0 дауыс
116k көрілді
Аңыз әңгімелер халық шежіресі шығарма жоспарымен?

Такырып: Аңыз әңгімелер халық шежіресі Жоспармен керек?
Мағанда аңыз əнгімелердің тəрбиелік құндылығы деген тақырыпқа шығарма керек еді.тез.ертенге
Бұл менің ойымша бұрынғы заманда адамдар ертегі шежіре дегендерді оз іс арекетімен ойлап тапкан

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Ауыз әдебиеті әңгіменің бір саласы – аңыз.  Аңыз негізінде  әңгіме, кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін.

Аңыз белгілі  бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен  қиял-ғажайып оқиға аралас келіп отырады. Бұл жағынан  алғанда аңыз  бен ертегі  екеуінің  арасы жақын. Негізгі айырмасы – аңыз әңгіме көбінесе тарихта болған адамның басына құралады. Әуелде тарихта  шын  болған, кейін сондай адам болыпты-мыс  деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі.

Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде  тууының, негізгі себебі сол адамның өз басына  істеген, ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні  зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр,  не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»  шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін.  Бірақ ол адамдардың іс-әрекеттерімен  байланысты  айтылған әуелгі шындыққа қоспалар қосылып, сол істепті-міс, айтыпты-мыс деген әр түрлі лақап біртіндеп аңызға айналады. Оны әңгіме, жыр етіп, біреуден жаттап алып, кейінгі ұрпаққа  қалдырады.

Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да , әлгі аңызға айналған  адамның өзі  кәдімгі қарапайым адамның  қатарында  қала берді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт т.б. – бәрі де  шындықтағыдай, жай адамдар ретінде суреттеледі.

Аңыз әңгімелердің бәрі бірдей бір сюжет, бір идеялық мазмұныда бола бермейді.  Тақырыбы бір болғанымен, идеялық мазмұны  әр басқа  болуы да мүмкін. Аңызда әр топтың өкілі өзінше  баяндап, өзінше түсініп, оны өз тобының көзқарасына лайықтап, өз мүддесіне пайдалануға  әкеп тірейді.

Қазақта Асан қайғы туралы аңыз әңгіменің бірнеше нұсқасы бар. Кейбіреулерінде ол өз халқына бақыт іздеп, Жерұйық тапса, жақсылықты алдан күтсе, кейбіреуінде ол хандардың қамқоршысы кейпінде көрінеді, сары уайымға салынады.

Қазақ аңыз әңгімелерінде  қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Жиренше мен Қарашаш

Жиренше шешен мен Қарашаш тарихта болған адамдар ма, жоқ па, ол жөнінде мәлімет жоқ. Жалғыз-ақ ел аузындағы әңгіме оны тарихта болған Әз-Жәнібек ханның тұсында болыпты-мыс дейді. Жиренше  шешен жөніндегі аңыз халыққа өте көп тараған. Көбіне ол шешендігі жағынан әңгіме етіледі. Жиренше – халық ауыз әдебиетінен сүйікті орын алған ұнамды қаһарман. Хан мен Жиренше кездескен жерде,  ханның ақымақтығы, Жиреншенің ақылдылығы айқындалып отырады. Сөйтіп Жиренше жөніндегі аңыз халықтың ішінен шыққан дана адам үстем тап өкілдері әр дайым жеңіп отырса олардан анағұрлым  мойны озық жатса деген тілек мақсатты қамтиды. Мысалы: «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» – дейді Жиренше Жәнібек ханға.

Жиренше мен Қарашаш қатар аталады. Халық Қарашаш бойына даналықты ды, шешендікті де дарытқан. Талай тұйыққа  тіреліп , не қыларын білмей қалған жағдайларда , Жиренше ақыл тауып беретін де аузына сөз салатын да Қарашаш. «Еркек қайда қоздат», — деп хан әмір бергенде, Жиренше шын сасады, келіп Қарашашқа айтқанда «Сасатын түрі жоқ, қойды алып кел», — деп мерзімді кезіне дейін қойды соып жей береді де, ханды сөзден жығып, Жиреншені өлімнен құтқарады. Жалғыз бұл емес, көп тұста халық Қарашашты ең дана, ақылды әйелдердің өкілі етіп суреттейді. Бұның ерекше мәні бар. Әйел – көп халық.  Олардың әлеуметтік өмірде орны үлкен, маңызы зор. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады», әйелдердің ішінде де асқан дана адамдар бар деген пікірді бұл аңызда да қолдайды. Аңыз әйел мәселесі жөніндегі феодалдық – кертартпалық көзқарастан аулақ.

Қорыта келгенде, аңыз әңгімелердің көпшілігі – халық мүддесі, ел тілегін қамтитын туындылар. Халық өз ішінен шыққан әртүрлі ақылды адамдардың ел тілегінен қабысқан игі ісінің айналасында әңгімелер туғызып, сол, арқылы  өз кезіндегі көпшіліктің нені аңсап, нені көздегенін тайға таңба басқандай етіп, ауыз арқылы кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған.

            Алдар Көсе

Өмірдің ұнамсыз жақтарын шенеп-мінеуде  ең күшті құралдың бірі-түлкі. Халық ауыз әдебиетінде  күлкіні молынан пайдаланған. Солардың ішінде  ерекше орын алатын аңыз әңгіменің  бірі – Алдар  Көсе. Алдар  Көсе оқушыларын сөз тапқыштығымен, кейде іс-әрекетімен, кейде айла – амалымен еріксіз күлдіреді. Ал Алдар  Көсе  туралы аңыз жұртшылыққа кең тараған, әртүрлі қулық істері баяндайтын нұсқалары көп.

