0 дауыс
3.3k көрілді
"Омар Хайям" шығарма керек еді

5 жауап

0 дауыс

Омар Һайям - парсы математигі, астрономы, ақын, философы (толық аты — Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибраһим аль-Һайям) шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қаласында дүниеге келген, әрі сонда қайтыс болған. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жұмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген. Оның ең негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударлып басылды. Осы кітапта алгебраға "теңдеу шешетін ғылым" деген анықтама берген, бұл анықтама 19-ғасырдың соңына дейін сақталып келді. Кітапта тағыда тұңғыш рет өзі ашқан конустық қисықтардың көмегімен үшінші дәрежелі теңдеуді шешудің әдісі берілді, бұл алгебра мен геометрияны біріктрген керемет әдіс еді. Ол тағыда екімұшеліктердің жаймасын, тарқату әдісін да зеріттеген. Евклидтің кітабын аударып және оған түініктеме берген. Оның «Евклидтің геометрияның бастамалары кітабындағы қиын формулаларға түсініктеме» атты кітабы шығыс математикасының дамуына ерекше рөл атқарған.


Омар Һайям, Ғийас әд-Дин Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-һайям (18 наурыз 1048, Нишапур – 4 желтоқсан 1122 (1112/1131), Мерв) – көрнекті парсы-тәжік ақыны, математик, астроном, философ.

0 дауыс

Шығармалары: 

  • Арифметика мәселелері.
  • Әл-жебр мен әл-мүкабала есептерінің дәлелдемелері туралы.
  • Евклидтің еңбегіндегі қиын мәселелерге түсініктемелер («Негіздерге түсініктеме»)
  • Даналық таразысы
  • Болмыс туралы. Фалсапалық кітап
  • Омар Һайям өлеңдер жинағы.
  • Дүниенің болуының жалпылығы туралы.
0 дауыс

Парсы философы, математигі, астрономы әрі шайыры Омар Хайям Нишапури (толық аты – Ғиясаддин Әбу әл-Фатх Омар ибн Ибраһим Хайям Нишапури) хижра шәмси жыл санағы бойынша 427 жылы Селжүктер әулеті тұсында дүниеге келген. «Ақиқат қажысы» деген лақап атымен танылған Хайямның ғылыми еңбектері әдеби шығармаларынан гөрі маңыздырақ болғанымен, оған жаһандық атақ әкелген де дәл сол рубаилері (рубаи – қос тармақты, төрт жолдан тұратын өлең, лирикалық поэзияның формасы). Оның үстіне ақынның рубаилері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. 

Алғашқылардың бірі болып ағылшын ақыны Эдвард Фицджеральд оның шығармаларын ағылшын тіліне аудару арқылы, оны батысқа танытады.

0 дауыс

Омар Хайямның дүние тануы және өлеңдері

Омар Хайямның дүниеге көзқарасын сипаттарлық материал жеткілікті емес. Оның философия мәселелерін сөз еткен шағын екі кітапшасы ғана сақталған. Бірі - тәжік тілінде жазылған «Жалпы мазмұн туралы», бұл француз және ағылшын тілдеріне аударылған. Екіншісі араб тілінде жазылған, кейін парсы тіліне аударылған «Болмыс пен қажеттілік туралы» деген кітапша.

Философиядан жазған кітапшаларында Хайямның өзіне тән дерлік айқын көзқарасы жоқ, тек Пифагордың, Платонның, Аристотельдің, Ибн Синаның идеалистік еңбектері түсіндіріледі. Автор бұрынғы философтардың қателерін іздемейді, олардың теріс пікірлерін сынамайды.

Пифагордың ілімі бойынша болмысты сандар билейді, дүниедегі гармония - үйлесімділік сандардың гармониясынан шығады. Сандардың ішінде 1 саны ерекше орын алады, өзге сандар содан тараған... Хайям мұны былай толықтырады: «Болмыстағы реттілік, - дейді ол, - әріптердегі реттілік сияқты. Әліф - барлық әріптердің негізі, ол ешбір әріптен шықпаған». Бұдан «дүниені құдай жаратқан» деген жалған қорытындынын басы қылтиып көрініп тұр. Демек, Хайям идеалистік сүрлеумен жүріп дін жолына түскен. Ол - құранды жаттап алған имам, қартайған шағында қажыға барған тақуа.

