Балықшылықты кәсіп қылған қазақ «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп бекер айтпаса керек. Кеңес одағының тұсында елде балық шаруашылығы мейлінше дамыған еді. Мысалы, 1970-1990 жылдар аралығындағы тауарлы балық өсiру көлемi 0,7 мың тоннадан 9,8 мың тоннаға дейiн өсiп, 14,2 есе артты. Алайда, бір кездері дүрілдеп тұрған балық шаруашылығы экономикалық дағдарыс жайлаған жылдарда тоқырауға ұшырады. 1990 - 2005 жылдар аралығында тауарлық балық өсiру мүлдем дамымады десек, қателеспейміз. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы мәлімет бойынша тоған шаруашылықтарында өсірілген тауарлық балықтың көлемі 150 тоннадан аспаса, соңғы дерекке жүгінсек көрсеткіш 500 тоннаға жуықтаған. Әлбетте, бұл балық өнімдерін экспортқа шығармақ түгілі жергілікті нарықты қамтуға да жетпейді. Есесіне халық үшін балық аса қажетті тағамның түрі болып есептеледі. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, әр адам орта есеппен жылына 14,6 келі балық өніміне зәру. Бұл қажеттілікті өтеу үшін балық өсіру, аулау мен импорт көлемін жылына 272 мың тоннаға дейін жеткізу керек екен.
Отандық балық шаруашылығын жандандыру мақсатында ел үкіметі балық шаруашылығын дамытуға арнайы көңіл бөліп, осыдан бірнеше жыл бұрын ұзақ мерзімді шаралар бағдарламасын қабылдады. Осы бастама соңғы жылдарда көңіл көншітерліктей нәтижелер бере бастағаны байқалды. Әуелі ресми дерекке жүгінелік. Статистика жөніндегі агенттіктің таратқан мәліметіне сенсек, былтыр Қазақстандағы балық өсіру және балық аулау саласының берген өнімі 4 миллиард 370 миллион теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайыз өсім тіркелген. Отандық балық шаруашылығында әсіресе Атырау облысының үлесі мол: шығарылған өнімнің 44,7 пайызын беретін бұл өңірдің ауылшаруашылығы саласында балық өсіру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының да мақтанарлықтай табыстары аз емес.
Балық өсіру – нағыз табыс көзі. Бұлай дейтініміз, елімізге балық өнімдері 50-ге жуық мемлекеттен келеді екен. Негiзгi өнім жеткiзушi елдер - Ресей, Норвегия және Қытай. Балық өнімдерінің импорты жылдан-жылға өсіп келе жатқаны нарықтың болашағы зор екенін айқындайды.
Балық шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында да ерекше ден қойылды. Осы бағытта атқарылған шаралар қазірдің өзінде оң нәтижесін беруде. Әсіресе Шардара мен Түлкібас аудандарында жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Былтыр облыста балық өндіретін жаңа зауыттың салынуы айтулы оқиға ретінде бағаланды. Балық өсіруде талай жылдық тәжірибесі бар Шардара өңірінің дамуына айтарлықтай серпін берген жоба жетекшілерінің сөзіне сенсек, қазіргі таңда балық өнімдеріне деген тапсырыс өзге облыстар түгілі шетелден де келіп түсуде. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасының жақсы екенін көрсетеді және үлкен сұранысқа иеленеді. Балық өңдеу зауытының басшылығы бүгінгі таңда сазан филесін дайындаумен шұғылданатынын айтуда. Өнімдер қатаң түрде арнайы 30-40 градустағы тоңазытқышта сақталады. Мұндай камераларда балық құртылмайды. Ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік бар.
Шардара ауданында жемісті жұмыс атқарып келе жатқан шаруашылықтардың бірі – «Ақсанат инжиниринг» ЖШС. Мұндағылар алғашқы кезеңде жылына 30 тонна ет, 500 келі бекіре уылдырығын өндіруді көздеп отыр. Ірі кешеннің құрылысына 150 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Көлемі 5 гектар жерге бекіре өсіретін неміс технологиясымен жабдықталған, автоматтандырылған кешен тұрғызылды.
