+2 дауыс
7.9k көрілді

Осында тақырыпта жазылған Қазақ хандығына 550 жыл эссе, шығармалар керек?

Адам өткенін жақсы білмей – болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу т.б. құнды деректерді игеру біз үшін өте маңызды. Сонау 1465 жылы қазақтың ел алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің қазақ деген хандықтың туын тіккеніне міне биыл 550 жыл толып отыр. Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жрлығы шығып, былтырдан бері бүкіл ел болып үлкен дайындық жүргізіп келеміз. Бұл дегеніміз, Қазақстан елінің өткенді білуге деген үлкен құлшынысын көрсетеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, талай қиындықтар мен тағдырдың соққылары қазақ халқының басына таяқ болып тиді. Біз бүгінгі күнге көптеген сындардан өтіп келіп отырмыз. Ең алғаш туын тіккен елдің болашағы қашанда бұлыңғыр болатыны белгілі. Ол үшін құрылмақшы болып жатқан елге білгір де қайратты, парасатты көшбасшылар керек. ХV ғасырдың ортасы Моғолстан, Әбілқайыр хандығы т.б. мемлекеттердің дипломотиялық байланысы шиеленісіп тұрған қиын кезең болатын. Дәл осы уақытта Әбілқайыр хандығына сыйыса алмаған Керей мен Жәнібек қазақ халқының этникасын құрайтын көптеген ру-тайпаларды алып шығып, Шудың бойына Қазақ деген хандықтың туын тігеді. Алғашында халқының саны әрең жететін хандыққа сырттан төнетін қауіптер шаш етектен болған. Дегенмен, жоғарыда айтып өттікаемес пе? Бір адам бір елді құтқара алады, дәл сол уақытта да Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын түрлі қауіптерден қорғап, болашаққа қарай жылжуына, дамуына жағдай жасады.

Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен және бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес, керісінше, 10 жылдан астам уақытқа созылып, өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінген. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы — хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.

Қазақ хандығының жері бірнеше есе ұлғайып, халқының саны миллионға жеткен тұс – Қасым ханның дәуірі болатын. Жалып, қазақ үшін ең маңызды кезеңдердің бірі дәл осы тұс. Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан 15 ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді. Осы кезеңдегі оқиғаларды баяндайтын деректер Қасым ханды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп атайды. Ширек ғасырға созылған Сыр бойы үшін күресте Қасым хан және  Жәнібек ханның  басқа да ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар,Сайрам түбінде бірнеше рет Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңеді.

Қазақ тарихында Қасымханнан кейін де көптеген мықты хандар хандыққа билік жүргізді. «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағымен белгілі Есімхан, 600 әскермен 50 000 жоңғардың әскеріне тойтарыс берген Жәңгір хан, қой үстіне бозторғай жұмыртқылаған заманды орнатқан және «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарған әз-Тәуке хан, дипломатияны шебер пайдалана білген Абылай хан, ең соңғысы орыс әскерлерін тітіреткен Кенесары хандардың есімі қазақ тарихына алтын әріптермен сақталды. Бұлар хандық үшін көптеген тірліктерді жасай алғандар. Кейіннен Кеңес үкіметі орнаған тұста Алашордашылардың көсемі Әліхан Бөкейхановтың, Қазақ КСР-ін 40 жыл басқарып, 40 қала тұрғызған Дінмұхамед Қонаевтың орасан еңбегі ел үшін ерекше.

Кеңес үкіметі құлап, ел елдер тәуелсіздік алып жатқан тұста етек-жеңін жинай біліп, қазақты қиын кезеңнен алып шықан бүгінгі Президентіміз Н.Назарбаев екені белгілі. Сонау 90 жылдардың орта тұсында ішерге тамақ, киерге киім таппай қалған кезеңде осындай көшбасшымыздың болуы қазақ халқының бағы еді. Бүгін Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзіне ықпал ете алатын, беделі зор, бейбітшілікті ту еткен ерекше қонақжай халық болып өмір сүріп жатыр. 17 миллион халқы бар еліміз тарихын тіктеп, болашаққа қарай нық қадаммен келе жатыр. 2050 стратегиясы бар еліміз «Мәңгілік елге» айналу үшін тырысып бағуда. Ендігі мақсат Алла біздің мемелкетімізідң осы игі ниетіне жеткізсе екен!

1 жауап

0 дауыс

Бабаларымыз «Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты – біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырды.

Бұл орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Қазақстан Президенті жуықта қасиетті Ұлытауда сан қатпарлы тарихымыздың түптамырын толғаған мағыналы сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты.

Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», – дейді.

Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.

Осы орайда асқақ Астанада сәулетті ескерткіші бой түзеп, асыл әруағына Керей-Жәнібек көшесі беріліп, ұлықталған әзиз хандарымыздың Шу өзені бойындағы Қозыбасыда Қазақ хандығының  дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын жербіреткеніне келесі жылы 550 жыл толып отыр.

Өкінішке қарай, соңғы кезде кейбір көршілеріміз қасақана немесе хабарсыздықтан біздің Мемлекеттілігіміздің бай тарихын жоққа шығарып отыр. Бұл – біздің Ұлттық тәуелсіздігімізге күмән келтіру әрекетіне тең деп санаймыз.Осыған  жол бермеу үшін, біз, таласып-дауласпай мемлекетіміздің терең тамырын бүкіл әлемге ашық көрсетуіміз керек.

Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің, халқымыздың терең ежелгі тарихы бар. Қазақстан – қазақтың ата-бабаларынан қалған өзіміздің жер, халқымыздың тарихи ата-мекені. Бірақ, бай тарихымызды өзіміз ғана емес, алыс-жақын көршілерімізге де көрсете, сіңдіре білуіміз қажет.

Қазіргі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетіп, насихаттау ісін дәстүрге айналдырған. Бұл сол ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен легитимділігін (құқы бар екендігін) айғақтайды. Ал біз, қазақ мемлекеттілігінің терең тамырлы және бай дәстүрлі екендігін көрсете алмасақ халықаралық додада ұтыламыз.

Елбасы үстіміздегі жылдың 17 қаңтары күні, дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтты. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші.

Сол арқылы біз бүгінгі Н.Ә Назарбаевтың тікелей басшылығымен қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. Біздің төл тарихымызда жас ұрпақ санасында мақтаныш сезімін туғызатын өнегелі істер жетіп артылады. Оларды тек қоғам санасына сіңіре білсек болғаны.

...