+1 дауыс
91.6k көрілді
Адамдар маған Ғабит Мүсірепов шығармашылығы туралы шығарма керек жоспарымен болса?

5 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап

Мүмкін мынау да қажет болып қалар саған

Бірнеше күн бұрын кітапханадан Ғабит Мүсірепов ағамыздың «Тұтқын қыз» кітабын алып едім, кітаптың соңғы беттерінде "Қойын дәптерден" деп көптеген ой пікірлерін жазыпты.
Кітапты 1993-жылы Алматыда «Балауса» баспасы жарыққа шығарыпты.
Мен өзіме ұнаған бірнешеуін ғана теріп жаздым:

Қиратуға құмарлық — жаңаны жасауға құмарлығы.

"Қисық таяқтың көлеңкесі түзу болмайды", «Жыртық қапқа тары тұрмайды» (Монғол мақалы)

Жастар туралы «Жас орман» деген роман жазса дұрыс болар еді. Осы екеуінің арасында талай ұқсастық бар.

Өлең өндірісін қойып, шын мағынада поэзия жаз дер едім.

Езу тартқаны қасірет белгісіндей көрінетін адамды бүгін көрдім.

Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдыреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.

«Ойлау мен орындау — көркем өнердің екі беті». (Бальзак).

"Әйел үшін ақша төгу — не алғашқы қызық дәәуірінде, не енді арана сайтақ кіре бастаған кезде..." (Бальзак)

Заң әрі тар, әрі тапал есік сияқты болса, амалсыз басыңды иіп өтесің; заң даналығы мен ұлықтығына таң қаларлық болса, еркіңмен, құрметпен басыңды иесің. Тар еіс сияқты заңнан басын имей өтушілер болса, онда ол адам тапалдың да тапалы, қурайдың да қурайы болғаны; Ұлы заңға бас имеушілер болса, не соқыр, не ақымақ болғаны.

Байы мен қатыны ұрысқанда әйелдің даусы қаттырақ шықса, айып қатында болғаны, еркегінің даусы қаттырақ шықса айыпты сол. Әсіресе еркек даусы қаттырақ шықса — дауды «жеңіп» тоқтатқысы келгені. «Жеңістің» бір түрі осындай болады.

Ең ауыр майдан — надандықпен күресу майданы: әрі ұзақ, әрі ызасы көп.

Айтқын келген ойын мен айтқан ойыңнын арасында айырма бар, айтқын келген ойың мен қалай айтқаның арасында да сол айырма.

Құс жоғары ұшқанымен ойы жоғары емес, әрине.

Әйелдің ақылы — көркінде, еркектің көркі — ақылында.

Махаббат, достық, бауырмалдық адамның бір ең асылы.

Сері адам өсекке мән бермейді

Әйел шыныменде жылап алса, ажарланып кетеді, көңілінде түйнек болып тұрған бір тасты көз жасымен жуып тастағандай.

Біреу үшін қылмыс, біреу үшін ерлік саналады емес пе?

Ойлау деген ойыншық емес.

Көбіктің көленкесіндей қана елес беретін ойлар болады. Әне, соны аңғара біл!

Балалар тәрбиесін үлкендерден бастау керек.

Ахиллестің Найзасы жаралай да, жараны жаза да біледі.

Әйел біткеннің бәрі де өздерінен сұлуырақ көрінген әйелге жау болады.

Оқымыстылық мансап үшін киілетін тәжі де емес, сауын сиыр да емес (Толстой).

0 дауыс

Ғабит Мүсіреповтың туғанына 110 жыл

«Дүнеде адам  баласының ұлы қасиеті екеу - ақ: Ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы» Ғ.Мүсірепов

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі - Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов, оның қазақ жазба әдебиетінде қосқан көркемдік үлесі үлкен. Қазақ әдебиетіндегі әңгіме, очерк, публицистика, повесть, роман, драма жанрларының қалыптасып, дамуында Ғ.Мүсреповтің өзіндік орны бар. Сондай-ақ, әдеби сын мен әдебиеттану саласында да оның еңбегі елеулі. Жер жүзі әдебиеті мен орыс әдебиетінің классиктерінен қазақ тіліне шебер аудара отырып, ол туған әдебиетінің алтын қазынасын байыта түскен ірі аудармашы да. Идеялық мазмұны терең, көркемдік қасиеті көзтартарлық талай - талай асыл бұйымдардың авторы Ғ.Мүсірепов - қазақ әдебиетіндегі майталман жүйрік сөз зергерлерінің бірі. Оның көркемдік шеберлігі кейінгі буын қаламгерлердің үйреніп, тағлым аларлық әдеби мектебіне айналды. Қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан Ғ.Мүсірепов тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл халыққа да кең танылған ірі суреткер. Оның көрнекті еңбектері орыс және басқа да халықтар тілдеріне аударылумен қатар, шетел тілдеріне де аударылып, кеңінен таралғаны мәлім. Қазір Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің есімі бүкіл дүниежүзіне мәшһүр.    

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы 22 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Жамбыл ауданы, Ғабит Мүсірепов атындағы совхда өмірге келген. 1908-1910 жылдары өз ауылында молдадан оқып, арабша хат таниды. 1916-1918 жылдары Қостанайда екі класты орыс мектебінде оқиды. 1918-1921 жылдары Пресногорьковтағы жоғарғы басқыш училищеде оқып, бітірген. 1923-1926 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы Факультетін оқып тәмамдайды. 1926-1927 жылдары Омбы қаласындағы Ауылшаруашылық академиясында оқиды. 1927-1928 жылдары Щучинск орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып істеген.

Ғ.Мүсрепов 1927 жылдан Коммунистік партияның мүшесі. 1928 жалдан бастап  Қазақстанның партия, совет баспа орындарындағы әртүрлі жауапты қызметтерде болды. 1928-1932 жылдары Қазақстан мемлекеттік баспасның бас редакторы міндетін атқарды. 1933 жылы Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі, 1934-1935 жылдары алдымен «Қазақ әдебиеті» кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1936 жылы ВКП/б/ Өлкелік Комитетінің баспасөз бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1937 жылы Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасады. 

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1938 жылдан 1955 жылға дейін бірыңғай жазушылық еңбекпен шүғылданды.

1956-1967 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің органы «Ара-Шмель» атты қазақ, орыс тілінде шығатын сатиралық журналдың бас редакторы болып істеді.

