0 дауыс
36.3k көрілді
"Сөз қасиеті" тақырыбына шағын эссе керек?

1 жауап

0 дауыс

Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған. Ұрпағына «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп үлкен міндет жүктеген. Аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің, қадір-қасиетің кетеді, елге күлкі боласың» деп ескертіп, сөз құдіретін асырып отырған. Себебі сөз біздің ата-бабамыз көтере алмаған үлкен жүкті ғасырлар бойы көтеріп, шашпай-төкпей бүгінгі күнге жеткізген.

Сонау заманнан бері халқымыздың асыл қазынасы: тарихын, өнерін, жырларын, халық ауыз әдебиетінің барлық түрлерін ауыздан-ауызға таратып, бізге мұра етіп жеткізіп отырған да осы сөз еді. Ұрпақ жадында сақталып бізге жеткен бұл сөздер бабаларымыздың аманаты еді.

Сондықтан да сөзді сақтау, оны қадірлеу, орнымен сөйлеу, сөз қадірін білу қазіргі және кейінгі ұрпақтардың мәңгілік міндеті мен парызы болуға тиіс.

Біздің қазақта «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру» деген әріден келе жатқан сөз бар. Екі ауыз ұтымды, ұтқыр, қисынды айтылмаған жағдайда даулы екі руды елдің атысып,шабысып, тоз-тоз боп кететін жайлары тарихтан белгілі. Сол себепті сөз құдіретін, сөз өнерін дамытуға, сөздің күшімен құдіретін ортаға әсер, ықпалын арттыруға бүкіл халық болып, арғы замандардан бері ат салысқан. Халық аталы сөзді алты жасар бала айтса да, айтушысына қарап, айтқанына қарап бағалаған, тыңдаған. Ақылы асса аға ғой деп құрметтеген, сөзге тоқтаған.

Осындай құдіретті шешен сөздің дән қамбасындай болған елдің ұрпағы біздер бұл күнде сөз меңгеру, қолдану, пайдалану жағдайымыз қандай? Мені осы мәселе көп толғандыруда. Ортамызда орыс тілді қаракөздер мен екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайтын үлкендер де, жастар да, оқушылар да аз емес. Ұлы заңғар жазушы М.Әуезов «Туған елінің тарихын, әдебиетін, тілін білмеген ұлт-ұлт болып жарымайды» деп айтып кеткен жоқ па? Толғандырған осы мәселені сыныбымда түйінін шешуге көп көңіл бөлемін. Міндетті түрде мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері, синоним сөздерді көп жаттатып, күнделікті өмірде, үйде, мектепте, көшеде жүргенде қолдану керектігін үнемі естеріне салып, ана тілі, қазақ тілі сабақтарында сөздік қорларын молайту мақсатында жарыстырып, салыстырып отырамын.

Оқушыға қойылатын талабым ойын толық, дәл жеткізу. Осы сөзімнің дәлелі ретінде Ана тілі сабағында «Сөз құдіреті» атты сабағымды оқушыларға қалай ұсынғанымды қысқаша айтып кетейін. Сабақты оқушыларға жетекші сұрақтар арқылы ұсынғаннан кейін өздері түсініп оқып шығады. Мен мынандай жұмыстар өткіземін. Өлеңдегі тәтті сөз, қатты сөз, батыл сөз, шымыр сөз, қыңыр сөз, шақар сөз, ақыл сөз дегеніміз не деп сұрай отырып, осы сөздердің қолдану аясына толық тоқтаймыз. Әр сөз түрлеріне мысал келтіреміз. Мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері, синонимдермен мысал келтіре отырып, дәлелдейміз. Оқушылар сөз туралы ойларын: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады; Тура сөзбен туғаныңа жақпайсың; Сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады; Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді; Сөзге аспандағы бұлт та азады» деп мақалмен түйіндесек;

«Тәтті сөз - дәмді сөз, жылы сөз; қатты сөз - өткір сөз, қатал сөз, қатаң сөз, түрпідей сөз; қыңыр сөз-қисық сөз, мәнсіз сөз, әрсіз сөз» деп синонимдермен өрнектеуге болады. Одан соң қатты, тәтті, батыл, қыңыр, қатал, жұмсақ сөздерге тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдермен өрнектеуге болады. «Туған жердің түтіні де тәтті; ащы да тіл, тәтті де тіл: еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болар; ананың алақаны жұмсақ; жауар бұлттай, қабағынан қар жауған, мақтадай мамық, қара тастай сияқты теңеулер айтуға болады. Сабақ соңында Мақпал Жүнісованың орындауында «Бір ауыз сөз» әнін тыңдаттым. Сөздің алмайтын қамалы жоқ екеніне көздерін жеткіздім. Тіпті оқушылардың өздері де өмірде болған ренжіген, қатты, тәтті сөз естіген кездерін бал тілдерімен жарыса айтып жатты. Оқушылардың түрінен неше түрлі құбылыстарды да байқап қалдым. Сөзден алған әсерлерінің нәтижесі осы болар.

Осылай жүргізілген жұмыстар қай уақытта да өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Оған көп жылдардан бергі тәжірибем де өз пайдасын беруде. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршін ермексаз сияқты қалай исең солай иіледі не үйретсең соны меңгереді. Сол үшін әр ұстаз өз пәнінің шебері сөзге ұста болуы керек. Әрбір ұстаздың таптырмайтын көмекші құралы, көрнекілігінің негізі сөз деп ойлаймын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген сөзі ұстаздар бізге артылған үлкен де, жауапты міндет.

«Жастар біздің болашағымыз» - деп қарымтап, өсіп келе жатқан ұлы еліміздің ертеңі, жастар, бұл күнде мектептерде оқып білім алуда, ұстаздардын алдында отыр. Сол себептен де біздер, ұстаздар оқушыларға білім беру саясатында көштен калмайық, өзімізге жүктелген міндет пен парызымызды дұрыс атқарайық дегім келеді.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» - деп сол сөзге, бабадан қалған қасиетті асыл сөзге, адал болайық, қиянат жасамайық. Сөз-ол қару, сөз-саясат, сөз - ел, сөз құдірет деп бағалап аялайық. Сөздің дұрыс қолданылуына сөз болашағын өсіруге күш салайық. Сөз - ол біздің болашағымыз екені айдан анық.

Сөз құдіреті дегеніміз - тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретін даналық сөз, қиялға әсер етіп, сезіміңді қозғайтын көрікті де әсерлі сөз, бұра тартпас дәлелімен тамсандырып, таңдай қақтыратын білгір-білімді сөз, өтіп кеткен не өтіп жатқан оқиғаны жанды суретттей көз алдыңа алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін мағыналы, түйінді сөз дегім келеді. Сөз құдіреті - дегеніміз осы.


http://www.shahtinsk.gov.kz/kk/news/id/3396

...