Мектеп | 908 қаралды
908 қаралды
Елбасы Ұлттық музейдің қыш кітабына осылай деп жазған. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл



Ал төбедегі жиырма метрлік алып қыран құс қанатын кең сермеп, даланың дархан тынысын, егемен елдің ертеңін, кеңдігі мен асқақтығын паш еткендей, елдің самғай беруін айғақтайды.

Рухы биік халықтың іргесі берік! шығарма жазып берсеңіздер?

1 жауап

"Рухы биік халықтың іргесі берік!" - деп елбасы Ұлттық музейдің қыш кітабына осылай деп жазды.

Рухы биік халықтың іргесі берік

Рухы биік халықтың іргесі берік

Қала күні мерекесі қарсаңында елорданың рухани қазынасы тағы бір мәдени ошақтың дүниеге келуімен еңселенді. Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды. Жаңа ғимараттың тұсауын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп кесіп берді. Құтты болсын, ағайын! Тәуелсіздік көшесіне айрықша сән беріп тұрар бұл ғимараттан жұрт атамекеннің айбынын, алаштың рухын баяндайтын бабалардың байырғы құндылығын тамашалайды десек, ал кейінгі жас ұрпақ үшін онда өскен тамыр, өткен тарих тағылымын жан-жақты танып-білуге толық мүмкіндік туғызылып отыр.

Қазақ елінің тарихи көне жәдігерлері, ғасырлар бойғы басынан кешкен небір аласапыран тағдыр-талайы, бақыты мен баяны ара-тұра о жер, бұ жерден бас­тарын бір қылтитып қойғаны болмаса, негізінен томаға-тұйық күй кешкен қазынаның бәрін ел жүрегіне жиыс­тырып, тоғыстырып, басын қосу, халқымен қауыштыру бұл өзі бір толағай қажыр-қайратпен, біліктілік пен бірлікпен бітер ізгі шара екені даусыз. Ғасырлар табанының ізі ата тарихта мұқалмай, мұрты бұзылмай сақталар болса, ал енді сол тарихты түгендеу мұнан да ауқымды, өте ұзаққа созылатын, тіпті шексіз, шетсіз әлем сияқты, түпсіз терең тұңғиыққа ұқсайды. Тарихтың бәрін жазып бітірдік, тауыстық деу қате. Оның соңы, соңғы демі деген жоқ. Қарт тарихқа, бағзы тамырға, бабалар рухына елорданың төрінен ойып тұрып орын беруді біз бүгінгі ұрпақтың шежірелі қариясына, көсемсөзші дариясына, данагөй, батагөй абыздарына, абзалдарына айрықша құрмет көрсетіп, тағзым етуі деп түсініп жатырмыз. Дарқан даланың арқа-жарқа кең пейіліне жарасар, әрі қарай жалғасар жарқын тірлігі, жасампаз келбеті екеніне шүбә келтірмейміз. Ұлттық музейдің табалдырығынан аттаған сәттен бас­тап алдыңыздан шығар әрбір қазына кеудеңізге сондай ағеділ сезім ұялатады.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Респуб­ли­­касының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Президент Жар­лы­ғымен 2013 жылғы 30 мамырда құрылған болатын. Бұл Орталық Азия аймағы бойынша еш жерде баламасы жоқ теңдессіз бірегей жоба болып табылады. Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музей Қазақстанның ерте ғасырдан бастап күні бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерін жинақтауымен құнды.

Соңғы жылдардың тамаша сәулет туындылары бір-бірімен жанаса жайғасқан аумақтағы сыртқы сымбаты заманауи талғамға сай жасалған Ұлттық музейдің сәні өзгеше рухты сездіреді. Қазақстанның туына ұқсас көгілдір шынылар мен ұлттық ою-өрнектер бедерленген ақ түсті қабырғалар қабыса жымдасып, қыздың жиған жүгіндей көз жауын алады. Ылдидан жоғарылай көтерілгенде алдыңызда тамаша субұрқақ атқылап тұр. Мұнда төрт сақ жауынгері аттарының басын төрт тарапқа бұрып, елді, жерді күзетіп тұрғандай міз қақпайды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демей ме халқымыз. Сол айтқандай, олар: «түгел бо­лыңдар», «бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қағиданы астарлап жеткізіп тұр­ғанына еш шүбә келтірмеңіз. «Төрт құбы­ласы тең», «дүниенің төрт бұрышы», «төрт көзі түгел», т.с.с. қазақы ұғыммен егіз са­рын ешқашан ескірмесін ескергендей.

Кіре берісте қарсы алдыңыздан медиа-экран көріністері жарқ етеді. Алғашқы әсерден енді арыла берген сәтте фойенің сол жағындағы Қазақстан картасы іспетті үлкен медиа-экран Қазақстан қалаларына саяхат жасатады. Оның жоғары жағында: «Қазақстан: баянды ел, байтақ жер, бағаналы орда» деген Елбасы қағидасы жазулы. Белгілі қылқалам шебері Ерболат Төлепбайдың бірнеше автормен бірігіп салған триптих-полотносында сақтардан, түркі халықтарынан бастап қазіргі заманғы тарихқа дейінгі мемлекеттілігіміздің қайнар көзі бедерленген. «Тағдыр», «Аңырақай», «Жаңарған дала» – қылқалам тілімен бейнеленген Қазақ елінің тарихы.

