Бекжан Тұрыс, байқауымша, дарылдап, орталарға бұзып кіретін, көлгірсіп сөйлеп көптің көңілін аулайтын көп жылтырдың қатарынан емес. Көп ақтарылмайтын, ырду-дырдудан саяқтау жүретін, біртоғалау (интроверт) адам сияқты. Соның өзінде оны жүздеген емес, мыңдаған адамдар және кілең "сен тұр, мен атайындар" -- бауыр, дос, туысқан тұтады екен.
Кейбір кісінің маңайында әйтеуір бір пайда көздеп айналшықтап жүрген көп адамды көресің. Бекжан ағаны адамдар басқаша сыйлайды екен. Фальшсыз, ішкі бір терееең құрметпен. Адам шынында да өзі не берсе, соны алады деген рас сияқты. Сен қандай болсаң, саған да сондай болады. Жұрт Бекжан ағаның талантына ғана тамсанбайды, жүйкесін сезеді, ар-намысын, азаматтығын жақсы көреді. Уақыттың құбылуына қарамай шынайылықты сақтап жүргені үшін сыйлайды. Ол кісінің өзі қандай шынайы, терең болса, оған деген қатынас та дәл сондай екен.
Теңіздерде кемелер адасып кетпеу үшін, "үйің мына жерде, Отаның осында" деп тұратын маяктар болушы еді ғой. Бұл кісі де сол сияқты. Қайда беттеуіміз керектігін нұсқап жүрген адам. Адамның өмірі ұлттық мұратқа жұмсалғанда ғана мәнді екенін еске салып жүрген азапкер. Бәріміз бірдей басымызды жоғалтып алмау үшін арамызға осылай азаптанып жүретін бір адам керек шығар. "Ұлым, саған айтам" моноспектаклінің сол өзекжардылығы ұнады бізге.
Актердің бәрі тұлға болып қалыптаса алмайды. Ылғи біреудің сөзін, біреудің ойын жеткізіп жүретін кәсіпте ӨЗІНІҢ сөзін айту таңдаулылардың маңдайына бұйыратын бақ. Актерлік талантын, зерттеушілігін, ізденімпаздығын, сүйкімін, тағы-тағысын былай қойғанда, Бекжан Тұрыс осы жағынан да бақытты: "Ұлым, саған айтам" деп (әрине Бақыт аға Беделханның көмегімен) ұлтына, ӨЗІНІҢ сөзін айта алды.
"Қазақтардың ішінен қазақ іздеп жүремін" дейтіні тегін емес. Қазір қазақ болу "қиын" ғой. Соған қарамай қазақ болып жүрген, қазақ азаматының қандай болу керектегін өз мысалымен көрсетіп жүрген, "нұрлы жұлдыз" сияқты елестейді, Бекжан аға.
Қойылым туралы, сіздің елу жасыңыз туралы бәрі де жазып жатыр ғой, жақсы жазып жатыр. Елден асырып не айтар дейсіз. Бірақ осы мерейлі сәтіңіздің куәсі болғаныма өзімді бақытты сезінемін. Сондықтан осы сурет жай ғана парақшамда тұрса екен дедім. Аман болыңыз, аттан түспеңіз.