0 дауыс
918 көрілді
Аңырақай шайқасында женуге 3 жуздіің бірігуі себеп болды ма?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

1723–1729-жылдар аралығындағы қазақ–жоңғар соғысының ішіндегі негізгі шайқасының бірі неліктен "Аңырақай" аталғанына қатысты қазақ тарихшылары ішінде неше түрлі пікірлер мен жорамалдар бар. Тіпті, олардың кейбірі "Соғыста адам көп өліп, аңырап калғандықтан – "Аңырақай шайқасы" аталған" деп, мүлдем қисынға келмейтін пікір айтқан. Шындығына келер болсақ, бастапқыда, осы шайқастың бірінші жекпе-жегінде қаза тапқан қалмақ батырының атымен "Аңырақ өлген жер" делініп жүріп, Аңырақай атанып кеткен.

Олай деу себебіміз, ұрыстың қалай өткені де, оған қазақ жағынан кімдердің қатысқаны да, бірінші жекпе-жекте Бөлек батырдың Аңырақайды қалай жеңгені де, қалған жекпе-жектерге кімдердің шыққаны да Қазыбек бектің "Түп-тұқияннан өзіме шейін" кітабында толық берілген.

Қазақ дәстүрінде, әрбір соғыс алдында әскери кеңес шақырылып "ойластық" жасалатындығы белгілі. Шайқас алдында осындай жиынға: Сіргелі руынан Қара Тілек, Қарақалпақтан Қылышбек пен Жәнгел, Суаннан Бағай, Ошақтыдан Саңырық, Албаннан Хангелді, Дулаттың Жанысынан Сеңкібай мен Шойбек, Шапыраштының Асылынан Сатай мен Бөлек, Қазыбек бектің баласы Қасқары, Төлемісінен Наурызбай, Шыбылынан Мәмбет, Айқымынан Жапар және Қарасай батыр баласы Түрікпен ұрпақтары Қаумен, Дәулет, Жәпек, Арғынның Алтай руынан Олжабай, Құдаменді, Естербек, Шақшақтан Жаныкеш, Қаракесектен Қарабек, Темеш және атақты Ағынтай батырдың немересі Тұра (Нұра болуы да мүмкін), Атығайдан Ағындық, Тарақтыдан Тоғай, Қарауылдан Қасым мен Қалабек батырлар қатысқан.

Қазақ жасақтарын басқару Бөгембай мен Қазыбек бекке жүктелген. Бөгембай батыр Қазыбек бекке ұрыс алдында: "Іншалла, Қазкен, егер осы жолы жеңгендей болсақ, бұл – қалмақтың құруының басы болады", – деген екен.

Осы кеңесте, бірінші жекпе-жекке Шапырашты Сатай баласы Бөлек батыр, екінші жекпе-жекке Алтай Олжабай батыр шығады деп шешілген.

Қазыбек бек таңдаудың неліктен Бөлекке түскендігін айта келе: "Ол–атүстін меңгерген, шабандоз. Аттың мына бауырынан түсіп, ана бауырынан шығу оған түк емес. Ол шауып бара жатқан атқа кез келген жерінен қолы тисе болды, оның үстінде болатын. Шауып бара жатып теріс қарап отыру, өз атынан екінші, үшінші атқа ауысу өнері бар еді. Ең тиімдісі: оның оң қолы мен сол қолы жұмысты бірдей қазанатын. Оның тақымынан ең үлкен қара күш иесі Наурызбай көкпарды тартып ала алмайтын. Садақты да екі қолымен бірдей тартатын. Бір кісідей күші де болатын. Әсіресе оның өндіршектен ұрған найзасы жаза баспайтын. Осыларды сарапқа салғанда, осы жиырма алты батырдың бәрі оның өнерін көріп, оған қол қойды. Барлық батырды-ақ жігіттер өздері сынағанда, Бөлекке карсы тұрған, оның өнеріне қарсы келер ешкім болмады" (252-бет), – дейді.

Содан ұрыс болардан алдыңғы күні іңірде Бөгембай батыр қалмақ арасына ұрланып барып "тіл" әкелген соң, қазақтар жағы қалмақ әскерінің жағдайын біліп алған. Сөйтсе, қалмақтар әскерді үш лекке бөліп, олардың бірін қазақ қолын арт жақтан шабу үшін оңтүстікке аттандырмақ ойда екен. Бірақ, тұтқын қалмақ әскердің қай жермен баратындығын айта алмаған.

