0 дауыс
12.1k көрілді
Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көр­сеткіші екені белгілі. Ол – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім берудегі артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізеді. Сондықтан білім берудің дамуы – үлкен ұлттық мәні бар міндет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге “қазіргі заманғы экономикалық және қоғамдық модернизацияның сұраныстарына сай келетін білім беру жүйесі қажет” екенін атап көрсеткен болатын.
Біздің мемлекеттің жақын 10 жылдағы стратегиялық міндеті – елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына қосу. Бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына енуді жаһандық бәсекелестікке бейімділік индексінің негізінде бүкіл экономикалық форумның (ИТК) рейтингі бойынша анықтайды. Индекстің 10 көрсеткішінің екі көрсеткіші елдегі білім берудің дамуы мен сапасына қатысты.

Сапалы білім беру. Қазақстанның білім беру сапасы қандай?

1 жауап

0 дауыс
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүл­шара Әбдіхалықованың,

РҚ Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың назарына!

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Педагогикалық

Ғылымдар Академиясының президенті,  академик Асқарбек Құсайыновпен сұқбат

Енді бірнеше күннен соң еліміздің білім беру орындарында 2014-2015 жаңа оқу жылы басталады.  Жалпы еліміздің білім беру саласындағы  шешімін күтіп жатқан проблемалар жетіп- артылады. Оқулықтардың сапасы дейсіз бе, ұстаздардың біліктілігі дейсіз бе, ҰБТ тапсыру дейсіз бе, толып жатыр. Тек  ғалым-педагогтар ғана емес, ұстаздар қауымы, ата-аналар  білім беру саласының  қазіргі деңгейі әлі де төмен екендігін айтып жүр. Оны көтерудің жолдары қандай? ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті,  академик Асқарбек Құсайыновпен төмендегі сұқ­батта білім беру саласының бүгінгі көкейтесті проблемалары сөз  етіледі.

Серікжан ҚАЖИ,

«Президент және Халық»

– Құрметті Асқарбек Құ­сай­ынұлы,  Сіз  ұзақ  жылдардан  бері салыстырмалы педаго­ги­ка саласын зерттеп келесіз. Бі­лім сапасына байланысты тек Қазақстанда ғана емес Ре­сей Педагогикалық Ғылым ака­де­миясы тарапынан  жоға­ры бағаланған қазақ және орыс  тілдерінде кітап та жаздыңыз.  Сіз жүргізген зерттеулердің түпкі түйіні неде? Еліміздегі білім беру сапасының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Білім саласындағы күрделі проб­лемаларды шешудің жолдары қандай?

– Жаңа оқу жылы – барша  қа­зақстандықтар үшін үлкен мереке, себебі, барлық отба­сы­ның осы мерекеге қатысы бар. Әр бала жақсы тәрбие, сапалы білім алса нағыз адам болып өседі. Мен газет оқырмандарын осы мерекемен құттықтай оты­рып, балаларымыздың нағыз адам болып өсуіне шынайы тілек­­тестігімді білдіремін! Сіз "елі­міздегі білім беру са­па­сы­ның қазіргі деңгейін қа­лай ба­ғалайсыз?" дейсіз. Бұл – аса күр­­делі, әрі ауқымды сұрақ. Өзі­ңіз айтып отырған «Әлемдегі және Қазақстандағы білім беру сапасы» деген кі­тапта осы мәсе­­леге жан-жақты тоқ­талған бола­тынмын.

ХХІ ғасыр – Білім мен ғылым  ғасыры. Елбасы Н.Назарбаев «ХХІ ғасырда бі­­лімін дамыта алмаған ел,­ тығырыққа тіреледі» – деп,­ білім саласының елдің өр­ке­ни­етті дамуындағы орнын нақ­ты айтқан болатын.

– ХХІ ғасыр – дамыған  елдердің білім беру жүйелерінің өзара бәсекелестікке түскен ғасыры. Орта білім беру жүйесін ал­ып­ қарастыратын болсақ, бі­­­­лім­ сапасын анықтауда PISA,­ TIMMS, PIRLS сияқты ха­лық­аралық зерттеулер жүйесі кеңінен қолданылуда. Осы зерт­теу­лерге қатысқан қандай ел бол­масын, оның нәтижелерін мұ­қият зерттеп, зерделеп, қа­жет­ті пайымдаулар жасайды.

Қазақстан 2007 жылдан  бастап PISA, TIMMS зерттеулеріне қаты­насып келеді.

TIMMS зерттеулері бойынша  қазақстандық 4-сынып оқу­шылары 2007 жылы мате­ма­тика пәні бойынша 5-орын, ал жаратылыстану пәні бойын­ша­ 11-орын алған болса, 2011 жы­лы қазақстандық 4- сы­нып оқу­­шылары математика пә­ні­ бойынша 27-ші, ал жара­ты­­лыстану пәні бойынша 32-орын алды. Бұл еліміз 4 жылда білім сапасының көрсеткіштері бойынша 22-21-орын кейінге шегінді, яғни осынша елді алға жі­­беріп алды деген сөз. Бұл қат­ты алаңдататын жағдай.