Көсе образы – қарапайым халықтың езуші байлар тобына, оның өкілдеріне қарсы жұмсау соларды масқаралау, келеке ету тілегінен туған ұнамды, күлдіргі образ. Оның басқа аңыздарда кездесетін образдардың ерекшелігі де, осы күлдіргілігінде.

Осы аңыздың  қай нұсқасында болсын Алдар  Көсе – халық сүйетін ұнамды образ. Оның іс-әрекеттерінің көпшілігі халықтың тілек-мүддесімен ұштасады. өзін езіп, қанап отырған үстем таптың өкілдеріне халық  Алдар  Көсені қарсы жұмсап, аңызда оған қалайда жендіріп шығарады.

Халық аузындағы мәтелге айналған «Жұмыртқадан жүн қырыққан», «Өзі тойса да, көзі тоймайтын», «Кесіп алса қан шықпайтын» дегендердің қайсысы болсын байларда өшпенділікті көрсетеді.

Осы мәтелдерде айтылған опасыздық, сараңдық – байлардың көбіне тән қасиет. Алдар  Көсе әңгімесінде шық бермес Шығайбай – сұрқия сараңдықтың жиынтығы. Шығайбайдың әдеті мен ісін мейлінше жек көрген халық қапияда жол,  қапылыста сөз табатын, айла-амал мол Алдар  Көсені жіберіп, Шығайбайды ондырмай күлкі етеді.

Шығайбайдың түнде өз асын өзі ұрлап ішпек болуы, ертемен қойға барарда, ыстық таба нанды Көседен жасырып қойнына тығуы тәрізді әрекеттерді адамдық арын дүниеге сатқан мол құмар, кісілік қасиетінен айырылған хан екенін көрсетеді.

«Ұрының әйелі өзіне лайық» дегендей,  оның тәрбиесіндегі үй іші — әйелі, қызы тап өзі тәрізді. Көсе үйге кіріп келгенде, әйелі илеп отырған нанды, қызы үйтейін деп  әзірлеп жатқан қазды жасыра қояды. Бұл, Шағайбыдың мінезін толықтыра түседі, соған  жаңаша мінездеу есебінде қолданылады. Шығайбай Көсеге еш нәрсе бермеуге қаншама тырысқанымен, Көсе бермесіне қоймайды. Айла-амалымен сараң байды қолына түсіреді, әбден масқаралайды