1956-1961,1964-1966 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші секретары міндетін атқарды.

1959 жылдан 1985 жылға дейін КСРО Жазушылар Одағы басқармасының секретары болып сайланды. 1972 жылы 18 январьдағы Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының ІІІ пленумында Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының секретары болып сайланды.

Ғ.Мүсірепов 1958 жылдан бері Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.

Ғ. Мүсірепов - көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. Қазақстан Коммунистік партиясының І /1937ж/, Х /1960ж/, Х / 1961 ж/ съездерінде КП Орталық Комитетінің мүшесі болып, 1963, 1967, 1971,1975, 1980, 1985 жылдардағы сайлауларда Қазақ КСР Жоғары Советінің депутаты болып сайланды.

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов бүкіл халықтар жетістіктерін жер жүзіне насихаттап, танытуға белсенді еңбек сіңірген данқты жазушы. Ол Азия және Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі Советтік Комитет председателінің орынбасары, Европа мәдениеті қоғамының мүшесі ретінде шет елдің прогрессивті, демократ жазушыларымен мәдени, достық қарым-қатынасы күшейтіп, нығайтуға да үлкен үлес қосты.

Совет әдебиетін өркендетудегі аса елеулі еңбегі үшін Ғ.Мүсірепов Ленин /үш рет/, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту /екі рет/ ордендерімен, КСРО медаальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы советінің грамоталарымен наградталды. 1970 жылы Ғ.Мүсірепов «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Оған 1974 жылы Социалистік Еңбек Ері, 1984 жлы Қазақ КСР халық жазушысы атағы берілді. 1977 жылы «Суреткер парызы» кітабы үшін Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

«Өмір жорығы», «Қыран жыры» сияқты әңгімелері терең ойлы шебердің қолынан шыққан бөлек туындылар.

«Кездеспей кеткен бір бейне» атты повесі жазушының шын зергерлігін танытты. Бұл повесте жазушы азамат соғысы жылдарындағы қазақ аулындағы өмір шындығын білгірлікпен айқын суреттеп бергені сөзсіз.

Ең алғашқы романы «Қазақ солдаты». Алдымен бұл шығармасын 1945 жылы «Қазақ батыры» деген атпен повесть ретінде жариялады да, кейін өңдеп, толықтырып, кемелдендіріп 1950 жылы «Қазақ солдаты» романын жұртшылыққа ұсынды.

Ғ. Мүсіреповтің творчестволық жолындағы көрнекті шығарма «Оянған өлке» романы. Бұл романды о баста жазушы трилогия ретінде жазбақ болғаны мәлім. Сол трилогияның бірінші кітабын 1953 жылы жариялап оқырман қауымға ұсынды. 1984 жылы романның екінші кітабы «Жат қолында» деген атпен жарық көрді.

Идеялық мазмұны терең, көркемдік сипаты көз тартарлық «Оянған өлке», «Жат қолында» романдары тек жазушы творчествосынан ғана емес, бүкіл Қазақ әдебиетінен келелі орын алатын кернеулі шығарма ретінде танылды. Жазушының бұл романдары бүкіл халықтар әдебиетінің асыл қорына қосылған елеулі көркемдік үлес.

Ғабит Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Қазақ әдебиетіндегі драма жанры кейіннен қалыптасып дамығаны баршаға мәлім. Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовпен бірге ұлттық драматургияның негізін қалап, іргесін көтеріскен Ғабит Мүсіреповтің есімі қазақ театрының тарихынан елеулі орын алады. Оның әйгілі пьесалары қазақ театрының сахнасынан түспейтін тұрақты репертуарына айналды.

Ғабит Мүсірепов Шекспир, Мольер, Шиллер, Гоголь, Островский сияқты драматургия алыптарынан творчестволық үлкен қуатпен үйрене отырып, ұлттық драматургияға ірі олжа салды. Оның «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты пъесалары халық жырларының негізінде туса да, өз алдына дербес туындылар ретінде танылған еңбектер.                      

Драматург тарихи белгілі адамдардың өміріне де қалам тербеп, жақсы драмалық үлгілер жасады. Оның «Ақан сері-Ақтоқты» драмасы ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік өмірін шынайы бейнелесе, «Амангелді» пьесасында жазушы 1916 жылғы қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысын, Ұлы Октябрден кейін кеңес өкіметін орнықтыруға халықтың белсене еңбек сіңіруін айшықты өрнектермен суреттеп берді.

Ғ.Мүсірепов бірнеше либретто, сценарийдің де авторы. Ол жазған «Қыз Жібек» операсы мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балетінің либреттолары қазақ операсындағы таңдаулы либереттоның қатарынан орын алды. Ғ.Мүсірепов «Амангелді» атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазысты. /Вс.Иванов, Б.Майлинмен бірге/. «Махаббат туралы дастан» атты көркем суретті және екі сериялы «Қыз Жібек» фильмдерінің сценарийін жазғанда да Ғ.Мүсірепов. Әсіресе соңғы туындысымен ол киносценарийдің үлкен шебері екенін танытты.

Жазушының аударма саласында да сіңірген біраз еңбектері бар. Бұл ретте оның О.Генридің новеллалары, Силъвестр Тагараоның әңгімесін, А.М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург шығармаларын қазақ тіліне аударғанын айтсақ та жеткілікті.  Сондай-ақ Ғ.Мүсірепов аударған В.Шекспирдің «Антоний мен Клеопатра», А.Н.Островскийдің «Таланттылар мен табынушылар», Мольердің «Сараң», Я.Галаның «Таң алдында», К.Симоновтың «Орыстар» атты пьесалары да ұлттық драматургияның өсіп, өрлеу жолында недәуір көркемдік қызмет атқарғаны сөзсіз.

Ғ.Мүсіреповтың проза, драматургия, аударма саласында сіңірген еңбегімен қатар, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынына қосқан үлесі де елеулі. Сонау жиырмасыншы жылдардан бастап өмірінің соңына дейін қазақ әдебиетінің даму процесінің көкейкесті проблемалары жайында үздіксіз пікір айтқан аға жазушылардың бірі Ғабит Мүсірепов болады.

Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов - үлкен прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы - ғалым ретінде туған әдебиетінің өте маңызды кезеңін бейнелеген  шығармалар берген, халық өмірінің көркем шежіресі болып табылады.  Ол ел-жұртына кеңінен танылған, халықтың адал азаматы, қадірмен ұлы, шын мәніндегі халық жазушысы. Оның қаламынан шыққан әрбір еңбегі халықтың жүрегіне жол тауып, рухани асыл бұйымына айналды. 

Біздің ұлы сөз зергері, даңқты жерлесіміз Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің туғанына 22 наурыз күні 110 жыл толады.  Осыған орай біздің Орталық кітапхана және селолық кітапхана қызметкерлері де бір неше іс шараларды откізуде.

0 дауыс

Ғабит Мүсірепов жай жазушы емес, үлкен суреткер. Ал суреткер дегенің өзін жазушы санайтындарының барлығының маңдайына бұйыра бермейтін ерекше бақыт. Ол жаратқанның, тәңірінің берген ұлы сыйы, ерекше қасиеті.

Ғабит Мүсірепов – қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сөзден маржан түзген, қазақ сөзін қақпақылдап ойнатқан, бір сөз екінші сөзіне жарық түсірген сирек талант иесі, қаламынан өнері төгілген сөз зергері. өзіне де сөзіне де аса талғампаз, кірпияз, дегдар, текті қалам иесі. Үлкен талғам, зор талап биігінен қарайтын, сөз өнерінің эстетикасын бойына барынша жинаған эстет, сөздің қадірін де қасиетін де киесін де жан-жүрегімен терең сезінетін әр сөзін аса ыждаһаттылықпен пайдаланатын мәдениетті жазушы. Ғабең, Ғабит Мүсірепов – қазақтың қара сөзінің қаймағын сапырған, ұлттық мәдениеттің мәйегіне бөліп, уызына жарыған, құнарлы топырағынан нәр алған жазушы. әдебиет әлемінің ұңғыл – шұңғыл ын зерттеп, ізденіс баспалдақтары арқылы, шеберліктің биік шыңына шықты. Бізде әңгімемізді жазушы прозасындағы шеберлік мәселесіне, оның суреткерлік бітіміне бұрмақпыз.

Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің өз шығармашылығына аса талғампаздықпен, жауапкершілікпен қарағандығын академик – сыншы Мұқаметжан Қаратаев былай деп көрсетеді: «Көркем творчествоның міндеті мен шартына Ғ.Мүсірепов әуелден – ақ жеңіл – желпі қараған жазушы емес. Ол әдебиет дүниесіне асықпай, аптықпай, аяқты жай басып келгені сияқты, келген соң да өз ісін үнемі үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын байсалды жазушы екенін танытты. Бұл шебер жазушының негізгі принципінің бірі болса керек. Мұны біз Ғабеңнің баяу, бірақ байсалды істейтінін де, шыңдалған стиль шеберлігінен де, жастар творчествосының көркемдік сапасы мен қазақ тілінің тазалығы жөніндегі жанкүйер қамқорлығынан да анық көреміз.»  [1.187]

Ал, академик- сыншы Серік Қирабаев Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемін түйсіне, терең пайымдай отырып, былай деп жазады: «әдетте, жазушыға сипаттама беруден көп қолданылатын кітап аттарымен геройларды атау, олардың тақырыбы мен идеясын айту Ғабиттің жазушылық жолын әңгімелеуге келе бермейді.Оның әдеби мұрасы жалпылай сөйлеуді ешқашан көтерген емес. Өйткені, Ғабиттің әр кітабы – өз алдына эстетикалық мұрат – мақсаты бар көркем қазына. Жалпы адам абласының көркемдік ой –пікірін байытудағы сөз зергерлерінің қызметін ол жақсы түсінеді. Абай айтқан «қиыннан қиыстырар ер данасы» көп болмаса, сол азғана топтың ішінде Ғабиттің де өз орны бар» [2.122].

Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезіндегі Ғ.Мүсіреповтің негізгі шығармалары: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Үздіксіз өсу», «Туннель», «Жеңілген Есрафил», « Бір адым кейін, кейін екі адым ілгері» (бұл повесть кейін «Алғашқы адымдар» деген атпен басылған). « Көк үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі», және ана туралы әңгімелер циклі.

«Ғабит негізінде шебер әңгімеші. Ол әңгіменің бас – аяғын шашыратпай, нақтылы бір идеяның төңірегінде жинақы оқиғаға құрып, сурет пен бояуды әңгіменің көлеміне лайықтап шым-шымдап, шебер, дәл пайдаланады. Қысқа репликамен, ұжымды сөзбен характерді ашып кетеді.

Жазушы әңгімелер, шағын повестер жазу арқылы өз шеберлігін шыңдап, үлкен жанрға дайындалады. Көп оқиды, көп ізденеді. Оның осы алғашқы әңгімелерінен – ақ драмалық таланттың нышшы сезіледі. Ол ең алдымен диалогке шебер». [3,42].

Жазушының прозадағы алғашқы қадамы, «Тулаған толқында» повесінен бастау алған.  Әлі ысылмаған, тәжірбиесі аз қаламгердің бұл тырнақ алды туындысында көркемдік тұрғыдан алып қарағанда  оқиға шашырандылығы, образдар жүйесінің босаңдығы секілді композициялық олқылықтар кездеседі. Бірақ осы алғашқы аяқ алысының өзінде болашақ сөз зергерінің көркемдік қарымы, стильдік өрнегі, тіл байлығы, өзіндік юморы байқалады. Шығарма тақырыбында өзі жақсы білетін өмір құбылысы – ел іші, ауыл тұрмысынан алып жазады. Жазушының суреткерлік болмысының алғаш осы туындыдан тамыр тартқан алғышарттарын әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков былайша ашып көрсетеді: «Жазушының тұңғыш туындысы- «Тулаған толқында» повесі. Ендеше болашақ ұлы суреткердің жемісті творчествосының төл басы саналатын осынау «ұзақ әңгіме» -  «Тулаған толқында» повесіне тоқталмай оту әсте мүмкін емес. Өйткені, бұл шығарма, біріншіден, әдеби – тарихи елеулі факті – дерек ретінде қызығушылық тудырмай қоймайдыы. Екіншіден, ұлы суреткердің жұртты сүйсінткен дара стиліне тән кесекте кемел сипаттардың әуелі осы туындыда алғаш нышандар танытқанына күмән жоқ» [4.27].