Алайда ғылым шыңына шыққан шын ғалым идеализм батпағына мүлде батып кетпейді, ғылым шырағы оны жағаға сүйреп, тал қарматтырады, кейде жөнге салады. Хайям да сондай ғалым. Ол физика-математикалық еңбектерінде материализмге келеді. Жоғарыда айтылған алтын мен күмістің шамасын анықтау жөніндегі есепті алланың әмірімен солай шешіледі демейді, табиғат заңы бойынша солай шешіледі, табиғат санаға тәуелсіз деп түсіндіреді. Табиғаттың шексіздігін, оның бұрын да болғандығын, келешекте де болатындығын және әлем сырлары шариғат арқылы смес, өнер-білім арқылы ғана ашылатындығын Хайям ашық айтады. Оған мына өлеңдері дәлел бола алады:

«Біз кетті деп дүние қағынбайды.

Із өшеді, еш адам сағынбайды.

Бізден бұрын өтіпті талай заман,

Өз жолынан табиғат жаңылмайды.

Надандар мешіт мақын жағалайды,

Өнер-білім қажет деп санамайды.

Жұмаққа үміт артып күн кешеді.

Ғалым адам ондайға қарамайды».

Хайям жұлдыздар бойынша бал ашушы - астролог болған. Астрология - ежелгі Вавилонда шыққан жалған ережелердің жинағы, ол ғасырлар бойы ғылым ретінде танылып келген. Астрологияның түсіндіруінше, әрбір адамның өмірі бір жұлдызға тәуелді болады, біреудің жұлдызы бақытты, біреудің жұлдызы бақытсыз, адам өлгенде оның жұлдызы ағып түседі... Жолы болар жігіттің айы оңынан, жұлдызы солынан туады... Хайям сұлтандар мен уәзірлердің келешектегі тағдырын болжап «кітап көтеріп», яғни астрологиялық ережелер жазылған кітап бойынша бал ашып, жүрген. Ол «тәуіп, көріпкел» саналған. Бірак осы астрологияға Хайям өзі сенбеген. Сенерлік негіз де жоқ, өйткені астрология ережелерінің бір де бірі дәлелденбеген, тек абыздардың айтуымен ғана жазылған. Ал Хайям - математик, дәлелсіз ешбір ұйғарымды кабылдай алмайды, ол тіпті жігін ашпай логикалық тізбек құрып тұрған, ешқандай қатесі мен қайшылығы жоқ Евклид «Негіздеріне» қанағаттанбаған, сын айтқан, түземекші болған адам.

Жалғыз Омар Хайям ғана емес, ертедегі ірі астрономдардың көпшілігі астролог та болған. Мұқтаждық, күнкөріс қамы ғалымдарды астрологиямен де айналысуға мәжбүр еткен. Мұны планеталар қозғалысының әйгілі үш заңын тапқан Австрия астрономы Иоган Кеплердің (1571-1630) төмендегі сөздерінен аңғарамыз: «Әрине, астрология - есалаң қыз. Бірақ жүрт одан да асқан есалаң. Есалаң қыз шатпақтап жүріп, өзінің былшылымен тамақ тауып әкеледі де, ақылды шешесі - астрономияны асырайды. Астрономның жалақысы жоқтың қасы. Есалаң қыз болмаса, оның есі бүтін шешесі алдақашан аштан өліп қалған болар еді». Кеплер шындықты айтқан.

Дін - астрологияның екінші сыңары, оның да дәлелі жоқ. Сондықтан Хайям діннен де шегініп кетеді, оны қатал сынға алады. Тіпті шариғат ережелеріне қарсы шығып, қожа-молдаларды масқаралайды. Оның өткір өлеңдері ишандарға найзадай қадалады.

Омар Хайям аса дарынды ақын болған. Бірақ ол әдеби еңбекті негізгі кәсіп етпеген, Фердауси мен Сағади сияқты кесек шығармалар жазбаған. Анда-санда көңілі келгенде қағаз қиқымына, кітаптың шеткі алаптарына ұсақ өлеңдер жазып отырған. Хайям өлеңдері төрт жолмен шумақталып отырады, үшінші жолы дара шығып, бірінші, екінші және төртінші жолдары ұйқасып келеді. Мұндай өлең рубағи деп аталады, европа тілдерінде рубаи, рубаят дейді. Рубаи - мазмұны бай, сөзі аз, тілі көркем, лирикалық өлең.

Хайям өлеңдерінің жазба нұсқалары сақталмаған. Қазір рубаи үлгісімен жазылған және Омар Хайямның өлеңі деп есептеліп жүрген шығармалардың жалпы саны бес мыңдай. Бірақ олардың басым көпшілігі басқа ақындардікі, бертін жазылған өлеңдер. «Омардың рубаилары» делінетін өлеңдердің ішінде қазір бұзықтықты, маскүнемдікті және жезөкшелікті дәріптейтіндері де бар. Бұлар капиталистік шірік салт-санаға сай келеді, завод қожалары мен банкирлерді «Хайям қоғамына» тартады. Омар Хайямның ондай азғындықты уағыздайтын өлеңдер жазуы мүмкін емес.

