+1 дауыс
1.1k көрілді
«Ойбу, 25 жыл болды ғой мұның дау болып келе жатқанына», — дейді профессор Момынова. Соған қарағанда, әлі де 25 жыл дау болатын шығар.
Қазақ тілінің грамматикасы тұрғысынан қарағанда, иә, «дүниеге келу» дегеннің синонимі – туылу, яғни ырықсыз етіс формасындағы «ту» етістігі. Туу – дүниеге келтіру.

Алайда… қазақтың арғы-бергі әдебиетін біраз қағыстырып көрдік. Не таптық?

«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, ТУҒАН өлмек», - дейді Абай. Бұл жерде «Туған» деп дүниеге келтіргенді емес, келгенді айтып отырғаны анық.

«Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ екен»,- дейді халық әні. Қазіргі қисынға салсақ, «туылмақ» болуы тиіс, бірақ қазақ «ТУМАҚ» депті.

«Бір анадан туғандар айрылмастай болса екен»,-делінген тағы бір халық әнінде. Ноу комментс деуші ме еді?!

«Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан», - дейді тағы бір қазақ әні. Қазіргі қисынға салсақ, ай оң жағында, күн сол жағында босанып жатуы керек емес пе?

«Көрде ТУҒАН Көрұғлы»,- делінеді ауыз әдебиетіндегі батырлық жырында. Көрұғлы көрде босанып па?

«Анадан алғаш ТУҒАНымда…» деп Шәкәрім толғанған.

«Екеуі ТУҒАН екен бір анадан»,- деп Естай аһ ұрған.

Сондай-ақ, кеңестік жылдары жазылған қазақ әдебиетінің мына туындыларын – «Шыныдан туған қозы» (Ғабиден Мұстафин), «Түркістан солай туған» (Мұхтар Әуезов), «Туған күн» (Смағұл Елубай), «Толқында туғандар» (Әбу Сәрсенбаев), «Қырда туған құрыш» (Тайыр Жароков) қайда қоямыз?

«Осындай боп, білмеймін, кімнен ТУДЫМ,
Бәлки, қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым»,
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым», — деп жырлайды Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» поэмасында.

Әзиз Несиннің бір әңгімесін Ғаббас Қабышев «Шерменде қашан туған?» деп аударған да, мәтінде осы етістіктің ырықсыз етіс формасы кездеспейді.

«Сен ТУҒАН күн – мерекеміз»,- деп Мұхтар Шаханов ән шығарады. Неге «сен туылған күн» емес?

«Бүгін менің ТУҒАН күнім, ой пәлі-ай»,- деп Мұқағали ақын күрсінеді. Неге «туылған күнім еді» демейді?

«Туған жер» дейміз. Қисынға салсақ, ол менің (сенің, оның) дүниеге келген, яғни туылған жерім. Бірақ, қазақша «туған жер».

«Туған ағам» (інім, сіңлім, қарындасым). Яғни, бір ата-анадан туылғанбыз деген сөз. Бірақ, туылған емес, туған делінеді.

«Адамзаттың асып туған асылы»,- дейміз, өзіміз сүйсінгенде.

«Бәленше жазушының қаламынан ТУҒАН керемет роман!» дейміз сүйсініп. Туылған емес пе?

Сөзіміз дәйекті болуы үшін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің оқытушыларынан пікір сұрадық. (Бұл мақаланың кешігу себебі де осында).

Бұл мәселеге байланысты кейбір ғалымдар Құрандағы Алла Тағаланың сипатын мысалға келтірді: Ләм йалид уа ләм йуләд – ол тумаған және туылмаған («әл-Ихлас» сүресі). Екі процесс: дүниеге келу және келтіру. Екеуі бөлек және даусыз.

Өмірхан Әбдіманов, ф.ғ.д., профессор, ҚазҰУ филология факультетінің деканы: «Туылған деген дұрыс қой. Иә, туған күн сол күйі санаға сіңіп қалды, солай қалады. Бірақ, бәленше жылы туған деп емес, туылған деп айту керек».

Бағдан Момынова, ф.ғ.д., профессор, ҚазҰУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі: «Рабиға Сыздықова апайдың өзі «туылған» дегенге қарсы болған. «Туылу» ол адамнан адам шығуын сипаттайтын етістік. Ал басқа образды тіркестерде «туған» болуы керек».

Съезд Ақымбек, ф.ғ.к.: «Ол тілдік трансформация. Кез келген тілде бар ондай. Ғасырлар бойы халық өз тіліндегі қандай да бір тіркесті қалыптап алады және сол күйінде сіңіреді. Мысалы, «туған-туыс», «туған жер», қазақ тіліндегі кез келген осы мағынадағы тіркесте осы формасында қолданылады. Сондықтан «туған» деген дұрыс».

Ләйлә Мұсалы, ф.ғ.к.: «Қисынға салсақ, «туылған» ғой. Алайда, «туған» дегенді тілдегі ерекшелік деп қабылдауымыз керек».

Ерхан Кәрбозов, ф.ғ.к.: Негізі «туылған» деу керек. Иә, жылдар бойы «туған» деп айтып келдік, бірақ дұрысы «туылған» ғой. Ал, енді бұл екеуінің қайсысын айтып, жазу керек дегенге келсек, екі нұсқасы да қолданыла бергені дұрыс. Қайсысы өміршең болса, сүзгіден өтіп, сол қалады».

Назгүл Қожабек

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
туған болады осыған ұқсас сұрақтар бар
0 дауыс
Басты қатырмаңдар,  туған болады, осымен әңгіме бітті.            
.

                    .

                    .
.
0 дауыс
Туылған деген дұрыс, ал туған қысқартылған нұсқасы. Туған күніңмен дегенде "сенің бала туған күніңмен" дегендей, "тылған күніңмен" ол анасынан туылып, өмірге келгені
...