Жазушының суреткерлік стилі «Тулаған толқында» оның көркемдік тіл өрнегінен байқалады. Мысалы : «Шегірткелінің құба жанында, кілемдей көк майсаға жаңа ғана қонған Шынтемір ауылы. Құжынаған қалың мал, екі дөңнің астын алып, көрпедей жауып жатыр. Алалы – сиыр, ақтыыл қой қотанды ыңырсытады. Ауылдың төңірегіндегі өңкей ақ ордалар Шынтемір тұқымынан басқаның түк ортағы жоқ...» [5.15].

Бұл – Оспанның үйі. Ары: «Көз үйреніп, ішіндегі адамдардың анық түстегеннен кейін бұл үйде қорқарлық дәнеме жоқ. Кәдімгі кедей адамының үйінің іші. Үйдің қақа жартысын алып, шөгіп жатқан соқпа пеш, үсті – басы тілім – тілім. Жаққан қамыстың бұрқыраған күлі аузынана шығып, үйге төселген шөптің үстіне лықсып төгіледі де жатады. Қамыстың түтінен пештің үсті де қап – қара. Төбе ағаш та, төбе ағаштың арасынан салбырап тұрған қамыс та қап қара құрым. Пешке қарсы тұрған жарымжан бір кәрі төсек – ағаш. Оның кейінгі жағында аузы былжиған қара сандық пен бір қу кебеже. Нан илейтін астау, қырма қара табақ, бір ағаш шелек, қара қазан, қара құрым тұтқыш, бір ағаш ожау секілді нәрселерді қоспағанда Қалишаның бар мүлкі осы ғана»» [5.13]. Бұл жесір әйел Қалишаның үйі.  Екі жағдайдағы әлеуметтік тұрмысты суреттеу үшін жазушы бұл жерде кереғар, котристы бояуларды әдейі таңдаған. Мақсат – өмір шындығын дәлде, шыншылдықпен бейнелеу.

Ғабит Мүсірепов стилінің тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлерінің характерлерін сомдаудағы суреттеу, мүсіндеу тәсілдері, портрет берудегі шеберлігі айрықша көзге ұрады. Мысалы: « Сетік танау жақ ерніне бір алақан насыбайды жымқырып алып, былшылдатып түкіреді тұрады...

Қасына жақындап кетуің мұң, аузы насыбайға толып тұрса да, «Насыбайың жоқ па?»- деп бір айтпай қалмайды». [5.11].

«Бірақ мұның інісі Омар, ондай емес. Отпен кіріп, күлмен шығатын епті жігіт. Бір түнде тоғыз ауылдың итін үргізіп, тоғыз үйдің босағасын тырнап, мазасын алу қолынан келеді» [5.11]. Бұл – Итемгенің екінші баласы Омар. «Көтібардың Итемгені тығыршықтай тығыз, шертіп қалсаң, шырт ете түскендей ашуланшақ адам. Екі танаудың алдын таңқита қырқып тастаған. Берекеусіздеу шыққан қара мұрты екі езуінде мысықтың  мұртына ұқсап селтиеді де тұрады. Тымағын бастыра киіп алып, шарбақтың ішіне Итемген кіргенде, мал жайласып жүрген балалар да, жұмыскерлерде аяқтарын қаздаң – қаздаң басады» [5.11]. Бұл – кәдімгі Итемген байдың өзі.

Бұл үзінділердегі сатиралық – юморлық, ирониялық – гротескілік әсіреулер, саналуан портреттер, образдар мен характерлер, өмірдің әр түрлі реалистік штирхтары Ғабит Мүсіреповтің суреткерлік стилін айшықтайтын белгілер.

Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі- «оянған өлке»романы болып табылады. Романның алғашқы журналдық нұсқасы «әдебиет және исскуство журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 андарында жарияланып,  1953 жылы «оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» - романы арада отыз жыл откен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті.»

«Сонымен көп жылға созылған  тынымсыз еңбек баянды аяқталып, қазақ совет әдебиетінің бәсіре – еншісіне тағы да бір роман – эпопея келіп қосылды.

Екі кітаптан тұратын осынау роман – эпопеяда ХІХ ғ.дың ІІ жартысы мен ҰлыОктябрь революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік – экономикалық хал – ахуалы, барша тұрмыс – тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан – жақты терең суреттеледі». [4.52-53]

«Романда қазақ өмірінің сол кездегі тарихыв да, әлеуметтік тұрғысы да, пәлсепелік ойы да, этика мен эстетика да,  әдет – ғұрыптық, салт – санасы да – үлкен суреткердің ой елегінен өтіп, бейнелі көрініс тапқан.

Жазушы романда  кесек те сом образдар, типтік характерлер жасаған. Романдағы кейіпкерлердің барлығы жазушының эстетикалық мұратын ашуға қызмет етеді.

Романның бүкіл сюжеттік желісі Игілік образына байланысты өрбиді. Сан алуан оқиғалар, тікелей де, жанамалай да сол Игілікке кеп тіреліп жатады» [6.160].

Жазушы «Оянған өлке»романында адам характерін, кейіпкердің ішкі жан – дүниесін беруде порттерік тәсілдерді шебер де ұжымды пайдаланады.

Игілік образын сомдаудағы оның портеріне үңіліп көрелік: «Игілік би паң да, тәккапар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетеп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп,  қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді... Бұйырғаны өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана» - деп мінездейді. Ал Игіліктің осы мінезін жазушы тек айтып қоймайды, іс-әрекет үстінде көрсетеді.

Ғ.Мүсірепов адамның ішкі жан дүниесінің қатпар – қатпар бүкпе сырларына үңіле білер, жазушы екеніне тағы бір мысал келтірейік: «Ушаков Тұрсынбай қудың бет аузын түгел қыдырып ажым  - ажарларының арасынан опасыздық білгілеріңіз»- дейді.

