0 дауыс
13.3k көрілді

Ел жүрегі – Астана тәуелсіздік сарыарқа

«Ел жүрегі – Астана» деген тақырып негізінде өрбитін биылғы қала күнін тойлау ресми түрде 4 шілдеден басталады.

Тәуелсіздік алған, өзге жұртпен терезесі теңелген еліміз өзінің астанасын, бас қаласын, мәңгілік анасын, мемлекетінің жүрегін ежелгі ел қорғаны болған Сарыарқаның төсіне әкеліп орнатып, Астана деген ардақты атқа ие етті. Бұл ғұмыры мәңгілікке бағыт алған жаңа астана – әлемдегі жаңа қоғамдық құрылысқа құлшына қосылып отырған жаңарған еліміздің әкімшілік орталығы болып, тәуелсіздіктің асыл тілегін, халқымыздың алтын арманын арқалаған ардақты қала – Астана.

3 жауап

0 дауыс

Құлыптаулы сыры ашылды бәрінің,
Кілттеулі болып келген әлі күн...
Ақ тілеумен күткен еді бұл Қазақ,
Елдің жүгін көтеретін Нар Ұлын!
Т.Рақым.


Ұшқан құстың қанаты талып, шығыстан шыққан күн батысына әрең жететін кең жазиралы даланы мекен еткен «қазақ» деген іргелі елміз. Ғасырлар бойы бағы мен соры кезектесе отырып, досқа ақ пейілін, қасқа найзасын дауға қылышын сілтеген, тағдыры қаншама рет тағдыр таразысына түсіп, қыл үстінде тұрса да «құт дарып, қыдыр қонған » туған елді көздің қарашығындай сақтай білген елміз. 

«Ерлік–ұрпаққа ұран, елге - мұра» деген дуалы ауыз бабалар өсиетін бойына дарыт-қан халқымыз азамат ұлдар тәрбиелеуге де зор көңіл бөлді. Бұған Абылайдан кейін қолымыздан сусып кеткен тәуелсіздіктің туын ұстап қалу үшін, халықтар достығын, татулықты, ынтымақтастықты күшейтетін елді бастар ер керек еді. Еңселі ел болу елін дауға, жерін жауға бермейтін білікті басшы керек еді. Сөз қадірін, ер қадірін білген Төле би бабамыз: «Басшысы болмаса ел жетім» - деген. Ғасырлар бойы күрестер мен жеткен тәуелсіздікті баянды ету – Нұрсұлтандай Елбасымыздың еншісіне тиді. Сөйтіп,1990 жылдың сәуірінде республиканың Жоғарғы Кеңесінің ұйғаруымен Қазақ КСР-нің тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. «Қазіргі кезде дүние жүзінде ірі де өте ықпалды бес – алты саясаткер бар, олардың бірі – Назарбаев», - деген болатын Маргарет Тэтчер. Халықтың талап – тілегін ескере отырып, өз шешімімен дүние жүзі елдеріндегі атом қаруын сынайтын Семей, Капустин – Яр сияқты полигондарды жауып, бейбітшілікті сүйетін халқын алаңдатқан атом қаруын сынауға тосқауыл қойды. Елбасының негізгі мақсаты – ел бірлігін сақтау деп түсінемін. Оның әр сапарынан, әр кездесуінен осыны аңғаруға болады.Көп ұлтты Қазақ елі ынтымағы орнаған халықтар достығы еліне айналып отыр. Тарих дөңгелегі толассыз дөңгелеп, уақыт өз дегенін жасап жатыр. 