Ал төбедегі жиырма метрлік алып қыран құс қанатын кең сермеп, даланың дарқан тынысын, егемен елдің ертеңін, кеңдігі мен асқақтығын паш еткендей, елдің самғай беруін айғақтайды. Мұнан сәл жоғары жүрсеңіз, сарқырама сыңғыры саумал ауа жұтқызады.

Мемлекет басшысы алдымен жиналған қауымды келе жатқан Астана күнімен құттықтады және осы мерекеге орай Астана мен бүкіл Қазақстан тағы бір құнды сыйлыққа – Ұлттық музейге ие болғанын айтты.

«2008 жылы Астанада халы­қаралық деңгейдегі музей салуға тапсырма берген болатынмын. Бүгін Қазақстан Республикасының тарихи музейі ашылуда», деген Президент бұл біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді тарихи тұрғыдан танытуда да айрықша маңызға ие ғимарат екеніне тоқталды.

– Біздің тарихымыз мақтан етуге лайықты ерлік пен елдіктің тарихы, мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Біздің бабаларымыз Қиыр Шығыс пен Батыс Еуропаның, Сібір мен Үндістанның арасында 4-5 мың жыл бойы айрықша рөл атқарғанын тарихтан білеміз. Сақтар мен ғұндар дәуірінен бас­тау алып, Түрік қағанатымен жалғасқан қазақ хандығының және бүкіл тәуелсіз Қазақстанның өткені халқымыздың бірлігі мен тұтастығының жылнамасы болып саналады. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік. Қазақстанның жаңа тарихына айрықша мән берілетін болады. Дәуірлерге лайық іс тындырған жиырма жылдан астам уақыт ел тарихында ең жасампаз кезең болып табылады. Кейінгі ұрпақ бүгінгі буын бастаған ұлы істерді лайықты жалғастыратынына мен сенімдімін. Қазақстан тарихы келешекте тек қана бейбіт бастамалар мен жарқын істермен жалғасатын болады. Бүгін есігін айқара ашып отырған тарих музейі сан жылдар жасалған жасампаздық жәдігерлермен толыға береді, – дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев:

– Музейдің ашылуы арқылы Қазақ елі сәулетті архитектуралық кешенін құру аяқталады. Тәуел­сіздік сарайы және көкке ұмсын­ған Стела, Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет Сұлтан меші­ті және Ұлттық өнер универ­ситеті, енді, міне, Ұлттық музей – бұлар біздің халқымыздың мәң­гілік құндылықтарының архи­тек­туралық көрініс табуы, – деді.

Қазақстан Президенті Ұлттық музей ғимаратында халықтың өткені, қазіргісі және болашағының терең символизмі бейнеленгенін атап өтті.

– Бұл – ашықтық, дәстүрге адалдық және инновацияға ұмты­лыс. Сәулеткерлік шешімде мәңгілік классика мен креативті модерн синтезі айшықталған. Бұл тарихи дәуірлердің сабақтастығын айрықша таныта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

– Біз экономика дамуының жоғары қарқынын көрсетіп отырмыз. Қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты артып келеді. Еліміздің халықаралық беделі нығая түсуде. Қазақстандықтардың қазіргі буыны бабаларымыздың біртұтас, қуатты және әлемде сыйлы мемлекет болу турасындағы сан ғасырлық арманын жүзеге асырды. Біз жаңа Қазақстанды нығайта отырып, өзіміздің тарихи миссиямызды лайықты атқарамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаңа музейдің тарихты таныту және еліміз туралы терең білімді сіңіру орталығына ғана емес, белгілі мәдени және ғылыми мекемеге айналатынына сенім білдірді.

– Ұлттық музей ғылыми және рухани орталыққа айналады, біздің Қазақстан жолының барлық ілгері жетістіктерін танытады, архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты қазірдің өзінде Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың Метрополитен музейімен бірге әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында музейдің қыш кітабына естелік қолтаңба қалдырды. Мұн­да Президенттің: «Рухы биік ха­лықтың іргесі берік!» деген тілегі тұр. Мұнан соң Елбасы Астана, Тәуелсіздік, Алтын, Ежелгі және орта­ғасыр тарихы, Этнография, Қазіргі заманғы өнер залдарын аралап көрді.

Музей құрылысы «Қазмұ­найгаз» АҚ бөлген қаражат есе­бінен жүргізілген. Ұлттық му­зейдің директоры Дархан Мың­бай, бас мердігер – «Базис Проект LTD», дизайн жобаны оң­түстіккореялық «Design be Art» компаниясы отандық дизайнерлермен бірлесіп жүзеге асырған, құрылыс жұмыстарының бас мердігері – түркиялық «Turkuaz Construction» ЖШС компаниясы.