+2 дауыс
Аңыз-әпсанасыз, шежіресіз, жырдастансыз халықтың болмайтыны көпшілікке мәлім. Әсіресе, көшпенді өркениет аясында өмір сүрген қазақ ұлтының болмысын фольклорсыз көзге елестету мүмкін емес. Бабалардан қалған қазынаның бір парасы саналатын осы фольклорлық мұраларымыз тарихтың қайнар көзіне жатқызылмай, ғылымда шетқақпай көріп келеді. Өткен тарихын аңыз бен шежіреге құрып, қуанышы мен күйінішін жырдастанға арқау еткен елдің өткенін бағамдау үшін еуроцентристік көзілдірікті шешіп, мәселеге бір сәт халықтың дүниетанымы тұрғысынан қараған жөн деп білеміз. Әйтпесе, төлтума шығармаларымыздың қадір-қасиетін терең ұға алмақ емеспіз. Газетімізде екі жұма бұрын зерттеуші Мұхан Исахан осы мәселе жөнінде өз ойын ортаға салған болатын. Мақалада көтерілген мәселені тарихшылар мен тарихқа жанашыр түрлі саланың мамандары қуаттап, оның өте орынды көтерілгеніне және әрі қарай тереңдете түсуге өтініштерін білдірді. Ендеше, алдымен Мұхан Исаханның талқыға түсер тақырыптың аясын кеңейтер пікірін естісек. Аңыз арқылы Қазақ хандығының алғашқы астанасын тапты Мұхан Исахан, «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінің «Тарих, дін, құқық, таным» бөлімінің меңгерушісі: — Бүгінгі таңда ақиқатты тек материалдық құндылықтардан іздеудің қасаң түсінікке айналғаны соншалықты, аңыз-әпсана, шежіре, жырдастандарды халықтың тарихи жады екенін мүлде жоққа шығаратын деңгейге жеттік. Фольклорлық мұралардың халықтың терең дүниетанымы мен сан ғасырлық мәдениетінен хабар беретін рухани дерек-көз екендігі әмбеге аян болғанымен, халық қазынасының тарихымызды танытуға төгер сәулесін көпе-көрінеу көлегейлеп келеміз. Фольклорды тек өнер мен әдебиеттануға жатқызатын батыстың қалыбы біздің дүниетанымымызбен қабыса бермейді. Осы мәселені аңғарған кейбір тарихшы ағаларымыз кезінде балама тарихты жасау жөнінде өз концепциясын ұсынған да болатын. Бірақ, бұл бастама еліміздегі тарих ғылымының тізгінін ұстаған ағаларымыздың тарапынан қолдау таба қоймады. Тарихты Маркс негізін салған методологиямен зерттеу әлі де күшінде тұр. Бірақ, бұл әдістеме біздің түп-тамырымызды тануымызға құрал бола алмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тeоретиктеріміз қазақ тарихының жаңа тeориялық-методологиялық негіздемесін қалыптастыруға тиісті еді. Тарихтың жаңа тeориялық-методологиялық негіздемесі жасалса, көмбеде жатқан тарихтың талай жұмбақ сырын ашуға, аңыз, шежіре, жырдастандарымыздың екпінді ықпал етері сөзсізтін. Өкініштісі, әзірше, та-рихшыларымыз жаңа әдістеменің негіздемесін жасауға құлық танытпай отыр. Сонау Сақ, Ғұн дәуірін бойламай-ақ қояйық. Мысалы, түрік деген жұрттың пайда болу кезінен хабар беретін қасқырдың емшегін еміп, содан ашина (шино: көне түрікше бөрі деген мағынаны білдіреді) тұқымының өсіп-өнгенін баяндайтын көне аңыздың астарында біз біле бермейтін тарихи шындықтар жатыр. Көк түріктерден бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген үйсіндерде де ашина аңызына ұқсас әпсана бар. Бұл әпсанада да үйсіннің күн билері қаншық қасқырдың емшегін еміп, содан өздерін таратады. Осы күнге дейін екі аңыздың ұқсастығының мәнін аша алмай келдік. Сөйтсек, түріктің ел билеуші қағандары мен үйсіндердің күн билері бір ұрықтан тарайды екен. Көне қытай иероглифтерінде а дыбысының болмауынан, ашина сөзі ушин деп айтылған. Реконструкциясын жасайтын болсақ, ашина-ушин-ушун-усун болып келеді. Яғни, аңыздың астарына үңілсек, үйсіндер мен көк түріктердің билеушілері бір алтын ұрықтың өкілдері болып шығады. Орталық Азияға ислам дінінің таралуында «Бабтар» туралы түрлі әпсаналардың бар екені белгілі. Алғашқыда, жеке өз басым осы аңыздарға арқа сүйеген Б.Бабаджанов, Ә.Муминов, З.Жандарбек секілді зерттеушілердің тұжырымдарын теріске шығарған кезім болды. Кейін, мазхаптар тарихына қатысты екі томдық монография жазғанымда «Ысқақ баб», «Әбдіжалил баб», «Арыстан баб» аңыздарының астарында талай ақиқаттың бар екеніне көз жеткіздім. Кезінде, белгілі тарихшы-архeолог Мадияр Елеуов Шу ауданының ақсақалдарынан Керей мен Жәнібек хандар Көшпелі Өзбек мемлекетінен қоныс аударып, Жетісуға келгеннен соң Шар (шаһар) атты қала салдырған деген аңызды естігенін жазды. Кейін Мадияр ағамыз осы аңыздың негізінде Шу бойынан Шар қаласын іздестіріп, архeологиялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақ хандығының алғашқы астанасының орнын тапты. Егер бұл аңыз болмағанда, Шар қаласы Орта ғасырға жататын көп бекіністің біріне баланар еді. Қазақ шежірелерін де талдайтын болсақ, бізге беймәлім талай жайттың басы ашылатынына сенімдімін. Мәселен, Түркістанда жұмыс істеп жүрген кезімде Қарнақтан табылған XVІІ ғасырға жататын мөрлі шежірені шығыстанушылардың көмегімен оқып шығуға мүмкіндік алдым. Осы шежіреге қарап көз жеткізгенім, XVІІ ғасырда Ұлы Жүздің құрамында қырық, жүз, мың, құлшығаш және қарақалпақ рулары болған екен. Қарақалпақтардың қазақтан енші алған жұрт екеніне ешкім дауласпайды. Кезінде бұны орыс зерттеушісі Жданько жан-жақты дәлелдеп жазды. Ал, Қарнақтан табылған шежіредегі қырық, жүз, мың, құлшығаш атты рулар қазір Ұлы жүздің құрамында жоқ. Қырық, жүз, мың қазір өзбектердің құрамында болса, құлшығаштар Қоңыраттың құрамында жүр. Яғни, бұл жерде айтайын дегенім, Қарнақ шежіресі жаңсақ жазылған ба? Жоқ әлде, XVІІ ғасырда Ұлы жүздің құрамында шынында да қырық, жүз, мың, құлшығаш рулары болды ма? Болса, қандай тарихи себептерге байланысты Ұлы жүздің құрамынан шығып қалған? Міне, отан тарихының мамандары шежірелер шығарған осы тақылетті мәселелердің ақиқатын анықтауы қажет. Қазақ фольклорында да тарихтың талай шындығы жатыр деп ойлаймын. Жалпы, қазақ халқы батырлар жырына тек қана өмірде болған тарихи тұлғаларды прототип еткен. Тек, фольклорда оқиғалардың хронологиясы жазылмайтындығы тарихи шындықты анықтауымызға кедергі тудырады. Ал, жыраулар поэзиясы — тұнып тұрған тарих. Кейде жазбаша деректердің өзі ашып бере алмайтын мәселелердің шешімін жыраулардың толғауынан тауып жатамыз. Таяуда Хан-Кененің қырғызға жасаған жорығын зерттегенімізде, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанында сол кездегі шайқастардың желісін бұзбастан, дәл бере білгеніне ерекше тәнті болдым. Хан Кененің қырғызға жорыққа шығуына түрткі болған жайттардың шындығы мұрағаттық құжаттардан гөрі, ел ішінде айтылатын ауызекі тарихта қисынды берілген. Бұл жерде жазбаша тарихты төмендетіп отырғам жоқ. Бірақ, белгілі бір деңгейде ауызша тарихтың өзіндік ерекшелікке ие екенін мойындауға да тиістіміз. Келімсекке сүйенеміз бе, әлде түрік рухани тұтастығына сүйенеміз