+5 дауыс
3.1k көрілді

Қазақстан ұлттық арнасы

Қанат Исламның боксын неге Қазақстан ұлттық арнасы көрсетпейді? Ганадии Головкиннен Қанат Исламның қай жері кем? Неліктен Елбасы және өзге де биліктегі адамдар құттықтау хатын жолдамайды? Ұлттық арнаға датым бар! Бір қазақтың баласы бүкіл əлемге сыйғанда, неге біздің көк экранға сыймай қалды екен? Əлде ол үшін де ақша төлеу керек пе? Қазақ десе ішкен асымызды жерге қоятын едік. Ақшаға құныққан болсаңдар, тиын-тебендеріңді халық болып жинап берер едік қой. Қанатымның қанаты өз елімде неге кеңге жайыла алмады, уа, қазағым? 

Қанат Ислам

3 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап

Біздің кәсіпқой бокстың құрылымы туралы толық білмеуіміз түрлі түсініспеушілікке әкелуде. Мысалы, Қанат Исламның соңғы жеңісін неге теледидардар көрсетпеді дейтіндер көп. Қанатты Генадан биік қойып, Жанатты танымайтындардың да пікірін көз көрді. Шамам жеткенше кәсіпқой бокстың қыр-сырын түсіндіріп көрейін.

қанат ислам

Кәсіпқой бокс әлемінде ең жоғары саналатын төрт титул бар. Олар: IBF, WBC, WBA және WBO. Бұған The Ring титулы жетеқабыл. Түсінікті тілмен айтсақ, жоғарыдағы төртеуі спорттың Олимпиадасы немесе Олимп шыңы. Тіпті болмаса, патриоттығыңыз ұстаса, Хантәңірі деп алайық. Бұл төрттік ішінде бірнеше аймақтық титулдарға бөлінеді. Олар туралы білгіңіз келсе гуглдатып көріңіз енді. Аса маңызды емес болғандықтан, оларға тоқталмаймын.

The Ring атағы әлем чемпионаты секілді. Олимпиададан бір саты төмен, алайда жоғары атақ. Бұл қатарға IBO мен IBA-ның титулдарын қосуға болады. Бұлардың да жергілікті белдіктері бар.

Жоғарыда аталғандардан бөлек тағы бірнеше организациялар бокс ұйымдастырып тұрады. Алайда олар жоғары атақ саналмайды. Яғни, облыстық турнирде жеңіске жеткен секілді ғой.

Енді, белбеулерге кезек берейік. Әлем мықты(IBHOF) деп мойындаған төрт құзырлы мекеме боксшы белбеуінің бірнеше түрін табыстайды. WBA бойынша "супер-чемпион, чемпион және интерим-чемпион" деген үш титул бар. Басқалары "чемпион және интерим-чемпион" деген атақпен шектелген.

Бәрі түсінікті болса, боксшыларға кезек берейік. Геннадий Головкин жоғарыдағы үздік төрт титулдың екеуін жеңді. Соңғысын жақында Лемьеден тартып алды. Яғни, Генада WBA (2014 жылы супер-чемпион атағымен марапатталды) және IBF чемпиондығы бар. Сондай-ақ, WBC-дің интерим-чемпионы деген белбеуі де бар. Генаның салмағындағы WBC чемпионы Мигель Котто. Ал WBO бойынша Энди Ли. Оған қоса Генада IBO белдігі және бар.

Біздің басқа боксшыларға келсек. Қазір Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменовте WBA интерим-чемпион деген титулы бар. Яғни, олар чемпиондыққа таласуға құқығы бар деген сөз. Немесе қазіргі чемпион атағынан бас тартса, немесе өткізуге міндетті жекпе-жегін өткізбесе, атақты интерим-чемпионға береді.

Қанат Исламның қандай титулы бар? Қанат WBA бойынша Латын және Кариб аймақтық чемпиондығын жеңіп алған. Бұл - интерим-чемпиондықтан да, IBO мен IBA чемпиондығынан да төмен титул. Әзірге Қанат Ислам енді-енді көтеріліп келеді. Жеңісі алда деп сенейік. 

Бұған дейін Қазақстан атынан шыққан боксшылардың арасында үздік төрт титулға қол жеткізгендер санаулы ғана. Василий Жиров IBF чемпионы атанған болатын. Бірақ, кейін ол титулынан айрылып қалды. Одан бөлек Анатолий Александров деген боксшы WBO-ның белбеуін біраз уақыт иеленген екен. Расын айту керек, бұл боксшыны білмеген екенмін бұрын. Сондай-ақ, Бейбіт Шүменов WBA титулы болған-тұғын. (Хопкинске ұтылып қалғаны естеріңізде шығар).