Рубаилар жүз жылдан бері зерттелуде. Олар жөнінде орыс ғалымдары В. Жуковский, К.Смирнов, үнді ғалымы С. Тиртха, парсы ғалымы М.Фуруги, неміс ғалымдары А.Кристенсен, Ф.Розен, А.Арберри тағы басқалар ірі еңбектер жазған. Қазір Хайямның қолынан шыкқандығы даусыз рубаилардың саны 329. Оларда автордың аты айтылады. Мәселен, қазақ өлеңдерінің бірінде:

«Сұрасаң менін, атым Құлтума-ды,

Момыннан Құлтумадай ұл тумады.

Келгенше сексен үшке ән шырқадық,

Көмекей сонда дағы жыртылмады»

делінеді. Бұдан өлеңнің авторы Момын руынан шыққан Құлтума ақын екендігі анықталады. Хайям өлеңдері де осындай. Оның әлгі даусыз делінген рубаиларында, көбінесе автордың аты кездеседі. Даусыз рубаиларда әділеттік, өмір қызығы, өнер-білім жырланады, қожа-молдалар әшкереленеді. Оқушыға түсінікті болуы үшін рубаилардың кейбіреулерін аударып келтірейік.

«Молдалар бастарына салған шалма,

Айтады, - ақиреттен ғапыл қалма! -

Тамықпен жұрттық бәрін қорқытады,

Жұмақтан хабар алып келген бар ма?

Өмірден өтіп кетті талай жандар,

Неше рет күндер батып, атты таңдар.

Солардың бірі келіп жөнін айтса,

Тоқтар еді дау, талас, айтыс, жанжал.

Хор кыздарын жумаққа алып барған,

Шарап құйған бөшке де барып қалған!

Әйтеуір қыз бен шарап берер болса,

Неліктен бұл дүниеде тыйым салған?

Өмірге өлім тіркедің ілгілермен,

Аямадың еш жанды тіл білерден.

Жаман қылып жаратқан кінә өзіңде,

Әйтпесе, жақсы ісіңді бүлдірер ме ең?

Көктемде отыр едім гүлге қарап,

Кесемен бір сұлу қыз берді шарап.

Сол кезде есіме алсам жұмағыңды,

Ишаным, болар едің төрт көз барақ».

Хайям өлеңдерінің жалпы сарыны осылай келеді. Олар дін уағыздаушыларды жебедей жерге тығып, шаяндай шағып алады. Сондықтан да ертедегі молдалар: «Хайям деген - шаян, оның шакқанына дана жоқ» дейтін болған.

Рубаи үлгісіндегі өлеңдер тәжік-парсы поэзиясында Хайямнан бұрын да болған. Хайям рубаиды өлеңнің негізгі түрлерінің біріне айналдырған. Төрт жолды өлеңдер басқа халықтардың да поэзиясынан орын тепкен.

Қазақ әдебиетінің тарихында Хайям өлеңдерінің ресми аудармалары кездеспейді. Бірақ рубаилардың тәжік тіліндегі түпнұсқасын оқыған қазақтар болған. «Мәдәт бер, я шагри фурият» дегенде Абай Орта Азияның ұлы ақындарына сыйынған. Иса Байзақов бір өлеңінде былай дейді:

«Ананың ұлдары еді осынша сый,

Фердауси, Омар Хайям, шайхы Сағди».

Жалпы алғанда Омар Хайям қазақ оқушыларына ертеден таныс. Оның дінді мысқылдаған атеистік өлеңдері бірталай қазақ ақындарына әсер еткен.

Сонымен қатар қолда бар деректерге қарағанда Хайям еңбектерінде зор қайшылықтар бар. Ол өнер-білімге жүгініп, ғылым шыңына шыға отырып, өзі имам болады. Сөйте тұра дінге қарсы шабуыл жасайды. Дүниенің негізі материя деп танып тұрып, материяны санаға тіркестіреді. Басқа кітаптарында мәселенің қалай баяндалғаны бізге белгісіз. Кемшіліктері мен қайшылықтарына қарамастан Хайям тарихтан орын алған адам. Диалектикалық материализмге жете алмағандығы үшін мың жыл бұрын өткен ғалымды кінәлау қиын. Бұған онын «өгіз мұрнын жұдырықпен тескен» заманы кінәлі. Хайямның кемшіліктерін кешіруге әбден болады. Оның халык кәдесіне жарайтын кұнды еңбектері аз емес.

