Бізге ұнаған бір шумақ...

+9 дауыс
7.1k қаралым

Өлең десе, өлермен болмайтын жұрт жоқтың қасы. Әңгіме әлгі "халау-лилауда" емес, әрине. Кәдімгі қара өлең туралы. Айтайым дегенім... өздеріңізге ұнаған мөп-мөлдір бір шумақты осы жерге жазып қалдыра аласыздар ма? Ең-ең дегендерін. Авторын да ұмытпасаңыздар екен.

• Санаты: Кітап, Әдебиет | 7.1k қаралым

27 жауап

+17 дауыс
Жақсы жауап

Нендей сұмдық қатігез ең мұншалық?

Қайдан біткен жан иілмек тұмсалық?

Бар қасиеті бір өзіңнен табылып,

Бар сұлулық құлатты ғой табынып,

Ынтықтырып талай-талай жүректі.

Небір сұлу кірпік ілмей жүдепті,

Үзіп жейді уылжыған жемісті

Сенде үзші, жаным, құрбан дегізші

Жас құралай жан ләззәті емес пе?!

Жасқанбашы, еңсең түсіп егеспе.

Шынымды айтсам, есім кетті өзіңе.

Сезбегендей қитығасың несіне?!

Өліп-өшіп сүймесеңде қызғанам.

Сөйлеспедім енді қайтып тіс жарып.

Нендей сұлу, қатыгез ең мұншалық

Шарапаты тимек бұған Құдайдың

Жерде өзіңіз деп қана мен жылаймын.

"Мың бір түн" хикаясынан.

+18 дауыс


Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?

                                                       С.Торайғұров.

 

Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты - Қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем -Қазақ, шешем-Қазақ,
Мен неге Қазақтықтан сақтанамын!

 

+21 дауыс

Сен қазақсың себебі әкең қазақ,
Ақ сүт берген, ақ жаулықты анаң қазақ.
Ата-дәстүр салтымен ағып жатқан,
Денеңдегі қасиетті қаның қазақ.

Сен қазақсың себебі тілің қазақ,
Ізіңде еріп жүрген інің қазақ.
Бір қараған алыстан танитұғын,
Ақ дидар,мөлдір қара көзің қазақ.

Халықсын кең даланы мекен еткен,
Жер үшін ата-бабаң қанын төккен.
Тәуелсіздік туымды көрем бе деп,
Ежелден ата-бабаң арман еткен.

Сен қазақсың сол туға қолы жеткен,
Бақыт бұл басыңа қонып келген.
Биік ұста сол туды таба етпей,
Дұшпандарға сені бүгін аңдып жүрген.

+19 дауыс

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сидырар даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген

Дәуірлермен құрдаспын, даламын мен.

Осындай боп білмеймін кімнен тудым,

Бәлки қайсақ, бәлки бір гуннен тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым»

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Мен қазақпын, белдімін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім

Жұбан Молдағалиев

+18 дауыс

Өле берсін күншілдер күйігінде,

өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде .  

(Т.Айбергенов)

+20 дауыс

Tay дейтін алып жүрек Ана туған

Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін емін ержеткенмін
Қуат алып қыранның қанатынан
Мен таулықпын
Таудан мен жаратылғам.
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам
Күн алғашқы сәулесін маған шашып
Маған келіп түнейді қара тұман.
Тау ұлымын
Тау - менің дәу бесігім
Мен оның  әуресімін, сәулесімін.
Асқар шыңдар желпиді бесігімді
Бір орамын ағытып сәлдесінің.
Мен - таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам
...Тауға барып
Көкке ұшып кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан
+17 дауыс
Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің — сұп-сұр көр.
Тасбиқ санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрсе ауыр күрсінер
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол анамды сүйемін!

Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жок,
Жалынсыз, усыз құшагы,
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай,
Білгені — қазан-ошағы,
Жабайы ғана жарым бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол жарымды сүйемін!

Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін!

Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс — ақ кебін, жаз — сары,
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол Аркамды сүйемін!
+13 дауыс
Мына сайт форумға айналып бара жатыр.

Өкінішті-ақ.

осы жақсы жауап па енді? форумға айналып бара жатыр деген! бұдан басқа жақсы жауап бергендер бар екен! мысалы мен егер осы сұрақты қойған болсам, жақсы жауап деп  астында берілген жауаптардың бірін таңдар едім! мен үшін бұндағы жауаптардың бәрі жақсы! маған өте ұнады!!!
+18 дауыс
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойына жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар.
 

Адамды сүй, Аллаһтың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Абай

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,

Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Өзің білмесең, білгендерден үйрен,

Үйренгеннен ештеңең кетпейді.