2011 жылы 8-сынып  оқу­шы­лары, яғни 2007 жылы 4-сы­нып­та оқыған оқушылар осы жылы 8-сынып оқушылары бол­ды ғой, математика пәнінен 17-ші, ал жаратылыстану пәні­нен 20-орынды иеленді. Бұл осы оқу­шылар өз білім сапалары бой­ынша 4 жылда 12 және 9 ел­дің оқушыларынан кейін қа­лып отырғандарын көрсетеді. Бұл да бізді қатты алаңдатады.

Ешкім қазақстандық  оқушы­лардың осындай аса маңызды халықаралық зерттеулерде өте­ төмен нәтижелер көрсетіп отыр­ғандарының себебін зерттеп, зер­делеп, қажетті қорытындылар шығарып отырған жоқ. Қайта оны халықтан жасырып, білдір­меуге тырысамыз. Күллі мек­­теп оқушыларының 0,1­-0,2­ пайы­зы ғана қаты­сатын олим­пиа­да­лардың көрсет­кіш­­­­терін алға тарта береміз. Ерек­­­­­ше дарынды балалар қай уақытта болса да болған, бола да­ бермек. Ешбір ел оны білім сапасының көрсеткіші ретінде бағаламайды. Керісінше, дамы­ған­ елдерде халықара­лық зерт­теулер нәтижелері бойынша көр­сет­кіштер 2-3 сатыға ғана төмендейтін болса, онда оның себе­бі Үкімет, Парламент дең­гейінде талқыланып, халық ал­­дында есеп беріліп, жоғары дең­­гейде батыл шешім­дер қа­был­данады. Біз, көрсеткіш­те­ріміз 21-22-орынға нашарлап жатса да, оған көңіл аударғымыз келмейді. Неге?

PISA зерттеулеріне Қазақстан  2009, 2012 жылдары қатынасты. Бұл зерттеуге 65 ел қатысқан бо­латын. Қазақстандық 15 жас­тағы оқушылар 2009 жылы оқу­ сауаттылығы жағынан 59-ор­ын, математикадан 53-орын, ал жаратылыстану пәндерінен 58-орын иеленген болса, 2012 жы­лы оқу сауаттылығынан 63-ор­ын, математикадан 49-орын, жа­ратылыстану пәндерінен 52-орын­ды иеленді. Бұл көрсет­кіштер де төменгі деңгейдегі көр­сеткіш болып есептелінеді.

2013 жылы Қазақстан  ғалам­дық бәсекеге қабілеттілік ин­дексі бойынша дамыған 50 ел­дің қатарына қосылды. Бұған бә­рі­міз де қуандық. Бәсекеге қа­бі­леттілік 13 көрсеткіш бой­ын­­ша анықталады. Осы көр­сет­кіштердің екеуі білімге қа­тысты: «Денсаулық және бас­тапқы білім», «Жоғары білім және кәсіптік дайындық». Міне, осы көрсеткіштер бойынша 2006 жылмен салыстырғанда 2013 жылы Қазақстан 11 және 3-орын­ға кейін жылжыған. Бұған да ешкім мән бермеді.

Біз 50-орынды негізінен  «Инс­титуттар сапасы», «Техно­ло­гиялық дайындық», «Қаржы рыно­гының дамуы» сияқты көр­­сет­кіштердің жақсаруымен ие­лендік.

Енді елімізде жыл сайын  өт­кізі­ліп жатқан Ұлттық Бірың­ғай Тест (ҰБТ) қорытындысын алып қарас­тырайық.  2012 жылы мек­теп­ті 125 576 бала бітір­ген. Олар­дың 25%-ы ҰБТ-ға қа­ты­нас­паған, ал қатысқан 75% оқушы­­ның 36,8%-ы шекті дең­гей­­­ден  төмен  білім  көрсет­кен, яғни олар ҰБТ тапсыра алма­­ған. Бұл жалпы мектеп бітір­­ген оқушылардың 27,6%-н құрай­­ды. Бұған, ҰБТ тапсыруға қатынас­паған 25% баланың 1%-ы олим­пиа­далардағы және басқа да жетіс­тік­тері үшін одан боса­тыл­ған деп есеп­теп, қал­ған 24%-ын қосатын бол­сақ, сонда жалпы мектеп бітірген түлектердің 50%-дан астамы ҰБТ тапсыра алма­ған болып шығады. Бұл, мек­теп бітіруші әр­бір екін­ші түлектің білім дең­гейі қана­ғат­тандырарлық­тан тө­мен бол­ғанын көреміз.

2013 және 2014 жылдардағы  ҰБТ қорытындыларын сара­лай­тын болсақ, онда да 50%-дан аса мектеп түлектерінің білім деңгейлерінің қанағаттанды­рар­­лықтан төмен болғаны бай­қалады.

Бұл шындықты да ҚР Білім  жә­не ғылым министрлігі халыққа айта алмай отыр. Қалалық, об­лыстық білім басқармалары ҰБТ көрсеткіштерін көтеру үшін, мектепте нашар оқыған ба­ла­ларды оған қатыстырмай, ал­дамшы түрде білім сапасы көрсеткіштерін көтеріп отыр. Сон­да біз кімді алдаймыз? Мақ­сатымыз не?

Қорыта айтар болсақ,  Ха­лықаралық зерттеулер және ҰБТ нәтижелері еліміздің орта бі­лім сапасы төмен екенін көрсетіп отыр.