Осыдан кейін келесі күні таңертең Бөгембай батыр мен Қазыбек бек ақылдасып, осы өңірді жақсы білетін Ошақты Саңырақ батырға мың сарбазбен Шоқпардың батыс бетіне бекінуге тапсырады. Шапырашты Жәпек батырды мыңдығымен, арт жақтан шаппақ болған қалмақ қолын Шуасқа өткізбеу үшін, Арынорға жібереді. Кейін тағы да оларға Бөгембай қолынан Алтай Естербек батырдың және Қаракесек Қарабек батырдың мыңдығын жіберіп, жолбасшы кылып Өтеген батырдың інісі Өтепті қосады. Олар жеткен соң, Шуасты бетке алған жаудың алдын бөгеп тұрған Саңырақ пен Жәпек колы күшейіп, қалмақтарды солтүстікке қарай кайта куып тастаған. Бұқар жыраудың:

– Қаракесек Қарабек,

Темеш Тұра қаракөк,

Атығайдан Ағындық,

һәмбе қазақ, шіркін-ай,

Бейқұт күнді сағындық – деген жолдары осы батырларға арналған.

Қазыбек бек осы жерде Бөгембай сардардың ерлігіне сүйсініп: "Бөгембайдың тас қараңғы түнде істегенін ешкім де істей алмас еді. Оны істеу үшін тек Бөгембай болуы керек. Өйткені Бөкең қараңғыда түскен инені көреді дейтін, көзі түнтанығыш, жертанығыш кісі болатын. Бөкеңнің айтқаны дұрыс болды. Біздің екі мыңның бірі Шоқпарға, бірі Арынорға орналасып болды деген кезде, қалмақтардың үш мың қолы бізді батыс жағымыздан айналып Шуасқа өтуге беттеп барады деп Балдан мен Көкбарақ келді. ... Егер түнде Бөгембай қара жаңбыр астында, қара түнде қалмаққа бармаса, қалмақ бізді ту сыртымыздан ұратын еді. Одан біз осылай аман қалдық және шығынсыз құтылдық (255-бет)", – дейді.

Содан, сәске болғанда Аңырақ елшісі келіп, ұрысты калай жүргізу жөнінде келісім жасасады. Түске таман шарт-белгі басына қыл арқан байланған байрақ көтеріледі. Бұл "шарт-белгі бойынша жекпе-жек ұрысы басталады" деген сөз. Қалмақ жағынан бас батыр Аңырақтың өзі шығады. Қазақтар жағынан келісім бойынша Бөлек батыр шабдар жорғасына мінгенде, әкесі Сатай батыр ақұдайлап, ақсарбасын айтып, сақалынан алты тарам жасы ағып, баласының өлімге бара жатқанына шыдай алмай: "Мен барайыншы Бөлектің орнына!" – деп салады. Қазыбек бек осы жекпе-жекті былай суреттеген: "Бөлектің үстінде торкөз үш қабат сауыты бар еді. Оны ол ат үстінен шешіп, лақтырып тастап, найзасыз, кылышпен, шоқпармен аттанды. Беліндегі кісесінде сапысы бар. Сатай батыр көзінің жасын тыйып: "Балам өнер көрсетпек", — деді. Бөлек майдан ортасындағы Аныраққа соғысуға емес, жолығуға бара жатқандай шабдар жорғаны бүлкілдетіп жөнеді. Аңырақ жалдас торысын тебініп ұмтылып еді, Бөлек оған қарамай, қалмақтың калың қолына карай өтіп, өз білген қалмақшасымен әлденелерді айтты. Кейін сұрағанда: "Бұдан күшті ешкім жоқ па?" — дедім деді. Аңырақ Бөлекке тұра ұмтылып найзасын ұсынды. Бір қызығы: кұры қылышпен барған Бөлек найзаны үстінен ұрады деп тұрғанда, жау қолындағы найза астынан үстіне қарай көтеріліп, Аңырақтың қолынан ұшып кетті. Аңырақ қылышын көтергенде, Бөлек ат үстінде жоқ болып шықты. Шабдар Аңырақтың артына карай шауып барады. Бір шақта үстінде адамы жоқ ат Аңыраққа қайта келе жатты. Аңырақ қылышпен шабамын дегенше, ат бауырындағы Бөлек шоқпармен Аңырақтың сол аяғынан жіліншіктен сақетермен ұрды. Аңырақтың Бөлек енді оң жағына шықты. Онысы сол аяғы тіреуге келмей қалған Аңырақ не істер дегені еді. Аңырақ оң жағына бұрылам дегенде, сынық аяғы тіреуге келмей қиқалақтап қалды. Бөлек оның жалдас торысының артынан айнала беріп, Аңырақты оң жақ жауырынан шоқпармен беріп кетті. Аңырақ қолыңдағы қылыш көтерілмей қалды. Өйткені жауырын мен шошақ иық арасынан тиген шоқпар оң қолды да жарамсыз етіп тастады. Амалы құрыған Аңырақ қайта шоқпар көтерілгенде, екі қолымен басын басты. Бірақ осы жолы шоқпар көк желкеден тиіп, Аңырақ аттан аумай, ат жалын құшып қалды" (255-бет).