(Төле би)
VK мен сізді Жастардан көрдім ау деймін қателеспесем)?
+17 дауыс

Т.Айбергенов АНА

Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

 

+13 дауыс

Қараңғы қазақ көгіне, 

Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет  тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр - бірі  де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі.
+17 дауыс

Бақыт деген – сеніңбала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақыты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Бақыт деген – әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген дәл қазір –
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.

Бақыт іздеп, мал бақ, мейлің тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың, бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең, масқара!

Бақытың – мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең, бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім –
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

+8 дауыс
Қияр ем дүниенің бар қызығын,
Қас-қағым жалт қараған бір сәтіңе.
Шипа боп қалар еді-ау,сол бір қарас,
Өзегімді өртеген көп дертіме._____ ӨЗІМ.
+10 дауыс
Биылғы күз көңіліме бөтен күз.
Тансыппыз, табысыппыз бекер біз.
Болмас еді мұндай ауыр күрсіну.
Бөтен болып қалсақ егер екеуміз.
+9 дауыс
Өзгермес қалпы бұл өмір –
Бұл өмір солай әлде де,
Жанарыңды әркез тіге жүр,
Мен жақтан түскен сәулеге...

Ұ.Дәлейұлы
0 дауыс
Мәңгүрттенбеу марсельезасы
Өлеңді жазған: Мұхтар Шаханов

Қазақ ұлты мың сүрініп, мың жығылып, мың тұрған,
 Даңқыңды ешкім бүркей алмас ізгілікке ұмтылған.
 Жомарттығың сорға айналып, туып өскен жеріңде,
 Ана тілің шетте қалды, орын жетпей төріңде.

 Өз тілінде сөйлей алмай қазақтың тең жарымы,
 Амалсыздан басқа ананы «өз анам» деп таныды.
 Талай басшы жүргеннен соң ұлтсыздыққа қорған боп,
 Қазақ тілі әлі күнге тәуелсіздік алған жоқ.

 Мәңгүрттенген құлдық сезім неге қолдау табады,
 Мұны бізге кешіре ме келер ұрпақ саналы?
 Өз анасын сүйе алмаудың қасіреті болады
 Тілің кетсе, ұлтың өліп, қарның ғана қалады.

 Тарихың тұр санаңа өткел тастап
 Өз тіліңде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап,
 Бүкіл баба рухымен
 Ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
 Тағдырыңнан ата-мұра шамын солай өшірер...
 Өз тіліңді жерсінбеудің,
 Өз анаңды менсінбеудің
 Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
 Ол – рухи мүгедектік әрі ұлттық сатқындық!
 Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса?..
 Мейлі он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса
 Өз ұлтыңның тілі мен рухы
 Ой санаңа іргетас боп қалмаса!
 («Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасынан»)
0 дауыс
Жағымпаздық – бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазiргi бақ қайсар рухты ердi емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Дәуiрдiң де даңқы солар төс керер,
Оны ойласаң, жанарыңа жас келер.
 
Кеудесiнде жалғандықтың мұзы бар,
Қажет кезде мұз үстiнде қызынар,
Басшы алдында жас келiндей сызылар,
Кiлең “туфли жалағыштар” – ТЖ-лар.
Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.
ТЖ-ларға егер бөгет қоймасақ,
Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.
Мұхтар аға Шаханов
0 дауыс
Ата-анаға көз қуаныш -  
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті.
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса.
0 дауыс
Көтермей жүгін мазақтың,
Көнбей ісіне азаптың;
Тағдырдың сыйын көрді артық
Татқанша дәмін азаптың.

Қызғалдақ-ғұмыр қиылды,

Қаһарман қызы қазақтың.

Арын таптатпай өтті ару,

Қыршын жасында аз-ақ күн.

Енді туды ғой ел болып,

Аңсап өткен ол азат күн.

Ұмытпас атын ұрпақтар

Жарқ еткен жұлдыз Ләззаттың.

 

Он алты жасында от болып,

Жарқырап жанған шоқ болып.

Жаналғыш солдат зорлады,

Жауыздар кілең топ болып.

Жауқазын-көңіл жаншылды,

Жаманатты бастан өткеріп.

Жанына салған жарадан

Жауына жаман кектеніп;

«Қорлыққа мұндай көнгенше,

Кетейін, - деді, - жоқ болып».

Кешегі қанды күндерде

Атылды жауға оқ болып.

Арманы оның ақталды

Басына елдің бақ қонып.

 

Өзегі – толы өрт болған,

Жүрегі – шерлі дерт болған.

«Елімді азат етем», - деп,

Ерлерге лайық серт болған.

