ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың,
РҚ Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың назарына!
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Педагогикалық
Ғылымдар Академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайыновпен сұқбат
Енді бірнеше күннен соң еліміздің білім беру орындарында 2014-2015 жаңа оқу жылы басталады. Жалпы еліміздің білім беру саласындағы шешімін күтіп жатқан проблемалар жетіп- артылады. Оқулықтардың сапасы дейсіз бе, ұстаздардың біліктілігі дейсіз бе, ҰБТ тапсыру дейсіз бе, толып жатыр. Тек ғалым-педагогтар ғана емес, ұстаздар қауымы, ата-аналар білім беру саласының қазіргі деңгейі әлі де төмен екендігін айтып жүр. Оны көтерудің жолдары қандай? ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайыновпен төмендегі сұқбатта білім беру саласының бүгінгі көкейтесті проблемалары сөз етіледі.
Серікжан ҚАЖИ,
«Президент және Халық»
– Құрметті Асқарбек Құсайынұлы, Сіз ұзақ жылдардан бері салыстырмалы педагогика саласын зерттеп келесіз. Білім сапасына байланысты тек Қазақстанда ғана емес Ресей Педагогикалық Ғылым академиясы тарапынан жоғары бағаланған қазақ және орыс тілдерінде кітап та жаздыңыз. Сіз жүргізген зерттеулердің түпкі түйіні неде? Еліміздегі білім беру сапасының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Білім саласындағы күрделі проблемаларды шешудің жолдары қандай?
– Жаңа оқу жылы – барша қазақстандықтар үшін үлкен мереке, себебі, барлық отбасының осы мерекеге қатысы бар. Әр бала жақсы тәрбие, сапалы білім алса нағыз адам болып өседі. Мен газет оқырмандарын осы мерекемен құттықтай отырып, балаларымыздың нағыз адам болып өсуіне шынайы тілектестігімді білдіремін! Сіз "еліміздегі білім беру сапасының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?" дейсіз. Бұл – аса күрделі, әрі ауқымды сұрақ. Өзіңіз айтып отырған «Әлемдегі және Қазақстандағы білім беру сапасы» деген кітапта осы мәселеге жан-жақты тоқталған болатынмын.
ХХІ ғасыр – Білім мен ғылым ғасыры. Елбасы Н.Назарбаев «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған ел, тығырыққа тіреледі» – деп, білім саласының елдің өркениетті дамуындағы орнын нақты айтқан болатын.
– ХХІ ғасыр – дамыған елдердің білім беру жүйелерінің өзара бәсекелестікке түскен ғасыры. Орта білім беру жүйесін алып қарастыратын болсақ, білім сапасын анықтауда PISA, TIMMS, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулер жүйесі кеңінен қолданылуда. Осы зерттеулерге қатысқан қандай ел болмасын, оның нәтижелерін мұқият зерттеп, зерделеп, қажетті пайымдаулар жасайды.
Қазақстан 2007 жылдан бастап PISA, TIMMS зерттеулеріне қатынасып келеді.
TIMMS зерттеулері бойынша қазақстандық 4-сынып оқушылары 2007 жылы математика пәні бойынша 5-орын, ал жаратылыстану пәні бойынша 11-орын алған болса, 2011 жылы қазақстандық 4- сынып оқушылары математика пәні бойынша 27-ші, ал жаратылыстану пәні бойынша 32-орын алды. Бұл еліміз 4 жылда білім сапасының көрсеткіштері бойынша 22-21-орын кейінге шегінді, яғни осынша елді алға жіберіп алды деген сөз. Бұл қатты алаңдататын жағдай.
2011 жылы 8-сынып оқушылары, яғни 2007 жылы 4-сыныпта оқыған оқушылар осы жылы 8-сынып оқушылары болды ғой, математика пәнінен 17-ші, ал жаратылыстану пәнінен 20-орынды иеленді. Бұл осы оқушылар өз білім сапалары бойынша 4 жылда 12 және 9 елдің оқушыларынан кейін қалып отырғандарын көрсетеді. Бұл да бізді қатты алаңдатады.
