0 дауыс
16.6k көрілді
Ғабит Мүсіреповтың *ер ана* және *ашынған ана* әңгімелерін туып бересіздер ме? тезірееек рахмееет достар

2 жауап

0 дауыс
Ашынған ана

      -        Қонайын деп
едім, - деді есіктен бір жалба-жұлба әйел кіріп келді де.
Жағы суалған. Бет-аузын айғыздап тілген әжім маңдайы мен екі
көзінің құйрығында түйісіп жұлдызданып тұр. Ағарған әжім сызықтарының әрқайсысы
бір-ақ тілектің ізі екенін ешкім аңғарған жоқ. Жарылған еріндерін тас жұмып алып,
үй иесіне от шашқан қара кезін қадады да, жауап күтті.
       Жырым-жырым
жеңінен білегіне дейін көрінген қайыстай қап-қара қолын көсеу ме дерсің.
Мүйіздей қара саусағының біріндегі күміс сақина өзгеше жарқырап көзге ұрады.
-        Қай жақтыкі боласыз?
- деді үй иесі әйелдің батылдығын ұнатпай. Оның үстіне, кәр көзділеу адам
"қонайын деп едім" дегенді жақтырмады. Әйелдің қажыған жан, қалжыраған
жайын ұға алмады.
- Сендей үй бикештері қайныдан басқа елді білмейтін. Айтсам
да біле қоймассың. Айтсам кейін айтармын, әуелі "қон" деген сөзіңді
айтсайшы! - деді әйел манағыдан көрі де батылырақ түрде.
        Үй иесі кесек
сөздерден бастырылып қалды білем, қайыра жауап бере алмай:
-        Қонам десең
енді... - деп былжырады да, өз әйеліне қарады. Оның қыпылықтаған көздері "мына
бәледен сен құтқармасаң, маған от шашып жібере ме, қайтеді..." деп тұрды
әйеліне.
-        Е, қонсын. Қоныңыз,
- деп әйелі меймандостық көрсетгі. Қыр арқасы мен жағасынан басқа дымы қалмаған
құп-қу қамзолын босағаға іле тастады да, келген әйел көсеудей қолын отқа қақтап
жатып:
-        Тоңып келдім.
Алыстан келем, сорлы басым! - деді. Бастапқы сөзден беті қайтып қалған үй иесі
күбіжеңдеп сөйлескісі келген пішін көрсетті де, еш нәрсе сұрай алмады.
Көгендегі қозыдай болып отқа төніп отырған балалар қорқып, кейін шегініп кетті.
Үй әйелі жалма-жан бір тостаған ұнды алып илей бастады да, әрі-бері қыбыжықтап
отырып:
-        Сыңайласым,
арып-шаршаған адам көрінесің, көзіміз үйренсін, жеңіңді айта отыр, - деді.
- Айтам, шырағым, айтам. Мына үй қожаңның тауы шағылып, жаны
жасып қалды білем. Мені бір мыстан кемпір деп отыр ғой, сірә! - деп самайына
түскен қара бурыл шашын құлағынан асырып қайырып тастады да, сөзіне кірісті:
-        Қаладан келем,
шырағым!.. Шыққалы он күн болды. Жоғарғы Арғын, Бәден ауылынікімін. Көптен
жесір адаммын. Доңыздың ашаршылығына байымды берсем де, арқалап жүріп жалғыз
баламды алып қалып едім. Сол балам үшін он жеті ай түрмесін де көріп келе
жатырмын... - деп бір күрсініп қойды.
       Үй әйелі нан
баттасқан қолымен самай шашын жинай беріп бір "сылп" деді де, қолын
көтерген бойы аузын ашып қатып қалды.
-        Бала ананың
бауыр еті ғой, отқа да, суға да сүйреп салады екен. Өзегіңнен үзіліп түскен
балаң үшін қалай отқа түспессің? Былтыр әлі солдат алатында жалғыз ұлым он
бесте еді. Алтыбас деген байдың сиырын бағуға жарағалы екі-ақ жыл болған. Екі
жылдан соң:
-        Қарағым, екі
жылғы табан ақыңа бірдеңе берсе, алып кел деп балама тапсырсам:
-        Сауып отырған
сиырдың сүтін ақтап жүрсің! - деп әлгі Алтыбас ит дым бермегені ғой.
