0 дауыс
90.1k көрілді
Киіз үйдің құрамды бөліктерін атап шықсаңыздар?

3 жауап

+2 дауыс

Киіз үйдің сүйектерін дайындаумен арнайы үйшілер айналысты. Мұндай шеберлер әрбір көшпелі қауымда, әрбір ауылда дерлік болды. Киіз үйдің қаңқасы келесі бөліктерден тұрды: 

Кереге - киіз үйдің қабырғасын құрайтын жиналмалы, тор көз тәріздес қанаттардан тұрады. Қанаттар жартылай шеңбер тәріздес орналасып, бір-біріне жалғаса отырып, киіз үйдің қабырғасын құрайды. үйдің көлемі қанаттың санына сәйкес болады. Киіз үйде 4-5-тен 12-ге дейін қанат қолданылады. Кереге бір-біріне қиылыстыра орналасып, қайыспен өз ара бекітілген сағанақтардан тұрады. Сол себепті, ол оп-оңай керіліп, қайта жиналып отырады. 

Уық - кереге мен шаңырақты жалғастырып, киіз үйдің төбесін құрайтын сырық ағаштар. үйдің қанаты көп болған сайын, оған байланатын уықтың саны көбейіп, уықтарының ұзындығы ұзарады.

Шаңырақ - шеңбер тәріздес, иілген ағашпен жалғастырылып, ортасынан күмбез тәрізденіп бір-біріне қиылыстыра орналасқан сырық ағаштармен бекітілген конструкция. Шаңырақтың көлемі (диаметрі мен ағашының қалыңдығы) киіз үйдің көлемімен (қанат санына сәйкес) тығыз байланысты. Сонымен бірге шаңырақ киіз үйдің терезесі, түтін шығатын орынның қызметін атқарады.

Есік (сықырлауық) - екі жаққа айқара ашылатын табалдырыққа бекітілген қос қанаттан, маңдайша, босағадан тұрады.

Киіз үйдің аталған бөліктерін жасауға ағаштың түрлі сорттары пайдаланылды. Киіз үйдің қанаттары мен уықтары шеберлердің қолында оңай майыстыруға ыңғайлы ағаштың жеңіл сорты-талдан жасалды. Шаңырақ жас қайыңнан жасалса, босаға мен есіктер қарағайдан жасалды. Жарма есік пен шаңырақ ойылған өрнекпен өрнектелді. 
Киіз үйдің киіз бөліктері көлемі мен түрі жағынан әр түрлі төрт кесіндіден тұрады.

Туырлық - киіз үйдің қабырғасын жауып тұратын киіз кесінді. Туырлықтың саны - киіз үйдің көлемімен тығыз байланысты. Мысалы: алты қанатты киіз үйге төрт туырлық жабылады. 

Үзік - киіз үйдің төбесін жауып тұрады. үзіктің саны туырлықтың санымен бара-бар келеді. 
Түндік - шаңырақтың үстін жауып тұратын төрт бұрышты киіз кесінді.

Киіз есік - есіктің сыртынан жауып тұратын тік бұрышты киіз кесінді.

Киіз үйдің маңызды көрсеткіштерінің бірі ішкі көрінісі. Ішкі жиһаздары киіз үй күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, иірілген жіптен тоқылатын кілем, басқұрдан, кереге мен уықтың қиысатын тұсында тұтылатын терме басқұрдан , сәндікке ілетін шаңырақ бау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңырақ қоршау, туырлық, үздік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шеден және т.б. тұрады.

Киіз үйдің ішінде, ағаштан жасалған бұйымдар: тесағаш , ыдыс жинайтын - асадал , азық-түлік сақтауға арналған - кебеже , киім кешекке арналған - сандық , сондай-ақ ет жейтін астау, табақ, тостаған, шара, ожау және т.б. болды. Ал, теріден жасалған ыдыстар қатарында, түскиіз, торсық, саба, жағлан және т.б. кездесті.

Темір ұсталары киіз үйге қажет бұйымдардан, атап айтқанда қазанға арналған мосы, шәйнек пен шәугімді мыстан дайындады. Ал қолөнер шеберлері түскиіз, көрпе-төсек жапқыш, шымылдық, жастық дайындаса, тоқымашылар түрлі төсеніштер тоқыды.