Ешкім қазақстандық оқушылардың осындай аса маңызды халықаралық зерттеулерде өте төмен нәтижелер көрсетіп отырғандарының себебін зерттеп, зерделеп, қажетті қорытындылар шығарып отырған жоқ. Қайта оны халықтан жасырып, білдірмеуге тырысамыз. Күллі мектеп оқушыларының 0,1-0,2 пайызы ғана қатысатын олимпиадалардың көрсеткіштерін алға тарта береміз. Ерекше дарынды балалар қай уақытта болса да болған, бола да бермек. Ешбір ел оны білім сапасының көрсеткіші ретінде бағаламайды. Керісінше, дамыған елдерде халықаралық зерттеулер нәтижелері бойынша көрсеткіштер 2-3 сатыға ғана төмендейтін болса, онда оның себебі Үкімет, Парламент деңгейінде талқыланып, халық алдында есеп беріліп, жоғары деңгейде батыл шешімдер қабылданады. Біз, көрсеткіштеріміз 21-22-орынға нашарлап жатса да, оған көңіл аударғымыз келмейді. Неге?
PISA зерттеулеріне Қазақстан 2009, 2012 жылдары қатынасты. Бұл зерттеуге 65 ел қатысқан болатын. Қазақстандық 15 жастағы оқушылар 2009 жылы оқу сауаттылығы жағынан 59-орын, математикадан 53-орын, ал жаратылыстану пәндерінен 58-орын иеленген болса, 2012 жылы оқу сауаттылығынан 63-орын, математикадан 49-орын, жаратылыстану пәндерінен 52-орынды иеленді. Бұл көрсеткіштер де төменгі деңгейдегі көрсеткіш болып есептелінеді.
2013 жылы Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бұған бәріміз де қуандық. Бәсекеге қабілеттілік 13 көрсеткіш бойынша анықталады. Осы көрсеткіштердің екеуі білімге қатысты: «Денсаулық және бастапқы білім», «Жоғары білім және кәсіптік дайындық». Міне, осы көрсеткіштер бойынша 2006 жылмен салыстырғанда 2013 жылы Қазақстан 11 және 3-орынға кейін жылжыған. Бұған да ешкім мән бермеді.
Біз 50-орынды негізінен «Институттар сапасы», «Технологиялық дайындық», «Қаржы рыногының дамуы» сияқты көрсеткіштердің жақсаруымен иелендік.
Енді елімізде жыл сайын өткізіліп жатқан Ұлттық Бірыңғай Тест (ҰБТ) қорытындысын алып қарастырайық. 2012 жылы мектепті 125 576 бала бітірген. Олардың 25%-ы ҰБТ-ға қатынаспаған, ал қатысқан 75% оқушының 36,8%-ы шекті деңгейден төмен білім көрсеткен, яғни олар ҰБТ тапсыра алмаған. Бұл жалпы мектеп бітірген оқушылардың 27,6%-н құрайды. Бұған, ҰБТ тапсыруға қатынаспаған 25% баланың 1%-ы олимпиадалардағы және басқа да жетістіктері үшін одан босатылған деп есептеп, қалған 24%-ын қосатын болсақ, сонда жалпы мектеп бітірген түлектердің 50%-дан астамы ҰБТ тапсыра алмаған болып шығады. Бұл, мектеп бітіруші әрбір екінші түлектің білім деңгейі қанағаттандырарлықтан төмен болғанын көреміз.
2013 және 2014 жылдардағы ҰБТ қорытындыларын саралайтын болсақ, онда да 50%-дан аса мектеп түлектерінің білім деңгейлерінің қанағаттандырарлықтан төмен болғаны байқалады.
Бұл шындықты да ҚР Білім және ғылым министрлігі халыққа айта алмай отыр. Қалалық, облыстық білім басқармалары ҰБТ көрсеткіштерін көтеру үшін, мектепте нашар оқыған балаларды оған қатыстырмай, алдамшы түрде білім сапасы көрсеткіштерін көтеріп отыр. Сонда біз кімді алдаймыз? Мақсатымыз не?
Қорыта айтар болсақ, Халықаралық зерттеулер және ҰБТ нәтижелері еліміздің орта білім сапасы төмен екенін көрсетіп отыр.
Жоғарыда айтылған кітаптың бірінші бөлімінде халықаралық зерттеулер негізінде білім сапасы озық дамыған елдерді анықтай келе, ол елдерде білім беру саясатында нені басшылыққа алып отырғаны анықталған. Сонымен бірге, америкалық Mc&Kinsey компаниясы ғалымдарының 45 елдің білім беру жүйелерін зерттеген көлемді еңбектерін саралай отырып, қандай болмасын елдің білім сапасын арттыру үшін қажетті басты 6 фактор анықталды. Ол факторлар:
– білім беру стандарттарының халықаралық талаптарға сәйкестігі;
– педагогикалық кадрлардың мәртебесі және олардың кәсіби біліктілігінің деңгейі;
– білім беру сапасын бағалаудың дұрыстығы;
– өскелең ұпрақты рухани- адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу тиімділігі;
– білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер;
– білім беруді басқарудың тиімділігі.