        Жиырма бірге
келген баласы болыс еді. Оңбаған неменің көзі құтырған иттің көзіндей екі түрлі
болып, бірі тарғылданып, бірі қанталап тұрған, шашы үрпиген бір пәле еді өзі
шақылдаған. Байдың баласы бөрінің бөлтірігіндей келетін әдеті ғой.
-        Ақы бермесең
кетем, - деген баламды жонын, сыртын бірдей ғып сойып салыпты. Содан соң балам
қашып үйге келген.
-        Е, бұл белгілі
жай ғой. Ақысын ала алмаған жалғыз менің балам ба, тәңірі! - деп әйел аз
тоқтап, қайта сөйлеп кетті:
-        Сүйтіп
отырғанымызда, солдат алатыны шықпас па... Аттының қамшысы, жаяудың таяғы қашан
да бізге тиеді ғой.
-        Қапия қатынның
баласы да ілігіпті, - деп дүңк ете түсті.
-        Қой, менің
балам жас емес пе? - дейім. Жаманат өтірік бола ма, балам ілекті де кетті...
Жұртпен көрген ұлы той, әуелі отыра бердім. Баламның жастығына ішім ауырса да,
жұрттың барлық бозбаласы барады дегенсін, жалғыз елде қалып, үйірге салушы ма
ем, барсын дедім.
       Солдат
бермейміз деп азамат атқа мінгенде менің қарғатайым да бір тайға мініп
далбандап шауып жүрді...
        Күн өтті, ай
өтті. Бір уақытга елдің іші ала тайдай бөлініп адам басы дал болды да қалды.
Жылағанда басы қазандай болған қатындардың біразы үн-түн жоқ, басыла қалды.
Бірге жыласып, патшаны бірге сілесетін қатындарым қоя қойыпты. Мұндасайын деп
маңына барсам:
-        Қайтесіндер,
құдайдан күтіңдер, - дейді де теріс айналып кетеді.
Сұрастырсам, біз секілді құрым түндіктен басқаның көбі-ақ
баласын босатып алған екен. Баласы босағандар кәдуілгідей бөлектеніп, іргесін
аулаққа салып, жүре сөйлеседі. Көрінгеннің көзіне қарап:
-        Ағайын, маған
да жәрдем берсеңдерші. Жасы толмаған жалғызым көлденең ілегіп тұр ғой... -
десем:
-        Құдайдың
салғанын күтуден басқа не шара бар... - деп етегімнен тартады.
         Тамам таз бен
ақсақ, шолақтың арасында біздей сорлының баласы ғана солдатқа баратын
болыпты...
         Салып болысқа
бардым. Көз жасымды көлдей төгіп, болыстың әкесіне жалындым:
-        Өмірімді
есігіңнен алмайын. Тек қана салдаттан аман алып қал. Бұғанасы қатпаған жас бала
арам өледі ғой, - дедім.
-        Малымның
санынан алған адамымның саны асып барады. Ала алмаймын, - деді.
          Керілген кермиық жас қатыны бар еді.
-        Қара үйге бар.
Бұл үйге кісі келеді, - деп айдап шықты.
-        Мен кісі емей,
итпін бе? - дейін деп кеудем бір қозып тұрды да, айта алмадым, шығып кеттім.
 Алтыбас деп жай
атанды деймісің, бұған менің өкімім өтпес дедім.
Одан шығып болыс баласына жалындым.
-        Ел бассыз,
қатын байсыз қалмас, барсын. Балаңның жасын қате жаздырған байыңнан көр! - деді
де, поштабайына "мына қатынды шығар" дегендей ым қақты.
Ауылнай, билеріне де барам. Хатшыға да жалынам. Жылай-жылай
құрғыр көз суалуға да айналды: жәрдем түгіл, сөзімді тындайтын да адам жоқ.
-        Е, барсын.
Шошқа етін жеп жақсы боп келеді, - деп хатшы келеке қылады.
-        Өзің әлі
байдан қалған қатын емес екенсің, балаңнан ұялып жүрген шығарсың. Өрісің
кеңиді, барсын, - деді, болыстың қасынан қалмайтын бір қара сақал.
-        Алдияр, құлдык,
мырзалар-ау, балам он бесте-ақ қой, көлденең күйдірмесендерші. Бір ат, бір
сиырым бар, соны алыңдар, баламды босатыңдар дейім. Ешкім айналып та қарамайды.
