+1 дауыс
18.2k көрілді
аңыз әңгімелердің пайда болу тарихы?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Аңыз әңгімелер

 

Аңыз әңгімелер. Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Олардың өміріне байланысты әңгімелерде ертегілердегідей әсіре қиялдау көп кездеспейді. Уақиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылады.

Кейіпкерлері. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр, Қорқыт, т.б. – бәрі де қарапайым адамдар ретінде суреттеледі.

Кейбір аңыз әңгімелердің басты кейіпкері көрші елдерге де ортақ болып келеді. Мысалы, Қожанасыр қазақ, қырғыз, өзбек ауыз әдебиетінде ортақ кейіпкер. Ол "ауылы аралас, қойы қоралас", қыз алысып, қыз берісіп құда-жекжат болып кеткен көрші елдердің ежелгі мәдени байланысының куәсі. Аңыз әңгімелерде көбінесе сарандық пен сақилықты, жалқаулық пен қиқарлықты өткір сатирамен ажуалап сынау арқылы жастарды жаман әдет, жат мінездерден аулақ болуға баулуды мақсат тұтады. Қожанасыр әңгімелерінде (аңызда) оғаш қылығы, аңғал мінезі әжуа-күлкі туғызып отырғанымен, негізі түйін ойда үлкен тәрбие-тәлім толқыны анық байқалады; оқушы оқып күле отырып шындықты түсінеді.

Осындай халық арасына кең тараған күлкілі сықақ аңыз әңгімелердің бір тобы Алдар көсе атымен байланысты туған.

Көсе образы – қарапайым халықтың күлкіні сараң байларға, оның өкілдеріне қарсы жұмсау, оларды келеке-мазақ ету тілегінен туған образ. Мұны біз "Алдар көсе мен Алаша хан", "Алдар көсе мен шық бермес Шығабай", "Алдар көсе мен саудагер", т.б. аңыз әңгімелерден көреміз. Осы аттары аталған хан, бай, саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласының арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді.

Халық аузындағы мәтелге айналған "Жұмыртқадан жүн алатын", "Өзі тойса да, көзі тоймайтын", "Кесіп алса қан шықпайтын" шық бермес Шығайбай – сараңдықтың жиынтығы. Шығайбайдың әдеті мен ісінен сарандық, дүниеқорлық, өзімшілдік айқын көрінеді. Оның осы мінезін жек көрген халық қапияда жол, қапылыста сөз табатын, айла-амалы мол Алдар көсені жіберіп, Шығайбайды бірнеше рет жер қаптырады.

"Ұрының әйелі өзіне лайық" дегендей, оның тәрбиесіндегі үй-іші – әйелі, қызы Шығайбайдың өзі тәріздес пиғылы тар сараң жандар. Көсе үйге кіріп келгенде әйелі илеп отырған нанды, қызы үйітуге әзірлеп отырған қазды жасыра қояды.

Бұл әрекеттер Шығайбайдың образын толықтыра түседі. Сараңдық пен дүниеқорлыққа жаны қас Алдар көсе табан аузында сөз тапқыштығымен өзінің жаңа ғана көргендерін әңгімеге қосып, келе жатып үлкен сары бас жылан көргенін, оны өлтіргенін тұспалдап айтып береді. "Осы айтқандарым өтірік болса, байеке сіздің астыңыздағы қазыдай тілінейін, бәйбішенің нанындай иленейін, қызыңның астындағы қаздай жұлынайын", – деп аяқ астында оларды масқара етеді.

Алдар көсе ақыры байдың қызы Бізбикені алдап алып кетумен уақиға аяқталады.

Ал "Алдар көсенің шайтанды алдауы" деген әңгіменің сюжеті, құрылысы басқаша болып келеді. Халық ұғымында шайтанды ешкім алдай алмайтын болса, бұл әңгімеде Алдар көсе өзінің қулығымен шайтанды да алдап кетеді. Оның өтірік өліп тірілуі, шайтанға қазы алдыруы, үлкендігін бұлдап, шайтанның мойнына мініп қамшымен сабауы, шайтандар қорқатын тікен арасына тығылып, ала қаптағы алтында алып құтылып кетуі арқылы адам айласы шайтанды да жеңеді деген идеяны білдіреді.