Кітаптың екінші бөлімінде осы факторлар бойынша елімізде соңғы 20 жылда қандай іс-шаралар атқарылғанына талдау жасалды. Зерттеу нәтижесінде – осы фактордың бірде-бірі бойынша елімізде жүйелі жұмыс атқарылмағаны көрініс тапты.
Осы еңбегімізде, дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйене отырып елімізде орта білім сапасын көтеру үшін қандай іс-шаралар атқару қажеттігі жөніндегі ғылыми негізде тұжырымдама жасадық.
Бұл еңбекке шетел ғалымдары жоғары баға беруде. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында Ресей білім академиясының Педагогика тарихы және теориясы институтының 70-жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл институтта тек Советтер Одағының білім беру жүйесінің дамуына ғана емес, педагогика ғылымының әлемдік деңгейде дамуына мол үлес қосқан, есімдері дүниежүзіне машһүр көптеген танымал ғалымдар еңбек еткен және қазір де еңбек етіп отыр. Осы тойға орай институт қызметкерлері өздерінің соңғы 6-7 жылда атқарған жұмыстары негізінде 30-томдық ғылыми еңбектерін шығарған екен. Солардың қатарында менің де монографиямды шығарыпты. Оған осы кітап жайында Ресей, Беларус Республикасы, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің танымал ғалымдарының жазған пікірлері де енгізіліпті.
Ресей ғалымдарының менің еңбегімді елеп-ескеріп, өздерінде басып шығарып жатқаны мен үшін үлкен қуанышты жайт еді. Қуаныштысы, мерейтойға келген күллі ғалымдар осы кітапты тегін алу мүмкіндігіне ие болды.
Mc&Kinsey компаниясы ғалымдары жүргізген көлемді зерттеулердің және біздің де жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесінде, қандай болмасын елде білім сапасын көтеру мақсатында тиімді іс-шаралар жасау үшін, ең алдымен, елдегі білім жағдайына шынайы баға беру қажеттігі айқындалды. Шынайы жағдай ашық айтылып, білім беру жүйесінің барлық жетістік-кемшіліктеріне нақтылы баға беріліп, оның алдында тұрған проблемалар ғылыми негізде жүйеленіп, атқарылуы қажетті іс-шаралар жүйесі дайындалған жағдайда ғана, білім сапасын арттыру мақсатында атқарылатын реформалар нәтижелі болады.
Елбасының қолдауымен соңғы 10 жылда білім беру саласын көтеруге Үкімет тарапынын бөлініп отырған қаржы көлемі 10 еседей артты. Бұл – үлкен қолдау, қандай болмасын жұмыстар атқаруға жетерлік қаражат.
Біздер, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшелері, Үкімет тарапынан тапсырыс болса, елдегі орта білім беру саласындағы жағдайды жан-жақты саралай отырып, білім сапасын көтеру мақсатында атқарылуы қажетті іс-шаралар жоспарын дайындап, тапсыруға дайын екенімізді айтқым келеді.
– Ендігі бір күрделі мәселе – оқулықтың сапасы болуы керек. Ондағы орын алған кемшіліктер жайлы аз айтылып жатқан жоқ, шығып жатқан қорытындысы да шамалы, Сіз бұл туралы не айтар едіңіз?
– Еліміздегі оқулықтардың сапасы жайында әңгіме қозғағанда, түсінікті болуы үшін, оның тарихына қатысты бірер ауыз сөз айтуымыз керек.
Оқулықтану ғылымы – жүздеген жылдар тарихы бар ғылымның үлкен бір саласы. Өкінішке орай, елімізде бұл ғылым саласы дамымаған. Себебі, кеңестік дәуірде қазақстандық мектептер негізінен Ресейде дайындалған аударма оқулықтарды пайдаланды. Қазақстандық ғалымдар тек қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндерінен ғана оқулықтар жазды. Осындай себептерге байланысты елімізде оқулықтану ғылымы мүлде дамымай қалды.