Бойына рухы бабаның

Қасиет болып кеп қонған.

Халқының көріп қайғысын,

Көкірегіне кек толған.

«Жалтақ боп қалған еліме

Жастар болады, - деп, - қорған».

Ақжазықтан ұшқан аққу ең,

Алматыға келіп, мерт болған.

 

Арналып оған алтын-жыр,

Аңыз қып атын халқым жүр.

Ерлігін Ләззат қызының

Ел болып бүгін айтып жүр.

Алтынай сынды анасы

Азабын әлі тартып жүр.

Жиырма бес жыл бойы жоқтаумен

Үкіметке үміт артып жүр.

Алайда, кейбір керауыз

Таратты сыбыс салқын бір:

«Алаңда болған жоқ ол», - деп,

Аузына келгенді тантып жүр.

 

Азаттықтың аппақ таңы үшін,

Ұлтының ұлан-бағы үшін

Опат болды ғой оғыландар,

Бас бақпай шыбын жаны үшін.

Соларды қорлап біреулер,

Сандырақтайды наны үшін.

Саясат үшін сандалап,

Тауық боп терген тарысын.

Ерлердің ісін ермек қып,

Еселеп жүр ғой табысын.

Жазасын алсын жендеттер,

Төгілген нақақ қан үшін.

Аузына келгенді айтпасын,

Арудың таптап намысын.

Шаханов ақын шамданды

Қаһармандардың халі үшін.

Ақ-қараны берді айырып,

Ақиқатты елім танысын!

Арашалайық, ағайын,

Жігерін қайрат жанысын.

Ұрпақтардың бойына

Ұлттық рух дарысын.

Күресейік, халайық,

Шындықтың шырқау әні үшін.

Тіл менен дінім, діл үшін –

Бағалы бізге бәрі үшін.

Асанова Ләззаттың

Ақ періштедей ары үшін.

Ешкім де мазақ қылмасын

Елімнің асыл арысын.

 

Көзінен жасы бұршақтап,

Көңілінен қайғы моншақтап;

Қаншама ұлан қаза боп,

Қара жамылды ел сол шақта-ақ.

Желтоқсан – менің жеңісім,

Туымды берік тұр сақтап.

Қара күйе жақса оған әлдекім,

Халқымыз кімге мұң шақпақ?!

Қайрат пен Ләззат бастаған

Қаһарман жастар жыр саптап;

Шетінен шейіт ерлерді

Жүректерінде жүр сақтап.

Бұлқынып бұла рухым,

Іздейді жаңа, тың соқпақ.

Шыдамның шынжыры үзілер

Тиісе берсе тіл шақпақ.

Жанартау-жүрек жарылар

Мың күнде емес, бір сәтте-ақ!

 

Желтоқсан – менің жалыным,

Жел болып соққан сарыным.

Алысамын деп алаңда,

Жығылған жастың жанымын.

Төбемнен ұрып шоқпарлар,

Төгілген мұзға қанымын.

Алқымға келіп тіреліп,

Айтылмай қалған әнімін.

Зая боп еткен еңбегім,

Қайратым менен қарымым.

Желге ұшқан асау алымым,

Жер құшқан асыл дарыным.

«Қазақстаным менің!» деп,

Қар құшқан қайран тәнімін.

Жанарынан ұлттың жас болып,

Топыраққа түскен дәнімін.

Қайраттың қайсар жырымын,

Ләззаттың әппақ арымын.

Кебінге ораған ерімді

Кебенек ішінен таныдым.

Желтоқсанда ащы аяз боп,

Жендеттің бетін қарыдым.

Ашылмаған соң ақиқат,

Арызымды айтып, налыдым.

Қара жерге көмілді-ау

Талай да тарлан алыбым.

Қан менен терге шомылған

Қазақтың асқақ жанымын!

«Халқым» деп соғар жүрегім,

Сөнгенше соңғы жарығым!..
0 дауыс
Тастанды жүрек
*Жаныма жалаусың көктеммен кей күзде,
Үзіп ап жемісін сезімнің жеймізбе?
Махаббат жалғандық, тек ғана сонда біз,
Достыққа шынайы сенеміз деймізбе?
Жабырқау жанымның жазбастан бір емін,
Кеттің-ау алыстап, ауырад жүрегім.
Аңсаған арманым болмайды-ау сірә да,
Сен мені тастадың, сен мені тастадың білемін.
Әнімді төгейін өзіңе лағылдан,
Құсымды ұшырдым сірә мен бағымнан.
Қалауың орналды қайтейін қалқам-ау,
Мен сені іздемейм, сенде іздеп сабылман.
Түнекке малытып кеттіңбе аспанды,
Қаламайм өзгені, қаламайм басқанды.
Амалсыз тағдырға көнемін тек әттең,
Аталды жүрегім бүгінде тастанды.*

