0 дауыс
17.0k көрілді
Патшалық отарлау саясатының сипаты қысқаша

1 жауап

0 дауыс
Патша өкіметі Қазақстан жеріндегі отарлау шараларын біртіндеп жүзеге асырды. Оның 1742 жылгы 19 қазандағы жарлығы бойынша Жайық өзені жағасының қамалдар маңында қазақтардың көшіп-қонуына тыйым салынды, сонымен қатар олардың Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген жерлері шектелді. XVIII ғасырдын 50-60 жылдары Ертіс, Тобыл, Есіл, Үй өзендері алқаптарындағы Орта жүздің қазақтары да өздерінің мекендеген жерлерінен ығыстырылды.

Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: біріншіден, гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылыстың тездетіп салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен, екіншіден, саяси әкімшілік реформалар жасау, сыртқы округтер мен приказдарды одан әрі құру, басқарудың дистанциялық жұмыс түрін енгізу жолымен, үшіншіден, қазақ даласын өзіне біржолата қосу, ал Орта Азия хандықтармен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Алайда, отарлау барысында патша үкіметіне жергілікті барлық билікті ресейлік әкімшіліктің қолына шоғырландыру саясатын жүзеге асыру сұлтандардың, ру шонжарларының, билердің наразылығын тудырды. Өйткені оларды патша өкіметі орындары сот-әкімшілік қызметіне қатыстырмауға тырысты.

Патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтың елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрін бірден жүзеге асыра қойған жоқ. Бұқпантайлап, торғай ұстаған мысықтай, жақыннан қармау үшін алыстан арбап, зымияндық саясат жүргізді. Патша өкіметі оны кезең-кезеңімен іске асырды.

Оның алғашқысы — 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір, яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу еді. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жүйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырт иелігін жасады, яғни қазақ елін өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар арқылы басқарды. Сөйте тұра, қазақ жұртының арасына өз білімдар адамдарын қаптатып, ғылымды бет перде етіп алға ұстап, соның тасасында тұрып, елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мінез-құлқын жан-жақты зерттеп, қазақ халқының осал тұстарын пайдалануға тырысты. Оны меңгергеннен кейін хан тағына үміткер ханзадалар мен сұлтандар арасында ши жүгіртіп, оларды тақ таласына итермеледі. Солардың ішінде шенге құмар, атаққұмарлары ерекше бағаланып, бұлардан патша өкіметі ештемені де аяған жоқ. Патша отаршылары қазақ жұртшылығының арасына алауыздық ұрығын осылайша енгізе бастады.

Патша үкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржола кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласып, жергілікті қазақ шаруаларын қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Ресейде жоқшылыққа ұшыратқан орыс босқындарын әкеп орналастырды.

ХVІІІ ғасырдың соңы — XIX ғасырдың басында Ресеймен шекаралық сауда орталықтарында Қазақстаннан тек бір жыл ішінде 1,5 миллионнан астам мүйізді ірі қара мал және 100 мыңнан аса жылқы сатылған. XIX ғасырдың ортасында Ертіс шекаралық ауданында жыл сайын 150 мыңдай жылқы, 3 млн. қой-ешкі және 100 мың өгіз бен сиыр — барлығы 8 млн. сомға дейін қаржыға мал түсіп отырған.

Бұл кезде Қазақстан Ресей астығынының негізгі тұтынушысына айналды. Барлық шекаралық сауда орындары арқылы мұнда жыл сайын 400-500 мың сомға астық жеткізілді. Ресейден шұға, қағаз, қант, бояулар, жабайы аңдардың қымбат терілері, өңделген былғары, темір, болат, шойын, ине, алтын және күміс теңгелер алды. Сауда негізінен айырбас ретінде жүрді. Баға өлшемі жұрттың бәріне бірдей үш жасар қойдың құны 1 сом күміске теңеліп, сол бойынша басқа тауарларға тиісті баға қойылды.

Халықтың бай, кедей болып жіктелуінің күшеюі, жартылай көшпелі елге ақша-тауар қатынастарының барған сайын батыл енуі қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын өзгертіп, әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді және қауымдық-рулық қалдықтарының күйреуіне себебін тигізді.

Бұл өзгерістер бірден бола қалған жоқ. Елде тап тартысының, яғни кедей шаруалар мен ауқатты қанаушы топтардың арасындағы қайшылықтың күшеюі, қазақ шаруаларының отаршылдық саясатқа қарсы күресі барысында іске асты. Орыс мемлекетінің отарлау саясаты қазақтың ел басқару ісіне қойған адамдарының небір өрескелдіктерді істеуіне жол ашты. Олар алым-салықты көбейтіп, патша әкімшілігінің, жергілікті өкімдердің пайдасына халықтың малын, қаржысын алып, өздерін бет қаратпай бағынышты етіп ұстағысы келді, Ал, қазақ шаруалары өздерінің адамдық құқын пайдаланып, біз де бір атаның ұрпағымыз деп зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеді, әділдік пен адалдықты көргісі келді. Міне, осыдан келіп, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы басталды.
Жауабыңызға ризамын!
Басқа тақырыпқа материал іздеп отырып, сіздің жаубыңызды түгел оқып шықтым. Қазақша ғылыми мақалалар интернетте әлі күнге дейін аз, бір-бірімізге осылай көмек көрсеткеніміз қандай тамаша!
...