Бір ат, бір сиыр параға жараудан қалған екен...
        Сонымен
болыстың маңайында бір жеті шарлап жүрдім. Қараша үйлерді жағалап айран-шалап
ішем. Кейде біреуіне қонам, кей күні кез келген арбаның астына жатып шығам.
       Бір күні
Алтыбас байдың тезек арбасының қасында жатыр ем, біреу келіп арқамнан құшақтай
алды. Іс-міс жоқ қаусырып әкетіп барады. Адам ба, сиыр ма, жұмысы жоқ, өңмендеп
басып барады. Ұшып тұра келсем, әлгі болыстың қасында жүретін қара сақал екен.
Аяғым аузына тиіп кетті білем...
-        Жетім қыздан
жесір қатын жақсы деп ем, бақыр басыңды алтын табаққа салайын десем... - деп
телміріп отыр. Кеудеден итеріп кеп қалып ем, ыңқ етіп шалқасынан түсті. Тұра
салып білегін білеулеп келе жатыр.
-        Әй, қара
сақал! Тек тиіп қара, қолында өлем! - деп анадай жерде жатқан балтаны
көтеріп-ақ алдым. Ұялды білем:
-        Ой, қан жауғыр
қаншық, - деп жүре берді.
        Күң болып
құмығып қалған жанбыз ғой, қанша ашулансам да балтаны жұмсай алмадым...
       Баламды босатар
емес. Өзімді әбден сықаққа айналдырып болды. Көлденең қамшы қыстырып, шырт түкіріп
жүргендердің бәріңе жалынам.
-        Балаңды қоя
тұршы... - деп мазақ қылады. Несің жасырайын, мен бір кезде "Айна
көз" атанған сұлу едім, кейде сұлулық та сорыңа бітеді!
Енді қайтем? Қаныма қарайып болдьм. Бірақ қолымнан ештеңе
келер емес. Тор байталға мініп балам келіп еді.
-        Апа, қайтесің,
еріккен жұртқа ойыншық болып. Бүйтіп сені сықаққа салғанша, солдатына-ақ барам.
Қайт үйге! - деді. - Оның мені сықақтағанға күйіп-пісіп жүргені өзегімді өртей
түсті...
           Баламды
ертіп алып, болыстың үйіне тағы бір келдім. Баламның жастығын көздеріне көрсетіп,
бар тілегімді де айтайын, алғыс-қарғысымды да аямайын деп келдім.
           Алдында
қымыз, ақ жастыққа шынтақтап болыс жатыр. Қымызын аузына апара беріп қара сақал
маған бұқадай төне қарады:
-        Біеке, тағы
келді ғой байғұс... Сұбабын ал... Баланы кейін көрерміз...- деп жап-жас бала
болыс маған қарады. Мұндай арсыздықты бірінші рет естігендей едім. Балам құлағын
басып, ата жөнелді.
-        Біз көрмей-ақ
қояйық. Өзін бір айға қаратып алшы! - деді болыс, мен бұрылып есіктен шыққанша.
        Далаға шықсам,
балам байталына мініп алып шауып барады екен. Шешесін қорлағанға шыдай да
алмаған, қолынан келері де жоқ... Көзім қарауытып, теңселіп тұрып қалдым. Құдайдың
дес берісінде, екі құлағын дірілдетіп үстіне бас салған бір табақ ет көтеріп поштабай
келе жатыр екен. Табақтың шетінде жалтырап жатқан сар кездікке көзім түсе
қалды. Ар жағын өзім де анық білмеймін.
         Өзім, көзім
қарайып, обалымды пышаққа артып, қанымды шашайын деп жүрген адам, сар кездікті
жұлып алып, жүгіріп келіп шалқасынан жатқан болыстың жұтқыншағынан салып кеп
жібердім. Сағалатып тұрып өкпе тұстан тағы бір-екі рет бұлғап-бұлғап алдым да,
ұмтылдым-ай кеп қара сақалға! Болысқа пышақ салып жатқанымда көзі шарасынан
шығып, қара сақал қалшиған да қалған. Пышақты өзіне ала оқтанғанымда:
-        Ойба...