Бейбітте бұдан бөлек IBA чемпионы деген де атақ болған еді. Шүменов секілді мұндай екінші дәрежелі бәсекенің атағын Марат Мәзімбаев та жеңіп алған-ды. Сондай-ақ Иса Акбербаев GBC бойынша әлем чемпионы. Бары осы. Жалпы boxrec сайтына сүйенсек, Қазақстан атынан 182 спортшы кәсіпқой бокспен айналысыпты. Соның ішіндегі іліп аларлары осылар.

Аймақтық турнирлердің жеңімпаздары да бар бізде. Олардың бәрін қарап шыға алмадым. Қатты қызықсаңыздар http://boxrec.com/records/ мына сілтеме арқылы өтіп, қазақстандық боксшыларды қарап көріңіз.

Бастапқы мәселеге қайта оралайықшы. Қанаттың боксын неге көрсетпеді бізде? Біріншіден, әр турнирді түсіруге құқылы белгілі телеарна болады. Басқа елдер жекпе-жекті көрсетуі үшін рұқсатнама сатып алуы керек. Бұл жолы аталған жекпе-жектің құқығы NBC арнасына тиесілі болды. Тек солар ғана түсіріп, көрсетуге құқылы еді. Екіншіден, аталған арна Қанаттың жекпе-жегін тіпті көрсеткен жоқ. Мен интернеттен көрсетіп қалар деп әлгі арнаны қадағалап отырғанмын. Оның орнына футбол матчын көрсетіп кетті. Неге? Әуелі сол күнгі негізгі жекпе-жек Кэвин Бизиэ мен Фредрик Лаусон арасында болған-тұғын. Қанат Исламның кездесуі қосымша, бокс тілімін айтқанда андеркарт еді. Сондықтан, аталған арна Қанаттың боксын көрсеткен жоқ. Міне, бары осы.

ҚазСпорт Қанат Исламның боксын көрсетуге шамасы жетер ме еді? Жетер еді, егер NBC-дан трансляцияға рұқсат сатып алғанда. Алайда, сол арнаның өзі боксты көрсетпегенін ескерсек, ҚазСпорттың көрсетуі тіпті мүмкін емес. Ал ҚазСпорт өзі Майамиге барып түсіруге қаржысы жетпейтіні айдан анық.

0 дауыс

Қанат Ислам: «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазспортқа» алғыстан басқа айтарым жоқ

Қанат Ислам

— Қанат аға, жиырмасыншы жеңісіңіз құтты болсын! Қазақтың абыройын асқақтатып, беделін тағы бір көтердіңіз. Шын қуандық. Қарсыласыңызды алғашқы раундта-ақ құлаттыңыз. Ең оңай жекпе-жегіңіз осы болған шығар?

— Мен бұл жарысқа өте көп дайындалдым. Негізі бұл жекпе-жек сәл ертерек өту керек еді. Түрлі себептермен кейінге шегеріле берді. Шамамен 6 ай бойы осы жарысты күттім. Спорт ол қиындықтардан тұрады. Биік белес бағындырып, қазақтың атын шығару үшін мен соның барлығынан өтуім керек. Сабыр сақтап, шыдамдылық танытып, күнделікті жаттығуымды үзбедім. Тіпті әдеттегіден де көбірек жаттығып, техникалық мүмкіндіктерімді арттыруға күш салдым. Ешбір қарсыласқа анау әлсіз мынау мықты деп қарамаймын. Әр қарсыласқа тиянақты дайындаламын. Бұл жолы 10 раундтық кездесу болады деп, дайындалып шыққан едім. Құдай бұйыртып алғашқы раундта-ақ ұттым. Бұл жеңісім де жаттығуымның нәтижесі деп ойлаймын.

Қанат Ислам

— Интернеттен жаңа киім үлгісін киіп, фотосессия жасаған суретіңізді көріп қалдық. Жаңа келісім шарттар жасалды ма?

— «Нелсон» промоутерлік компаниясымен ары қарай жұмыс жасаса беремін. Бірақ, біз қазір жаңа менеджермен келісім шартқа отырдық. Енді менің жекпе-жектерімді әлемдегі ең танымал менеджер Эл Хэймон ұйымдастыратын болады. Ол бұрын Мейвезердің кездесулерін өткізген тәжірибелі маман. Алдағы уақытта жағымды жаңалықтар көп болады деп сенемін. Осы ретте Бауыржан Оспанов ағама ерекше алғыс айтқым келеді. Ол кісінің менің биік белес бағындыруыма жасап жатқан еңбегі орасан зор. Ұлттың мүддесін ойлайтын, елге тірек болатын ағамның барына қуанамын. Бойында азаматтық, даналық пен парсаттылығы мол аға аман болсын!