бе? Совет-Хан Ғаббас, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор: — Бүгінге дейін жаңа айтып өткен eуроцентристік методология бізге қай жағынан алып қарағанда да қиянат жасап келді. Себебі, бұл әдістеменің әуеніне құлақ түретін болсақ, шығыстағы Қытай, батыстағы Рим, оңтүстіктегі Мысырдың аралығында ат ойнатқан Ұлы Тұран елінің көне тарихы бұлыңғыр болып шығады. Одан бергі Қытай қорғаны мен Қап тауының арасында алып қағанат құрған Ғұндардың да тарихы жоқ. Яғни, бүкіл әлемдік тарих пен мәдениетке әсер еткен Ұлы Ғұн империясының тарихы көмескі. Сондай-ақ, жаңағы айтып отырған Үйсін мемлекетінің де өткенінен толық хабарымыз болмай шығады. Батыстың тeория-методологиясына салсаң, қазақтың тарихы XV ғасырдан басталады. Ал, менің пайымдауымша, қазақ мемлекеттілігі Сақ, Қаңлы, Ғұн, Ұлы Иозы, Үйсін, Түрік, Түркеш, Қарақан, Қыпшақ, Шыңғыс хан, Алтын Орда болып жалғасып, одан кейін ғана барып Қазақ хандығы құрылған. Мына көрші қырғыз ағайындар өздерінің 5 мың жылдық тарихымыз бар деп жүр. Ендеше, біз мемлекеттілігіміздің тарихын XV ғасырдан бастағанымыз ұят емес пе? Әсілі, тарихымызды тарылтып жүргендер —eуроцентристік ұстанымдағы зерттеушілер. Олар біздің тарихымызды тек өз мүдделеріне шақтап жазып, ыңғайы келгенде бұрмалап отырған. Мәселен, мен итальяндық саяхатшы Марко Поло Құбылайдың жанында он жылға жуық уақыт болып, түркілердің тарихын жазса да, оның жазғандарына күмәнмен қараймын. Себебі, ол түркінің дүниетанымын бәрібір игере алмаған адам. Сол сықылды қазақтың даласында айға жуық уақыт болып та қазақтың тарихын жазған орыс зерттеушілері болған. Қазір біз өткенімізден хабар беретін аңыз, шежіре, жыр-дастандардан көрі, сол біздің елімізге бір рет келіп кеткен келімсектің жазған естелігін жоғары қоямыз. Осы әділдікке жата ма? Ахмет Аляз, «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінің бас директоры: — Түркінің өткенін танып білу үшін бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте маңызды деп ойлаймын. Себебі, түркі елдерінде жаппай мұрағаттың жұмыс істей бастағанына ұзаса бір ғасыр болған шығар. Осман тарихына көз жіберер болсақ, Осман империясы XV-XVI ғасырлардан бастап мемлекеттік іс-құжаттарды тіркеуге алатын мұрағат мекемесін құрды. Оған дейін кейбір жеке тұлғалардың жазған дүниелері болмаса, тарихи оқиғалардың себеп-салдарын зерттеп, іс-құжаттармен бекіткен арнайы мемлекеттік мекемелер болмады. Біз, түркілер — тарихты жазушы емес, жасаушы елміз. Бірақ біздің тарихымызды Қытай, Парсы, Рим зерттеушілері бұрмалап жазғанын ескермеппіз. Өзімен жауласып отырған елді ешкімнің мақтап жазбасы белгілі. Мәселен, қытай мен түрік халқы жаратылғаннан бері жауласқан. Ал, біз көне тарихымызға қатысты деректердің бәрін осы қытай жылнамаларынан алып жүрміз. Түркілерден қорқып әлемнің жеті кереметі саналатын Ұлы Қытай қорғанын тұрғызған аспан асты елі, ата дұшпаны саналатын сол түркінің тарихын жарылқап неғылсын? Қытай жылнамаларының бәрін сарай тарихшылары жазған. Тарихқа саясат араласты ма, ол белгілі бір мүдде тұрғысынан жазылады. Онда, ол дү-ниенің міндетті түрде кінәраты болады. Сол сияқты түркілердің Орта ғасыр мен Жаңа заман тарихын жазған Еуропа тарих-шылары да ориантализмге қызмет етіп, біздің тарихымызды бұрмалап жазды. Бізді кемсітіп, жабайыға теңеп, өздерін мәдениетті санап жоғары қойды. Мысалы, Осман императоры Кануни Сұлтан Сүлейманның Хурем сұлтан деген әйелі болған. Хаммер деген неміс тарихшысы: «Хурем сұлтанның шыққан тегі — украин, шын есімі — Роксолана. Ол 13 жасында Осман сұлтанының гареміне күң ретінде әкелінген болатын. Гаремде патшаның оған көзі түсіп, ол сарай ханымына айналды. Бұл әйел Осман елінің күйреуіне көп еңбек сіңірді», — деп соқты. Ал, Хурем сұлтан — Осман патшаларының әйелдерінің ішінде артына ең көп мұра қалдырған патшайым. Ол мұсылмандарға арнап көптеген монша, көпір, мешіт-медресе салдырды. Егер, неміс тарихшысы Хаммер ойлағандай Хурем ханым Осман мемлекетін күйретуші болса, онда ол неге мұсылмандарға осыншалықты жаны ашыған? Меніңше, Хурем сұлтан Хаммер айтқандай, айлакер, сұм болмаған. Хаммердің айтқанын арандату деп түсінемін. Осындай жағдай түркі халықтарының бәрінің басында бар. Бұл мәселені шешу үшін түркі елдері ортақ ғылыми зерттеу орталықтарын ашып, тарихымызды түркінің тұрғысынан қайта жазуы керек. Осы тұрғыда, аңыз, шежіре, жыр-дастандардың төл тарихымызды танып білуге тигізер ықпалы зор деп білемін. Мен өзім бірнеше жылдан бері «Көрұғлы» дастанының нұсқаларын салыстырмалы түрде зерттеп келемін. Әрине, дастандардың датасының бұлыңғыр болып келуі «Көрұғлыға» да тән дүние. Сондықтан, жырдағы оқиғалардың қай дәуірге жататынын біле алмаймыз. Бірақ, Көрұғлының түркі елдерінің көбінде халықтың жыр қазынасы ретінде қабылдануы, бұл түркінің рухани тұтастығын әйгілеп тұр деп ойлаймын. Есенғазы Қуандық, тарих ғылымда-рының докторы, профессор: — «Аңыз, шежіре, жыр-дастандар тарих ғылымның қайнар көзі бола ала ма?» деген мәселеде, мен қос қолымды көтеріп, «бола алады» деп айтамын. Мысалы, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын алайық. Бұл ғашықтық дастанды өмірде болмады деп ешкім айта алмайды. Болмады дейін десең, ШҚО-да оларға қойылған биік сағана тұр. Қиялдан шыққан нәрсеге осыншама зәулім сағана тұрғызатын халық ақымақ емес қой. Сол сияқты аңыз бен шежіренің дүниеге келуіне белгілі бір тарихи фактор әсер етеді. Демек, аңыз, шежіре, жыр-дастанның астарында мысқалдай болса да, ақиқат жатады деген сөз. Бірақ, аңыз, шежіре, жыр-дастандардың кәдеге асатын, кәдеге аспайтын жерлері болады. Яғни, аңыз, шежіре, жыр-дастандарды тарихқа қайнар көз ретінде қолданғанда, бұл мәселеге аса сақтықпен қараған жөн. Сақтықпен қарамасақ, «Ел тұтқаны» жазған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз секілді басымыз дауға қалады. Тағы бір айта кететін жағдай, тарих ғылымы үшін шежіре — өте нәзік бір мәселе. Шежірені жақсылыққа да, жамандыққа да бұруға болады. Халқымыздың шежіре тарқату үрдісін кезінде Патша үкіметі өзіне тиімді пайдаланды. Ал, Кеңес үкіметі шежірені мүлде жойғысы келді. Бірақ, қазақтың «жеті атасын білмеген жетесіз» деген қағидасы әлі өшпей, тарих көшімен бірге өмір сүріп келеді. Кезінде Алаштың арысы Міржақып Дулатов: «Шежіре дегеніміз — қазақтың өткенінен хабар беретін, келешегін болжайтын құндылық», — деген болатын. Яғни, шежіренің тарихтағы орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, қазір біз шежіре жазудан зиян көруіміз мүмкін. Бұрынғы шежірелерде тарихи тұлғалардың өмірбаяны қоса берілетін болған. Ал, қазір