ойба...-деп екі қолын ербелеңдете берді. Поштабайдың табағы қолынан жалп етіп
жерге түскенін, тістері ақсиып бастың домалап кеткенін бір көріп қалдым.
         Көзіме қан толып
кетті білем, еш нәрсені ашық көре алмадым. Қай жері екенін білмеймін, пышағымды
екі-үш рет сұққыладым-ау дейім қара сақалға да. Бірақ сүйекке тырс-тырс етіп,
пышағым батпады. Соны ғана білем, содан соң талып кетіппін...
       Бір уақытта
селк етіп көзімді ашып кеп қалғанымда көзіме үймелеген қара шыбын ду ете түсті.
Көзім жыбыр-жыбыр етіп ашқызбайды. Көзімнен басқа жерім қорғасынмен құйып
тастағандай, тұрайын десем, денемде өзіме бағынатын бір мүше қалмапты, бәрі
бөтен. Қолымды көтеріп денемді барлайын десем, қолым тырп етпейді. Аяғымды
қозғайын десем, аяғым өзімдікі емес...
       Шалқамнан жатыр
екем. Жап-жалтыр аспаннан басқа түк көрінбейді. Не оңға, не солға бұрыла алмаймын.
Өзге денемнен айрылып, құр көзім ғана қалғандай... Түсім шығар деп біраз
жаттым... Әлден уақытта аяқ жағымда бірдеменің ауырғаны білінді: Бірақ, өз
денем емес, қасымда жатқан біреудің денесінің ауырғаны маған білінеді екен
дейім...
        Жата, жата
білдім-ау, естен танғанша тепкілеп-тепкілеп, ауылдың сыртына керіп тастаған
екен.
         Денем түгел
көрінеді. Бірақ бірде-бірінің жаны жоқ, бәрі бөтен. Денемді бөлек-бөлек етіп
шауып біріне-бірін қайтадан жалғап тастағандай қозғауға келмейді.
          Есім түн
ортасында жиналды. Аяусыз жан, қанша тепкіні көтеріп, енді маған соның мөлшерін
айтып жатыр. Екі аяғымды екі қазыққа, екі қолымды екі қазыққа керіпті де, білек
пен қызыл асықтан тастай қып таңып тастапты. Шашымды аттың құйрығындай бұрап-бұрап,
бесінші қазыққа байлапты. Балам Бақыт көрер ме, өзі де бір жерде керіліп жатыр
ма, менің жатқан жайым осылай екен. Тепкіден басқа не істегендерін білмеймін...
Жаны құрғырдың әлі шықпағанына көзім жеткен соң, өлімсіреген дауыспен:
-        Қарашығым,
қайдасың... - дедім ыңырсып.
-        Ит жанды ит
тірілді ғой! - деп қос қабаттаған қамшы бас-көзіме жауып кеп кетті...
-        Құрсын, құрғыр
өмір, бейнеттің жеті атасын көрді ғой бұл жұдырықтай бас. Бәрін айтсам
жүректерің ұшар. Мына жасық байың үйінен үркіп кетер, көзі бақырайып кетті ғой,
қысқартайын... - деді әйел.
         Содан соң ай
жеті күн дегенде көрдей қараңғы, мұздай суық түрмеге апарып көмді де тастады ғой.
        Босағалы бүгін
он күн. Қыстыгүні патша түсіпті. Одан соң бір патша болыпты. Қазір бәлшебек
деген жұрт билеп тұр қаланы деп, түрмеден шыққан соң естідім: өздерін тани
алмадым, бізді босатқан солар екен.
-        Енді түрмеге
бұрынғы түрмешілердің өздері жататын болады! - дейді екен олар.
-Түрмеден шықтым да, қарашығым қайда екен деп, елге қарай
ұшып келем. Сорлы балам мені қайдан іздей алсын. Өзім іздеп табам ғой деп,
жүрегім алып ұшып келеді... - деді.
         Алдына әлдеқашан
қойылған шай мен жылы, жұқа нанға әйелдің қолы әлі бір тиген жоқ.
         "Енді
түрмеге түрмешілердің өздері жататын болады!" дегенде - "сен бұл
сөзге түсінемісің?" дегендей, әйел үй иесінің бетіне бір қарап еді, оның
көзі төмен қарай жылт ете түсті.