Түстен кейін жекпе-жек кезегі Олжабай батырға келеді. Оған қарсы Жадамба деген торғауыт шыққан. Әуелінде екеуі біраз найзамен сайысқан. Бірақ, тәсіл қолданып екеуі де найзаны бойына дарыттырмаған. Бір кезде қалмақ батыры ат көтінен сыпырылып түскен. Олжабай қарагерін ойнақтатып, күтіп тұрған. Содан, қалмақ батыры ат бауырынан өте сала Олжабай батырға найзасын кадағанда, қалқанмен тосып, қылышпен найзаны қақ бөліп түсіреді. Жадамба сасқанынан отыра қалады. Олжабай батыр қарагерін ойнақтатып тағы да күтеді. Қалмақ атына мінген кезде карагерді омыраулата бара қалмақты атымен қоса омақастырады. Сөйтеді де, босмойын шоқпармен қалмақты басынан ұрып жанын жәһанамнан бір-ақ шығарады.

Содан жекпе-жек он бір күнге созылады. Осы он бір күнде жиырма тоғыз қалмақ өлген екен. Қазақтар жағынан жоғарыда аталған батырлардан Жангел мен Қасқарыдан басқаларының бәрі жекпе-жекке шыққан. Қарақалпақ Жангел соғыс басқаруды жақсы менгергенімен, ұрыс өнерін аздау білген екен. Қасқары тым жас болғандықтан, батырлар обалсынып оны жібермеген.

Он екінші күні Бөгембай қолындағы Қоқ батыр жекпе-жекке сұранғанда, сардар оған рұқсат бермеген. Содан ол Төле би мен Қазыбек биге жүгініп, рұқсат алып келеді. Қоққа қарсы қалмақ жағынан Бақы деген дүрбіт шығады. Қоқ осы Бақыны шоқпармен ұрып өлтірген кезде қалмақ жағы оған қарсы лап кояды. Қазақтар жағынан да іріктеп қойылған жүздік тап береді. Осының аяғы екі айға созылған кескілескен ұрысқа айналады. Қазыбек бек пен Бөгембай батыр "үштоғыс" соғысын салып, аяғын "үш аша", не "екі ашаға" айналдыру туралы шешім қабылдаған екен. "Үштоғыс" ұрысы бойынша үш мың әскерді бірінің артынан бірін қатарға қояды. Бірінші мындық ұрысқа кіріп, бие сауым соғысқаннан кейін "қайт" деген бұйрық беріледі де, екінші мың кіреді. Содан кейін осылай үшінші мыңдық олардың орнын басады. Бұл ұрыстың артықшылығы: арттан келген тың күш жауды жапырып жіберіп, шаршаған мыңның сарбаздары демалыс алып отырады.

Осы ұрыстар кезінде Бөгембай батыр мен Қазыбек бек Қасқары, Қаумен, Дәулет, Мәмбет батырлардың мыңдықтарын шайқасқа қоспай, тың күш ретінде ұстаған. Оларды алдағы Қордайдан ары болатын ұрысқа қалдырған және қалмақтардың тау бауырына қарай жібермеуді, тауға жақын шұрайлы егін салатын, шөп шабатын жерлерге өткізбеуді міндеттеген. Бұқар жырау осы аталған батырларды да атақты жырына:

Батырлардың асқары –

Қазыбек ұлы Қасқары.

Қаумен, Дәулет қасында,

Бақ дәулеті басында.

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа, Мәмбет бар – деп қосып, олардың атын бүкіл қазаққа паш еткен.

Қазақ жағы да, қалмақтар да соғыс алдында жау ішіне жансыз жіберіп, хабар алған1.

