Эпопеяның басты
кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып
отырады. Алғашқы беттерден-ақ, Абай бойына тән тамаша қасиеттер
тереңірек ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде
ерен еңбек етеді. Ерекше жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен
оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау
арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз. Жасына жас, ойына ой
қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.
Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда",
"Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін
жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге,
қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан
Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы
сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл
жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Бірі –
көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да,
Абай тобының да жолы.
Абай – халық мүддесін, ел арманын ойлайтын қамқоршы ғана емес, ол –
талантты жастарды үлгілі өнерге баулитын, дарындылық үлкен өріске
бастайтын ақылшы ұстаз. Эпопеяның үшінші томында Еңлік пен Кебектің
моласы басындағы сөзінде Абай жазықсыз өлтірілген сол бір жас жандар
алдында өзі қарыздар екенін, бұл – ақындық қарызы екенін ескертеді. Абай
бұл қарызын өтей алмайды, бірақ Абай үшін Дәрмен өтейді. Бұл тұстан
Абай өзінің артынан өзі секілді шәкірт дайындайтын, ақындыққа шыңдалған
кемеңгер ұстаз болғанын көреміз. «Сендер ғана емес, менің өзім де
жетпеген жер, жазбаған зар бар. Ол бүгінде, дәл бүгінгі қасында, қалың
елің басында тұрған күй», − дейді Абай жас ақындарға. Иіс әжейдің баласы
Исаны айтпай кету мүмкін емес. Өр мінезді, Әзімбайдың әмірін тыңдай
бермейтін Иса кішкентайынан жоқшылықты көп көрген. Мал артында жүріп
шыныққан ол қатты дүлей дауылда, Әзімбайдың малдарына ит-құстың тісі
тиер шақта қорғап қалды. Сол түнде қатты үсіген, шаршаған Иса о дүниелік
болады. Ерлікпен қаза тапқан жасты жырға қосқан Дәрменнің ісі – Абайдың
еңбегінің сіңгені. Өз кемеріне толған ақын өзгелерді сауаттылыққа
шақырып, өнер-білім қууға үйретеді. Ол Дәрмен, Кәкітай, Мағаш секілді
өнерді жастарды баулыса, енді Рахым, Асан, Үсен тәрізді балаларды оқуға
беріп, өнер өріне сілтейді.
Абай айнымас дос та бола білді. Шығармада Абай мен Базаралының достығы
өте әсерлі суреттелген. Бұлар өзара бірін-бірі әншейін ұнатқандықтан,
бірінің өнеріне бірі қызыққандықтан ғана достаспайды. Оларды өзара
табыстыратын – ортақ ойлар, халықтың тағдыры жайында көзқарастар.
Базаралы Абайды халық мұңының жоқшысы, жыршысы деп бағалайды. Ал Абай
Базаралыны – еңбекші бұқараның қорғаушысы ретінде таниды. Тәкежан
Базаралыны ұлыққа ұстап беріп, жер аудартпақ болғанда Абай оның бұл
ойына қарсы шығады. Сөйтіп, Базаралыны басын дұшпандық оғынан аман алып
қалады. Кезегі келгенде Базаралы да Абайға үлкен қызмет етеді.
Оразбайлардың өсек, жаласымен Абай жауапқа ілінгенде оның артынан қуып
барып, жандаралға бүкіл ел шағымын жеткізуші, ақынын сүйген ел атынан
сөйлеуші – Базаралы. Мұның бәрін ол Абайды өз қара басы жақсы
көргендіктен ғана емес, ең алдымен Абайға деген ел қарызын өтеу
мақсатымен жасады. Абай мен Базаралыны автор мейлінше тебіреніп, керемет
достықты көркемдеп береді.
Тағы бір жастың жанына араша болды Абай. Бұл – Салиқа қыз. Тағдыр ырқына
көндігуден аулақ Салиқа неде болса өзіне тең адамға баруға бекінген
еді. Егер бұл тілек нәсіп етпесе, суық құшаққа булыққаннан тұңғиыққа
батып өлуді артық санаған. Автор осы кезде әйел теңсіздігін жария етеді.