         Енді, міне,
"жүрегім алып ұшып келеді!" дегенде көзінің қарашығында ойнаған от сәулесі
ортада маздап тұрған оттың өзінен де артық жарқырап кетті. Іргеге бұққан
балалар қозғала-қозғала әйелдің қасына келіп, тізесіне де асылып, аузына да
қарап қалыпты. Манадан бері "балам" деген сөзді әйел осы балалар
жайында айтып отырғандай.
- Сендер үшін! - деп, ер әйел балалардың маңдайларынан
бір-бір сипағанда, бұдан бұрын ешбір ана сипамағандай мейірім қанатының
лебіндей өте майда тиді. Дауыл желінен түрілгендей үй иесінің тымағының бір құлағы
түріле бастапты...
       Әйел түн бойы
өмірінің қараңғы түкпірлерін қазып, көп әңгіме айтты. Өмір өзін сондай
сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған
ана еді...
0 дауыс
Ер ана

      Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман
астан-кестен. Шашын жайып жіберген ақ қайындар жазықсыз қираған қарағай бауырын
жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қалың орманның өрт шалған тұстары
түскен тістің орнындай кетіліп қалыпты да, қап-қара болып опырайып тұр.
       Ну орманның
қала жақ беті қысқы көрпесін қалың жамылған жазық дала, бүгін бетіне қорасан
шыққандай шұп-шұбар. Ол шұбартып жатқан қопарылған жер, бүктетіліп жатқан өлік
денелері. Әр жерде намазға жиналғандай топ құзғындар отыр да, қуанғаннан
құйрығына дейін қыпық қағып сауысқандар жүр.
        Қаланың оң
бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын
бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің
күміс жапырақтары әлі дір қағып жатыр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен
уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар кәрлі қабағын кешпес кек, қайтпас
ызғармен түйіп алыпты.
          Жау қолы
жолында кездескеннің бәрін жұлып тастағысы келгендей, от пен оқты аямай төгіп,
қалаға төнді. Аяусыз бүлдіріп, мағынасыз қиратып, кек егіп келеді.
        Көрінген
бұтаны бойтаса жасап, қалаға қарай жалғыз әйел келе жатыр. Түп ізі - қалың
орман, меңзегені осы қала сияқты. Жауған оқты елемей, өлім қаупін ескермей келе
жатқан ана еді ол. Өмір үшін сынға түссе, ана жүрегі бүлк еткен бе! Әйел
бұршақтай бораған оқ астына қарай кіріп келе жатыр. Бұл аңыраған ана Наталья
еді.
         Әр жерде
топтанып отырған тойған құзғындар "қашан ортамызға түсесің, жаназаңды
қашан оқимыз?" дегендей, Наталья анаға тұнжырай қарасады.
- Түседі, түседі, түседі! - деп, құйрығымен ым қағып
сауысқандар отыр.
        Қалада қалған
аз ғана халық түгел көтеріліп, өткен түні орманға жөнелгенде әл үстінде жатқан
немересі - Лидасын байғұс кемпір әкете алмап еді. Түн бойы ауыр сандырақ
үстінде жатқан балапанының қасында болды да, қалада жалғыз қалғандарын
сездірмеді. Енді, міне орманға орналасқан жұрттың із-тозын бір анықтап алып,
Лиданың қасына қайтып келе жатыр.
     Лиданың өз шешесі мұғалима, жаздан бері
партизандар ішінде жүр. Лида өз шешесін көрмегелі алты айдан асты да, содан
бері әжесінің қолында еді.
        Наталья ана
күні кеше ғана сүзек пен немістерді өзінше салыстырып кеп:
-        Бірі суыққа
ұрындырсам-ақ алмай қоймайтын ауру да, енді бірі -тегі, адам баласы ғой... - деп,
Лиданы қозғай алмаған.
      Енді бүгін ана
жүрегі екінші байлам жасады. Өлсе, аурудан өлсін, адамнан айуан шыққанын көрмесін
деп, әл үстінде жатқан балапанын орманға әкеткелі келеді.
- Мас өгіздер әл үстінде екен, бала екен деуді білмей
жүрсе... - деп ойлай бастайды да, оның әр жағына үңіле бастаса ана жүрегі дір
қағып кетеді. Қала лапылдап жанып жатыр. Қала басына қара жамылғандай, қара
түннің астындағы, қайғылы бір күні еді. Күнінде неше көрісіп, неше рет сыр
ақтарысатын жақын жандардың жанып жатқан ұясын көргенде, ана жүрегіне қорғасын
құйылып бара жатқандай сезілді.