мүлде олай емес. Жуықта қолыма Албандардың шежіресі түсті. Алып қарасам, шежіреде 10 мыңға тарта адамның аты аталады. Сондай-ақ, «Алаш» зерттеу орталығының шығарған ру-тайпалар сериясына қарап отырсам, «Тамалар Орта жүзге ақылшы болған» деген дерек жазылыпты. Сілтемесіне үңіліп, сол деректі тауып оқысам, әлгіндей дерек мүлде жоқ. Бұндай жайттар бізге не береді дегенге келетін болсақ, жалған шежірелер бізді тек арандатуға апарады деп ойлаймын. Қытайда арнайы мифология институттары жұмыс істейді Нұрлан Кенжеахмет, тарих ғылым-дарының докторы: — Меніңше, аңыз, шежіре, жыр-дастандар тарих ғылымының қайнар көзі бола алады. Өйткені, әлем елдерінің тарихына қарайтын болсақ, мұндай тәжірибенің бар екенін көре аламыз. Мысалы, ерте дәуірдегі төрт өркениетті елдің санатына жататын Египет, Вавилон, Қытай, Үндістан өздерінің көне тарихтарын тек аңыз, мифологиямен жазып шыққан. Одан бергі тарихтарын аңыз-әпсанамен бірге жазба тарихпен ұштастыра жазған. Қазір Қытайда арнайы құрылған мифология институттары жұмыс істейді. Бұл институттар аңыз-ертегілердің негізінде архeологиялық зерттеулер жүргізіп, үлкен нәтижелерге қол жеткізуде. Біздің қазақ тарихы да осы жолмен жүріп отырса, ғылыми табастарға кенелер еді. Мәселен, қытай деректерінде «Алтын адам» туралы аңыз бар. Міне осы аңызды біздің Есік қорғанынан табылған алтын адаммен бай-ланыстыруға болады. Осы тұрғыда бізге «Қазақ мифологиясын» зерттеген марқұм Серік Қондыбай бауырымыздың еңбектеріне де тереңірек үңіліп қараған абзал. Рашит Оразов, тарихшы: — Тарихи жырлардың қазақ тарихындағы орнына тоқталар болсақ, әсіресе XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі тарихи оқиғаларды жазу барысында тигізер пайдасы зор. Өйткені, алмағайып соғыс барысында оқиғаны сипаттайтын жазба деректер жоқтың қасы. Тек, көрші Ресей, Қытай сияқты елдердің көпестерінің жазып қалдырған деректері ғана кездеседі. Бірақ, біздің ақын-жырауларымыздың жазған жыр-дастандарымен салыстыратын болсақ, Ресей мен Қытай саяхаткерлерінің жазбасына қарағанда, төлтума шығармаларымызда тарихи оқиғалар желісі толыққанды беріледі. Тарихи жырлардың, эпостық шығар-малардың тарихи шындыққа қатынасын, олардың қазақ халқының қоғамдық санасында алатын ерекше орнын терең түсініп, өз еңбегінде аңыз-жырларды дерек ретінде көп пайдаланған Ш.Уәлиханов болды. Шоқан дала жыр-дастандарының шынайылығы нақтылы өмірден алшақ-тамайтынын айтқан болатын. Сондықтан да, ол қазақ жыр-дастандарын алғаш жинақтаушы ретінде тарихта аты қалды. ХХ ғасырда Шоқан Уәлиханов дәстүрін одан әрі жалғастырып, тарихи аңыз-әңгімелерді жинаушы ғалымдарымыз Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев және т.б. ғалымдар қазақ даласының түкпір-түкпірінен жырдастандар жинап, Ұлттық Академияның қолжазбалар қорына тапсырды. Ел арасындағы қариялардың әңгімелері мен көне аңыздардың бір-бірімен қатты қабысып жататынын айтып, тарихи шындықты баяндауы жағынан қазақ эпосы кейбір шақтарда жазбаша жылнамалардан еш кем түспейтінін өз еңбектерінде жазып қалдырды. Сонымен қатар, ауызша тарих айту дәстүрі туындыларының дерек ретінде пайдалануда мынадай ерекшеліктерді басшылыққа алған дұрыс болар деп ойлаймын. Біріншіден, ауызша тарих айту туындылары ауызша айтылғандықтан, олардың жазба деректерден талап етілетін шарттарды, яғни нақтылықты, хронологиялық дәлме-дәлдікті, оқиғаның бірізділігін талап ету мүмкін емес. Екіншіден, батырлық эпос пен тарихи жырда асыра әсерлеу, сюжеттік қайталанулар молынан кездеседі. Осыған сақтықпен қараған жөн. Үшіншіден, ауызша тарих айту туындылары көп нұсқалы болып келеді. Міне, осы ерекшеліктерді басшылыққа ала отырып, тарихи кезеңдерді зерттеушілер мүмкіндігінше шынайылықты жазуы қажет. Қазақ тарихы бәлкім «Мықтың елінен» басталар Шыңғыс Ергөбек, заң ғылымдарының кандидаты: — Менің диссертациялық жұмысымның тақырыбы «Хандық дәуірдегі саяси, құқықтық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуы» деп аталады. Осы жұмысты жазу барысында жыраулар поэзиясында көптеген тарихи шындықтардың жатқанына куә болдым. Кезінде әдебиет тарихын зерттеген Бейсенбай Кенжебаев өзінің шәкірті Мұхтар Мағауинге Хандық дәуірдің әдебиетін, ал, Мырзатай Жолдасбековке Түркі дәуірінің әдебиетін зерттеуге ғылыми жетекшілік жасады. Осы зерттеулердің негізінде Мұхтар ағамыз тарихшыға, Мырзатай ағамыз түркологқа айналды. Мен де хандық дәуірді зерттей жүріп байқағаным, жазба тарихтың өзі тереңіне ене бермейтін тарихи мәселелерді жыр-дастандар талдай алған. Мысалы, Есім ханның Жиембет жырауды айдауға жіберуі туралы жазбаша тарихтан ешқандай дерек таба алмайсыз. Сондай-ақ, Есім ханның Тұрсын ханмен арасындағы қақтығыстың себептерін де сол кездегі қолжазбалардан табу қиын. Бірақ, осы мәселелердің шешімін жыр-дастандардан көре аламыз. Жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі тарихи шындықтар да көбінесе жыраулар поэзиясында айтылады. Абылай ханның саяси көзқарастарының бір парасы Бұқар жыраудың поэзиясында бедерленеді. Есбол Өміржанов, заң ғылымдарының кандидаты: — Есімі елге белгілі Жағда Бабалық ағамыздың қасында жүріп тыңдаған әңгімелерімнің бірі «Мықтың елі» атты аңыз еді. Ол кісінің айтуынша, біз тарихымызды Сақтарға әкеп тірегеннің өзінде ары кетсе тарихымызды екі жарым мың жылға ғана соза аламыз. Сонда одан бұрын қазақтар өмір сүрмеген бе? Жағда ағамыздың айтуынша, Қазақ халқының тарихын он мың жылға дейін апаруға болады. Оған негіз жоқ емес. Ол кісі Қытайда жүргенінде Тарбағатайда «Мықтың елі» деген аңызды естіген екен. Осы аңызға арқау болар «Мықтың үйі» деген обаларды көріпті. Ол обаларда адам сүйектері жерленген дейді. Осы аңызды негізге алып, Жағда ағамыз қазақтың Сақтан да бұрынғы бабасы Мықтар болып табылатынын айтып жүр. Жаңа Совет-Хан ағамыз Қазақтың тарихын XV ғасырдан бастаған ұят емес пе деп айтып қалды. Иә, тарихымызды Қазақ хандығының құрылуымен бастағанымыз ұят-ақ! Меніңше, Жағда ағамыздың көтерген мәселесін архeологтарымыз терең зерттесе, қазақ тарихын тереңдете түсуге болады деп ойлаймын. P.S. Дөңгелек үстелге қатысушы зиялылардың айтары көп бол-ғанымен, бәрінің ойы бір жерден шығып жатты. Яғни, зиялыларымыз аңыз, шежіре, жыр-дастандарды ғылыми сараптаудан өткізіп, са-лыстырмалы негізде тарих ғы-лымының қайнар көзі ретінде пайдалануға болады деген тоқтамға келді. Әрине, осы пікірталас алған тақырыбымыздың алды да, соңы да емес. Әлі де бұл маңызды тақырыптың иін қандыра түсер тарихшыларымыз пікірлерін айтып, шынайы тарихымызды жазу жолындағы біздің игі талабымызға үлес қосатынына сенімдіміз.
+1 дауыс

АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мәдениетінің бастауы, түп төркіндері – сонау есте жоқ, ескі замандарда жатыр. Ол мұраны қазақтың бай ауыз әдебиетінен, сонау Орхон-Енисейден басталатын көне түркі ескерткіштерінен, тарихи жазба мұралар мен осы күнге дейін тұрмыс-тіршілігімізде орын алып келген салт-дәстүрлерімізден табамыз.

Ерте замандағы көшпелі қоғамының көркем ой тарихында ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Халық өзін қоршаған табиғат құбылыстарын, тұрмыс-тіршілігіне байланысты көңіл-күйін, мұң-мұқтажын, өлең, қара сөз арқылы көрсеткен. Ондай шығармаларды ауызша шығарып, халық арасына кеңінен таралып, біздің заманымызға жеткені бәрімізге мәлім. Сол кездегі халықтың есте сақтау қабілеті күшті болғаны соншалықты ықылым заманнан бері сол шығармалар әр түрлі өзгерістерге ұшырап, сан алуан нұсқалары, түрлері пайда болып, халқымыздың ақыл-ойының інжу-маржаны, алтын бай қазынасы толықтырып, жасақталды.

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - демекші, ата-бабамыз ұл-қыздарына жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысқан. Ұл баланы тәрбиелеуде мынандай талаптар қойылатын: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру, еңбексүйгіштік, ата-тегін жадында сақтау, отбасы, ауыл-аймақ, ел намысын қорғай білу, сөз асылын қастерлеу, ата салтын бұзбау, жаудан беті қайтпау. Қыз баланы жақсы жар, әдепті келін, ұқыпты әйел, аяулы ана болуға тәрбиелеген. Отбасында әкелер мен аталар өзінің өнерін балаларына үйретіп, жан-жақты тәрбиелеуге көңіл бөлген. Өз өнерін баласына мирас етуі ата дәстүрі болған. Осындай әке мұрасын жалғастыруда жастарды дәріптеу халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алған.