Тұрсынбай «Алтынды қырқасына Попов қазық қағып кеткенін» хабарлағанда, Ушаков бір нәрсені секем ала қалады. Осы опасыздық жасап жүр –ау»деген күдік басына ойнап шыға келеді. Ол енді сол күдігін оның жүзінен іздейді. Ақыры тапқан да сияқты: оң көздің астыңғы қабағы бүлкілдей бастапты... Енді екі зәрлі жылан арбасып қалғандай, көздерін қадасып алып, бедірейісіп қатып қалды. Тұрсынбайдың өңі сұрланып, көздері жыланның тіліндей ғана жылт – жылт еткен ұшқын шашады. Ушаковтың көпшіл көзі мұзға айналып бара жатқандай. Әрине, айыпты адамның көзі көзі бұрын қағылып кетті. Тұрсынбайдың көзі әлгі ұшқыны өткендей қайтадан ілгештене қалды» [7.61-62].

Жазушы екеуінің арбасу үстіндегі жан құбылыстарын айнытпай бере алған.  Осы суреттеуде бір жалғандық жоқ, нанымды, сенімді.

Ғ.Мүсірепов адам психологиясын берездегі шеберлігін Сандыбай бейнесін мүсіндеу үстінде ед тамаша көрсете білген.

Сандыбай – шебер. Он саусағыынан өнер тамады. Ағаштан түйме түйеді. Өзі айтқандай он саусағы алтын.  Шеберлігімен елге танылған. Игіліктің ақ үйін салып берген сол.

Жазушы: «Тезге салып, иіп, сүргілеп – қырнап сымбатын келтірген ақ теректер қазір байлықты емес, шеберлікті сөйлеп тұр...

Дұрысында бұл үйдің бар мақтары шебердің өнерінде еді. Игілік ақ үйді салып бергені үшін Сандыбайға он құлынды бие бермек. Соны қай үйірден алғысы келеді, таңдауды шебердің өзін берген Игілік.  Сандыбай алдынан Игілік жылқылары үйір – үйір болып өтіп жатыр. Ыңғай тобылғы торылар бір үйір, ыңғай теңбіл қара көктер бір үйір, өңкей мақпал қаралар бір үйір. Өз аулына бітпеген Сандыбай не істерін білмеді, абыржып қалды. Бәрі – суреттей сұлу»[7.97].

Игілікте он екі мың жылқы бар. Осы үш үйірден алып, артынан қапы ұрам ба деп те қорқады. Жазушы осы кездегі Сандыбайдың  арпалысқан ішкі жан құбылысын былай суреттейді: «Сандыбайдың тілі біржола байланып қалғандай еді. Бет – аузы,  құлақ – мұрны түгел діріл қағады. Күліп тұрған жоқ, қуанышынан жылап тұрғандай. Терлеп те кетті... Жүгіріп өзенге барып, құлындардың қалай суға жүзіп, суды қалай ішіп жатқандарын көргісі келіп кетті... Аяқтары қозғала алар емес...

...Әрбір алдынан өткен айғырды мініп те көреді. Көз алдына қалай мінетіні, қалай сауатыны да келеді... бірінен – біір ажарлы көрінген жылқыдан Сандыбай әлі таңдай алмай жүр.  Жылқы өзеннен түгел суырыла шығып қыр асып барады. Сандыбай әлі сандалып тұр...» [7.98-99]

Жазушы әр түрлі ситуация үстіндегі Сандыбай мінезінің әр қырын көрсетеді. Игілік жылқыларын көріп, ішпей – жемей мәз болып келген Сандыбайдың Күңшемен әңгімесі үстінде жаңа бір мінезі жалт ете қалады. «Бұрын торсықтай томпиып, үндемей салбырап, уһілеп қоятын Сандыбай Күңшеге «Сүтін басыңқырай құйсаңыз – тағы бір шыны аяқ ішер едім» деп шыны аяғын еркін ұсынады. «Құдағиым болсаң қалай болар екен?.. Екі құлынды биені қазір беріп кетем... Бірі қара көк, бірі мақпал байтал берем де, келінімді аламын. Қызыңды ұзатып  апарғанда өзіңе бір қара көк дөнен мінгіземін... Сиыр – миыр, қой – ешкі дегенді араластырмаймын... бір жақтырмаймын малым...»деп күпсіне сөйлейді. Соның бәрін ол шын пейілмен айтып отыр. Көңілінде еш бөтен ойы жоқ. Қалтқысыз расы. Сондықтанда ол жұртты өзіндей көреді, сенеді. Сандыбай –ақ адам, аңқау адам. Игіліктің ішкі арам пиғылын аңғармайды, оның айтқанын шын  деп ұғады. Ал Игілік сұм тобылғы торы, мақпал қара үйірлерін, Сандыбай алдынан өткізіп, оны қызықтырады, бірақ қолына ұстатпайды. Сандыбай оны сезбейді, білмейді. Би алдайды деген ойы жоқ. Сандыбай мінезіне күлесің, зілің жоқ, аяйсың.

Ғ.Мүсіреповтің поэтикалық синтаксисі таң қалдырады. Ол прозада – ақын. Оның сөйлемдері ырғақ, ұйқасымен, үнділігімен тіл қатады. Үйлесе сыр шертеді, бейнелі ойы мол, қат-қабат астары көп. Саздылығы ғажап жазушының сөйлемдері ықшам, етең-жеңі жинақы, ойнақы. Сықақ-қалжыңы, астарлы күлкі-ажуасы, шымшып алар әзілі жазушы шығармасының өн бойында үнемі көрініс беріп отырады.»

Ғ.Мүсіреповтің қолтаңбасы бесенеден белгілі. Тіпті оған етене реалистік мәнерімен ұқсас жазушы Бейімбеттен де оқшауланады.

Ғ.Мүсірепов – ақын. Ол прозада поэзия тілімен сөйлейді. Қазақ прозасында бұл жағынан келгенде Ғабеңдей – жазушы ілу де бір. Оның жаны – ақын.сондықтан да болар ол жасаған  сөз образдары ірі де терең. Аумағы кең. Ойға шомдырады, толғаныс-тебіреністерге еркін жол ашады. Оның қаламынан жаралған әр бейнелі ой – үлкен философия, өнер тілімен сөйлеген терең социология.