*Ақтөре Бектұрсын*

[Нәзира Бердалы — "Қар боп ұшып келемін.."][1]
[Талгат САТЫБАЛДЫ][2]


  [1]: http://music.nur.kz/kk/501964-nazira-berdali-kar-bop-yship-kelemin-%28n-berdali%29
  [2]: http://ultramusic.biz/vocal-search/%D0%A2%D0%B0%D0%BB%D0%B3%D0%B0%D1%82_%D0%A1%D0%90%D0%A2%D0%AB%D0%91%D0%90%D0%9B%D0%94%D0%AB_song01.html
0 дауыс
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
0 дауыс
Шыда, шыда
      Шыда, шыда
Шыдай түс, шыда тағы
Шыдамдыны мына өмір ұнатады
Үміттің Кұлан иек қула таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады...
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып, табынбағын.
Шыда, шыда!
Шыдай түс, тағы шыда!
Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға...
0 дауыс
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев

Пайғамбар (үзінді)

Күншығыстан таң келеді – мен келем,

Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!

Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.
0 дауыс
«Қара жорға»
Әні - халықтыкі
Өлеңін жазған: М.Тұрдақын, С.Қалиев

- «Қара жорға» болмаса,
Бидің сәні келе ме?
Бүрмелі көйлек кимесе,
Қыздың сәні келе ме?
Қозсын барлық делебе,
Қан тарасын денеге.
Қара жорға болмаса,
Тойдың сәні келе ме?

«Қара жорға» - «Сал күрең»
Тарихын біл алдымен.
Бабалардан жалғасқан,
Тағылымы бар білем.
Жорғалаған күй майда,
Бұған жетер би қайда?
Ойнаңыздар жамағат,
Билеңіздер мұндайда.

Биле, биле жігіттер,
Жанып тұрған үміттер.
Шыққанынша тоқтама,
Маңдайыңнан тұнық тер.
Биле қыздар бұралып,
Сауық-сайран құралық.
Сұлулардың көркіне,
Тамсанып біз тұралық.

Ал жігіттер қыраным,
Алашқа айтар ұраным.
Сендерсіңдер қорғаны,
Мынау байтақ мұраның.
Көк байрағым желбіреп,
Қуантыңдар елді тек.
Шашу шашсын әжелер,
Жүректері елжіреп.

Ғашық жандар тіл қатып,
Жүректерін жырлатып.
Қыз бен жігіт қосылып,
Билеу деген бір бақыт
Биле, биле, сұлуым,
Қандай ғажап күлуің.
Сыртылдасын саусағың,
Былқылдасын буының.
0 дауыс
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Жастық туралы

Гауһардай көзі,  
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар Айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері,
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді.
Ұжмақтың хоры,
Іздедім соны,
Тал бойының кірі жоқ,
Бойы бар сымдай,
Белі бар қылдай,  
Мүшесінің міні жоқ,
Қыз осындай болар ма,
Оны сөккен оңар ма!

Жаудырап көзі,
Тамшылап сөзі,
Жібектей шашын тараса,
Қалмайды халің,
Шығады жаның,
Қиғаштай көзбен қараса.  
Бұл дүниеде қыз қызық,
Бозбалада ой бұзық.
Сынаптай толқып,
Түлкідей жортып,
Кетеді көңіл әр жаққа,
Қырандай қағып,
Алмастай ағып,
Мұратын түгел алмаққа.
Ер талабы бос қалмас,
Толқынды көңіл тоқталмас.
0 дауыс
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кiндiк кесiп, кiрiм сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнiмде
Ойын ойнап, шыбын-шiркей қуған жер.
Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбiм.
Жалғаны жоқ, бәрi сенен жан-тәнiм.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнiм.
Тәттi суың дәмi аузымнан еш кетпес,
Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
Жазу болып адамзатқа ер жетпес!..
Балақ түрiп, қозы қуып, жарысып,
Батпағыңда тең құрбымен алысып.
Түнде - ақсүйек, алтыбақан, ал күндiз
Үйретем деп асау тайға жабысып.
"Адам басы - алла добы" деген рас,
Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.
Кiм бiледi, мен де шетке кетермiн,
Туған жерiм,сенi тастап басым жас.
+1 дауыс
Бесік басында
         Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,
Керек емес, дүния, асылдарың!
Бақыт, байлық - барлығы менің үшін
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.
Аймалайсың жанымды күлкіңменен,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен?
...Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын куалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
1 жауап
127,939 сұрақ
322,825 жауап
153,169 пікір
72,938 қолданушы