Жоғарыда айтылған кітаптың бірінші бөлімінде халықаралық зерттеулер негізінде білім са­па­сы озық дамыған елдерді анық­тай келе, ол елдерде білім бе­ру саясатында нені бас­шы­лық­қа алып отырғаны  анық­тал­ған. Сонымен бірге, амери­калық Mc&Kinsey ком­паниясы ғалымдарының 45 елдің білім беру жүйелерін зерттеген кө­лем­ді еңбектерін саралай оты­рып, қандай болмасын елдің білім сапасын арттыру үшін қа­жетті басты 6 фактор анық­талды. Ол факторлар:

– білім беру  стандарт­тары­ның халықаралық талаптар­ға сәй­кестігі;

– педагогикалық кадрлардың  мәртебесі және олардың кәсіби біліктілігінің деңгейі;

– білім беру сапасын  бағалаудың дұрыстығы;

– өскелең ұпрақты рухани- адамгершілік тұрғысынан тәр­биелеу тиімділігі;

– білім беру саласындағы  ғылы­ми зерттеулер;

– білім беруді басқарудың  тиім­ді­лігі.

Кітаптың екінші бөлімінде  осы факторлар бойынша елімізде соңғы 20 жылда қандай іс-ша­ралар атқарылғанына талдау жа­салды. Зерттеу нәтижесінде – осы фактордың бірде-бірі бой­ын­ша елімізде жүйелі жұмыс ат­­қарылмағаны көрініс тапты.

Осы еңбегімізде, дүниежүзілік озық  тәжірибелерге  сүйене  оты­­­рып елімізде орта білім са­па­сын көтеру үшін  қандай іс-шаралар атқару қажеттігі жөнін­дегі ғы­лыми негізде тұжырым­дама жасадық.

Бұл еңбекке шетел  ғалымдары жоғары баға беруде. Үстіміз­дегі жылдың мамыр айында Мәс­кеу қаласында Ресей білім академиясының Педаго­гика та­­рихы және теориясы инс­ти­тутының 70-жылдық мерей­тойы атап өтілді. Бұл институтта тек Советтер Одағының білім беру жүйесінің дамуына ғана емес, педагогика ғылымының әлемдік деңгейде дамуына мол үлес қосқан, есімдері дү­ние­­жүзіне машһүр көптеген та­ны­мал ғалымдар еңбек еткен және қазір де еңбек етіп отыр. Осы тойға орай институт қыз­меткерлері өздерінің соңғы 6-7 жылда атқарған жұмыстары негізінде 30-томдық ғылыми ең­бектерін шығарған екен. Со­лардың қатарында менің де монографиямды шығарыпты. Оғ­ан осы кітап жайында Ре­сей, Беларус Республикасы, Ук­­раи­на, Өзбекстан және Қыр­ғызстан елдерінің танымал ға­лымдарының жазған пікірлері де енгізіліпті.

Ресей ғалымдарының ме­нің  еңбегімді елеп-ескеріп, өз­де­рінде басып шығарып жатқаны мен  үшін  үлкен қуанышты  жайт еді. Қуаныштысы, ме­рей­тойға кел­­ген күллі ға­лымдар осы кітапты тегін алу мүмкіндігіне ие болды.

Mc&Kinsey компаниясы  ға­лым­дары жүргізген көлемді зерттеулердің және біздің де жүргізген зерттеулеріміздің нә­тижесінде, қандай болмасын елде білім сапасын көтеру мақсатында тиімді іс-шаралар жасау үшін, ең алдымен, елдегі білім жағдайына шынайы баға беру қажеттігі айқындалды. Шы­­найы жағдай ашық ай­тылып, білім беру жүйесінің барлық жетістік-кемшіліктеріне нақтылы баға беріліп, оның алдында тұрған проблемалар ғылыми негізде жүйеленіп, ат­қарылуы қажетті іс-шаралар жүйесі дайындалған жағдайда ғана, білім сапасын арттыру мақ­сатында атқарылатын ре­фор­­малар нәтижелі болады.

Елбасының қолдауымен  соң­ғы 10 жылда білім беру саласын көтеруге Үкімет тарапынын бөлініп отырған қаржы көлемі 10 еседей артты. Бұл – үлкен қолдау, қандай болмасын жұ­мыстар атқаруға жетерлік қаражат.

Біздер, Педагогикалық  Ғы­лым­­­дар Академиясының мү­ше­лері, Үкімет тарапынан тап­­сы­рыс болса, елдегі орта білім беру са­ласындағы  жағ­дайды жан-жақты саралай отырып, білім сапасын көтеру мақсатында ат­қарылуы қажет­ті іс-шаралар жос­парын дайын­дап, тапсыруға дайын екенімізді айтқым келеді.

– Ендігі бір күрделі мәселе –  оқулықтың сапасы болуы керек.  Ондағы орын алған кем­шіліктер жайлы аз айты­лып жатқан жоқ,  шығып жат­қан қорытындысы да ша­­малы, Сіз бұл туралы  не айтар едіңіз?

– Еліміздегі оқулықтардың  сапасы жайында әңгіме қозға­ғанда, түсінікті болуы үшін, оның тарихына қатысты бірер ауыз сөз айтуымыз керек.

Оқулықтану  ғылымы  –   жүздеген жылдар тарихы бар ғылымның үлкен бір саласы. Өкінішке ор­ай, елімізде бұл ғылым са­ласы дамымаған. Себебі, ке­ңе­стік дәуірде қазақстандық мек­­тептер негізінен Ресейде дайын­далған аударма оқу­лық­­тарды пайдаланды. Қазақс­тан­дық ғалымдар тек қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндерінен ғана оқу­лықтар жазды. Осындай себеп­терге байланысты елімізде оқу­лықтану ғылымы мүлде дамы­май қалды.