Жазушының мына бір жолдарына үңілейікші: «Қоғам үлкен бе, кіші ме, ойлы ма, өнерлі ме, сол қоғамның алыс – жақын арманынаортақпысың, жоқпысың, өзім деген әміршің өзіңнен өзгенің қайғы – қуаанышына қалтқысыз ортақ етеме, жоқ па, - бәрібір, әркімнің сол қоғам ішінде өз үйірі, өмір ішінде өз түкпірі, өз қайғысы, өз қуаныыш бар. Оның үлкен істен жырып алған, қуаныш – мұңы да басқа, үлкен топтан таңдап алған достары да басқа. Соларының бәрі Мұсақай еді»

Бұл – шынай да сұлу поэзия. Мұнда поэзияға тән бар қасиет бар: ырғақ та, әуен де, үйлесім де, үндестік те, бар-баршасы бар, мөлдір поэзия. Осы жолдар өмір философиясына толы.

Осы жолдар музыкалық саздылығымен, үйлесім – ырғағымен оқушыны өмір сырларына жетелейді, ойға шомдырады. [6.192-193].

«Зергер суреткердің көркемдік талантының енді бір қыры – пейзаждық, декорациялық, ситуациялық картиналарды безендіріп беруге үздік шеберлігі. Еске түсірейікші: көктемнің, күздің, қыстың, жаздың, айлы түннің, ақ боранның, үріккен жылқының, өршіген өрттің, қазақ әйеленің қарғысының  ғажап сипаттамалары еріксіз көз тартпай ма, көңілге ұяласпай ма?!» [7.195-196].

Жазушының өртті суреттеген жерлері де әсем. Мінсіз. Қылқаламның үздіксіз шеберлері  жасаған полотналарындай көркем. Әсем сазды. Зерлі өрнек. Оқшау үн жоқ. Барлық дыбыс, сөйлем іштей де сырттай да үйлесім тапқан.  Сөз бояулары бір-бірімен жымдаса кіріккен.

«Құрауы жеткен күзгі қау мен ақ селеулер сылқ – сылық күлгендей сытырлай жанып, дүрілдей жөнелді.  Тар жер – ошақта , қапаста қалғып қана жанған от желкем күнде жазыққа шығып алған соң, ойнақ салып кетті. Ақ селелеулерді қылғып жұтып, қурай тұқымын әуелі жығып алып, артынан ұсақ оттар мүжіп жатқандай көрінеді. Қызып алған өрттің алды кейін қалып бара жатқан ұсақ – ұлпаңға қарамай дүркіреп ілгері кетіп барады...»

Осы келтірілген үзінді поэтикалық өрнектерге толы. Ақ селеулер сытырлай жанып сылқ-сылқ күледі, от ойнақ салады, жығылған қурайды ұсақ оттар мүжіп жатқандай.

Ғ.Мүсірепов дыбысқа жаңа әуен, жаңа үн, жан бітірген шебер композитор, әншідей ол сөзге де сондай жан бітіреді, құлпыртып, құбылтып ажарландырады. Шебер құрылысшы сияқты әр кірпішті орнына қалай біледі. Зергер жазушы сөзге, сөздің мәнінен үлкен мән береді. Жазушы: «Сөйлем сөзден құралады. Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздің өзі тұлғалы болу керек. Сонда сөйлем тұлғалы болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болуымен бірге текемелі, әр сөз тұлғалы, әрі бейнелі, көркемдік содан туады» [8.165].

Бұл жолдардан жазушы әр сөздің мәнін, реңін, тұлғасын жоғалтпау керектігін баса айтады. Осыған тағы мысал келтіріп көрелік:

- «Ұлпан не жайындағы повесть?» - деп сұрады Онегин.

- «Ұлпан» менің Монна Лизам – дедім оған.

- «Ұлпанның» идеялық тақырыбы неде? – деп сұрады менің зерттеушілерімнің бірі.

- Адамның жаны мен жүрегінің ізгілігінде – дедім мен. Екеуі де түсіне алмады – ау деймін. Өйткені әл еш нәрсе жазған жоқ. «О благодарстве души и сердца» дегенді қащақша түсіндіре алмасам керек» [8.165].

Көркем шығармадағы шынайы болмыстық табиғи әсерін жан-жүрегімен етене қабылдайтындығын мына бір жолдардан байқаймыз.

«Ремарктың жаңбырды жазғанын оқып отырғанда, Алматының май айындағы ашық күні жаңбыры жауып тұрғандай сезіліп кетеді. Тургеневтің жаратылыс суреттерін оқып отырғанда, өзің сол жерде отырғандайсың екі кішкене тастың арасынан жылып аққан суды көзіңмен көресің» - деп әсерлене жазады [8.165].

Жазушы осы жазбаларында өзінің неге прозаға бет бұрғанын да сездіріп өтеді. Жазушының пікірінше проза жайқара сөз емес, ырғақты, лебі бар, теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне деп тиетін көркем сөз. Сондықтан да прозаны позиядан кем көрмейді.

Эстетикалық өрелікке, сұлулыққа ынтызар қаламгер көкірегінде 40 жыл сақтап жүрген «Ұлпан» романындағы Ұлппан бейнесін «Менің Джокондам», «Менің Моно Лизам» деп әспеттейді. Мұның өзі де жазушының сұлулыққа ынтызар, іңкәр көңілін айғақтайтын биік эстетикалық талғам – таразасын айғақтаса керек.

«Көрнекті суреткер Тахауи Ахтанов өзінің «Талант мөлдірлігі» атты мақаласында: «Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбас ерекше. Стилінің әсемдігі,дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы – бүкіл бір ұрпаққа үлгі» - деген пікіріне сүйенсек, суреткер прозасы әрқашан әдебиетіміздің асу-асу белдерін, шоқтығы зор кезеңдерін айқфындап береді. Екен. Расында, уақыт көшінен қарасақ оның бастапқы әңгімелері 20-30 ж.ғы, «Қазақ солдаты» романы 40- ж.ғы, «Оянған өлке» романы 50-ж.ғы, «Кездеспей керкен бір бейне» поэмасы мен новеллары 60-ж.ғы, «Ұлпан» романы 70-ж.ғы, «Жат қолында» романы 80-ж.ғы қазақ прозасының, тұтастай  алғанда, қазақ совет  әдебиетінің мерейін аспандатып тұрған көшелі дүниелер екен. Ал мұндай дәрежеге жжету суреткердің суреткеріне бұйыратын бақып, ырыс-несібе. Өйткені, Тәкен Әлімқұлов сөзімен айтсақ:  «Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамаған ұлы суреткер!» [4.72-73].