Ал енді жалпы Ұлттық музейдің өзі туралы айтатын болсақ, көрме залдары, қоймалар және жұмыс лабораториялары өте ауқымды. Музейдің экспозиция­сын жасақтау кезінде әлемдік музейтану мен жаңа технологияның ең озық әдістемелері қолданылған және де мұнда Қазақстанның ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени ескерткіштері жинақталған. Жобаға сәйкес қабаттары сатылап биіктейтін (2 қабаттан 8 қабатқа дейін) 7 блоктан түзілген музейдің экспозициялық алаңы 14 мың шаршы метрден асатын жерді алып жатыр. Ал мұражайлар ауқымы 5 мың шаршы метрге жуық. Мұнан бөлек уақытша көрмелер өткізетін «Ұлттық мирас» ғылыми-зерттеу инс­титуты, жаңғырту шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, оқырман залдары бар кітапханалар, ілеспе аударма құралдарымен жабдықталған мәслихат залы, кәдесый киоскісі, кафе, буфет орналасатын жайлар бар. Музейдің кәсіби, қауіпсіз мұражайлары заманауи дүниежүзі мойындаған әлемдік стандарттарға сәйкес жасалған, яғни климат-бақылау жүйесінің болуы, биологиялық және жарықты бақылау, сонымен қатар, мұражайлар құрылысына арналған патенттелген арнайы материалдар пайдаланылған. Медиа-технологиялардың дамуына байланысты дәстүрлі музейлер өзінің рөлін жоғалтуы мүмкін деген қоғамда қалыптасқан пікірге қарамастан, өмірдің өзі заманауи технологиялар мәдени ескерткішті жете таныстыру тетігі бола алатынына көз жеткізіп отыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихы экспозициясында музейге келушілердің назарына аса ұтымды әрі Азиядағы теңдесі жоқ, көлемі 35,9 х 20,6 м болатын алып, доғал экран арқылы аумағы бойынша әлемде 9-шы орын алатын Қазақстанның қайталанбас табиғаты ұсынылады. Тағы бір елеулі нәрсе, Астана залында елорданың бірегей серпінді макеті және әлгі доғал экранмен бірге әсерлі шоу жасайтын медиа еден көпті сүйсінтері сөзсіз. Үш тілді мультимедиялық гид ыңғайлы әрі сенімді жолсерік ретінде келушінің көңіл күйіне, уақыты мен қызығушылығына сәйкес экскурсия маршрутын көрерменнің қалауына қарай, музейдің көптеген залдарына бас­тап апарады.

Ұлттық музейдің бет-бейнесіне келгенде, «Алтын адамның» алар орны бөлек. Есіктен табылған археологиялық олжа Қазақстанның символы болып табылады. Ежелгі тарихты көрсететін экспозицияда ел аумағынан табылған, музейлерге қазіргі күнге дейін қойылмаған барлық бірегей экспонаттардың (Тақсай ханшайымы, Сайрамдағы алтын бұйымдар мен күміс тиындар қоймасы. Талды 2 алтын бұйым­дары) бір залда тоғысуы айрықша әсерге бөлейді. Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиа-экрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады. Жеті залда ұсынылған негізгі экспозиция­лардан бөлек мұнда Ресейдің «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма – Ұлы Жібек жолының мұрасы», «Орыс көркемсурет өнерінің 4 ғасыры» атты көрмелері жұмыс істеуде.

Шетелден шақырылған құрметті қонақтардың арасында Британ музейі Таяу Шығыс департаментінің кураторы Джон Симпсон, Америка университеті жанындағы Катцен атындағы Өнер орталығының негізін қалаушы және директоры Джон (Джек) Расмуссен, Шанхай музейінің директор Чен Сие Джун, А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің президенті Ирина Антонова, Мемлекеттік Третьяков галереясының бас директоры Ирина Лебедева, Ресей этнографиялық музейінің директоры Владимир Грусман, «РОСИЗО» Мемлекеттік му­зей-көрме орталығы көрме бөлі­мі­нің жетекшісі Виктория Зуб­равская, Әзербайжан Ұлттық өнер музейінің директоры Чингиз Фарзалиев, т.б. бар.

Торқалы тойдың қарсаңында тұсауы кесілген шаңырақтың шаттық думаны бүгін жалғасын тауып жатыр. Қазақ елінің атын дүниежүзіне танытуға қазірдің өзінде барынша кірісіп кеткен мұның жақұт қазынасының ішінен жұрт келешекте еліміздің бүкіл тарихи-мәдени құндылығын, қымбат жәдігерлерін көріп, рухани шөлін қандырғысы келетіні тағы ақиқат.

Бар байлықты Бас музейден табайық!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ

Ұқсас сұрақтар

118,499 сұрақ
305,558 жауап
153,302 пікір
67,960 қолданушы