Алдар көсе туралы аңыздардың қай-қайсысы болмасын оны тапқырлықтың өкілі етіп және ол қандай іс-әрекет жасаса да жазғырмай, сүйікті етіп көрсетуі Алдардың ел санасынан ұнамды кейіпкер түрінде тұрақты орын алғандығын аңғартады.

 

 Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік – сирек ұшырасатын қасиет-дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен дараланады.

Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие-өнер мектебі болған. Енді елдікке, бірлікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз "Сөз қадірін білмесең, өз қадірінді білмейсің", "Сөз сүйектен өтеді", "Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік" деп, сөз өнерін ерекше тани білген.

Шешендік сөздер – ғасырдан-ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр, қисынға құрылған бұл сөздер тындаушының көңілінен шығып оны сөзсіз иландырады.
+1 дауыс

АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мәдениетінің бастауы, түп төркіндері – сонау есте жоқ, ескі замандарда жатыр. Ол мұраны қазақтың бай ауыз әдебиетінен, сонау Орхон-Енисейден басталатын көне түркі ескерткіштерінен, тарихи жазба мұралар мен осы күнге дейін тұрмыс-тіршілігімізде орын алып келген салт-дәстүрлерімізден табамыз.

Ерте замандағы көшпелі қоғамының көркем ой тарихында ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Халық өзін қоршаған табиғат құбылыстарын, тұрмыс-тіршілігіне байланысты көңіл-күйін, мұң-мұқтажын, өлең, қара сөз арқылы көрсеткен. Ондай шығармаларды ауызша шығарып, халық арасына кеңінен таралып, біздің заманымызға жеткені бәрімізге мәлім. Сол кездегі халықтың есте сақтау қабілеті күшті болғаны соншалықты ықылым заманнан бері сол шығармалар әр түрлі өзгерістерге ұшырап, сан алуан нұсқалары, түрлері пайда болып, халқымыздың ақыл-ойының інжу-маржаны, алтын бай қазынасы толықтырып, жасақталды.

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - демекші, ата-бабамыз ұл-қыздарына жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысқан. Ұл баланы тәрбиелеуде мынандай талаптар қойылатын: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру, еңбексүйгіштік, ата-тегін жадында сақтау, отбасы, ауыл-аймақ, ел намысын қорғай білу, сөз асылын қастерлеу, ата салтын бұзбау, жаудан беті қайтпау. Қыз баланы жақсы жар, әдепті келін, ұқыпты әйел, аяулы ана болуға тәрбиелеген. Отбасында әкелер мен аталар өзінің өнерін балаларына үйретіп, жан-жақты тәрбиелеуге көңіл бөлген. Өз өнерін баласына мирас етуі ата дәстүрі болған. Осындай әке мұрасын жалғастыруда жастарды дәріптеу халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алған.

Аталары балалары мен немерелерiне ертегi, аңыз-әңгiме, мақал-мәтелдер айтып берiп, шешендiкке, тапқырлыққа тәрбиелеген. Мысалы, Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов сияқты ұлы ақын-жазушылардың немесе Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты ел билеушi шешендердiң жастайынан елдiң салт-дәстүрлерi мен заңдарын, аңыз-әңгiме мен өлең-жыр, мақал-мәтелдерiн жаттап, жадында сақтап, көп бiлуi әкелерi мен аталарының әсерi екенi сөзсiз. Көптi көрген қариялар отбасының, ауыл-аймақтың үлгi тұтар тұлғасы, тәлiм-тәрбие мектебi сияқты.