Сайып келгенде өнердің өнер иесінің жан баласын сұлулыққа, ізгілікке, нәзіктікке баулыр ұлы мұратын өзінің сезімтал да сыншыл жүрегімен түсіне білген ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов осы ақиқатты Бір сөз бір сөзіне жарығын түсіірп тұрған сәулелі шығармалары арқылы дәлелдеген сияқты. Олай болса ардақты Ғабең, қазақтың Ғабит Мүсірепов секілді әйгііл жазушы суреткерліктің биік шыңына терең эстетикалық ой-толғамдарға, өнер туралы суреткерлік сұңғыла пайымдауларға өзінің Алла берген тума талантымен қоса тынымсыз шығармашылық ізденіс, ішкі парасат пен мәдениет, зор рухани тәжірбие, азапты еңбек арқылы жеткендігін байқаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қаратаев М. Шығармалары. А., 1978.

2.     Қирабаев С. Шығармалар жинағы ІІ – том, А., 177.

3.     Ахтанов Т. Көкейкесті. А., 1980.

4.     Жұмабеков С. Ғабит Мүсірепов. А., 1989

5.     Мүсірепов Ғ. Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы «Жазушы» 1980.

6.     Ақшолақов Т. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. А., 1994.

7.     Мүсірепов Ғ. Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 2 том. Алматы «Жазушы» 1980

8.     Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. А., 1970.

0 дауыс

Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы азаматтық, адамгершілік мәселелер

Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Мәселен, оның қаламынан шыққан көркем әңгіменің қай-қайсысы да идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтартарлық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады.

Жазушы өзінің сүйікті тақырыбына үзбестен қайта-қайта оралып, қалам тербеумен болғаны жұртшылыққа мәлім. Бұған қалың оқырман қауымның жылы ықыласына, үлкен ілтипатына бөленген «Атақты әнші Майра» атты 1981 жылы жазылған әңгімесі толық дәлел. Бұл әңгімесінде жазушы тарихи факт, тарихи адамның өміріне сүйене отырып, қазақ әйелінің өнерпаздық тұлғасын оның адамдық қасиетімен ұштастыра тұрып әдемі суреттеп берді.

Өнерді, өнер адамын жырлаудың қазақ совет әдебиетінде қалыптасқан белгілі бір көркемдік дәстүрі бар. Майра туралы жазушы әңгімесі – туған әдебиетіміздегі сол көркемдік дәстүрді тереңдете, байыта түскен кемел шығарма. Бұл шығармасында жалпы көркем өнердің, соның ішінде ақындық, әншілік өнердің дүниеге келу процесіндегі өзіндік ғажайып сырларын жазушы әрі шынайы, әрі әсерлі етіп тебірене жыр еткен. Бұл әңгімедегі өнер жұлдызы Майраның көрікті портреті, ішкі өмірінің жарығы сөз құдыретімен оқырман зердесіне нұр болып құйылып жатады. Әдемі де әсерлі суреттеулер арқылы жазушы Майраның жан дүниесінің тазалығын, адамгершілік – моральдық  қасиетінің асылдығын көңілге ұялатып отырады.

Ұрпақтар сабақтастығы казіргі кезеңнің озінде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ғабит Мүсіреповтің «Жеңілген Есрафил», «Тарландар», «Бірінші фонтан» сияқты әңгімелерінде жазушы еліміздегі еңбек адамдарының қажырлы кейпін жақсы танытып, өз замандастарының үлкен мұрат - сезімін биік шабытпен толғап берді. «Өмір жорығы», «Қыран жыры» әңгімелері терең ойлы сез шеберінің қолынан шыққан бөлек туындылар. Бұлар – барлық адамзат атаулыға ортақ ізгі мақсат – ұрпақтар сабақтастығын түйіндеп берген терең мағыналы символикалық кемел шығармалар. Бастанаяқ салиқалы ойға, философиялық толғаныстарға негізделген бұл әңгімелердің кім-кімге де берер ғибратты тағылымы, эстетикалық нәрі мол. Мәңгілік өмірді лайықты түрде жалғастыру үшін табанды күреске, жалынды жігерге баулитын өршіл, өміршең идея – аталған шығармалардың зергерлікпен өрілген негізгі арқауы.

Ғабит Мүсіреповтің жазушылық жолы – бірте-бірте сатылап өсу жолы. Проза саласында жазушы ең алдымен шағын жанрларда қалам тербеп, машықтанғаны белгілі. Әңгіме, новелла, очерк, публицистика, повесть жанрларын еркін меңгеріп барып, ол кейінірек романға ауысты.Сөз зергерінің творчестволық жолындағы белесті туындылардың қатарына қосылған оның «Ұлпан» романы еді. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан — бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби образ. Романдағы Ұлпан бейнесін суреттеуге Ғабит Мүсірепов бүкіл өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны мәлім. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік — тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді өмірде шын болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автор сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасап берді. Ұлпанның екінші басты қасиеті – өз заманындағы көне ескілікке, әсіресе, әйелдерді қорлап, кемітетін феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресуі, халық өміріне ауадай қажет жаңашылдыққа, прогреске ұмтылып, елге айтарлықтай үлгі-өнеге көрсетуі Ұлпан образының әлеуметтік бітімін әрі көріктендіре, әрі биіктете түскен. Үшінші, үлкен адамгершілік, зеректік, ақылдылықпен қатар Ұлпанда қайраттылық, өткірлік, қаһармандық мінез бар. Ел, халық намысы үшін оның жалындап жарқ еткен тұсы да шығармада қапысыз бейнеленген. Романдағы Ұлпан – сол негіздегі халық өмірінің шынайы сипатын танытатын, жинақтаушылық күші әдебиетіміздегі шын мәніндегі типтік образ. Ұлпан бойындағы барлық, абзал қадір-қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әйелінің, қазақ халқының адамгершілік, ерлік, азаматтық, батырлық тұлға - бітімінің айқын да жарқын көрінісі екені кәміл.