Егеменді ел болғаннан кейін  отандық білім беру жүйесінің алдында елімізде қабылданған білім беру стандарттарының негі­зінде жаңа буын оқулық­тарын жазу мәселелері күн тәртібіне қойылды. Жаппай оқулық жазу науқаны басталды. «Оларды сапалы жазу үшін не істеу керек?» – деген сұраққа еш­кім мән бермеді.Аздаған ғана уақыт ішінде үлкен қарқынмен  жазылған оқулықтардың сапа­сы­ сын көтермей жатты, күні бү­гінге дейін сапасыз оқу­лықтар жазылуда. Сапалы пән оқулықтарын жазу үшін, ға­лымның не маман педагогтың қолына құлшынып қалам алуы мүлде жеткіліксіз екенін енді өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Іс жүзінде атына заты сай  оқулық жазу – орасан қиын іс, ал оған қойылатын талаптар – өз алдына бір ғылым. Оқулық теориясын, екінші сөзбен айт­қанда, оқулық жазуға қойы­ла­тын дидактикалық талап­тар­ды үңіле зерттеп, сол негіз­де­ жазбақшы оқулығына қа­ты­сты тыңғылықты әзірлік жұ­мыстарын жүргізбей тұрып, кімде болсын, төтеден килігіп, са­палы оқулық  жазып шыға­мын десе, онысы – күпіршілік бол­мақ. Оқу­лық жазудың маша­қатын басынан өткерген әйгілі ғалым, академик А.Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивті ұшақты құрастырып шығумен те­ңеген екен.

Сапалы оқулық жазу үшін,  біріншіден, оқулыққа ғылыми білім мен педагогиканың син­тезі ре­тінде қарау керек, екін­шіден, авторлар оқулықтану ғылымын меңгерулері керек, үшіншіден, оқулық қолжазба­ларының са­пасын теория­лық және тә­жірибелік   тұр­ғы­­­дан  анықтайтын мони­то­ринг жүйесін жасау ке­рек, фор­ма­­лизм мен біліксіз­дікке, прин­­цип­­сіздік пен өзара ымыра­шыл­дыққа жол берілмеуі керек, төртіншіден, оқулықтың мем­лекеттік, қоғамдық мәрте­бесін көтеру керек.

Қазіргі  кезде  оқулық   автор­ла­­ры өз кітаптарын негізгі жұ­мыстан қолдары босаған кезде, жұмыс арасында, бар – жоғы 6-8 ай мерзімде  жазады. Бұлай жа­­зыл­ған оқуықтың сапасы өте тө­мен болады. Жақсы оқу­лық жа­зу үшін, оқулықтану ғы­лы­мының қорытындысына жү­гін­сек, қажетті дайындығы бар ав­торлық ұжым мүшелері 3-4 жыл бойы үздіксіз еңбек етулері ке­рек.

2000 жылы «Рауан»  бас­пасынан танымал ғалым-ре­дактор Ұлықман Асыловпен бір­ге жазған «Оқулықтану. Өзек­ті мәселелері» деген мо­ног­рафиялық еңбегіміз жарық көрді. Бұл – елімізде оқулық жасау проблемасына арналған ал­­ғаш­­қы ғылыми еңбек еді. Осы кі­таптың мұқабасына жазылған «Оқулықтану» деген сөз, ал­ғаш рет, осы кітап арқылы қол­данысқа енді.

Өкінішке орай, қажетті  қолдау болмағандықтан, бұл ғылым са­ласы дамымай қалды.

Қазіргі уақытта 11-жылдық  мек­­тептен 12-жылдық мектепке өту мәселесі күн тәртібіне қойы­­лып тұр. Мұндағы негізгі мақсат «білім, білік, дағды» білім беру парадигмасынан, «нә­ти­жеге бағ­дар­ланған, яғни оқушылардың бойында  қажет­ті  құзыреттіліктер қалып­тас­тыруға бағытталған бі­лім беру» парадигмасына өту. Бұл орта білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Осы мақсатта дәріс бере алатын оқы­ту­шылар дайындау, оқу-әдіс­темелік құралдар жасау және басқа да көптеген дайындық жұ­­мыстарын іске асыру өте күрделі ғылыми проблемалар қатарына жатады.

Елімізде нәтижеге  бағдарлан­ған білімді іске асыруға бағыт­талған оқулық жазу тәжірибесі мүлде жоқ және оның ғылыми негізі де жасалмаған. Демек, қазақстандық авторлар, мұндай оқулықтарды жазуға дайын емес.

Сапалы  отандық   оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау үшін оқулықтану теориясын дамыту, оқулық авторлары мек­тебін ашып, авторларды дай­ындау, оқу­­лықтарға тео­рия­лық және тә­жі­рибелік мони­то­ринг жүргізу жүйесін жасау, пән оқулықтары комплекс­терін, элек­трондық кө­мекші құрал­дар­мен бірге, толық дайындауға құзіретті авторлар ұжым­да­ры­ның құрылуына қол­дау көр­сету қажет.

