0 дауыс
476 көрілді
Барымта қазақтар ғана жасаған ба? Баяғы заманнан біздің қазақ халқымызда малдың мөлшері өте үлкен болды. Әрине, олардың ең маңызды жылқылар болған. Қазақ адамы өмір бойы жылқымен бірге өмір сүрді

1 жауап

0 дауыс

Барымта — қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде ерте замандарда қалыптасқан ұғым. Барымта бастапқы кезде прогрессивті рөл атқарған; “қанға-қан, жанға-жан” дәстүрі адам мен адам, ру мен ру арасындағы қастықты күшейте түсетіндіктен, кек қайтаруды құн төлеумен алмастыру, егер де кінәлі жақ әр түрлі себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаса, немесе бұлтарса ақсақалдар алқасының, билер сотының кесімімен барымта жасауға, яки, оның өрістегі малын айдап алып кетуге рұқсат етілген. Сондықтан барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен, шапқыншылықпен шатастыруға болмайды. Кезінде барымтаны кегі қайтпаған, есесі кеткен жақ жариялы түрде жасаған. Оған біреудің ақ баталы жесірін не некелі әйелін азғырып әкету, кісі өлтірген жақтың кесімді құнды төлей алмауы, біреудің қорық жеріне мал жайып, қыс қыстауына, жаз жайлауына рұқсатсыз қону, ортаға түскен олжадан тиісті үлес-сыбаға бермеу, тойға шақырмай, елеусіз қалдыру, т.с.с. дала заңына, салт-санасына қайшы келетін жағдаяттар себеп болған. Сондықтан, барымталаушының ісі заңды әрекет саналған.

Егер барымта шектеулі мөлшерден артық жасалса, онда жапа шеккен жақ қарымта қайтарған. “Барымтаға — қарымта” деген мәтел соған байланысты шыққан. Екі жақтың дауы біткен кезде барымталанған мал, мүлік түгелдей есепке алынған. Ал санаққа ілінбей, білінбей қалғандары сырымта ретінде сіңіп кеткен. “Білсе — барымта, білмесе — сырымта” деген сөз де содан қалған. Тәуке ханның тұсында құн төлеу институтының тәртіптелуіне байланысты, Барымта дала қоғамындағы заңдылық пен реттілікті сақтаудың бірден-бір құралына айналды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Қазақ елі Ресейдің қол астына қарап, отарлық өктемдіктің күшеюіне, дала халқын билеп-төстеудің жаңа әкімш.-құқықтық тетіктері енгізілуіне орай, көптеген әдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мән-мағынасын жоғалтты. Әсіресе, құн өтеу амалы — Барымта мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде айыпталды. Мысалы, 1822 жылы 22 маусымдағы “Сібір қазақтары туралы жарғының” 202-бабында: “қазақтарға қатысты тек: 1) мемлекеттік мүддені сату; 2) кісі өлтіру; 3) тонау мен барымта; 4) өкімет билігіне әдейі бағынбау қылмыстық іс саналсын” деп атап көрсеткен. Содан бастап қазақ жерінің әр тарабында билер соты Барымтаны ұрлыққа жатқызып, барымташыларды қатаң жазалау туралы үкімдер шығара бастады.

Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%B0%D1%80%D1%8B%D0%BC%D1%82%D0%B0

...