Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі.
Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам:
- Бақытты бол, балам! - деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді.
Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызындай, жақсы күйеу - ұлындай" деп қазақ даналары бекер айтпаған.
Келіннің келін болып түсе сала, өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалығы, ауылды жерде - ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңіне-ақ, таңертеңгісін, осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады. Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да ұлкендерге көрсеткен құрмет. Негізінен, тек жаңа түскен келіндер ғана емес, инабаттылықты, кішіпейілділікті, көрегендікті ту еткен үлкен апа-жеңгелерімізге дейін жасы үлкен кісіге бас иіп сәлем берген.
Әйел адам келін болып түскен күннен бастап жаңа келген жеріндегі күйеуі жағынан жолы үлкен қайынаға, абысын-ажындарына, ата-енесіне иіліп сәлем салуы — өзге ұлттардан ерекшелігіміз.