Егеменді ел болғаннан кейін отандық білім беру жүйесінің алдында елімізде қабылданған білім беру стандарттарының негізінде жаңа буын оқулықтарын жазу мәселелері күн тәртібіне қойылды. Жаппай оқулық жазу науқаны басталды. «Оларды сапалы жазу үшін не істеу керек?» – деген сұраққа ешкім мән бермеді.Аздаған ғана уақыт ішінде үлкен қарқынмен жазылған оқулықтардың сапасы сын көтермей жатты, күні бүгінге дейін сапасыз оқулықтар жазылуда. Сапалы пән оқулықтарын жазу үшін, ғалымның не маман педагогтың қолына құлшынып қалам алуы мүлде жеткіліксіз екенін енді өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Іс жүзінде атына заты сай оқулық жазу – орасан қиын іс, ал оған қойылатын талаптар – өз алдына бір ғылым. Оқулық теориясын, екінші сөзбен айтқанда, оқулық жазуға қойылатын дидактикалық талаптарды үңіле зерттеп, сол негізде жазбақшы оқулығына қатысты тыңғылықты әзірлік жұмыстарын жүргізбей тұрып, кімде болсын, төтеден килігіп, сапалы оқулық жазып шығамын десе, онысы – күпіршілік болмақ. Оқулық жазудың машақатын басынан өткерген әйгілі ғалым, академик А.Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивті ұшақты құрастырып шығумен теңеген екен.
Сапалы оқулық жазу үшін, біріншіден, оқулыққа ғылыми білім мен педагогиканың синтезі ретінде қарау керек, екіншіден, авторлар оқулықтану ғылымын меңгерулері керек, үшіншіден, оқулық қолжазбаларының сапасын теориялық және тәжірибелік тұрғыдан анықтайтын мониторинг жүйесін жасау керек, формализм мен біліксіздікке, принципсіздік пен өзара ымырашылдыққа жол берілмеуі керек, төртіншіден, оқулықтың мемлекеттік, қоғамдық мәртебесін көтеру керек.
Қазіргі кезде оқулық авторлары өз кітаптарын негізгі жұмыстан қолдары босаған кезде, жұмыс арасында, бар – жоғы 6-8 ай мерзімде жазады. Бұлай жазылған оқуықтың сапасы өте төмен болады. Жақсы оқулық жазу үшін, оқулықтану ғылымының қорытындысына жүгінсек, қажетті дайындығы бар авторлық ұжым мүшелері 3-4 жыл бойы үздіксіз еңбек етулері керек.
2000 жылы «Рауан» баспасынан танымал ғалым-редактор Ұлықман Асыловпен бірге жазған «Оқулықтану. Өзекті мәселелері» деген монографиялық еңбегіміз жарық көрді. Бұл – елімізде оқулық жасау проблемасына арналған алғашқы ғылыми еңбек еді. Осы кітаптың мұқабасына жазылған «Оқулықтану» деген сөз, алғаш рет, осы кітап арқылы қолданысқа енді.
Өкінішке орай, қажетті қолдау болмағандықтан, бұл ғылым саласы дамымай қалды.
Қазіргі уақытта 11-жылдық мектептен 12-жылдық мектепке өту мәселесі күн тәртібіне қойылып тұр. Мұндағы негізгі мақсат «білім, білік, дағды» білім беру парадигмасынан, «нәтижеге бағдарланған, яғни оқушылардың бойында қажетті құзыреттіліктер қалыптастыруға бағытталған білім беру» парадигмасына өту. Бұл орта білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Осы мақсатта дәріс бере алатын оқытушылар дайындау, оқу-әдістемелік құралдар жасау және басқа да көптеген дайындық жұмыстарын іске асыру өте күрделі ғылыми проблемалар қатарына жатады.
Елімізде нәтижеге бағдарланған білімді іске асыруға бағытталған оқулық жазу тәжірибесі мүлде жоқ және оның ғылыми негізі де жасалмаған. Демек, қазақстандық авторлар, мұндай оқулықтарды жазуға дайын емес.
Сапалы отандық оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау үшін оқулықтану теориясын дамыту, оқулық авторлары мектебін ашып, авторларды дайындау, оқулықтарға теориялық және тәжірибелік мониторинг жүргізу жүйесін жасау, пән оқулықтары комплекстерін, электрондық көмекші құралдармен бірге, толық дайындауға құзіретті авторлар ұжымдарының құрылуына қолдау көрсету қажет.