Бір көзбен қарағанда киіз үйдің іші ешқандай бөлікке бөлінбейтін көрінгенмен, ондағы барлық заттардың өз орны бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан киіз үйдің ішкі көрінісі бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетті. Біздің ата-бабаларымыздың киіз үйдегі тұрмысы жайлы этнографиялық материалдар мен өткен замандағы авторлар мәліметтерінен білуге болады.
Киіз үйдің ортасында қазақтар үшін қасиетті орын-ошақ орналасады. Киіз үйдің еденіне киіз немесе кілем төселеді. Жетісу қазақтарында ошақтың айналасына төселетін киіз - "откиіз" - деп аталады екен.

Кіре беріске қарама-қарсы орын "төр" - деп аталады. Төрге ең сыйлы қонақ немесе жасы үлкен адам отырады. Төрдің артын алып үстіне көрпе-төсек жиналған жүкаяқ орналасады. үйге қонақ келгенде төрге ең жақсы көрпелер мен жастықтар төселеді.

Кіре беріс босағаның екі жағының екі түрлі шаруашылық маңызы бар. Оң жақта азық-түлік (ет салынған - кебеже, қымыз құйылған - саба), ас үйлік ыдыс-аяқтар орналасса, сол жақта аттың әбзелдері мен ер-тұрман орналасты. Оң жақ босағадан жоғарырақ үй иелері демалатын арнайы шымылдық ұсталған төсек ағаш қойылатын. Ал сол жақ босағадан жоғарырақ жерде отбасының жас мүшелері орналасты. Бұдан көретініміз киіз үйге қойылатын жиһаздар керегенің бойын ала орналасатын болған.

Қазақ жерінде болған жат жерлік авторлардың пайымдауынша қазақтар ою-өрнек әлемінде өмір сүрген. Кез-келген зат, оның көлеміне қарамастан, шәйнек қаптан текемет, кілемге дейін ою-өрнекпен әрленетін.   Бояуларының қанықтылығы, заттың жасалу техникасы - қазақтың қолданбалы қолөнерінің негізгі ерекшеліктері болып табылады. Сондай-ақ, ою өрнекпен аяқ қап, жастық, төсек қап, абдыра жапқыш, кесе қаптар да әрленді. Өрнекті салуда түрлі технологиялар: сыру, құрау, кестелеу, бастыру қолданылды. Текеметтер мен сырмақтар киіз үйдің еденіне төселсе, қоржындар керегеге ілінді.

Киіз үйдің ішкі жасауында тоқыма бұйымдар ерекше орын алады. Кереге мен уықтың қиысатын тұсына ені 30-50 см-лік термебасқұр тартылады. Одан бөлек, қанаттардың аралығын байланыстыратын таңғыш, уыққа байланатын жүннен тоқылған уықбау, сәндікке ілінетін шаңырақбау, желбау салпыншақтары, туырлық, үзік жолақтары - қолдан тоқылған бұйымдар болып табылады.

Алайда тоқыма бұйымдары арасында тықыр және түкті кілемдер, алаша, қоржындар ерекше орын алады. Әсіресе көшпелі тұрмыста қоржындардың орны ерекше болды. Олар азық-түлік, түрлі бұйымдар салуға ыңғайлы болды. Орта ғасырларда бабаларымыз қыпшақтар Кавказға, атап айтқанда Грузияға қоржынды алып барды. Бүгінде грузиндердің ұлттық тұрмысында "хуржун" деген атпен белгілі. Алаша киіз үйдің еденінде, киіздің үстіне төселсе, кілемдер киіз үйдің төріне жайылды. Алаша мен кілемді керегелерге айналдыра да ілетін болған. Ал, ұсталынбайтын кілемдер арнайы жасалған түктерде сақталынған.

Қазақтың дәстүрлі өнерінің көне нұсқаларының бірі - түскиіз, төсек жапқыш .Түскиіз екі түрлі барқыттан, мәуіті немесе шұғадан ойылған өрнектерді шеті әдіптелген, биіктігімен салыстырғанда ені созылыңқы етіп пішілетін ақ киіздің шаршысына жапсырып, айналасын сетінемейтін етіп көктейтін төсем. Түскиіз де әдемілік үшін киіз үйдің керегесін айналдыра ілінеді.