Ал бұл тұста Абай ескі заманның әдетіне қарсы шығып, әділетті ұсыныс
білдіреді. «Мен баяғының нені желеу еткенін білемін. Жаңа ұрпақ жаңа
тілекпен келеді. Жас боп туып өмірден күңіреніп өтем деп келмейді. Жаңа
күн өзінің жаңа жорасын, жаңа тілегін жас көңілмен айтады. Жас ұрпақтың
талабымен айтады. Оған құлақ ілмеген елдіктің дауасын таппай, аласын
табады» деп ұтымды сөйлейді. Бұл тұстан Абайдың данышпан ойшыл екенін
аңғарасың. Әрине, еш күмәнсіз айта аламын. Соны, тың пікір айта білді.
Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында...» деген баллада осындай
даудан шыққанын байқайсың...
Ауылдан қалаға келген Абайлар үлкен бақытсыздықтың үстінен шығады. Қала
ішін жұқпалы індет – оба ауруы жайлаған. Қарапайым еңбеккер халық қазаға
душар болған. Бұл жұқпалы індетті асқындыра түскен құзғындай молдалар
еді. Қысылшаң сәтте Абай дін иелеріне батыл қарсы шығып, олардың
зұлымдық пиғылдарын аяусыз әшкерелейді. Халқына қанатымен су сепкен
қарлығаш секілді еді ол. Соңғы беттерде Абай тартысы мен талқысы мол
шытырман, қиян-кесті өмір кешеді. Ұлы ақынның өзіндік қасірет-наласы
оның туған халқының мұң-зарымен араласады. Жиренше, Оразбайлар сырттан
торуылдап, ашық жаулыққа басса, Тәкежан, Әзімбайлар опасыздық жасап,
іштен шалады. Бірақ бәрінің жиналып келіп, Абай алдына қазар орлары бір.
Олар Абайға қастандық атаулының бәрін жасайды. Өтірік жала жауып, жер
аудартпақ болғанын қайтесіз?! Бұл оқиғалар Абайды күйзеліске ұшыратады.
Түптеп келгенде ол жеңіп шығып отырды. Өйткені ол болашағына, алып
жарыққа қарай қажырлықпен ұмтылған халқымен бірге, солардың алдыңғы
қатарында. «Абай аман болсын!» − деп Алладан тілеуін сұраған қара
халықтың тілегі орындалып отырды... «Қалың елі – қазағының» жарқын
болашағын бала күннен ойлаған Абай өле-өлгенше қызғыштай қорғап шықты.
Эпопеяның алғашқы беттері жастық, жігіттік шақ тілге тиек болса, соңғы
беттер мұңды «үш аяқтап» жүретін шақ баяндалады. Абай тез өсті: сол
кездегі ру арасындағы тартыс әсерінен. Ел шаруаларына араласып, дауларды
шешіп, екі елді бітістіріп, қоғамға қызмет етті. Жазушы Абай өнерінің
танымын терең әрі нанымды ашады. Орыс әдебиетінде, шығыс әдебиетінде
қатар оқып, сусындайды. Егер шығарма басында Абайдың азамат ретінде
есеюін образды түрде бейнеленсе, ортасында ақын Абайдың қалыптасуына
арналған. Ақыр аяғында Дәрменнің дастанын тыңдап отырып, қыран бүркіт
ана жайындағы ел аңызын еске алады. Сол бір сәттегі Абайдың ой-қиялын,
көңіл тербелістерін беру арқылы жазушы басты кейіпкерінің өнер адамы
екендінін бейнелі түрде сездіргендей болып, ойын түйіндейді. Мемуарлық
роман іспеттес бұл туынды ұлы ақынның, ақынын сүйген халқының өмірін
баян етеді. Абай өзін тарихи дамудың беталысын дұрыс болжайтын үлкен
философ, ірі ойшыл ретінде танытады.
http://massaget.kz