– Білім орындарындағы мұғалім-кадрлардың жеткіліксіздігі әрі олардың кәсіптік шеберлігінің төмендігі жайлы жиі сын айтылады. Әрі ауыл мектептерін кадрлармен қамтамасыз етуде Үкіметтің «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалу барысына көңіліңіз тола ма? Ғалым ретінде шетелдегі білім саласының кадрларына жасалып отырған жағдаймен салыстырмалы түрде түсіндіре кетсеңіз.
– Қазақ халқында «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген даналық сөзі бар. Халқымыз ықылым заманынан бері баласына дәріс беретін ұстазды құрметтеп, қастерлеген, төрден орын беріп, ерекше ілтипат көрсеткен. Себебі, баласының келешекте қандай азамат болып өсетіні, оның ұстазының берген тәліміне байланысты екенін біліп, түсінген.
Қазіргі ғылыми зерттеулер мұның шындығын толығымен дәлелдеп отыр. Mc&Kinsey компаниясы ғалымдарының АҚШ-тың 3 штатында жүргізген зерттеулері негізінде, бастауыш мектепте 20% үздік ұстаз бен 20% құзыреттілігі төмен ұстаздан білім алған оқушылардың білім сапаларының айырмашылығы 52% болатындығын көрсетті. Ал, бастауыш мектепте нашар ұстаздан білім алған оқушылардың тек 25%-ның ғана орта мектеп стандарты деңгейінде білім алуға қабілеттері жететіні дәлелденген.
Бұдан бастауыш мектепте, шын мәнінде, білімнің негізі қаланатынын, бастауыш мектепте жақсы білім алмаған бала жоғары сыныптарда жақсы білім ала алмайтынын көреміз.
Білім сапасы жоғары жүлдегер елдерде бастауыш мектеп ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Финляндия елдерінде мектепті ең жақсы бітірген 10-20% оқушылардың қатарындағы түлектер ғана педагогикалық мамандықтарға құжаттарын тапсыра алады. Құжаттарын қабылдамас бұрын олардан, олардың бойларында келешек ұстаз адамға қажетті қасиеттер бар ма, жоқ па, соны анықтау үшін, кәсіби емтихан алынады. Себебі, ұстаз адамның бойында, ең алдымен балалар «мен де осындай болсам екен» деп еліктейтін жақсы қасиеттер болуы керек. Сонымен бірге, баланы шын көңілімен жақсы көріп, құрметтеп, сыйлайтын және оның келешегін ойлайтын адам ғана жақсы ұстаз бола алатыны да ескеріледі.
Педагогикалық оқу орындарында теориялық білім тәжірибелік кәсіппен ұштастырыла беріледі. Бакалавриатураны жақсы бітірген мұғалімдер магистратураға қабылданады. Магистратураны аяқтағаннан кейін оларға мектепте ұстаздық қызмет етуге жолдама беріледі. Оларды мектепке қабылдамас бұрын, тағы да арнайы емтихан алынады, олар өздерінің ұстаздық шеберліктерін көрсетулері керек. Осындай сынақтан өткен жас ұстаздарға кәсіби құзіреттілігін жетілдіру үшін олармен үздіксіз жұмыс жасайтын арнайы коучерлер (тәлімгер) бекітіледі.
Сонымен бірге, бұл елдерде ұстаздық қызметтің мәртебесі мен еңбек ақысының жоғары екенін де айтуымыз керек. Себебі, оларда мектепте бір нашар ұстаз жұмыс жасайтын болса, ол 49 жыл бойы балалардың сапалы білім алуына кері әсер етеді деп есептелінеді. Сондықтан әрбір ұстаз операция жасауға хирург маманды қалай дайындайтын болса, сондай талап деңгейінде дайындалады.
Ал біздегі жағдай қандай? Ол жасырын дүние емес, оны жұрттың бәрі жақсы біледі.
Егемендік алған жылдардан бастап, объективті және субъективті жағдайларға байланысты ұстаз мәртебесі, оның алатын еңбекақы мөлшері қатты төмендеп кетті. Осыған байланысты, ұстаздық мамандықтарға орта мектепте орташа оқыған балалар баратын болды, ал педагогикалық колледждерге де 9-сыныпты орташа оқыған балалар келді. Мектепте жақсы оқымаған бала колледжде немесе ЖОО-да жақсы білім ала алмайты шынайы шындық. Сөйтіп, мектептерге кәсіби құзіреттілігі төмен мұғалімдер келе бастады. Мектептерде тәлімгерлік ісі жүргізілмеді.
