0 дауыс
2.3k көрілді

Нәресте дүниеге келе салысымен орындалатын салтты қазақта кіндік кесер деп атайды.

Ырым бойынша, кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс болып табылып, оған арнайы адам таңдалады. Көне наным бойынша, дүниеге келген баланың мінезі кіндік шешеге ұқсап кетеді деген сенім де бар. Сондықтан кіндік кесуге мінезі жайсаң, сыйлы, іскер әйел таңдалады. Босанар әйелдің ай-күні жеткенде, таңдалған кіндік шеше оның жеңіл босануының қамын ойластырып, толғағы келгенде бірге болып, кіндік бауын қияды. Анасына жаңа туған сәбидің ұл немесе қыз екенін айтып сүйінші сұрайды. Осыдан кейін әйелге кіндік кесер кәдесі беріліп сол баланың туған анасындай құрметке ие болады.

Кіндік шеше міндеттерінің тағы бірі - баланың жолдасын ешкімге көрсетпей, адам баспайтын жерге көму болып табылады. Қазақ халқының ұғымында егер баланың жолдасын өзге біреулер көрсе анасы ауруға шалдығады деген түсінік бар. Сондықтан кейбір өңірлерде балалары жемістей көп болсын деп жеміс ағашының түбіне көметін де болған. Айта кетейік, егер әйел адам тек қыз баланы дүниеге әкеле берсе, сәбидің жолдасын босанған әйелдің басынан үш мәрте айналдырса ер бала туады деп те ырымдап жатады. Онымен қоса, әрдайым қыз босанып немесе көп жылдар бойы балаға зар болып жүріп босанған әйелдің баласының кіндігін ер адам кескен. Баланың кіндігін ер адам кессе, бала тіл-көзден және сұқтан аман болады деп ырымдаған.

Ертеректе ер адам кіндік кесу үшін арнайы ұстаға ай балта жасатқан. Ол балтаның жүзін оттың алауына қыздырып алғаннан кейін ғана кіндік кескен, одан соң ақ матаға орап балтаны сандыққа сақтап қоятын болған. Қазақтың ырымдары бойынша кіндік кескен ай балтамен ешқандай нәрсені кеспейді, шаппайды, жұмыс істетпейді екен. Егер бір нәрсені шапқан жағдайда кіндігі кесілген баланың өміріне қауіп төніп, өскенде өмірі ауыр болады деп түсінген. Уақыт өте келе бала ер жетіп, үйленіп, енші бөліп өз отауы болғанда сол ай балтаны кіндік баласының шаңырағына алғашқы мүлігі ретінде сыйға берілуі шарт болып келген. Дәл осылай сыйға тартылса үйдің мүлігінде береке болып, ырыс қашпайды деп сенім білдірген.

Ал баланың кіндігі түскеннен кейінгі жасалатын ырымның бірі – елдің қорғаны болсын, бала ошақ аңдып отырмасын деген ниетпен ер баланың кіндігін қыр асырып көмсе, қыз баланың кіндігін табалдырыққа немесе жерге жаққан оттың орнына көму арқылы жанұяның тірегі болады деп сенім білдірген. Ал ұлының немесе қызының оқымысты болғанын қалағандар кіндікті кітаптың арасында, ауқатты болсын дегендер алтын-күміс салынған ыдыста сақтап ырымдап жатса, тіпті жаугершілік заманда сол кіндікті тұмар етіп мойнына тағып жауға-дауға баратын ырымдар да болған.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...