– Білім орындарындағы мұ­ға­лім-кадрлардың жет­кілік­сіздігі әрі олардың кәсіптік шеберлігі­нің төмендігі жайлы жиі сын ай­тылады. Әрі ауыл мектептерін кадрлармен қам­­­­­­та­масыз етуде Үкі­меттің «Дип­­ломмен –  ауыл­ға» бағ­дар­­­ламасының орын­да­лу ба­ры­сына көңіліңіз тола ма? Ға­лым ретінде шетелдегі бі­­лім са­ласының кадрларына жа­­салып отырған жағдаймен са­­лыстырмалы түрде түсіндіре кет­сеңіз.

– Қазақ халқында  «Ұстазы    мық­тының – ұстанымы мықты» деген даналық сөзі бар. Халқы­мыз ықы­лым заманынан бері бала­сы­на дәріс беретін ұстазды құр­меттеп, қастерлеген, төрден орын беріп, ерекше ілтипат көр­­сеткен. Себебі, баласының келе­­шекте қандай азамат болып өсе­тіні, оның  ұстазының  берген тә­­лі­міне байланысты екенін біліп, тү­сінген.

Қазіргі ғылыми зерттеулер  мұ­­ның шындығын толығымен дә­­лелдеп отыр. Mc&Kinsey ком­­па­ниясы ғалымдарының АҚШ-тың 3 штатында жүр­гізген зерт­­теулері негізінде, бас­тауыш мектепте 20% үздік ұстаз бен  20% құзыреттілігі  төмен ұстаздан білім алған оқу­­­шылардың білім са­пала­рының айырмашылығы 52% болатындығын көрсетті. Ал, бастауыш мектепте нашар ұстаздан білім алған оқушы­лардың тек 25%-ның ғана орта мектеп стандарты деңгейінде білім алуға қабілеттері жететіні дәлелденген.

Бұдан бастауыш мектепте,  шын­ мәнінде, білімнің негізі қа­ла­натынын, бастауыш мектепте жақсы білім алмаған бала жоға­ры сыныптарда  жақсы білім ала алмайтынын көреміз.

Білім сапасы  жоғары   жүлде­гер елдерде бастауыш мектеп ұстаз­дарын дайындауға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Финляндия ел­дерінде мектепті ең жақсы бітірген 10-20% оқу­шылардың қатарындағы тү­лектер ғана педагогикалық ма­­ман­дықтарға құ­жаттарын тап­сыра алады. Құ­жаттарын қа­­был­дамас бұрын олар­дан, олар­дың бойларында ке­ле­шек ұстаз адамға қажетті қа­сиеттер бар ма, жоқ па, соны анық­тау үшін, кәсіби емтихан алы­нады. Себебі, ұстаз адамның бойын­да, ең алдымен балалар «мен де осындай болсам екен» деп еліктейтін жақсы қасиеттер болуы керек. Сонымен бірге, баланы шын көңілімен жақсы кө­ріп, құрметтеп, сыйлайтын жә­не оның келешегін ойлайтын адам ғана жақсы ұстаз бола ала­тыны да ескеріледі.

Педагогикалық оқу  орын­да­рында теориялық білім тәжі­рибелік кәсіппен ұштастырыла бері­леді. Бакалавриатураны жақ­­­­­­сы бітірген мұғалімдер ма­гис­­­­тра­тураға қабылданады. Ма­­­­­гис­тратураны аяқтағаннан кей­­ін  оларға мектепте ұстаздық қыз­­­­­мет етуге жолдама беріледі. Олар­­­ды мектепке қабылдамас бұ­­рын, тағы да арнайы емтихан алы­нады, олар өздерінің ұстаз­дық шеберліктерін көрсетулері керек. Осындай сынақтан өт­кен­ жас ұстаздарға кәсіби құ­зі­реттілігін жетілдіру үшін олар­мен үздіксіз жұмыс жасайтын арнайы коучерлер (тәлімгер) бе­­кітіледі.

Сонымен бірге, бұл елдерде  ұстаздық қызметтің мәртебесі мен еңбек ақысының жоғары еке­нін де айтуымыз керек. Себебі, оларда мектепте бір нашар ұстаз жұ­мыс жасайтын болса, ол 49 жыл бойы балалардың сапалы бі­лім алуына кері әсер етеді деп есептелінеді. Сондықтан әрбір ұстаз операция жасауға хирург маманды қалай дайындайтын бол­са, сондай талап деңгейінде дайындалады.

Ал біздегі жағдай қандай? Ол­ жасырын дүние емес, оны жұрттың бәрі жақсы біледі.

Егемендік алған жылдардан  бастап, объективті және су­бъективті жағдайларға байла­нысты ұстаз мәртебесі, оның алатын еңбекақы мөлшері қат­ты төмендеп кетті. Осыған бай­­ланысты, ұстаздық маман­дық­тарға орта мектепте орташа оқыған балалар баратын болды, ал педагогикалық колледждерге де 9-сыныпты орташа оқыған балалар келді. Мектепте жақсы оқы­маған бала колледжде не­месе ЖОО-да жақсы білім ала алмайты шынайы шындық. Сөйтіп, мектептерге кәсіби құ­зіреттілігі төмен мұғалімдер келе бастады. Мектептерде тә­лім­герлік ісі жүргізілмеді.

Күні бүгінгі дейін осы үрдіс  сақталып келеді. Және педа­гогикалық оқу орындарын са­лыстырмалы түрде алып қара­ғанда, жақсы бітірген жастар мек­тепке қызметке бармайтын бол­ды.

