұражайда сызба жобасы тұрған шағын лашық үйде Мұқағалидың балалық шағы өтеді.

Әкесі Сүлеймен өз қолымен салған сол там туралы:

Мен өскен лашық – бір бөлме,

Бір бөлме – маған мың бөлме.

Хан тағы қараң қалатын,

Босағаңды аттап кіргенде, – деп туған үйдің құдіретін жырға қосқан да болатын. Алғашқы өлеңдерінің куәсі де сол бір өзен жиегіндегі «көзінің қарасындай қымбат» қоржын там да қазақ поэзиясының тарихына еніп кеткенін сезер ме екен ақын жүрегі.

Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын. Өзінің көзі тірісінде «Ильич», «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдіретті комедия», «Дариға жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмір-дастан» (1976) секілді барлығы 11 кітабы жарық көріпті. Олардың әрқайсысында таңдамалыға ұялмай ұсынатын ғажайып жырлар орын алған. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», - деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Қазіргі айтылып, жазылып жатқан астатөк мақтау, марапат сан алуан естеліктердің ол кезде бір де біреуі жоқ еді. Тек тарих беттерін парақтағанда, көзге ілінетін кейбір деректерді бүгінгі үлкен тойдың мінберінен ерекше тоқталып айту біздің парызымыз. Мұқаң 1948-49 жылдары ҚазМУ-дың заң факультетінде, Алматы шет тілдер институтында, 1973-74 жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыған. Оның «Қырман басында», «Қойшы бала Әкітай» өлеңдері алғаш рет Нарынқол ауданының «Советтік шекара» газетінде 1949 жылы жарық көрген. Талапты жігітті арнайы іздеп барған, газетке жұмысқа алған сол кездегі редактор, қаламгер Әлнұр Мейірбеков ақсақал болатын. 1951 жылы бір топ өлеңдері Қасым Аманжолов құрастырған «Жастық жыры» ұжымдық жинағына енді. Мұқағалидың «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») әдеби журналының 1954 жылғы № 6 санында «Біздің жақтың іңірі», «Әкем туралы сөз», «Хат» атты үш өлеңінің жарық көруі – республика көлеміне танылуындағы алғашқы белестерінің бірі.

Ақын талантын алғаш бағалаған, таныған Әбділда Тәжібаев екендігін де жұрт біледі. 1960 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде ақын өлеңдеріне жазған кіріспе сөзінде: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?» – деп ағынан ақтарылды.Әбекеңнің дуалы аузымен айтылған осынау жылы сөз, дәл баға Мұқағалидың абыройын аспандатып, биікке бірден көтеріп жібергендегін замандастары қазір де еске алып отырады. Мұқағалидың талантын танып, ағалық қамқорлық көрсетіп, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке алдырған ақжүрек жазушы-журналист Жекен Жұмаханов есімін де құрметпен атау ләзім. Ал енді ақынның көзі тірісінде алған ақиқат бағасы 1969, 1972 жылдары екі мәрте аса білікті де білгір жазушы Әбіш Кекілбайұлының тарапынан айтылған екен. Өзінің «Дәуірмен бетпе-бет» атты кітабында осыдан аттай қырық жыл бұрын, Әбіш аға былай деп ақиқатын жазды: «М.Мақатаев бұл салада ұзақ ізденді, ұзақ еңбектенді. Ашық бояулы, анық үнді іргелі талант екені тағы даусыз. Бірақ, осыншама орасан еңбектің нәтижесі неге бұлай?

М. Мақатаевтың махаббат лирикасын оның жалпы, суреткерлік тенденциясынан, былайғы творчествосынан бөлек қарау орынды болмас еді. Олар да - шын мәніндегі асқақ азаматтық дауысқа ие жырлар.  М.Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның туған ауылына, Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына, сағынышты махаббатына – баршасына арналған өлеңдері де шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен-сазы да ақын көкірегінің толғаныс-тебіреністен жасаған; бәрі де адамның өз дем, өз тынысындай шынайы, табиғи. Мұнда әккі қасапшының пышағындай жаланған жалаң техника жоқ, өмір мен соған елтіген көңілдің қас-қабағын баққан үйлесімді шеберлік бар. Әдетте ішінде жақсы өлеңі көп кітап көп те, ішінде бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі».
Жалпы Мұқаңның көзі тірісінде осындай ақадал пікір білдіріп, талантты танып, оның жақсылығын айтып нұрын тасытқан Әбіш ағаға біз, бүгінгі ұрпақ, қашан да алғыс айтуға тиіспіз. Мұқағалидың бүкіл шығармашылығына берілген зор бағалардың бірі де осы болса керек. Өйткені оны ақын көзі тірісінде оқып, қанаттанған, шабыттанған шығар. Өзі туралы мұндай бағалау сирек болғанмен, Мұқағали өзінің қазақтың аса дарынды ақыны екенін, өзінің ешкім аласарта алмайтын биіктігін білген. Бұл оның көзін көргендердің айтқанынан түйсінгеніміз, өлеңдерінен түйгеніміз.

Өзінің «Күнделігінде» ақын 1976 жылдың 14 ақпанында былай деп жазыпты :

«- Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамау-ларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай. Жалған күйініш, жалған махаббат пен қуаныш, өтірік патриотизм және тағы-тағылар поэзияның жаулары. Көпшіліктің көңілін аулау үшін, рухыңның ыңғайын табу үшін жазу керек. Әрбір жазатын адам оқырманды күлдіріп абыржыта алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есіңде мықтап қалу үшін барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кейде қарапайым түсіне білетін көпшілік сенің образдарың мен прообраздарыңды артқы қатарға ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының бөлшегін іздейді.

Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы - бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын.
...