        Ауру Лида
мектеп үйінде қалған. Мектеп әзір аман екен. Наталья аяғын әрең басып, мектеп
қорасына кіре бергенде, ертеректе снаряд қазып кеткен ұңғыға әлденені көміп
жатқан екі адамды көрді. Партизандар екенін де таныды, олардың не істеп
жатқандарын да түсінді. Қаладағы үлкен үйлерді, керек боп қалса, көкке ұшыруға
әзірлеп қоятынын, Наталья талай көрген де, естіген де еді. Мектеп астын дәріге
толтырып, от беретін сымның ұшын ұңғыға көміп жатыр.
-        Ей, тоқтаңдар...
Мектепте менің бөбегім жатыр... - деп, Наталья, тез-тез басып барып, мектептің
есігін ашты.
-        Ақырын,
ана!-деді, екеудің біреуі, Натальяның кім екенін танығаннан кейін. Керегі болып
қалмаса, бүлдірмейтінімізді білмейтін бе едің? Қорықпа, мүмкін, немістер
кішкентай қаланы менсініп тоқтамас та... Бара бер пәтеріңе... Бірақ бұл жерден
аулағырақ жүрерсің. Әсіресе, от жақындап жүрмесін.
-        Е, мен бір түк
көрмеген меңіреу ме едім, сонша! Он сегізінші жылы талай көпірді өзім де
қиратысқанмын. Ол сендер ғана білетін өнер емес шығар! - деп, кемпір мектепке
кіріп, өз бөлмесінің есігін аз ғана ашып тыңдай қалып еді, Лида тағы да
сандырақтап сөйлеп жатыр екен:
-        Мама, мына
түрінде көзің мен мұрныңнан басқаның бәрі бөтен, бәрі бөтен... Әжем түгіл мен
әрең таныдым... Мама, сен қараңғы түндерде орман ішінде жүргенде, нағып қорықпайсың?
- Түнде жиналысқа баратын болсаң, мені ерте жүретінің есіңде ме, мама!
Қорықпайды деп әжемді айт... Ол түн ішінде қараңғы моншаға да жалғыз кіріп шыға
алады, - деп, Лида ақырын ғана жымиып шешесі алдында тұрғандай қолын соза беріп
еді, әлсіз сылқ етіп түсіп кетгі. Өз шешесі әддеқайда, алыс ормандарда жортуылда
жүрсе, әжесі есіктен қарап жылап тұр еді.
-        Иә балапаным,
шешеңді сағынатын уақытың да болды, балапыным,- деп, Наталья немересінің ыстық
басына қолын салғанда, кемпір жүрегінде қызғаныш қытығы да бар еді.
        Лида әрең деп
көзін бір ашты да, мейірімді ана қасында екенін аңғарғандай болды. Бірақ әлгі
сандырақ енді әже сипатына ауысып:
-        Ой, мама, сен
қалай қартайып кеткенсің... - деп қалды да, ұялған кескінмен әжесіне қарай бір
ығысып қойды. Суық үйде, суық күндерде, ең жылы, ең жұмсақ құшақ осы әжесінің
құшағы болатын. Буындары бұлтиған кәрі қол өте жұмсақ тиеді де, буалдыр тартқан
таныс көздері мейірім жылылығын төгеді. Лида қайта қалғып кетті.
     Зеңбірек даусы
жақындап қалды. Наталья Лиданы орап-шымқап енді көтеріп қолына ала берем
дегенде, жақын жерде ғана жарылған снарядтан мектеп үйі қатты сілкініп қалды
да, Лида қолынан түсіп кетті. Кемпірдің өзі де құлап қалды. Үй төбесіне
әлденелер сатыр-сұтыр етіп түсіп жатыр.
        Кемпір жүгіріп
далаға шығып еді, жау снаряды қаланың қасиетті бір белгісін аспанға атқан екен.
Мектеп қасындағы аланда бірге жерленген он тоғыз большевиктің ескерткіші бар
еді, соны қиратыпты. Ол молада Натальяның ері Степан да бар. Оларды он сегізінші
жылы тағы осы немістер атып кеткен болатын. Жүрекке салған сол дақ аз
болғандай, бүгін, міне, сол қадірлі ескерткішті жоқ қылды.