Аталары балалары мен немерелерiне ертегi, аңыз-әңгiме, мақал-мәтелдер айтып берiп, шешендiкке, тапқырлыққа тәрбиелеген. Мысалы, Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов сияқты ұлы ақын-жазушылардың немесе Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты ел билеушi шешендердiң жастайынан елдiң салт-дәстүрлерi мен заңдарын, аңыз-әңгiме мен өлең-жыр, мақал-мәтелдерiн жаттап, жадында сақтап, көп бiлуi әкелерi мен аталарының әсерi екенi сөзсiз. Көптi көрген қариялар отбасының, ауыл-аймақтың үлгi тұтар тұлғасы, тәлiм-тәрбие мектебi сияқты.

Сахара тұрғындарының қиындығы мол өмір-тіршілігі оларға қойылатын талаптардың қатаң болуын керек етті. Көшпелі халық қара күшке мығым, төзімді, құбылмалы табиғатқа икемделгіш, кемелденген адамдарды қажет етті. Қыр адамы ес білгеннен із кесіп, жол қарап, жұлдыз бағдарлап өсетін болған. Қайда жүрсе де олар ақынның сөзін, жыраудың жырын,әншінің әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы мақал-мәтелді, ертегі мен аңызды,терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық еткен. Халықтың тарихын,тағдырын түп негіздерін тану үшін ауыздан-ауызға таралып келген уақыт шаңына көміліп қалмай, саф алтындай сараланып жеткен аңыздың мәні зор. Әрине аңыздар тарих оқулығының орнына жүре алмайды, олардан болып өткен оқиғалардың дәл жылы мен айын анықтап білу қиын. Сонда да болса аңыздар шежіре тізбегінің ұлы көшінен адастырмайтын, ақиқатты тек өзіне ғана тән тәсілдерімен жаңғыртып елестететін аса қымбатты куәлік болып табылады. Аңыздарда елдің белгілі бір дәуірлері мен оқиғалары, тарихи қайраткерлер жайлы өз түсініктері, бағасы сақталған. Ал қандай да бір болмасын жағдайдың аңызға айналғанда, белгілі бір дәрежеде, әсіреленіп берілетіні ауыз әдебиетінің әуелден бері келе жатқан шарты. Қиял араласпаса, жамағатшылықтың ерекше ілтипаты болмаса және сан рет қайталанып айтылмаса, шындық дегеннің өзі бірте-бірте көмескіленіп, ақырында мүлде ұмытылып кетуі ғажап емес. Сондықтан да қиял – шындықтың шегесі деп бекер айтылмаған [3,39]. Аңыз өмірде болған елеулі оқиғалар, ертеректе өмір сүрген көрнекті адамдар және белгілі бір жер-су, мекен жайлы баяндайды. Сол себепті ел арасындағы аңыздағы айтылатын оқиғалар мен іс-әрекеттер ақиқат нәрсе деп қабылдаған. Аңыз дегеніміз – бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса, бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі, бір аймақта болған оқиға туралы, немесе атақты қайраткер жайында баяндайтын ауызекі әңгіме [ 4,8].

Аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер – фольклорлық жанрдың үлкен бір саласы. Әуел баста тарихта болған, келе-келе халықтың ауызша айтатын аңыздарына құрылған Алдар Көсе, Қожанасыр, Жиренше, Асанқайғы, Қорқыт секілді фольклорлық образдардың айналасында туған, солар айтты деген неше алуан аңыз, ертегілер, әңгімелер, шешендік сөздердің танымдық және тәрбиелік мәні ерекше деп айтуға болады.