Киіз үйдің ішіне қойылатын ағаштан жасалған жиһаздардың қатарында сандықты ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінде оны кейде "кебеже" немесе "әбдіре" деп те атайды. Сандықтар арнайы жүк аяқтың үстіне орналасатын болған. Сандықта түрлі заттар сақталынды. Сол себепті, олар көбіне төрдің артын ала орналасатын. Ал, киіз үйдің шаруашылық бөлігінде ыдыс-аяқ қоятын-асадал, жатаған орындық, айран пісетін күбі, ет жейтін ағаш астау, қымыз ішуге қажетті тостағандар қойылды.
Ағаш жиһаздардың қатарында төсек ағаш (төс ағаш), сондай-ақ қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраны ерекше атап өткен жөн. 
Ағаштан жасалған ерлер мен аттың әбзелдерін дайындау да аса жоғары шеберлікті қажет етті.
Керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиге түсірілген ою-өрнек киіз үйге ерекше әр беріп тұрды. Мұндай ши орамалар есіктің сыртынан ұсталынатын киізге де қосымша ілінетін.

0 дауыс
Киіз үй қаңқасын немесе киіз үй сүйегін атадан балаға мирас болып келе жатқан шеберлік кәсіпті меңгерген, өнер қонған шаңырақтар дайындайды. Ежелгі аты “қаңқа” сөзі болғанымен соңғы атау қазіргі ауызша да, әдеби тілде де көбірек пайдалануына байланысты біз де “киіз үй сүйегі” атауын пайдаландық.

Киіз үй сүйегі арнайы дайындалған ағаш сырықтар мен бұтақтардан дайындалады. Олар желге, жабылатын киіз салмағына, әсіресе кенеттен пайда болатын дала құйынына шыдамды етіп жасалынуы қажет.

Киіз үй формасының дөңгелек түрде алынуы, барлық бөлшектерінің бір-бірімен айналмалы, қозғалмалы (шарнирлі) етіп жалғастырылуы киіз үйді жел екпініне, жер сілкінісіне төзімді етеді жҽне киіз үйдің бұндай қасиеттері кездейсоқ құйын соғып, не қатты дауылға шыдамай құлаған жағдайда үйлерді аз ғана шығынмен қайта тұрғызуға мүмкіндік береді.

Өмірлік тәжірибе құлаған киіз үйдің ең көп зақымданатыны уық қаламдары екенін көрсетіп жүр. Бұндай жағдайға ұшыраған киіз үй сүйектері зақымданған уық қаламдарын сәл ұзартып, қайта қаламдаумен шектеледі де, үй қалпына келтіріледі.[5]

Тоғын– шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
Шаңырақ– үйдің бас бөлігі.
Күлдіреуіш– түнікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек.
Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
Қаламдық– уақыттың қаламы (басы) кіріп тұратын, шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.
Қаламы– уықтың шаңырақ қаламындағы сұғылатын ұшы.
Уық– шаңырақ пен кереге отрасын қосатын иінді ағаш.
Алақаны– уықтың кереге басына бекітілетін басы.
Иіні– уықтың иілген (бүгілген) тұсы.
Кереге– жиналған кереге (үй қабырғасы).
Керегенің басы– керегенің жоғарғы жағы.
Керегенің аяғы– керегенің жерге тірелген жағы.
Көз– керегенің тор көздері (тор көз, жел көз)
Азат көз– керегенің көктелмеген жерлері.
Желі– керегені құрайтын ағаштар.
Ерісі– ағаштардан кереге құрайтын ұзыны.
Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.
Қары– уақтың иініне дейінгі бойы.
Ыру– уық пен керегеге салынған оюлы сызықтыр.
Сықырлауық– киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі.
Маңдайша– екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік ағаш.
Босаға– маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.
Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп, тұратын айналмамалы ағаш тиек.
Жабық– туырлықтардың бір-біріне айқаса жабылатын тұсы.
Күйеу қазық– шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша ұзін ағаш.
0 дауыс
Киіз үйдің 3 бөлігі бар.Шаңырақ,уық,кереге.Ең басты бөліктері
...