Еврейлер шашыраңқы өмір сүргендіктен, әрбір диаспораның өз тарихы бар. Қазақстанда да еврей халықтары өмір сүреді. Сонымен қатар, олардың балаларға қолданатын өзіндік тәлім-тәрбиелері, оны үйрету, сақтау тәсілдері де бар. Еврейлер қазіргі облыстық орталықтардың барлығында дерлік тұрады. Қоныстанудың бірінші кезеңі Ұлы Жібек жолының ашылуымен басталған болатын және ол 1917 жылы большевиктердің билікке келуіне дейін жалғасқан.
Аталмыш ел әлемінің түпкір-түпкірінде мекендейді. Қандай ортада өмір сүрмесін өз салттарын, ережелерін қатаң сақтайтын ұлт. Мысалы, ежелден бері еврейлерде сүндеттеу рәсімі сақталып келеді. Еврей заңдарына сәйкес ұлын әкесі сүндетке (хаттафат, дамбрит) отырғызады, бұл рәсім «мохел» деп аталды. Оны отбасы мүшесінен басқа адам да жасауына болады. Бұл рәсім балаға «барух хаба» («келушіге бата берілді») деп сәлемдесуден басталып, баланың денсаулығы үшін дұға қылумен аяқталады, осыдан кейін оның есімі жария етіледі. Сонымен қатар, бұл ұлтта үйлену тойы сән-салтанатты түрде өткізіледі. Ашық аспан астына көшпелі қалқа – хула орнатылады. Күйеу жігіт пен қалыңдықты некелестіретін раввин дауыстап неке келісімін немесе ксубуды оқиды. Еврейлер үшін кашера ұғымы өте маңызды болып табылады, яғни қандай да бір нәрсеге Галаха, яғни Тора мен Талмудадағы заңдар мен нормалар тұрғысынан рұқсат етілуі.
Жалпы бала дүниеге келгенде оның қабілетін, қызығушылығын бақылап, бағдар беріп отырады. Оларда баланы жай ғана тәрбиелеу емес, одан үлгілі, сыйлы тұлға шығаруға тырысады. Яғни, олардың түсінігіндегі бала – ақылды, парасатты, тәрбиелі, жан-жақты, білімді, күш-жігерлі, төзімді болуы шарт. Осындай нәтижеге жету үшін ата-аналар қатаң тәртіп пен жаза қолданады. Ең баса назар аударатыны – бала ешқашан жалған сөйлемеуі тиіс. Оны тек жаман қасиет деп қарамайды, баланың өзі тыныш ұйықтап, ертеңгі таңын еркіндікпен, адал аттыру үшін де деп есептейді. Еврей халқында үлкендер аса артық сөздерсіз, нақтылы, нақыл айтушылар. Баланы тәрбиелеу жүйесінде де әрбір сөзін ойланып, тұжырымды сөйлеумен қатар, істеген әрбір ісін үлгі тұтарлық етіп жасайды.
Тағы бір деректерде баласының қасиеттерін ескере отырып, алдағы өмірдегі мамандығын белгілеп, болашақтағы өмірін бір бағыттқа қоюды өз міндеттеріне алады.
Жалпы еврей халқының бала тәрбиелеу бойынша екі бағыты болады екен. Бірі – діни бағытта болса, екіншісі – заманауи. Тәрбиенің алғашқы түрі – діни бағыт. Мұндағы түсінік, махаббат пен билік. Яғни ата-ана баласына өз биліктері арқылы жаймен, түсінікті әрі сүйіспеншілікпен жеткізеді. Ата-ананың міндеті – баласын тура жолға салып, дұрыс бағыт бағдар беру.
Ал, бүгінгі заман талабына сай тәлім-тәрбие барысы – екіге бөлінеді. Олар: еркіндік және қаталдық. Фин жазушысы Туве Янсонның айтуынша: «Муми-ана – бұл бәріне әрқашан еркіндік беріп, ештеңеге тыйым салмайтын ана» деп жазған екен, осы қағиданы еврей халқының аналарына тән деседі. Ал қаталдық заңдылығы белгілі бір жерге баруға, одан асуға болмайтын кезде басталады. Ал баланың бөлмесін, ол өз қалауындағы еркіндігі деп санайды. Осы тәрбие бағытында нені жасауға болатынын немесе болмайтынын бірден және түгел айтады. Айтылған заттың қатал және ол ережені қайта қайталау керек еместігін ата-аналар бірден түсіндіреді.
Ата-аналардың көпшілігі діни бағытта балаларын тәрбилеуді жөн деп есептейді. Оған нақтырақ тоқталар болсақ:
1. Ішкі дүние тазалығы және әдемі келбетті сақтау. Мұның мәні қандай жағдай (ситуация) болмасын, түр-әлпетті жаман жағына қарай өзгертпеу. Онымен қоса құдайдың бар екеніне сену.
2. Қолда барыңа риза болу.
3. Қарапайым болу. Қарапайымдылық – ақылыдылық пен сабырлылыққа әкелетін есік деп біледі.
4. Тәрбиелік және қоршаған ортаға деген мейірімділік. Еврейлер балаларын барлық жанды сыйлауға, құрметтеуге шақырады.
5. Сөйлеудегі тазалық. Адамның сөйлеу мәнері, мәдениеті – оның мінез-құлықын білдіреді деген тұжырым жасайды еврей халқы. Жақсы сөз сөйлеуші өзін тыныш, жақсы сезінеді екен.
Осы топтастырылған тұжырымдар әрбір бала тәрбиесінде ата-ана тарапынан айтылып өтіледі екен. Тек қысқа, жұмбақтап емес, әрбіреуін терең талдап түсіндіреді.
Жалпы қай халық болмасын бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ұлтының болашағы ретінде жақсы азамат болып өсуі үшін өз қағидаттары мен заңдылықтары, әдет-ғұрыптарымен тәрбиелеген.