Күні бүгінгі дейін осы үрдіс сақталып келеді. Және педагогикалық оқу орындарын салыстырмалы түрде алып қарағанда, жақсы бітірген жастар мектепке қызметке бармайтын болды.
Еліміздегі жас мұғалімдер мен жоғарыда айтылған елдерде бастауыш мектептерде дәріс беретін ұстаздар құзыреттілігін салыстыра отырып, не айтуға болады?
Нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасымен жұмыс жасайтын мектепте кәсіби деңгейі жоғары ұстаздардан білім алып, оны үздік бітірген, бойында ұстазға қажетті адами қасиеттері бар, бакалавриатура, одан кейін магистратура бітіріп, тәлімгермен жұмыс жасаған ұстаз бен «білім, білік, дағды» білім беру парадигмасы негізінде білім беретін мектепте орташа оқып, педагогикалық оқу орындарында орташа білім алған, тәлімгермен жұмыс жасамаған колледж түлегі немесе бакалаврдың кәсіби құзіреттілігінің арасында қандай айырмашылық болса (айырмашылық өте үлкен), олардан білім алған оқушылардың білім сапаларында да сондай айырмашылық болады. Себебі, оқушы алатын білімі ұстаз беретін білімнен жоғары болмайды. Мұның щындығын PISA зерттеулерінің нәтижелері дәлелдеп отыр.
Елімізде білім сапасын көтеру үшін, ең алдымен кезек күттірмей атқарылатын іс – ол бастауыш мектептерде дәріс беретін ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін көтеру. Бар күшті алдымен осыған жұмылдыру қажет.
Біз жер көлемі үлкен болғанмен, адам саны аз елміз. Бастауыш мектептерде дәріс беретін барлық ұстаздарды санап шығу да көп дүние емес. Әр ұстаздың кәсіби құзіреттілігін анықтап, олардың әрқайсысының кәсіби құзіреттілігін көтеру мақсатында тиянақты жұмыс жүргізу үшін, арнайы жұмыс жоспарларын жасау керек. Қажет болған жағдайларда жоғары сыныптарда дәріс беретін ұстаздарды төменгі сыныптарға ауыстыру керек. Сонымен бірге, қоғамда үлкен түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, алғашқы кезекте, олардың мәртебесі мен еңбек ақы мөлшерін көтеру керек. Бастауыш мектеп ұстаздарымен жұмыс жасайтын коучерлер институтын құру керек.
Еліміздің барлық оқу орындарында сапалы білім берудің алғы шарты – бастауыш мектептерде балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беру екенін ескере отырып, оны шешу мәселесін Мемлекеттік деңгейде қарап, арнайы бағдарлама қабылдау керек.
– Алдағы 2015 жылы еліміздегі білім беру жүйесі 12- жылдық білім беру стандартына көшеді. Бұл туралы ел ішінде әлі күнге екіжақты пікір айтылып жүр. Біреулері қолдаса, кебіреулері қарсы. Сіздің қөзқарасыңыз?
– 12-жылдыққа өту проблемасы ұзақ жылдардан бері айтып келе жатқан, бірақ әлі де болса толық шешімі табылмай отырған проблема. Үстіміздегі жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Назарбаев интеллектуалды мектеп қызметкерлері дайындаған 12-жылдық мектептің бастауыш сынып стандарты талқылауға ұсынылды.
Осы стандартқа қатысты педагогика ғылымдарының 25 танымал қайраткері қол қойып, Қазақстан үкіметіне, ҚР Парламенті Мәжілісіне, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына жолдаған Ашық хатымыз «Президент және Халық» газетінің үстіміздегі жылғы 21-наурыз күнгі саныңда жарияланған болатын.
Білім стандарты – білім берудің түп қазығы. Стандарт қандай деңгейде жазылған болса, сондай деңгейде балаларға білім беріледі. Бастауыш мектептің негізгі мақсаты жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру болғандықтан, осы мақсат барлық оқытылатын пәндер негізінде қалай іске асырылатыны, стандартта толығымен ашылуы керек. Сондықтан, қандай ел болмасын бастауыш сынып стандартын өз елінің рухани құндылықтарымен ұштастыра отырып дайындайды. Оны сақтап, дамыту, келешек ұрпаққа тапсырылар аманат болғандықтан, оның негізін бастауыш сынып оқушыларының бойына сіңірте білу қажет.