Пайдаланған әдебиет:

Исқақов М. Омар Хайям. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 167-185 б.

0 дауыс

Омар Хайям рубаилары

9 - сәуір, 2015 ж

567 0

Өміріңнің өтер сәті қас-қағым,
Қуанышпен күндерді артқа тастағын.
Байқа шырақ бұ дүниенің байлығын,
Уақытша ғой жарамайды тасқаның.
*
Мынау бүкіл әлемнің кіндігі – біз
Даналық көздерінің түндігі – біз.
Сақинаға ұқсайды жаратылыс,
Сондағы асыл тастың мінсізі – біз.
*
Бізге дейін өтті ғой түн мен күндер,
Көк күмбезі айналып мың түрленер.
Аяғыңды ақырын еппенен бас,
Сұлудың көздері ғой құм төбелер.
*
Келгеніңмен кеткеніңнен не пайда?
Шүберекпіз тігісінен не пайда?
Отырамыз от дөңгелек ішінде
Күлге айналып кете бардық, не пайда?
*
Мәңгіліктің құпиясын білмейміз,
Жұмбақтарын оқи алмай күндейміз,
Біздер тұрмыз аржағында перденің
Құлап түссе перде біз де күлдейміз.
*
Мейлің кәрі, мейлі жас бол алға асар,
Ажал келіп алқымына жармасар.
Бұл жалғанда ешкім мәңгі қалмайды,
Келу, кету бізден соң да жалғасар.
*
Құдай болсам көк аспанды билер ем,
Көк әлемді қамырдай-ақ илер ем.
Жаратар ем басқаша бір аспанды,
Мейірбанды бақытты етіп сүйер ем.
*
Дүниеге келгенімнен пайда жоқ,
Ғайып болсам өзгеріс жоқ, пайда жоқ.
Естімедім тірі жаннан дариға-ай,
Не үшін келдім, не үшін кеттім пайда жоқ.
*
Ғалым болдым, дарын болдым дегендер,
Ілімімен дана болды кемеңгер.
Қараңғыдан жол таба алмай адасты,
Ертегі айтып кетті ұйқыға сенімдер.
*
Жүрегіме ғылым жақын болмады,
Ашылды ғой талай сырдың толғағы.
Жетпіс екі жасқа толдым ойландым,
Маған мүлдем мәлім емес сол жағы.
*
Тағдыр, жерді, көк әлемін жаратқан,
Тіліп мұңлы жүрегіме таратқан.
Қайда кетті айжүзді ару, тәтті ерін
Қара жердің құшағына қаматқан.
*
Тұр орныңнан өткен өтті мұңданба,
Өмір сәтін шаттығың ет бұнан да.
Уақыт тажал дегенінде тұрса егер,
Өлмес едің шүкірлік ет жұбан да.
*
Ашуыңнан зияның көп о аспан,
Жөнсіздік қой тағы әдетің о бастан.
Ей, жер-ана, төсіңді ашса, әгәрде
Тереңіңде жатыр талай данышпан.
*
Монастырьге кіріп, шығу адамға
Азап, өлім әкеледі қашанда.
Ғұмыр кешіп үлгермеген разы,
Тумағандар тіпті жақсы әманда.
*
Өкінішті өтті жастық, гүл ме едің,
Кешегі күн көктем еді бір демім.
Қуаныш дейтін жастық құсы қайдасың,
Қашан келді, қашан кетті білмедім.
*
Билейді ғой мені тағдыр қаламы,
Жақсы, жаман істерімді жамады,
Сенсіз, менсіз болып жатыр барлығы,
Құдай маған қандай кінә тағады?
*
Жетіқат аспан жаратылса жақсы боп,
Көктің жүзі жайғасады сақшы боп.
Егер тағдыр қайырымды болса, егер
Данышпандар азап шекпес тапшы боп.
*
Құдаймен де болмас менде келісім,
Менікі де дұрыс емес несі мін.
Рас болса қалағаны Тәңірдің
Қателікке ұрынғаным – кешірім.
*
Бұл жалғанға тап-таза боп келеміз,
Күле кіріп, уайыммен кетеміз.
Көз жасымен жүрек отын өшіріп,
Топыраққа айналамыз неге біз.
*
Ұзағандар ұзақ жолдың бойында
Оралғандар барма, сірә, ойыңда.
Жолайрықта ештеңені қалдырма,
Енді қайтып келмесіңді мойында.

Парсы тілінен аударған
Өтеген Күмісбаев

...