Ұлы жүз қолында қалмақ ішіне баратын жансыздары: қазақ ішінде туып, өскен қалмақ Данзан Балдан, қырғыз Сарбағыш Болат, Айқым Көкбарақ батыр2 болған. Бұл жолы қалмақ арасына Сарбағыш Болат барады. Қазыбек бек: "...жеңіле бастағанда, қалмақ нояндары ұрыс бетінің нашарлауын бірінен-бірі көріп, Шамал хан мен Қаскөлен бір жақ, Батыр қонтайшы тұқымы бір жақ, ақыры екі бөлініп соғысты. Мұны бұрын Төленің үлкен ұлы Жоланмен бірге, оған жолдас етіп қалмақ арасына әдейі жіберілген Қырғыз Сарбағыш, қазақпен қыз алысып, қыз берісіп жүрген Болатты тағы қалмақ ішіне жіберіп білдік, Ол қалмақша сөйлегенде, ешкім білмейді екен", – дейді.

Аңырақай шайқасында қазақ жасақтары сол уақыттағы соғыстың барлық озық тәсілдерін пайдаланған. Соның бірі – қаша ұрыс салу. Бұл ұрыстың мәнісі: Майдан даласындағы әскер жеңілген болып, кері қашқан кезде өкшелеп қуған жау, алдын-ала жасырылып қойылған қаруы кезеулі тосқауыл топқа өзі келіп ұрынады.

Бұл шайқаста Шойбектің сарбаздары да осы тәсілді қолданып, калмақ қолын тасада тығылып жатқан Сеңкібай қолына ұрындырған. Жаныкеш3 пен Олжабай батырлардың қолы да осылай жасаған.

Осы шайқаста атақты Абылай алғаш рет ерлігімен көзге түскен. Қазыбек бек Әбілмансұр (Абылай) туралы: "Қайта қашқан қалмақ қолына Сеңкібай сарбаздары ат қойғанда, ең алда: "Абылай! Абылай!" — деген айғай шықты. Жұрттың құлағы үйренген "Бақтиярдан"4 бөлек шыққан дауысқа бәрі қарады. Кәдімгі Сабалақ. ...Сеңкібайдың айтуынша, осы ұрыста ол он екі қалмақты шауып аттан түсірген. Соның бірі Қалдан жақыны Шарыш болатын" (259-бет), – дейді.

Осы Далатаудағы шайқаста Дулат-Сиқым қолын бастаған Ырысбек батыр, Дулат – Ботпай қолын бастаған Сәмен батыр, Дулат – Шымыр қолын бастаған Сарттың ұлы Қойгелді батыр, оның інісі Ақша да ерекше ерлік көрсеткен. Қазыбек бектің айтуы бойынша, Шапырашты – Айқым – Қайдауыл Жапар батыр мен Арғын – Алтай Олжабай батырдың сарбаздары да ерекше көзге түсіп, қалмақтарды көп шығынға ұшыратқан. Бұқар жырау осы ұрыстарда ерлік көрсеткен батырларды өзінің әйгілі жырында былай деп мадақ еткен:

Асылдан шыққан Еспенбет,

Қалмақтың жолын кескен көп,

Жауырыншы көріпкел

Албаннан асқан Хангелді.

Қарақалпақ жиналып,

Алдына тартты Жангелді.

Сәменім – ерім Ботпайым,

Екі көзі оттайым.

Қалай айтпан Шымырды?

Шымырдан шыққан Қойгелді

Жауын тапап жымырды.

Осы соғыстағы қазақ жасағының көрсеткен ерлігіне риза болған Қазыбек бек өзінің жазбасына былай дейді: "Осыған дейінгі біздің ұрыс салып жүрміз дегеніміз Далатаудағы бұл ұрыстың жанында баланың ойыны сияқты болып калды. Шыңғыс пен Батыйдың салған ұрысының неге ғәләбті болғанын енді түсінгендей болдым. "Менің қазағым шын өз ісіне берілгенде, өлген-тірілгеніне қарамайды екен ғой, өліспей беріспейді екен ғой", – деген корытынды жасадым. "Мұндай жауынгермен дүниенін жүзін алмай не?"– дегендей болдым. Бұл соғысымызға Бөгембай екеуміз өзіміз де риза болдық. Өйткені қалмақ өлімі жойқантөбе болып қалды" (260-бет).