Ел ертеңін, оның өркендеп дамуын ғана емес, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болатын осынша маңызды құжат, барлық басқа елдерде кеңінен талқыланып, Парламент, Үкімет деңгейінде сараланып бекітіледі. Оған қалың жұртшылық, әсіресе педагог ғалымдар кеңінен тартылады.
2014 жылы мамыр айында бекітілуі жоспарланған Стандарт ҚР Парламентінің комитет мәжілісінде талқыланып, оны бекіту Д. Назарбаеваның ұсынысымен кейінге қалдырылды. Осы отырыстан кейін көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет сайттарында оның мазмұнына қатысты көптеген сыни мақалалар жарық көрді. «Егемен Қазақстан» газетінің 29-шілде күнгі санында Оңтүстік Қазақстан облысы математика мұғалімдері мен оқытушылары қауымдастығының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Досымхан Рахымбек мырзаның «Жаңа стандарт жобасындағы жаңсақтық» атты көлемді мақаласы жарияланды. Бұл мақалада да стандарт жобасы жан-жақты сараланып, оны жазып отырған авторлық ұжым құрамының мұндай маңызды құжат дайындауға құзіреттіліктерінің жетпейтінін ашық сынаған. Біз оны толығымен қолдаймыз.
Газет бетінде жарияланған мақалаларда қандай автор болмасын өзінің пікірін жан-жақты ашып, толық жаза алмайды. Себебі, оны газет беті көтермейді. Сондықтан негізгі ойлар ғана айтылып, қатпар-қатпар пікірлер қағаз бетіне түспей жатады. Бұл – түсінікті жағдай. Біздің жазған ашық хатымызда да тек негізгі ойлар ғана айтылған болатын.
«Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» Қоғамдық бірлестігі – Үкіметтік емес ұйым болып табылады. Оның негізгі мақсаты: «үздіксіз білім беру жүйесінің және педагогика ғылымының дамуына барынша қолдау көрсету». Осы мақсатты іске асыру жолында, ол ғалымдарды, оқытушыларды, жаңашылдарды және мемлекеттік білім беру жүйесінің дамуына көмектесетін тұлғаларды біріктіре алады.
Дайындалып жатқан 12 – жылдық мектептің Бастауыш сыныптарының Стандартының маңыздылығын және оған қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлердің құндылығын, сонымен бірге, Академия жарғысында көрсетілген міндеттерді орындауға мүдделілігімізді ескере отырып, біз, ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов мырзадан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы мүшелерін осы Стандартты дайындап жатқан жұмысшы тобымен жолықтырып, оның мазмұнын жан-жақты талқылауға мүмкіндік туғызуын өтінеміз.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында мектеп түлектерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру қажеттілігі атап көрсетілген болатын. Осы арада 1-сыныптан бастап үш тұғырылы тілге көшудің қажеттілігі қаншалықты қажет деп ойлайсыз? Өйткені, бұл туралы да педогог-мамандар тарапынан келіспеушілік аз емес
– Біз Елбасы Н.Назарбаевтың мектеп түлектері 3 (үш) тілді меңгеруі керек деген қағидасын толығымен қолдаймыз. Бірақ Елбасы 3 тілді 1-сыныптан бастап міндетті түрде оқыту жөнінде тапсырма берген жоқ.
Балаларға шет тілдерін үйрету проблемасы – үлкен ғылыми проблема. Ғаламдану заманында дүниежүзінде ағылшын тілі үстемдік құрып, дүниеде ашылып жатқан жаңалықтардың дені ағылшын тілінде жазылып, жарияланып жатқандықтан, оны жас ұрпаққа меңгерту проблемасы барлық өркениетке иек артқан дамыған елдерде іске асырылып отырған проблема.
Мәселе, балалардың ағылшын тілін қандай жағдайда дұрыс меңгеретіңдігі немесе оны меңгертуге болатындығы жайында болып отыр.
Біз дамыған 20 елдің бастауыш мектеп оқу бағдарламаларын зерттедік, зерделедік. Байқағанымыз, бірде-бір елде бастауыш мектепте 3 тіл қатарынан оқытылмайды. 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 3-сыныпта 10 елде, 4 және 5-сыныпта 13 елде ғана оқытылады екен.
Дамыған елдер шет тілдерін ана тілі негізінде оқыту қағидасын ұстанып отыр. Бастауыш мектепте алдымен ана тілін толық меңгертіп, ана тілінде ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беріп, осы негізде шет тілдерді үйрену тиімді болатыны дәлелденген.