Жазушы шеберлігін танытатын очерктерінің бірі – оның «Қазақтарым, достарым» атты туындысы. Жазушының бұл шығармасында еліміздегі туысқан халықтар ақын,жазушыларының қасиетті достығы әрі қарапайым, әрі әдемі суреттелген. Тіпті қаламгердің бұл очеркін достық жыры деп атаса да артық емес. Еліміздің атақты жазушысы Михаил Александрович Шолоховпен (1905-1984) кездескен бірнеше эпизодтарды сөз өнерінің күшімен тартымды да айқын көрсете отырып, автор орыс халқының ұлы жазушысының адамгершілік абзал қасиеттерін тамылжыта сипаттаған. «Қазақтарым, достарым» атты жазушы очеркі – тек осы жанрдағы ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі халықтар достығы тақырыбындағы көркем шығармалардың таңдаулыларының бірі. Бұл тақырып осымен шектеліп қалған жоқ. Халықтар достығы әлі күнге дейін жалғасын табуда.

Мысалы, Ғабит Мүсірепов өзінің жанашыры Б.Майлин туралы әлсінәлсін мақалаларын жазып, сөздерін айтып жүрді. 1957 жылы Бейімбет ақталардан бұрын ол туралы пікір жазып берген де тек Ғ.Мүсірепов. Бұл оның айнымағандығы. Бүкіл өмір бойы бақилыққа кеткенше Б.Майлинді қорғау өз алдына, құрмет тұтып, қастерлеп өтуінің не себебі, не мәні бар? Тек алғашқы кезде жазушы болуына қол ұшын, жәрдемін бергені үшін десек, ол ұшқарылау, келте қайырғандық болар еді. Үңіле қарасақ, екеуі бір тұтас адам сияқты. Олардың ең алдымен табынған кредосы, пір тұтқан асылы – адамгершілік ар мен намыс, жан сұлулығы. Бұл қасиеттерді ешқандай алтынға       айырбастамайтынын   дәлелдеп,   нақты         достық қарым-

қатынастарымен, дүниетанымдық істерімен көрсете білді. Екеуінің мұраты азамат бола білу болды. Адамгершілік биік дәрежеге көтерілген адам ғана нағыз азамат. Жоғарыдағы жиналыста Ғ.Мүсіреповтің «ар-инабат, намыс қайда» деуі сол азаматтықтың белгісі. Ол Б.Майлинді осындай жағынан жақсы білген, үлгі-өнегесінен үйренген.

Жазушы шығармашылығын осылай бағалай келіп, оның баға жетпес адамгершілік, азаматтық бітім-бейнесін төмендегіше сипаттайды: оның қарапайымдылығы, қолының кіршіксіздігі, жүрек лүпілінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантымен тең тізе қосқан еңбекқорлығы…», «бірдемеге бастық болуға жоламау… ерекше мінезі еді», «газет, журнал беттерінде қымқиғаш айтыстар болып жатқан күндерде… бір жазушы туралы  жаман сөз айтқан емес, бет тырнаса, кеудемсоқ сынға ренжіп қарайтын еді…, жиналыстарда сондай ыңғай, белгі білінсе-ақ «кетпейміз бе?» деген бірауыз сөз жазған бір жапырақ қағаз жібереді маған, өзі сытылып шығып, есік алдында күтіп тұрады…», «бір қасиеті – ғажайып табиғилығы…», «ол жүрістұрысы сабырлы, салқынқанды мінездің адамы, біреуге сен деп керілдесіп жатқанын көрген емеспін. Бас қатырар тобыр жиыннан аулақ жүретін. Сонымен қоймай өзі де қонақжай болды. Қазақтың сол кездегі көптеген өнер, әдебиет адамдарымен Би-ағаның үйінде таныстым десем артық емес» деген пікір  калдырды Б.Майлин.

Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьп, шебер суреттеген әңгімесі «Талпақ танау» (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.

Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) атты әңгімелерін жазды.Ескішілдіктен есіркеп, жаңашылдыққа, прогреске умтылу Ғабит Мүсірепов шығармаларымен шектеліп қана қалған жоқ. Қазіргі таңдағы Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романындағы Назира образы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мысал бола алады.

Ғ. Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атыпасуы, Нағиманы «большевик балаңды тауып бер» деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.

Ақтар армиясы бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: «...Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің  ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшысартетіпқалғанда, анакөзінен от ұшқыны да жалтетеқалады. Сіресіпқалғандайтабанаудармай, кеккернегенанадатұр, мыңсұрауынабіржауап ала алмайызағабулығыпАнтонов та тұр.

Анатістерітілқақпасынтасбекітіптастапты...

БұданәріөжетанаАнтоновтыңадамгершіліктенжұрдайжауыздығынбетінебасы п, өршеленетүседі. Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп беріп отыр.

Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет» (1982), «Дәуір дидары» (1986), «Әдебиет – кәсіп емес, өнер» (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20-ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғыдан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті.

Ғабит Мүсіреповтың қаламынан шыққан әрбір өміршең еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Ол – туған Отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті. Ғабит Мүсірепов – халықтың шын мәніндегі сүйікті жазушысы. Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның «Уақыт іздері» (1977) атты еңбегі идеялық сонылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің «Күнделік» атты кітабы жарық көрді (құраст. Ә.Нарымбетов).

Ғабит Мүсіреповтің сөз шеберлігі – қазақ әдебиетінің тарихында, әдебиеттану ғылымында мойындалған. Көркем әдебиетіміздің тамаша үлгілері ретінде Ғ.Мүсірепов туындыларының қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алғаны халқымыз үшін мақтаныш. Уақыт керуені тоқтамай үздіксіз жылжып жатыр, ал қара сөзбен айшықталған әсем ойлар, көркем көріністер санамызда өшпестей болып нұрланып тұра бермек. Ғабит Мүсіреповтің туындылары ескірмейді, бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың оқырмандары үшін де тозаң тимеген алмастай жарқырай береді.

Пайдаланылған әдебиет

М.Әуезов. Он тоғызыншы том. – Алматы.1985. 306-бет.
Қабдолов З. Сөз өнері. 一Алматы: Санат, 2002. 一282-296 бб.
Ғабит Мүсіреповтың туғанына 100 жыл (Өмірдерегі мен шығармаларының анықтамасы) 
Қирабаев С. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті. «Білім», 1998.
Сәрсекеев М.. Ғабит Мүсірепов туралы эсселер. «Жұлдыз» журналы, 1992. №11, 110 б.

Анесова А.Қ. Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к.,доцент Ж.С.Сұлтанғалиева Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, Ақтөбе қаласы

0 дауыс
маган Ғабит Мүсірепов - Ұлттық мәдени тарихымыз. Ұлы тұлға керек еді
...