0 дауыс
34.4k көрілді
қандай шыншыл ертегілер бар? Біреуін айтыңыздаршы.тез арада.Уақыт жоооқ!

1 жауап

0 дауыс
Шыншыл ертегілер — қазақ ертегісінің ең мол түрі. Шыншыл ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы бас тірліктері — барлық мұң, мүддесін, тартыс, талабын жиып түйген.

Бұл салалы ертегілер құр ертегі ғана емес, ауызша айтылған шебер көркем шығарма боп, халық романы, халық әңгімесі, новелласы болып та кетеді. Және мұнда қоғамдық тартыс, тап қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы қалың еңбекші халықтың сыны, наразылығы, алыс-тартысы, алыс арманы — бәрі де айқын көрінеді. Ончуков жиған орыс ертегілерін оқып шығып, В.И. Ленин "бұл ертегілерден халықтың көп ғасырлық мұң-арманы аңғарылады, талай тартысы танылады" десе, сол ұлы пікірдің шындығын осы топтағы қазақ ертегілері де анық, айқын дәлелдейді. Ертегіде, соның ішінде сыншыл ертегіде қауіпті жауды жеңген елді апаттан, құлдықтан азат еткен батырлар жайы көп әңгімеленеді.

Мәселен, жиһан кезген батырлар бір елді жалмай жұтып, жоқ қылғалы жатқан жалмауызды өлтіреді, халыққа еркіндік береді. Я болмаса хандардың зұлымдығы, қаталдығы батыл әшкереленеді. Хан жарлығы орындалмаса, бас алу заңын ертегі әрдайым қатты сынайды, әділетшіл, ізгі адамдар хан, патшалардың қаталдығына қарсы сан түрлі айламен күрес ашады. "Мың бір түн" ертегісінде Шаһаризада күніне бір әйелдің басын алатын ханның қаталдығына күніне қызықты бір әңгіме, ертегі айтумен қарсы тұрып, ақыры бүкіл әйел қауымын апаттан құтқарады. Аяз би, Жиренше шешендер, айлалы тазшалар езілген тап ортасынан шығып, ханның ақылсыздығымен, әділетсіздігімен күреседі. Жауыздық, зорлық, қаталдық халықтың ерлігі, даналығы алдында бас иіп отырады. Сондықтан да ұлы Ленин және Горький ертегіге айрықша мән берген.

Шыншыл ертегілердің ішінде әсіресе салт ертегілерінде қоғам өмірінің, адамдар тіршілігінің бейнесі өте айқын көрсетіледі.

Бұл ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі бастыларын санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, ақылды қыз, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, өнерпаздық жарысы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, тағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі сияқты неше алуан боп шығады. Бұлардың жалпы тобынан туатын идея, қоғамдық салт-сана: әділдік пен теңсіздікті, зорлық пен қарсылықты, байлық пен кедейлікті, бақ пен сорды, жақсылық пен жауыздықты, ақыл мен ақымақтықты қарсы қою түрінде болады. Осы қатарда үй іші тұрмыстың адалдық пен қиянаты, беріктік пен алдауы да көп ертегінің идеясын ашып отырады.

Шыншыл ертегілердің бір мол қайталайтын тақырыбы — ақылды жігіт, ақылды асыл қыз жайындағы ертегілер. Бұл ертегілердің ескі түрі қиял ертегілерінің әсерін көрген. Сондағы ертегілік қиын жол, қыспақ хал сияқтының бірталайын ішіне ала жүреді.

Салт ертегісінде әке мен бала, ағалар мен інілер арасын әңгіме етеді. Ол ертектерде жаман ағалардың жақсы ініге ететін күншілдігі, қастығы жайы айтылады.

Жақсы баланы құрбан етіп, амандық алатын әке жайындағы әңгімелер де осы алуандас келеді. Қазақта дәл осы соңғы тақырып қиял ертегілерінің желісімен жалғас, қатар жүреді. "Алтын сақа", "Жаналы" ертегілері қиял ертегісі "Ер Төстікпен" туысады. Бұларда әуелі әке жалмауыз кемпір, айдаһар сияқты қастан күшке оқыс кезігіп, өлімнен құтылу үшін жаңағы дұшпандарының талабы бойынша ұлын құрбан етпек болады. Содан кейін бар ертегі сол жазықсыз, жақсы баланың ат көмегімен, өз ерлігімен, не басқа дос көмегімен құтылуын баян етеді.