Елбасы сайланғалы жиырма жылдай уақыт өтті. Осы жылдар ішінде асқан төзімділікпен қыруар шаруа атқаруда. Ең әуелі өзге ұлт өкілдерімен Қазақ елі арасындағы саяси тұрақтылықты сақтай отырып, халықтың өз қазынасын өзіне қайтаруға тырысты. Тілі, ділі, салт - дәстүрі, әдет – ғұрпынан айырылудың аз алдындағы елге азғантай уақыттың ішінде асыл мұраларын қайтаруға күш салды. Қазақстанды Орта Азия барысына айналдыру үшін Елбасымыздың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы бұл күнде ұшса қанат талатын кең байтақ өлкемізді шарлап кетті.Парасаты мен пайымы, білімі мен біліктілігі мол ел қамын жеген Президент Жолдауы болашаққа апарар үлкен жолдың бастауы. Бұл айтылмаған, еленбеген сала жоқ. Егемендіктің кілтін ұстар жастардың жарқын болашағына апаратын алтын сүрлеу. Еліміздің ертеңі – жастарға үлкен қолдау көрсетіп, шетелдерде білім алуына жағдай жасап «Болашақ» бағдарламасын ұсынуы шынайы қамқорлық деп білемін. Н.Ә.Назарбаев: «Жаңа Астана – тарихи оқиға. Бұл – елдің өз тәуелсіздігін алып, көк байрағын көтергенмен бірдей қуаныш» деген болатын. 

Астана күннен күнге құлпырып өзінің рухани келбетін жаңартып, көз тартар алып ғимараттарымен жыл сайын өркендеуде. Ауылымыздың ардагер ұстазы, ауданымызға танымал ақын Қ.Б.Бижанов 2009 жылы аудан ардагерлерімен бірге Астана қаласынада болып қайтты.Мектеп оқушыларымен кездесуінде Астанадан алған әсер және Елбасының Астанаға сіңірген еңбегі жайында ризашылықпен әңгімелеп берді. Көргендерін айтып жеткізе алмаған ағамыз « Астана-жұмақтың төрі » деген болатын.

0 дауыс

«Астана-Елбасының ерлігі»

«Астана-Елбасының ерлігі» атты көрменің ғылыми концепциясы (Астана күніне арналады)

Даламның кеңдігі,
Тауымның өрлігі.
Елордам тұр сенде,
Елбасым ерлігі.
Тақырыптың негіздемесі: 

Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. 
Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасымыздың көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Астана осынау 12 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай. Астананың көркіне не бір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі.
Елбасымыз Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Оның негізгі мақсат -міндеттері - бірлігі жарасқан қазақ елінің азаттығын қамтамасыз ету және осы мұрат - мүддеге қызмет ету болып табылады. Нәтижесінде жаңа Елорданың болашағына, қысқа мерзімде осыншама ілгерілеу мүмкіндігіне күмән келтірген қоғамдық пікір толық жеңіліс тапты. Сөйтіп Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, Інжу – маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің нышанындай қабылдайды. 
Қашан да бодан елдің бостандыққа шығуы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі оңайға соқпаған. Қатыгездігі шектен шыққан Кеңес Одағының уысынан қазақ елінің аман-есен егемендікке шығуы, біріншіден тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы құрбандықтардың өтеуі екені күмәнсіз.
Қазақстанның азаттық туын көтерген сәттен-ақ жауапкершілігі бұрынғыдан әлденеше ауыр жаңа дәуір басталды. Қоғам жол айрығында тұрды. 
Жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпау үшін күндіз-түні тынбаған ізденіс Елбасын үш ұлы да, нақты қадамдарға әкелді. Оның екеуі 1994 жылдың, біреуі 1995жылдың еншісінде. 
1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғары Кеңесі сессиясында Ел Президенті ең алғаш рет еліміздің астанасын басқа қалаға ауыстыру туралы нақты идеясын ұсынды. Осы бір кезең туралы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде: 
«Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы,жазайықшы, ел не дер екен?»деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық , айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық»
Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі болды. 
Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Еліміз өзгерді, осыған лайықты Астанамыз да ғұн-тамырымен қайтадан бұрынғы Ақмола қаласының орнына салынды. 
Астана болу елесі Ақмоланы баяғыдан шалықтап жүрген. Бұл жердің ежелден киелі жер екені тарихтан белгілі. Бұл Әз Тәуке ханның жаз жайлауы болған жер. Тіпті сол әулие ханның бейіті де қалаға жақын жатыр деген аңыз бар.
Бұл жерде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған жоңғар шапқыншылығында Қаракерей Қабанбай секілді ерлер елді жаудан қорғаған. Біздің батырларымыз бен шешендеріміз, билеріміз бен хандарымыз Ақмола төңірегінде Ұлытауда, Қарқаралыда, Қараөткелде жиі-жиі бас қосып, азаттық үішін ұлы күресте елді болашаққа бастаған. 
ХХ-ғасырдың 50-жылдары ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясының ғимаратын Ақмоладан салу туралы батыл пікір білдіргені бекер болмаса керек.
Ақмола қаласы ежелден белгілі көне қалалардың бірі. Ақмола атауына энциклопедиялық кітаптарда «қола дәуірінен сақталған зираттар тобы» деп анықтама беріледі. Бұлар Андронов мәдениетінің Нұра кезеңіне қатысты айтылады. Олардан ғалымдар Қазақстанды мекендеген ежелгі тайпалардың қоныстану ерекшеліктерін, олардың түрлі байланыстарын, мәдениетін анықтап, көптеген мәліметтер тапты. 
Ақмола облысы 1868жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құрамындағы облыс болып құрылған. Бұл кезеңдерде Ресейден көшкен орыстар бұл өлкеге көптеп қоныстана бастапты. 1916 жылға қарай облыс тұрғындарының арасындағы орыстардың саны 1 миллионға жеткен. Негізінен қала үлкен сауда орталығына айналды. Ішкі Ресейден жоспарлы түрде көшіп келушілер көбейген үстіне көбейе түскен. 1917 жылға қарай облыста 100-жуық жәрмеңке, 50-тарта сауда орындары жұмыс істейді. Осынау жәрмеңкелерде қазақтың айтулы өнерпаздары Балуан Шолақ, Қажымұқан, Майра, Біржан сал, Ақан сері секілді тарландары өнер көрсеткен. Қазақ жеріндегі 1916 жылғы ақ патшаның маусым жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі де осы Ақмола жерінде болды. Сол кезеңде Ақмола қазақтары елдің белді өкілдерінің бастауымен азаттық жолында күресті. 
Бұл жер кеңестің алғашқы онжылдығында Ақмола облысы атанды. Кейін тың өлкесінің орталығы, Республиканың ірі аймағына айналған әкімшілік орталығы болды. 1961жыл-Ақмоланың атауы Целиноград болып өзгертілді. 
Міне, осы қалада 1995жылдың аяғынан бастап жаңа астананы тұрғызу жолында үлкен жұмыстар басталып кетті. Ақмоланың негізгі бөлігі Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан болатын. Ал жаңа құрылыс Есіл өзенінің сол жағалауында жүргізіле бастады. Бұл ТМД аумағында бұрын соңды болмаған үлкен құрылыс алаңы болды. 