Еліміздегі жас мұғалімдер  мен жо­ғарыда айтылған елдерде бас­тауыш мектептерде дәріс бе­ретін ұстаздар құзыреттілігін са­лыстыра отырып, не айтуға бо­лады?

Нәтижеге бағдарланған білім  беру парадигмасымен жұмыс жа­­сайтын мектепте кәсіби дең­гейі жоғары ұстаздардан білім алып, оны үздік бітірген, бой­ында ұстазға қажетті адами қасиеттері бар, бакалавриатура, одан кейін магистратура біті­ріп, тәлімгермен жұмыс жа­са­ған ұстаз бен «білім, білік, дағды» білім беру парадигмасы негізінде білім беретін мектепте ор­таша оқып, педагогикалық оқу орындарында орташа білім алған, тәлімгермен жұмыс жа­самаған колледж түлегі не­ме­­се бакалаврдың кәсіби құ­зірет­тілігінің арасында қан­­­дай айыр­машылық бол­са (айырмашылық өте­ үл­кен), олар­дан білім ал­ған­ оқу­шы­лар­дың білім са­­па­­ларында да сондай ай­ыр­ма­шы­лық бо­ла­ды. Се­бебі, оқу­шы алатын білімі ұс­таз беретін білімнен жоғары болмайды. Мұ­ның щын­дығын PISA зерт­теулерінің нәтижелері дәлелдеп отыр.

Елімізде білім сапасын  кө­теру үшін, ең алдымен кезек күт­тірмей атқарылатын іс – ол бас­тауыш мектептерде дәріс бе­ретін ұстаздардың кәсіби құ­зіреттілігін көтеру. Бар күшті ал­дымен осыған жұмылдыру қа­жет.

Біз жер көлемі үлкен  бол­­ған­­­мен, адам саны аз елміз. Бастауыш мектептерде дәріс беретін бар­лық ұстаздарды санап шығу да көп дүние емес. Әр ұстаздың кә­сіби құ­зі­­рет­­тілігін анықтап, олар­дың әрқайсысының кә­сі­би құ­зірет­тілігін көтеру мақ­са­тын­да тиянақты жұмыс жүр­гізу үшін, арнайы жұмыс жос­пар­ларын жасау керек. Қа­жет болған жағдайларда жо­ғары сы­ныптарда дәріс беретін ұстаздарды төменгі сыныптарға ауыстыру керек. Со­нымен бірге, қоғамда үлкен түсініктеме жұмыстарын жүр­гізіп, алғашқы кезекте, олар­дың мәртебесі мен еңбек ақы­ мөлшерін көтеру керек. Бас­тауыш мектеп ұс­таз­дарымен жұмыс жасайтын коучерлер институтын құру керек.

Еліміздің барлық оқу  орын­дарында сапалы білім берудің алғы шарты – бастауыш мек­тептерде балаларға саналы тәр­­бие, сапалы білім беру еке­нін ескере отырып, оны ше­шу мәселесін Мемлекеттік дең­гейде қарап, арнайы бағдарлама қа­былдау керек.

– Алдағы 2015  жылы  елі­міз­дегі білім беру жүйесі 12-­ жылдық білім беру стан­дар­тына көшеді. Бұл ту­ралы ел ішінде әлі күнге екіжақ­ты пікір айтылып жүр. Бі­реу­лері қол­даса, кебіреулері қар­сы. Сіз­дің қөзқарасыңыз?

– 12-жылдыққа  өту   проблема­сы ұзақ жылдардан бері айтып келе жатқан, бірақ әлі де болса толық шешімі табылмай отыр­ған проблема. Үстіміздегі жы­лы Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлт­­тық білім ака­де­миясы мен Назарбаев ин­тел­лек­туал­ды мек­теп қыз­мет­кер­лері дайын­даған 12-жылдық мек­тептің бастауыш сы­нып стан­дарты талқылауға ұсы­нылды.

Осы стандартқа қатысты   пе­дагогика ғылымдарының 25­ та­нымал қайраткері қол қойып, Қазақстан үкіметіне, ҚР Парла­менті Мәжілісіне, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рінші орынбасарына  жол­да­ған Ашық хатымыз «Президент және Ха­­лық» газетінің үсті­міздегі жылғы 21-наурыз күнгі саныңда жария­ланған болатын.

Білім стандарты – білім  бе­ру­­дің түп қазығы. Стандарт қан­дай деңгейде жазылған болса, сондай деңгейде балаларға бі­лім беріледі. Бастауыш мек­тептің негізгі мақсаты жастарға ру­хани-адамгершілік тәрбие беру болғандықтан, осы мақ­сат барлық оқытылатын пән­дер негізінде қалай іске асы­ры­латыны, стандартта то­лы­ғымен ашылуы керек. Сон­дық­тан, қан­дай ел бол­масын бастауыш сынып стан­дартын өз елінің рухани құн­дылықтарымен ұш­тас­тыра отырып дайындайды. Оны сақ­тап, дамыту, келешек ұр­­пақ­қа тапсырылар ама­нат бол­ғандықтан, оның не­гізін бас­тау­ыш сынып оқу­шы­ла­рының бойына сіңірте бі­лу қажет.

Ел ертеңін, оның өркендеп  да­муын ғана емес, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге негіз болатын осынша ма­ңыз­ды құжат, барлық басқа ел­дерде кеңінен талқыланып, Пар­ламент, Үкімет деңгейінде сараланып бекітіледі. Оған қа­лың жұртшылық, әсіресе педагог ғалымдар кеңінен тар­ты­лады.