       Қадай салған
қанжар дәл жүрегіне қадалғандай, Наталья отыра кетті, соғысып та, соққы беріп
те көрген елдің қызы мұндай тағылықты есіткен емес-ті. Кешеден бері бос қалған
қаланы неге осынша талқандай береді, ана жүрегінің ұға алмай тұрғаны да осы
ғана.
-        Есерлік пе,
еселеп өскен қандастық па?
        Ескерткіштен
мектеп төбесіне келіп түскен ағаш пен тастар. «Бұл қорлықты ұмытпа, Наташа!»
деп жатқан Степанның даусындай, ана жүрегіне шаншыла қадалады. Ана бойына он
сегізінші жылдардың ашуы қайта жиналып, тамыр-тамырын ыстық қан қуалай
жөнелгендей болады.
-        Наташа, саспа!
А, Наташа, төк оқты! - деп тұратын сонау күндер бүгін бір сағат қана қолына
түсер ме еді, әттең...
      Кәрі көздер, сол
алыс күндердің бір айқасын көріп тұрғандай, әлдеқайда қарап қадалып қалып еді,
неміс танкілері де қалаға кіріп келеді екен. Лезде қаланың барлық көшесі танкі
мен машинаға, сұр киінген әскерге толды. Қалада үш шақырымға созылған ақ ұзын
көше бар еді. Соны өрлей ағылған жау қолы үйме-жүйме болып, үйіліп келеді.
        Мектеп қорасына да танкілер тола бастады.
Темір жамылған, ажал таңбасын мандайына басып алған машинадан екі адам шыға
келді де, Натальяны көріп:
-        Қолыңды
көтер!-деді, Наталья қозғалған жоқ.
      Кемпірді именбей
тінтіп, ұялмай балағаттап болғасын:
-        Мынау мектеп
мина төгіп қойған үй болар. Алдымен осы кемпірдің өзі кірсін!-деп, Натальяны
алдарына салып, мектептің есігін ашқызды.
        Наталья есікті
еркін ашып, катты жауып жүріп, мектептің бар бөлмелерін аралатып шығарды. Ең
аяғында өз бөлмесіне кірді де, ауру немересін қорғаштай тұра қалып:
-        Көріп
болдындар... Енді кіре беріндер! - деді.
       Немістер жүрегі
орнына түскендей. Жалғыз қалған кемпірдің неліктен қалғаны да түсінікті
сияқтанды: ауру бала нарттай жанып жатыр. Сонда да Лиданың көрпесін бір жұлып
алып, арық денені бір жалаңаштап көрмей сенген жоқ.
       Бұл үйде өз
адамдары тұрса, бұл маңда қауіп те жоқ болу керек деген ой келді білем, мектеп
іші адамға толып кетті. Бұл елдің мектепті қадірлейтінін жақсы білетін
немістер, қаладағы ең қауіпсіз жер осы болар деп ұйғарды.
        Мектеп
коридорында тағалы аттар жортып жүргендей... Лида бір мезгілде көзін ашып:
-        Бұл не, әлде
бүгін оқу бастала ма? - деп сұрады мұңайып отырған әжесінен.
-        Иә, күнім...
басталатын болар...
        Есіктерге қарауыл
қойылып, қолдар шекеге сарт-сұрт баруына қарағанда мектепке орналасып жатқандар
- офицерлер екені де айқын еді.
       Фашистер
әлденені айтып, арсаландап Наталья бөлмесіне де кіріп келеді де, көп кідіре алмай
шығып кетеді. Әлде аурудан ығыса ма, әлде балапанын қорып отырған ұя басар -
анадан тайқи ма, әйтеуір, тұрақтай алмайды.         Басқа бөлмелерде айғырлар ақыранғандай,
бұқалар өкіргендей болады.
-        Мына бір
еврейдің құрт көзін! - деген әмір берілгенде, ақ гипстен жасалған Пушкин мүсіні
терезеден атып шықты. "Ескі салтты, өткен ғасырлардың тағы адамдары"
саналып, талай ақ сақалды, ақ бас дана қарттардың суреттері жұлынып жатыр.