Сахара тұрғындарының қиындығы мол өмір-тіршілігі оларға қойылатын талаптардың қатаң болуын керек етті. Көшпелі халық қара күшке мығым, төзімді, құбылмалы табиғатқа икемделгіш, кемелденген адамдарды қажет етті. Қыр адамы ес білгеннен із кесіп, жол қарап, жұлдыз бағдарлап өсетін болған. Қайда жүрсе де олар ақынның сөзін, жыраудың жырын,әншінің әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы мақал-мәтелді, ертегі мен аңызды,терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық еткен. Халықтың тарихын,тағдырын түп негіздерін тану үшін ауыздан-ауызға таралып келген уақыт шаңына көміліп қалмай, саф алтындай сараланып жеткен аңыздың мәні зор. Әрине аңыздар тарих оқулығының орнына жүре алмайды, олардан болып өткен оқиғалардың дәл жылы мен айын анықтап білу қиын. Сонда да болса аңыздар шежіре тізбегінің ұлы көшінен адастырмайтын, ақиқатты тек өзіне ғана тән тәсілдерімен жаңғыртып елестететін аса қымбатты куәлік болып табылады. Аңыздарда елдің белгілі бір дәуірлері мен оқиғалары, тарихи қайраткерлер жайлы өз түсініктері, бағасы сақталған. Ал қандай да бір болмасын жағдайдың аңызға айналғанда, белгілі бір дәрежеде, әсіреленіп берілетіні ауыз әдебиетінің әуелден бері келе жатқан шарты. Қиял араласпаса, жамағатшылықтың ерекше ілтипаты болмаса және сан рет қайталанып айтылмаса, шындық дегеннің өзі бірте-бірте көмескіленіп, ақырында мүлде ұмытылып кетуі ғажап емес. Сондықтан да қиял – шындықтың шегесі деп бекер айтылмаған [3,39]. Аңыз өмірде болған елеулі оқиғалар, ертеректе өмір сүрген көрнекті адамдар және белгілі бір жер-су, мекен жайлы баяндайды. Сол себепті ел арасындағы аңыздағы айтылатын оқиғалар мен іс-әрекеттер ақиқат нәрсе деп қабылдаған. Аңыз дегеніміз – бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса, бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі, бір аймақта болған оқиға туралы, немесе атақты қайраткер жайында баяндайтын ауызекі әңгіме [ 4,8].

Аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер – фольклорлық жанрдың үлкен бір саласы. Әуел баста тарихта болған, келе-келе халықтың ауызша айтатын аңыздарына құрылған Алдар Көсе, Қожанасыр, Жиренше, Асанқайғы, Қорқыт секілді фольклорлық образдардың айналасында туған, солар айтты деген неше алуан аңыз, ертегілер, әңгімелер, шешендік сөздердің танымдық және тәрбиелік мәні ерекше деп айтуға болады.

Аңыз әңгімелердің таңдаулы үлгілері ғасырлар бойы жасалған халық шығармашылығы болғандықтан оның ішінен көркем тіл де,терең ой да, тамаша үздік кейіпкерлер де табылады. Оның осы сияқты аса жоғары идеалық көркем қасиетін балалардың санасына жеткізу үшін бұлардың да өзіне лайық оқып үйрену жолдары әдіс амалдары бар. Бала айналасындағы өмірді, адамдарды кеңірек танып ұстанымдылыққа еңбек сүйгіштікке ие болады.Көпті көрген, көп жасаған қазақ қариялары оқымаса да көкейге тоқығандарын, одан жасаған қорытындыларын құймақұлақ жастарға үйретуден жалықпаған. Талапты жастар үлкендерден, қариялардан өнер-білім үйренуді өздеріне міндет, мұрат тұтқан, жақсының атын ерттеп, қасына ерген. Олардан үлгі-өнеге алуды ар-намыс санамаған.

Қазақ шешендік сөздерінің көрнекті нұсқалары халқымыздың басына ауыр заман туған кезде өздерінің биік мемлекеттік парасаты, ел келешегін кең ойлайтын кемелдігі арқасында өшпес даңққа ие болған Төле Әлібекұлы, Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлы, Әйтеке Байбекұлының атымен байланысты айтылады. Ел арасында бұлардың аты аңызға, бүкіл бір халықтың символына айналған. Ғасырлар бойында халық көңілінде сақталған ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке туралы аңыз, әңгімелер де біздің заманымызға жеткен. Олар қазақ бірлігін қалай етіп күшейтуге болатынын ойлап, осы жолда қайсар, саналы әрекет етіп, артына өшпес өнеге тағлымды дәстүр қалдырған жандар [3,303].