2014 жылы мамыр айында  бекітілуі жоспарланған Стан­дарт ҚР Парламентінің комитет мәжілісінде талқыланып, оны бекіту Д. Назарбаеваның ұсы­ны­сымен кейінге қалдырылды. Осы отырыстан кейін көп­теген бұқаралық ақпарат құрал­да­рында, интернет сайттарында оның мазмұнына қатысты көп­­­­теген сыни мақалалар жа­рық көрді. «Егемен Қазақс­тан» га­зе­тінің 29-шілде күнгі са­нын­да Оңтүстік Қазақс­тан об­лысы математика мұғалім­дері мен оқытушылары қауымдас­ты­ғы­­ның төрағасы, педагогика ғы­­лымдарының докторы, про­фессор Досымхан Рахымбек мыр­заның «Жаңа стандарт жо­басындағы жаңсақтық» атты кө­лемді мақаласы жарияланды. Бұл мақалада да стандарт жо­басы жан-жақты сараланып, оны жазып отырған авторлық ұжым құрамының мұндай ма­­ңызды құжат дайындауға құзі­рет­ті­лік­­терінің жетпейтінін ашық сынаған. Біз оны толы­ғы­мен қол­даймыз.

Газет бетінде  жарияланған   ма­­­қа­лаларда қандай автор бол­масын өзінің пікірін жан-жақты ашып, толық жаза ал­майды. Себебі, оны газет беті көтер­мейді. Сондықтан негізгі ойлар ғана айтылып, қатпар-қатпар пікірлер қағаз бетіне түспей жатады. Бұл – түсінікті жағдай. Біз­дің жазған ашық хатымызда  да тек негізгі ойлар ғана айтылған болатын.

«Педагогикалық Ғылымдар  Академиясы» Қоғамдық бір­лестігі – Үкіметтік емес ұйым болып табылады. Оның негізгі мақсаты: «үздіксіз білім беру жүйесінің және педа­го­гика ғы­лымының дамуына ба­­рын­ша қолдау көрсету». Осы мақ­сатты іске асыру жо­лын­да, ол ғалымдарды, оқыту­шы­ларды, жа­­ңашылдарды және мем­ле­кеттік білім беру жүйесі­нің дамуына көмек­тесетін тұл­ға­­лар­ды біріктіре алады.

Дайындалып жатқан 12 –  жыл­дық мектептің Бастау­ыш сы­ныптарының     Стандартының  ма­­ңыздылығын және оған қа­тысты қоғамда айты­лып жат­қан пікір­лердің құнды­лы­ғын, сонымен бірге, Ака­де­мия жар­­­­ғысында көр­сетіл­ген мін­деттерді орын­дауға мүд­делі­лі­гімізді ескере отырып, біз, ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов мырзадан Пе­даго­гикалық Ғы­лымдар Ака­демиясы мүшелерін осы Стан­дартты дайындап жат­қан жұ­мысшы тобымен жолық­тырып, оның мазмұнын жан-жақты тал­қылауға мүмкіндік туғызуын өтінеміз.

– Елбасының  Қазақстан  хал­­қына Жолдауында көр­сеткен «Қазақстан-2050» Стра­­­­­­­те­­гия­­лық бағдар­ла­ма­сын­да мек­­теп түлек­терінің қа­зақ, орыс және ағыл­шын тіл­­­де­рін мең­геру қажеттілігі атап көр­се­­тілген болатын. Осы арада 1-сыныптан бастап үш тұ­ғырылы тілге көшудің қаж­ет­тілігі қаншалықты қа­жет деп ойлайсыз? Өйткені, бұл ту­ра­лы да педогог-ма­мандар та­ра­пынан келіс­пеу­шілік аз емес

– Біз Елбасы  Н.Назарбаев­­тың мектеп түлектері 3 (үш) тілді меңгеруі керек деген қағидасын толығымен қолдаймыз. Бірақ Елбасы 3 тілді 1-сыныптан бас­тап міндетті түрде оқыту жө­нінде тапсырма берген жоқ.

Балаларға шет тілдерін  үй­ре­ту проблемасы – үлкен ғы­лыми проблема. Ғаламдану зама­нын­да дүниежүзінде ағылшын тілі үстемдік құрып, дүниеде ашылып жатқан жаңалықтардың дені ағылшын тілінде жазылып, жа­рияланып жатқандықтан, оны жас ұрпаққа меңгерту проб­ле­­масы барлық өркениетке иек артқан дамыған елдерде іске асы­­рылып отырған проблема.

Мәселе, балалардың  ағыл­шын тілін қандай жағдайда дұрыс меңгеретіңдігі немесе оны меңгертуге болатындығы жай­ын­да болып отыр.

Біз дамыған 20 елдің  бастау­ыш мектеп оқу бағдарламаларын зерт­тедік, зерделедік. Байқаға­нымыз, бірде-бір елде  бастауыш мектепте 3 тіл қатарынан оқы­тыл­майды. 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 3-сы­нып­та 10 елде, 4 және 5-сыныпта 13 елде ғана оқы­тылады екен.