Аңыз әңгімелердің таңдаулы үлгілері ғасырлар бойы жасалған халық шығармашылығы болғандықтан оның ішінен көркем тіл де,терең ой да, тамаша үздік кейіпкерлер де табылады. Оның осы сияқты аса жоғары идеалық көркем қасиетін балалардың санасына жеткізу үшін бұлардың да өзіне лайық оқып үйрену жолдары әдіс амалдары бар. Бала айналасындағы өмірді, адамдарды кеңірек танып ұстанымдылыққа еңбек сүйгіштікке ие болады.Көпті көрген, көп жасаған қазақ қариялары оқымаса да көкейге тоқығандарын, одан жасаған қорытындыларын құймақұлақ жастарға үйретуден жалықпаған. Талапты жастар үлкендерден, қариялардан өнер-білім үйренуді өздеріне міндет, мұрат тұтқан, жақсының атын ерттеп, қасына ерген. Олардан үлгі-өнеге алуды ар-намыс санамаған.

Қазақ шешендік сөздерінің көрнекті нұсқалары халқымыздың басына ауыр заман туған кезде өздерінің биік мемлекеттік парасаты, ел келешегін кең ойлайтын кемелдігі арқасында өшпес даңққа ие болған Төле Әлібекұлы, Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлы, Әйтеке Байбекұлының атымен байланысты айтылады. Ел арасында бұлардың аты аңызға, бүкіл бір халықтың символына айналған. Ғасырлар бойында халық көңілінде сақталған ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке туралы аңыз, әңгімелер де біздің заманымызға жеткен. Олар қазақ бірлігін қалай етіп күшейтуге болатынын ойлап, осы жолда қайсар, саналы әрекет етіп, артына өшпес өнеге тағлымды дәстүр қалдырған жандар [3,303].

Қазақта «әр ханның тұсында бір сұрқылтай» дейтіні, әр ханның заманында өзінің бір ақылшы-кеңесшісі,шешені бар деген ойды білдіреді. Соның бірі – Төле би. Ел арасында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралды. Шымкентте, Түркістанда және Ташкенттте билік басында болған Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысты. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты. Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы аңыз-әңгімелер,шешендік сөздер өте көп.Солардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен және халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шыныныда Төле ХVІІ- ХVІІ ғасырда өмір сүрген, өз заманындағы ақылды, білімді, парасатты азаматы болған [5,9].Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады [2,93]. Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

- Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.Сонда Төле бала:

- Түсіндім, баба, бұлмысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

- Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,- депті.

Бұл сөзінен оның халықты бірлікте, ынтымақта өмір сүрсе ғана, бейбіт өмір болатындығын аңғаруға болады. Аңыздан адамныңертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көруге болады. Адамның ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады.

Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты, сонда Төле би былай деген екен:

- Бата басқа, қына тасқа, ақыл жасқа, не қалайсың? - депті. Сонда Жетес бала:

- О, қасиетті, баба! – Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз, соған ризамын, - депті. Онда қолыңды жай, балам, - депті Төле би:

- Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол! Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол! Бір тонның жағасы болма, Көп көлдың ағасы бол! Ақты ақ деп бағала, аумин, Қараны карала Өзегің талса өзен бойын жағала, Басыңа іс түссе көпшілікті шағала. Өзіңе-өзің кәміл бол.

- Халқыңа әділ бол, Жауыңа қатал бол! Досыңа адал бол! – аумин, деп бата беріпті [2,133]. Бұл сөзінен тек өз қамынды ойламай, халықты да ойла,оларға тіреу, сүйеніш бол, қиын жағдайда көмектесіп, ақылыңды айт. Әрқашанда шындыққа жақ болып, әділетсіздікке бой алдырмауға тырыс. Жауына аяушылық танытпай, досыңа адал бол»деуі тұнып тұрған өсиет-өнеге. Ер азаматқа тән бойында адамгершілік қасиеттерді дарытуды көздеген.

Төле би – өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге: «Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат – бесеуін жиып қойдым. Боз бала болып ерлік қылайын ба? Үлгі алып, билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса – жазулы тұрған хатың. Жайлаған көңіліңнің алдында төбе болса – ерттеулі тұрған атың деуші еді, ақыл сұрайын деп келдім», – дейді.

Кез келген аңыз – нақты бір халықтың ортақ рухани-мәдени мұрасы. Олар сол халықтың көркем ойлау ерекшеліктерін – эстетикалык және тарихи талап-талғамдарын,адамгершілік қасиеттерін аңғартады.

Фольклорлық прозаның басқа жанрларына қарағанда, аңыздың танымдық қызметі айқынырақ,ол елдің өткен тарихынан,өмірінен мағлұмат береді,яғни аңыз жұрттың білімін көбейтеді. Аңыз – халықтың өзі айтып берген ауызекі тарихы десе де болады [4,9].Қазақ әдебиетіндегі аңыз-әңгімелердің мән мағынасын ашу арқылы ата- бабаларымыздың рухани мәдениетінің алғашқы сатысы, әдет-ғұрпындағы, мәдениетіндегі толып жатқан құндылықтарын танып-білуімізге болады. Олардың білімнің, ғылымның, мәдениеттің, өркениеттің дамып жетілген уақыттағы жазба әдебиетімізге қосқан үлесінің молдығын сол шығармаларды оқып, шығарма бойындағы аңыздың тамырына терең бойлап қана көз жеткізуімізге болады.

Аңыз өткенің тарихы десек те, ол бүгінмен сабақтас. Өмір, махаббат үшін күрес, жақсылыққа ұмтылу, түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі-халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады [6,54]. Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Қорыта айтқанда, аңыз әңгімелердің қай-қайсысын алсақ та, ондағы айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін көтере отырып, аз сөзбен көп мағына беретін нақыл сөздері жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық мәні ерекше.

Ұқсас сұрақтар

...