Сондай-ақ, жуырда Түлкібас ауданында бекіре балығын өсіру қолға алынды. «Бекіре балықты әдетте теңізде өсірмеуші ме еді?» дерсіз. Қателесесіз. Ең бастысы – балықтың көбеюіне барынша жағдай жасап, жаңа технологияларға жүгінген жөн. Айталық, әлемдегі бекіре балықты қолдан өсірудің ең үлкен фермаларының бірі Сауд Арабиясында орналасқан екен. Бұл шаруашылық жылына жүздеген тонна ет өндіріп, 10 тонна уылдырық шығарады екен. Балық шаруашылығын шөлді аймақтағылар осылайша өркендете алса, бекірені Оңтүстікте өсіруге ешқандай кедергі жоқ деген сөз.
Жаңадан ашылған шаруашылықтың басшылығы балық өсірумен шектелмей, аса құнды қара уылдырықты өндірумен де шұғылданатынын жасырмайды. 50 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын жаңа технологияны игеруге ден қойды. Егер жоспар ойдағыдай орындалып жатса, көп ұзамай алынған өнімді экспортқа шығарудың мүмкіндіктері мол. Әлемдік нарықта әсіресе қара уылдырыққа деген сұраныстың жоғары екені белгілі. Бағасы аспандап тұрған құнды тауардың экспорттық әлеуеті мол болатынын мынадан-ақ байқаймыз: Ресейде қара уылдырықтың бір келісі 800 долларды құраса, Еуропа елдеріндегі баға бұдан кемі 5-10 есе қымбат. Ал бір бекіреден шамамен 28 келі уылдырық алынатынын ескерсек, балық өсірудің нағыз табыс көзі екенін оңай түсінесіз.
Жалпы, елдегі бекіренің табиғи қорын сақтау қажеттілігі біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе. Браконьерлердің әрекетінен соңғы жылдарда Каспий теңізіндегі бекіре балықтарының саны күрт азайды. Қолда өсіру арқылы құнды балықтың қорын көбейтудің мүмкіндігі туып отыр. Жылда үкімет балық аулау лимитін бекітіп отырады. Айталық, Арал теңізі айдынынан 2810 тонна балық аулауға лимит берілсе, Шардара су қоймасының лимитi 2435, Сырдарияның көрсеткіші 1112 тоннаны құрайды. Дегенмен, бұл лимитке назар салмайтын браконьерлер азаймай тұр. Әсіресе токпен аулайтындардан келетін зардап мол. Сондықтан бекіре балықтың шабағын көбейтудің маңызы зор.
Балық шаруашылығын жоғары деңгейде дамыту үшін ең әуелі жергілікті нарықты өзімізде өндірілген өніммен қамтып, саланың дамуына барынша қолдау көрсеткен жөн. Бүгінде балық шаруашылығында шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық. Құбылмалы теңіз деңгейі, суды қайтарымсыз пайдалану, су қоймаларының ластануы, мұнай мен газды барлау, мұнай және газ құбырлары мен басқа да жұмыстарды жүргізу су қоймалары жағдайының нашарлауына, балықтардың уылдырық шашу алаңдарының азаюына, балық азығының жойылуына әкеліп соғады. Мелиорация жұмыстарының аздығынан өзендер мен балық жүретін арналар қайраңданып, бекіре тұқымдас балықтар уылдырық шашатын жерлерге өте алмайды.
Оңтүстікте балықтың басқа да түрлерін өсіру ісі жан-жақты қарастырылуда. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың айтуынша, «Максимум» аймақты инвестициялық орталығы арқылы қатарынан балық шаруашылығы бірнеше рет қаржыландырылмақ. Яғни, жақын арада жергілікті тұрғындардың балық өнімдеріне деген сұранысы толық өтелетін деңгейге жетуіміз ықтимал.
Айта кетерлігі, мемлекет тарапынан қазіргі таңда балық шаруашылығымен шұғылданғысы келетіндерге айтарлықтай жеңілдіктер жасалды. Осыдан біраз бұрын заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде балық өндірушілердің төлейтін салығы орта есеппен 70 пайызға кеміді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жем мен қажетті материалдарды сатып алу ісі субсидияландырылмақ. Осыдан соң, балық шаруашылығын өркендетуге деген қызығушылықтың күрт артқаны байқалды. Мамандардың есебінше, бір-екі жыл көлемінде облыстағы балық өсіретін су алқаптарының көлемі 500 гектарға арта түспек.