Дамыған елдер шет тілдерін  ана тілі негізінде оқыту қағи­дасын ұстанып отыр. Бастауыш мектепте алдымен ана тілін толық меңгертіп, ана тілінде ұлттық рухани-адамгершілік тәр­­бие беріп, осы негізде шет тіл­дерді үйрену тиімді болатыны дәлелденген.

Сондықтан, біз,бұл мәселеде  асығыстық жасамай, оның ше­ші­лу  жолы  теориялық  тұр­ғы­да негізделіп, экспери­мент­­тік тұр­ғыда дәлелденіп барып анық­талса екен дейміз.

– Ұлттық   Бірыңғай  Тест (ҰБТ) тапсыру төңірегінде биыл да даулы мәселелер кез­­десті. Әсіресе,  тест сұрақ­та­­рының ара­сында адамға күлкі ша­қыратын сұрақтар кез­­дескенін еліміздің Білім ми­нистрі Ас­лан Сәрінжіповтің өзі интернет-конференцияда мой­­ын­­­дағанын көзіміз шал­ды. Осы олқылықтарды  бол­­дыр­­­маудың жолдары бар ма?

– Бірыңғай Ұлттық Тест  проб­лемаларына қатысты мақа­ла­ларым бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында 2004 жылдан бас­тап жариялана бастады.

2007 жылы «Егемен  Қазақ­станда» жарияланған «Сапалы білім – заман талабы» деген мақа­­ламда: «ҰБТ-ны біздің елге еңдіру осыдан 10 жыл бұрын бас­талса да, осы уақыт ішінде оны жетілдіру мақсатында пә­лендей өзгерістер жасалған жоқ. Ал, ғылыми тестология бү­­гін­ге дейін ешкімге бел­гісіз, не педагогикалық жоға­ры оқу орын­дарында, не универ­ситет­терде оқытыл­майды.

Көріп отырғанымыздай,  біз­дің ҰБТ-да қолданып жүрген тестілер шетелдерде қол­да­ны­­латын тестілермен салыс­тырғанда әлдеқайда қарадүрсін. Осындай  тестілермен қару­лан­ған жоғары сынып оқушылары 1998 жылдан бас­тап ҰБТ бойынша емтихан тап­сыратын пәндерді терең зерделеп оқы­майтын болды. Тес­тілеудің ең қара дүрсін әдісін елімізде ендіре отырып, соңғы 8 жылда балалардың бар­лық пән­дерден іргелі білім алуға тал­пы­ныстарын  қайтарып тас­та­дық. Жоғары сынып оқу­шы­лары оқу­лықтарды, көркем әде­биет­ті оқуды, мәселенің мә­нісіне үңілуді, теорияларды, құры­лыс­тарды, бейнелерді тал­­­дап-түсіндіруді, өз ойла­рын жүйе­леуді, негіздеуді қой­ды. Со­нымен тестілеудің бұл  жүйесі еліміздің білім беру жүйесіне орны толмас нұқ­сан келтірді» – деп жазған болатынмын.

Содан бері тағы да 7 жыл  уақыт өткен екен. Мен бүгінгі күндері ҰБТ-ға қатысты осы айтқандарымды толығымен қай­­тадан қайталаған болар едім. Кейінгі жылдары осы пі­кір­ді ұстаздар қауымы, ғалым пе­да­гогтар, ата-аналар бұқара­лық ақпарат құрал­дарында кеңі­нен айтып, жазып жатыр.

Бұл проблема Һакім Абай   айтқандай: «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер түкті бай­қа­мас» – қалпында қалып отыр. Неге екенін, түсінбеймін?

Білім   сапасы  мониторингі   проб­­­лемасы өте өзекті. Жоға­рыда айтылған кітабымда мен бұл мәселеге де кеңінен тоқ­тал­ған болатынмын. Жалпы қан­­дай болмасын іс атқарғанда, ат­қарылған істің сапасына дұ­рыс баға берілмейтін болса, онда ол істе алға басу болмайды ғой. Білім саласында да осылай. Егерде әр сыныпта оқитын балалардың әр пәнді қандай деңгейде меңгергендігі жайында дұ­рыс мағлұмат алынбайтын болса, онда білім сапасын көтеру проблемасы еш уақытты дұрыс шешілмейді.

Елімізде күні бүгінге дейін   білім сапасы  мониторингі  жүйе­сі жасалмаған. Білім жетісті­гін бағалау жөнінде бірыңғай тетік жоқ, білім  жетістігін  бағалау­­дың педагогикалық өлшемі туралы ғылым-тестология дамы­маған.

Педагогика   ғылымы    балалар­­­ды сапалы біліммен қамта­ма­сыз ету маңыздылығына   қанша кө­ңіл бөлсе, білім жетістігін бағалау­ға сонша көңіл бөледі. Мысалы, АҚШ-та өткен ғасырдың 90-жылдарының басында оқыту нәтижесі бойынша бақылау жүйе­­сін дамыту шығыны елдегі білім берудің жалпы шығы­ны­ның 25%-ын құрады.

ҰБТ мәселесі, оның  жарам­сыздығы осыдан туындайды. Сондықтан, елімізде білім сапа­сын анықтау пробле­масы­мен ғылыми негізде шұғылданатын орталық ашылуы керек.

ҰБТ өткізу проблемасы  ғы­лыми негізде сараланып, оны жетілдіру жолдарын шешу қажет. Бұл проблеманы шешуде да­мыған елдердің озық тәжіри­бесін пайдалануға болады.

http://www.apnk.kz/728.html
...