Осы Аңырақай соғысына Кіші жүзден Шекті батырлары ғана қатыскан. Қазыбек бек кітаптың 260-бетіңде: "Кіші жүз Шекті батырлары Қабақ ұрпақтары Байрақ, Қайрақ, Тайлақ – үшеуі осы Далатаудағы соғыста үш ұрулы елдің ұрысын жүргізді. Мен осылай дегенімде, бұған Бөгембай да құптап жауап берді. Бірақ не керек, Әбілқайырдың алалығынан Бек баласының
азғантай Шекті тұкымы ғана бізбен қанын бірге төгісті", – деп
шындықты жазған.5

Қазақтар жағы "Үштоғыс" соғысы біткен соң "екі аша" ұрысын салады. Өйткені қалмақтар Батыр қонтайшы тұқымы бір жақ, Шамал хан мен Қаскөлең бір жақ болып екіге бөлінгенін жоғарыда айттық. Терістікке беттеген қалмақ қолының соңынан Бөгембай сардардың қолы, шығысқа қарай ойысқан қалмақтар соңынан Қазыбек бектің жасағы түседі. Қазыбек бек Бөгембай батырмен, Қазыбек бимен қоштасады.

Қазыбек бек: "Бірігудің, иттифак арқасында біз қалмақтың легінін он мыңдайын осы Далатауда қырдық. Енді жүре соғыс салатын халге келдік. Далатаудағы, "Аңырақай өлген жер" деп жүріп, Аңырақай атанып кеткен адырдағы бір жарым айлық кескілескен ұрыс біздің қалмақты – ойратты, хошоутты, торғауытты, дүрбітті – дүниенін бетінен түп орнымен құртып жіберуіміздің басы болды" (262-бет), –деп жазған екен. Аңырақай соғысындағы жеңістен кейін жеңіс беті біздің жаққа қарай ауған.

Бұл соғыста қазақтар жағынан да біраз шығын болған. Ұлы жүздің 17 мың адамынан төрт мың, ал Орта жүз қолынан екі мындай сарбаз шаһид өлімін құшқан. Жалпы, қазақ жағының шығыны, жаралылармен қоса санағанда алты мыңдай адамға жеткен. Қазақ елінің болашағы үшін, елін жаудан қорғап мерт болған бұл ерлер сол Далатауға жерленді.6

Қашқан қалмақтардың төрт мыңдайы Еспе өзенінің бойындағы Қарабастауға, біразы Ақсүйек пен Андасайға бекініп алған соң, қайтадан жекпе-жек ұрысын бастауға шақырады. Қазақтарға бұл тиімді еді. Өйткені арт жақтағы әскердің санын, қару-жарағын түгендеп алуға, қалмаққа дамыл бермей ұрыс салып жүріп, шаршаған әскерге демалыс беруге уақыт қажет болатын. Сондықтан олар келісім береді.

Далатаудың шығыс жағында болған ұрыстардың бірінде Қазыбек бектің өзі жекпе-жекте қалмақтың Харсан, Сардық, Сахиян деген батырларын өлтіріп Қазыбек батыр аталады. Одан кейінгі болған жекпе-жектің бірінде қалмақтың Долаңқара деген батыры Ботпай Сәмет пен Наурызбайдың туған ағасы Құдайбергенді мерт қылған, ал оның өзін Бөлек батыр өлтірген. Осы ұрыстың да арты кескілес болады. Сол жерде жеңілген қалмақтар Сарбастауға, Көкбастауға қарай қашады. Қазыбек бек қашқан қалмақтардың артына Жәпек пен Қылышбек батырлардың қолын жіберіп, қалған әскерге Қозыбасыға жиналуға бұйрық береді. Осы жердегі: Хан тауы, Шу аңғары, Шоқпар, Құлжабасы, Далатау, Қарабастау, Сарбастау, Көкбастау, Ақсүйек, Қозыбасы деген жер атаулары әлі күнге дейін Қазыбек бектің атағанындай сақталған.

Далатаудағы соғыс туралы айтылғанды Қазыбек бектің өз сөзімен тұжырымдасақ: "Құлжабасы мен Далатау-Аңырақайдағы ұрыс осылай тәмәмдалды. Бұл бүткіл қазақ елінің жеңісі еді, біржола бітетін соғыстың бетін-жеңісін біздің күйімізге шешкен ұрыс болатын".

Толығырақ: https://sites.google.com/a/seleubayev.kz/askar-seleubaev/home/makalalar-stati/a-yrakaj-sajkasy

...