Бұл айтылғандар салт ертегісінің қиял ертегісімен шектес, көне түрлері. Әке мен бала, ағалар мен інілер жайындағы салт ертегілерінің бертін шыққан үлгілері шын өмірлік уақиға, халдерді баян етеді. "Дарыш мергеннің ұлдары", "Хан мен баласы", "Әби-Тәби" деген ертегілерде балалар әке тапсыруымен сапар шегіп, бейнет көріп, өз еңбектерімен өздерінің бақытын іздейді. Кейде сол сапарға шыққан баланың бәрі неше алуан күйге жеке-жеке кетіп жүріп ұшырайды да, бәрі де жақсылық, ерліктері арқылы ырыс тауып тынады.

Салт ертегісінің дүниежүзілік бар фольклорға жайылған бір қызықты тақырыбы — қарақшылар, аярлар жайындағы ертегілерде. Қазақта да бұл көп ертегі. Ерте күндегі, көне түрі "Қырық қарақшы" сияқты боп шығып, дәумен алысады. Басында қызға таласып, өз туысқандарын өлтіреді. Бірақ қызды дәу алып қашып кетеді. Дәудің жаны судағы шабақта екенін біліп алып, қарақшы сол шабақты ұстап, өзінің санын тіліп, етіне қыстырып алып келіп, дәуді өзіне көмекші етіп алады. Дегенін істетеді. Ұрлық ұсталығын адамға қарсы қас күшті жеңуге жұмсаған қарақшы болады. Бұл қиял ертегісімен жалғасқан ескі түрлі әңгіме.

"Жеті қарақшы мен момын", "Көз бояушы ұры" деген ертегілер — осы үлгідегі ертегінің көп санындағы ерекшеліктерді анық танытатын, айқын әңгімелер. "Жеті қарақшы" ертегісі "бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін" ұрлаған деп сипаттайды. Бұлар момынның бар малын ұрлайды, қара жерге отырғызады. Бірақ момын ақырында осы жеті қарақшының бабын тауып, өзі алдап өшін де алады, малын да қайырып алады.

Бұл ертегі момынды қу мен сұмға жем болмасын деген жалпы әділет тілегінен туады. Жамандық жаза шекпек, жақсылық жеңбек, "арамзаның құйрығы бір тұтам" дегендей, халық ұғымындағы әділет көксеу желісіне құрылған. Қазақ ертегісінің ішінде Орта Азия халықтарына ортақ "Атымтай Жомарт", "Тотының тоқсан тарауы", "Төрт дәруіш", "Рүстем-дастан", "Тақ Сүлеймен", "Сейфул Мәлік" сияқты мол түбірлі, шоғыр-шоғыр үлкен ертегілер бар. Бұлар көбінше бір әңгіме емес, әлденеше салалы, ұзақ шебер құрылысты ертегілер болады. Осылардың көбіндегі өмір шындығы, қоғамдық мүдде, талап, адам мінезі мен үй ішілік, әлеуметтік қатынас, талас, тартыстар - барлығы да қазақ ертегілерінде байырғы салт ертегілеріндей үлкен толғаулы оймен, шешен, шебер тілмен қызықты халық романдарынша әңгімеленеді.

Шыншыл ертегілер қатарындағы бөлек бір алуаны күлдіргі ертегілер болады. Алдымен бұл ертегілердің уақиға ортасында жүретін бас адамдарының өзі ерекше. Іс-мінезі, аты, қалпы, кескін-ұсқыны күлкі, оқыс келеді. "Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек", "Ұр, тоқпақ", "Қаңбақшал", "Айлалы тазша", "Қу тазша", "Тазшаның қырық өтірігі", "Қу бала", "Екі еріншек" деген сияқты боп, ертегінің аты мен адамынан-ақ әңгіменің ойнақы күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады.

Бұлардан бөлек, жаңағы күлдіргі ертегілер көбінше қысқа келеді. Жалпы күлкі түрлердің көбіне ортақ бір сипат осы. Күлкі оқыстан туған, келте қайырылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады. Уақиғалы тартысты күлкі болғанда ойда жоқ күлкі хал, көп қимыл әрекеттер тығыз келіп, бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмырлана түссе, сонда күлкі әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей береді.