Қанат Ислам

— Әлеуметтік желілер мен сайттарда «Қанат Исламның жекпе-жегенін отандық телеарналар неге көрсетпейді?» деген мақалалар жазылып, түрлі пікірлер айтылуда. Шынымен де неге жекпе-жектеріңізді телеарналардан көре алмай жүрміз? Мұның біз білмейтін бір сыры бар ма?

— Спорттың да басқа салалар сияқты өзінің заңдылығы бар. Мұны бірі түсінсе бірі түсінбей жатады. Көп адам мені Генамен салыстырады. Генаның өзі көп еңбек етті, ол да басында телеарналарға шыққан жоқ. Белгілі бір белес бағындырған соң барып, экрандардан көрсетіле бастады. Әлемге танымал болмай жатып, телеарнаға шығамын деу ол қисынға келмейді. Экраннан көрсету үшін спортшының атақ дәрежесі, жетістігі болу керек. Мен 20 жекпе-жегімді енді ғана өткіздім. Американың өзі бұл кездесуімді экраннан көрсеткен жоқ. Маған әлі көп еңбек ету керек. Қазақстандағы телеарналарға менің ешқандай да өкпем жоқ. «Қазақстан» ұлттық арнасы бір бағдарламасын маған арнағанын білемін, жарыстан соң скайп арқылы сұхбаттастық. Қаншама журналистер жарыс алдында да жарыстан соң да хабарласып жатты. Аллаға шүкір, елімнің барына, мені іздейтін қазағымның барына қуаныштымын. «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазспортқа» алғыстан басқа айтарым жоқ. Ешкім мені шеттетіп жатқан жоқ. Мен спортта ақырын-ақырын өсіп келе жатырмын. Бұйыртса, жекпе-жегімді телеарнадан көрсететін күнге де жетеміз. Сіздер сабыр етіп күтулеріңіз керек. Ал маған талмай еңбек ету керек.

— Жиырмасыншы жекпе-жектің видеосын көрермен екі күннен соң көрді. Суреттер әлі күнге дейін жоқ. Неге? Әлде қасыңызда жарнамаңызбен айналысатын адам жоқ па?

— Сіздерді түсінемін. Экраннан көре алмаған соң, кездесулерімді интернеттен көруге асығасыздар. Кейде оған да мүмкіндік болмай жатады. Жаңа келісім шартқа енді қол қойдық. Бұйыртса, енді барлығы басқаша болады деп ойлаймын. Келесі жарыстарымның суреті мен видеолары өз уақытында жариаланатын шығар.

[IMG-20151111-WA0013]

— Келесі жекпе-жегіңіз қашанға жоспарлануда? Жыл соңына дейін қанша жекпе-жек өткізесіз?

— Қазір осы мәселелерді шешіп жатырмыз. Алдағы 10 күннің ішінде белгілі болады. Тағы бір кездесу өткізуім мүмкін. Қанат деп тақымын қысып отырған еліме алғыс айтқым келеді. Қазақтың туын көтеретін жастар көп болсын. Қазақ елі өркендеп дами берсін. Еліміз, Елбасымыз аман болсын!

— Рахмет, аға. Аман жүріңіз! Қазақтың Қанатын әлем танысын!

Сұхбаттасқан — Берік СҰЛТАН

http://oishogyr.kz/1194/kanatislam2015/

0 дауыс
Бұл өткен жексенбі 08,11,2015 күні болған эфирден үзінді. Біз "Бүгін жексенбі" бағдарламасының ұжымы оның кездесуін күтіп, мачт аяқтала салысымен бірден онымен скайп байланысқа шықтық. Әрине, біз жұмыс істейтін "Қазақстан" арнасын зерттемей, білмей жамандай салу, "патриот" бола салу оңай. Бірақ бұл әділетсіздік. Алдымен біліп алу керек, сайтқа кіріп, болмаса ютюбтан  Қанат Ислам деп ең болмаса іздену керек еді. Оны кездесуін тіпті сол шетелдік арналардың өзі түсірген жоқ. Ал егер түсіретін болса, Ұлттық арна міндетті түрде трансляцияны неше миллион болса да сатып алады. Оны сеніммен айта аламын!
...