Қазақта «әр ханның тұсында бір сұрқылтай» дейтіні, әр ханның заманында өзінің бір ақылшы-кеңесшісі,шешені бар деген ойды білдіреді. Соның бірі – Төле би. Ел арасында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралды. Шымкентте, Түркістанда және Ташкенттте билік басында болған Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысты. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты. Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы аңыз-әңгімелер,шешендік сөздер өте көп.Солардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен және халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шыныныда Төле ХVІІ- ХVІІ ғасырда өмір сүрген, өз заманындағы ақылды, білімді, парасатты азаматы болған [5,9].Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады [2,93]. Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

- Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.Сонда Төле бала:

- Түсіндім, баба, бұлмысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

- Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,- депті.

Бұл сөзінен оның халықты бірлікте, ынтымақта өмір сүрсе ғана, бейбіт өмір болатындығын аңғаруға болады. Аңыздан адамныңертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көруге болады. Адамның ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады.

Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты, сонда Төле би былай деген екен:

- Бата басқа, қына тасқа, ақыл жасқа, не қалайсың? - депті. Сонда Жетес бала:

- О, қасиетті, баба! – Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз, соған ризамын, - депті. Онда қолыңды жай, балам, - депті Төле би:

- Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол! Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол! Бір тонның жағасы болма, Көп көлдың ағасы бол! Ақты ақ деп бағала, аумин, Қараны карала Өзегің талса өзен бойын жағала, Басыңа іс түссе көпшілікті шағала. Өзіңе-өзің кәміл бол.

- Халқыңа әділ бол, Жауыңа қатал бол! Досыңа адал бол! – аумин, деп бата беріпті [2,133]. Бұл сөзінен тек өз қамынды ойламай, халықты да ойла,оларға тіреу, сүйеніш бол, қиын жағдайда көмектесіп, ақылыңды айт. Әрқашанда шындыққа жақ болып, әділетсіздікке бой алдырмауға тырыс. Жауына аяушылық танытпай, досыңа адал бол»деуі тұнып тұрған өсиет-өнеге. Ер азаматқа тән бойында адамгершілік қасиеттерді дарытуды көздеген.

Төле би – өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге: «Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат – бесеуін жиып қойдым. Боз бала болып ерлік қылайын ба? Үлгі алып, билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса – жазулы тұрған хатың. Жайлаған көңіліңнің алдында төбе болса – ерттеулі тұрған атың деуші еді, ақыл сұрайын деп келдім», – дейді.

Кез келген аңыз – нақты бір халықтың ортақ рухани-мәдени мұрасы. Олар сол халықтың көркем ойлау ерекшеліктерін – эстетикалык және тарихи талап-талғамдарын,адамгершілік қасиеттерін аңғартады.

Фольклорлық прозаның басқа жанрларына қарағанда, аңыздың танымдық қызметі айқынырақ,ол елдің өткен тарихынан,өмірінен мағлұмат береді,яғни аңыз жұрттың білімін көбейтеді. Аңыз – халықтың өзі айтып берген ауызекі тарихы десе де болады [4,9].Қазақ әдебиетіндегі аңыз-әңгімелердің мән мағынасын ашу арқылы ата- бабаларымыздың рухани мәдениетінің алғашқы сатысы, әдет-ғұрпындағы, мәдениетіндегі толып жатқан құндылықтарын танып-білуімізге болады. Олардың білімнің, ғылымның, мәдениеттің, өркениеттің дамып жетілген уақыттағы жазба әдебиетімізге қосқан үлесінің молдығын сол шығармаларды оқып, шығарма бойындағы аңыздың тамырына терең бойлап қана көз жеткізуімізге болады.

Аңыз өткенің тарихы десек те, ол бүгінмен сабақтас. Өмір, махаббат үшін күрес, жақсылыққа ұмтылу, түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі-халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады [6,54]. Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Қорыта айтқанда, аңыз әңгімелердің қай-қайсысын алсақ та, ондағы айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін көтере отырып, аз сөзбен көп мағына беретін нақыл сөздері жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық мәні ерекше.

...