Сондықтан, біз,бұл мәселеде асығыстық жасамай, оның шешілу жолы теориялық тұрғыда негізделіп, эксперименттік тұрғыда дәлелденіп барып анықталса екен дейміз.
– Ұлттық Бірыңғай Тест (ҰБТ) тапсыру төңірегінде биыл да даулы мәселелер кездесті. Әсіресе, тест сұрақтарының арасында адамға күлкі шақыратын сұрақтар кездескенін еліміздің Білім министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі интернет-конференцияда мойындағанын көзіміз шалды. Осы олқылықтарды болдырмаудың жолдары бар ма?
– Бірыңғай Ұлттық Тест проблемаларына қатысты мақалаларым бұқаралық ақпарат құралдарында 2004 жылдан бастап жариялана бастады.
2007 жылы «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Сапалы білім – заман талабы» деген мақаламда: «ҰБТ-ны біздің елге еңдіру осыдан 10 жыл бұрын басталса да, осы уақыт ішінде оны жетілдіру мақсатында пәлендей өзгерістер жасалған жоқ. Ал, ғылыми тестология бүгінге дейін ешкімге белгісіз, не педагогикалық жоғары оқу орындарында, не университеттерде оқытылмайды.
Көріп отырғанымыздай, біздің ҰБТ-да қолданып жүрген тестілер шетелдерде қолданылатын тестілермен салыстырғанда әлдеқайда қарадүрсін. Осындай тестілермен қаруланған жоғары сынып оқушылары 1998 жылдан бастап ҰБТ бойынша емтихан тапсыратын пәндерді терең зерделеп оқымайтын болды. Тестілеудің ең қара дүрсін әдісін елімізде ендіре отырып, соңғы 8 жылда балалардың барлық пәндерден іргелі білім алуға талпыныстарын қайтарып тастадық. Жоғары сынып оқушылары оқулықтарды, көркем әдебиетті оқуды, мәселенің мәнісіне үңілуді, теорияларды, құрылыстарды, бейнелерді талдап-түсіндіруді, өз ойларын жүйелеуді, негіздеуді қойды. Сонымен тестілеудің бұл жүйесі еліміздің білім беру жүйесіне орны толмас нұқсан келтірді» – деп жазған болатынмын.
Содан бері тағы да 7 жыл уақыт өткен екен. Мен бүгінгі күндері ҰБТ-ға қатысты осы айтқандарымды толығымен қайтадан қайталаған болар едім. Кейінгі жылдары осы пікірді ұстаздар қауымы, ғалым педагогтар, ата-аналар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен айтып, жазып жатыр.
Бұл проблема Һакім Абай айтқандай: «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер түкті байқамас» – қалпында қалып отыр. Неге екенін, түсінбеймін?
Білім сапасы мониторингі проблемасы өте өзекті. Жоғарыда айтылған кітабымда мен бұл мәселеге де кеңінен тоқталған болатынмын. Жалпы қандай болмасын іс атқарғанда, атқарылған істің сапасына дұрыс баға берілмейтін болса, онда ол істе алға басу болмайды ғой. Білім саласында да осылай. Егерде әр сыныпта оқитын балалардың әр пәнді қандай деңгейде меңгергендігі жайында дұрыс мағлұмат алынбайтын болса, онда білім сапасын көтеру проблемасы еш уақытты дұрыс шешілмейді.
Елімізде күні бүгінге дейін білім сапасы мониторингі жүйесі жасалмаған. Білім жетістігін бағалау жөнінде бірыңғай тетік жоқ, білім жетістігін бағалаудың педагогикалық өлшемі туралы ғылым-тестология дамымаған.
Педагогика ғылымы балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету маңыздылығына қанша көңіл бөлсе, білім жетістігін бағалауға сонша көңіл бөледі. Мысалы, АҚШ-та өткен ғасырдың 90-жылдарының басында оқыту нәтижесі бойынша бақылау жүйесін дамыту шығыны елдегі білім берудің жалпы шығынының 25%-ын құрады.
ҰБТ мәселесі, оның жарамсыздығы осыдан туындайды. Сондықтан, елімізде білім сапасын анықтау проблемасымен ғылыми негізде шұғылданатын орталық ашылуы керек.
ҰБТ өткізу проблемасы ғылыми негізде сараланып, оны жетілдіру жолдарын шешу қажет. Бұл проблеманы шешуде дамыған елдердің озық тәжірибесін пайдалануға болады.
http://www.apnk.kz/728.html