Осындай, мазмұнға сай құрылыс жағынан қарағанда, "Тазшаның қырық ауыз өтірігі" анық күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісі деп атауға татиды. Мұнда күлкіге бейім біткен ерекше жайлардан тыс бір ауыз сөз жоқ. Өтірікшіге қыз бермек болған хан сертінің өзі бір әсірелеген, дағдыдан тыс хал. Содан басталған тазша өтірігі "Мен анамның құрсағында жатқанда, тумаған ту атамның жылқысын бақтым" деп кетеді. Мұндағы өтіріктің себебі ертегінің әдейілеп, нақтылап алған күлкілік мақсаты. Өзі ылғи ғана болмас, иланбас суреттерге құрылу керек. Және өтірік құр татымсыз сандырақ емес, өзінде аса қызық тапқырлық бар, мол қиял-фантазия бар, өзі әдейілеген жасанды көркем шығарма болу шарт. Тазша соны түгел ақтап, адақтап шығады. Ең аяғында хан әдейі қиын тосқауыл жасап, оқыс сұрақтар береді. Хан: "Бәйтерегің қысқа шығар" дегенде, тазша шұғыл сұраққа іле жауап беріп: "Болса болар, түбінен таңертең ұшқан күйкентай басына кешке жетіп қонушы еді" дейді. "Күнің қысқа шығар" дегенде: " Болса болар, таңертең қашқан марал кешке бұзаулаушы еді" деп, тағы да сипаттап кетеді. Және осы оқыс сұрақтарға берген жауаптары бұрынғы айтып келе жатқан, бастан бергі өтіріктерінен өзгеріп, ауысып кетпейді. Дәл солардың үлгі, бітімінде, үйлесімді боп бітеді. Тазша өтіріктің ақыны, емін-еркін, нажағай ойнап шығады.

Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке мәлім, көзге қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілік хал, барлық жұрт білетін көптің көз алдындағы табиғат ішінен алатыны халық күлкісінің бір ерекшелігі де даналығы.

Қазақтағы күлдіргінің осы алуандас бір мысалы — "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ". Онда да адам өрескел кескінде болғанмен, түсінікті табиғат көрінісімен байланыстыра алынған. Бұты шидей, басы қуық, қағанақтай, тамағы қылдай кісілер әңгіменің басынан-ақ оқшау тұрпатымен көпке күлкі боп тұрады. Олардың өрескел кейпіне қарай ісі мен өлімі де күлкі, оқыс болады.

Күлдіргі ертегілердің ендігі бір алуаны "Ұр, тоқпақ" сияқты, жансыз елеусіз заттардың ойда жоқ, қырғын қызық, өрескел әрекетіне құрылады. "Піс, қазан", "Бас ноқат", "Шырт ноқат" деген сияқты ойда жоқ, оқыс күлкі туғызатын заттар халдері мен істері де қосымша мысал болады.

Қазақ ертегісінде көп күлдіргі әңгіменің ортасында жүретін, әдейі айлалы, ақылды, тапқыр етіп кейіптелетін бір жан тазша болады. "Айлалы тазша", "Қу тазша", тағы әлденеше тазша боп әңгімеленетін күлдіргі ертегілерде жай күлкіден басқа мағына мол болады.

Тазшаның сол "тазша" дегеннен басқа аты жоқ. Өзі кедей, жалғыз, бұған ешкімнің жәрдемі, жақсылығы болыспайды. Бірақ нелер қиын халден, қысталаңнан аман шығып жүреді. Өз ақылы, қайраты, тынымсыз қарекеті, тапқыр сезгіштігі арқылы аман шығады. Және бір айқын сыры — тазша ылғи ғана ханмен, патшамен, уәзір, жендетпен тартыста жүреді. Солардың бәрін ақыл, айламен, алдауымен жеңіп отырады. "Айлалы тазшаның" ханнан қысылып байды алдап, жасауылды алдауы, оларды өзі құтқарып алғаны, ханға болысатын бақсы кемпірді өлтіріп, оның жаласынан және құлантаза құтылып, ақыры мақтан алуы сол айланы өзі алдампаз ортаға қарсы құрал етіп жұмсағанын көрсетеді. Алдаркөсе, Қожанасыр жайындағы сан алуан ертегілер де негізінде осы халықтық сатиралық ертегілер тобына жатады.
Рахмет.Өзіңіз жаздыңыз ба?
жоға. Бұл жай қосымша мәлімет қой, осы жерде тақырыптары бар қарап көрерсің.
Белгісіз
...