        Ақ кірпіктерін
сүзе, бояусыз көзі мөлие қараған неміс офипері Наталья бөлмесіне кіріп келіп:
-        Мадам, ауру
балаңызды алыңыз да бөлмені босатыңыз. Сізге мұнда тұруға болмайды, - деді
көрден шыққандай суық үнмен.
-        Түн ішінде
қайда барам? Барлық үйлерге де сіздің адамдар толып болды емес пе... Ауру
баланың жайын көріп тұрсың ғой, - деді кемпір, қызғылт көздерінен қызыл ұшқын
шашып.
-        Қайда барарыңды
өзің білесің. Біз сендерге пәтер тауып беруге келген жоқ шығармыз деп ойлаймын.
Бұл ақырғы сөз!
-        Көшеге шыға
бергенде, күзетшілерің ғой, атып салады?
-        Мүмкін атып
салар. Күзетшіге мен жауапты да емеспін. Бірақ сізді офицер атады екен деп
үміттенбеңіз... Ол құрмет көрсетілмес сізге... Атса, бәрібір солдат атады.
        Бұлармен сөзге
келіп, түсінісуге, рақым күтуге болмайтынын жақсы білетін ана, Лиданы қайтадан
орап байлап, көтеріп алды да, мектептен шықты.
      Қала өрт құшағында.
Мектеп қорасы да, көшелер де лық толы жау әскері. Сықырлаған, қаршылдаған,
күркілдеген танкілер отын сөндірмей, үйір-үйір болып тұр. Қай жағыңа қарасаң
да, өлім орағын көресің, қай үн құлағыңа келсе де, ол өлім үні сияқты.
        Неміс
солдаттары мектеп сарайларын қиратып, от жағып, ас жылытып жатыр. Ақырын
аяңдап, баласын құшақтай көтеріп, ана солардың қасына келді.
-        Мен бәріңе де
анамын ғой, балалар. Өз балам мынау, әл үстінде.Таңатқанша оттарыңа жылынайын.
Лұқсат етіндер... - деді.
       Солдаттар
"солдат" сөзін айтып, оған "жұқпалы дерт" дегенді қосты.
Мектеп қорасында он шақты жерге от жаққан солдаттардың бір тобы да маңына
жуытқан жоқ. Ана жүрегіндегі ақтық кесім алынып та қалды!
       Наталья қарға
кеудесінен кіріп отыра қалған Толстой мүсінін көрді. Қалың қабақтың астынан
түйіле қараған шүңірек көздер әлденені айтып, әмір етіп тұрғандай,
"Аннаны" бастарда жазған "егер кегім бір алынса!" деген сөздері
еске түседі.
-        Егер кегім
алынса!..
      Лиданы манағы
өзі көрген ұңғының қабағына қисайтты да, кемпір сүйретіліп барып сарай жақтан
бір-екі тақтай алып келді. Ұзын тақтайдың бірін солдаттардың отына өз қолынан
тұтатып алып, ұңғының шетіне от жаға бастады.
      Қу тақтайлар сатырлап,
гуілдеп тез жанып кетті. Қараңғылық қоюланып, от айналасындағы солдаттар өздерінен
басқаны көрмейтіндей кез болып келеді. Сол кезде:
-        Манағы от
түсіп жүрмесін деген жерің осы еді-ау...- деп, кемпір отын солай қарай бір
ысырып қойды.
        Мектеп үйінің
әр бөлмесінен жарық жылтылдап, мас әндер естіле бастады. Наталья отын тағы бір
ысырып қойып, бар тақтайды отқа тастап жіберді де, Лиданы көтеріп алып, мектеп
бақшасының түкпіріне қарай жылыса жөнелді.
       Әлде от жетпей
жатыр ма, әлде манағылар ойнап айтты ма, Наталья бақшаға жеткенше, ешбір апат
белгісі білінген жоқ.
-        Орнынан
жаңылған екем. Қайтадан ондап жіберейін, - деп Наталья мектепке қарай бұрылғанда,
бір ғана гүрс етіп, мектеп үйі аспанға ұшты. Ұшқан бөренелер, қара бұйраланған
от жалыны мектеп айналасын түгел жауып кетті. Баласын бауырына қыса түсіп, ер
ана да қара түнге сүңгіп кеткендей жоқ болды...

Ғабит Мүсірепов
...