Қаланың бас жоспарын жасауға Н.Назарбаевтың басшылығымен әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Олар-әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі ағылшын Норман Фостер, итальяндық шеберлер-Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас еді.
Сөйтіп Қазақстанның жаңа астанасының сәулеттік келбетін жасауға 30-ға жуық жобалау және сәулет ұйымдары қатысты. Олардың қатарында француз, түрік, швейцар, ағылшын, италян, араб, жапон, орыс архитекторлары мен құрылысшылары болды. Бірақ қазақстандық архитекторлар мен құрылысшыларының еңбегі орасан зор болды. Сөйтіп астана әлемдік ғажайып құрылыс алаңына айналды. 
Елбасы жаңа астананың атын да өзі қойды. Жаңа астананың атауының қандай болатыны туралы ізденістер жүріп жатты. «Ақмола» орыс тілінде әдемі естілсе де, қазақша « ақ мола, зират» деген ұғымды білдіріп тұрды. 
«Бір күні түнде, дәлірек айтқанда түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана ол Астана! Қай тілде де, ұғымды, ұран тәрізді»-деді кейін өз шешімі туралы Елбасы.
Ақмола-Целиноград, оның ауа райы жан-жағынан таумен қоршалған Алматыға ұқсас емес. Сондықтан жаңа астананың ғимараттарын саларда Астананың салқын самал желдері, 40-45градус қақап тұратын қысқы аяздары да ескерілді.
Елбасының бұл жобасына сенімсіздікпен қарағандар көп болды. Ару қала Алматы, ел анасындай баршаға қамқор болған Алматы, жұртшылықтың жүрегінен орын алған асыл астана кімді болса да толғандырмай қойған жоқ. Тіпті ежелден Ақмола қаласында тұрып келе жатқандар үшін де астана өзгерісі оғаштау болып көрінді. Алматымыз қалай бос қалмақшы, Ақмола астана болады деген сөз ойға қонбайды деген пікірлер көп болды. Астананы Сарыарқаның төсіне көшіру талқыға түскенде Ақмола адресіне айтылмаған айыптаулар жетерлік болды. Тіпті «Жетісу» газетіне үндеу жазған салиқалы азаматтар Ақмоланың тұрғындарын «сасық қопаның арасында өмір сүріп жатқан тағы жандар» деп жазса, енді бірі Ақмоланың қысқы аязында қатып қалған қариялар, қаланың шетіне кіретін қасқырлар туралы да жазып, айта бастады. Бірақ еш лақап әңгімелерге қарамастан астана құрылысы жүргізіле берді. 
1994 жылдан 1997жылға дейін Н.Назарбаев Ақмолаға ай сайын барып, Астананың әр құрылысын үнемі назарында ұстап отырды.
Шындықты шынайы мойындаған дұрыс. Халықтың ой-жүйесіне сыймайтын ,қатардағы көп облыс орталығын астана етуге бел байлау –нағыз батыл шешім, батырлық. Әрине, әшейін көзжұмбайлық емес, Елбасы он ойланып, жүз толғанды. Соған қоса жасқанбайтын, тайсалмайтын жүректілігін танытты. Мұндай шұғыл шешімді қабылдайтын, көрегендігіне көңіл сенетін, өз күш-қуатын айқын анықтай білетін ел басқарушы адам тарихта өте сирек.
Астананың қатты ауа райына байланысты қаланың айналасының бірнеше шақырым жерлеріне ағаштар егіліп, оны жасыл алқапқа айналдыру ісі қолға алынды. Елбасы Ақмола облысының әкімшілігінен қала көшелерінің кеңес кезінен қалған ескі атауларын тез өзгертулерін талап етті. Осыған орай бұрынғы қаланың көше атаулары: Карл Маркс-Кенесары, Ленин даңғылы-Абай, Революция-Сәкен, Октябрь-М.Әуезов, Сакко Ванценти-Әлихан Бөкейхан болып тізіліп ауыстырылды. Ең алдымен шамамен 35 көшенің атауы өзгертілді. Ақмоланың төрт жоғарғы оқу орнына қайтадан жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 
Жаңа астананың алып құрылыстарын жүргізу үшін арнайы « Жаңа астана» қоры құрылып, оған мемлекеттік бюджеттен, бизнес құрылымдардан, тіпті шетелдік корпорациялардан қаражат түсті. Сонымен қатар батыс және шығыс елдерінің де көмегі зор болды. 
Мәселен, жаңа қаланың орталық бөлігіндегі басты алаңда Президент Резиденциясы «Абу-Даби даму қоры» есебінен салынды. Ал Парламент ғимараты Сауд Аравиясы қаражатына, Әкімшілік ғимараты Кувейт, ірі бизнес орталық Турция есебінен бой көтерді. Мешіт бұл Катар мемлекетінің сыйы ретінде салынды.Бірақ Астана құрылысының 70 пайызы Қазақстанның өз қаражаты есебінен салынды.
Астана қаласының құрылысына негіз болар қағидалардың бірі-үйлесімділік. Тарихи және сәулеттілік құндылығы бар ғимараттармен қатар тұрғын үй құрылысы қолға аланыды. Осыған орай 1997жылдың ортасында жаңа астанаға Ауыл шаруашылық Министрлігі мен Көлік Министрлігі, Президент гвардиясының бір полкі қоныс аударды. 
Бұрынғы Целиноград кезінде, 70-жылдары, қалаға жақын жерде Қазақстан ОК хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тың жерлерге келгенде тоқтайтын саяжайы 1997жылы қайтадан жаңғыртылып, Н.Назарбаевтың жаздық резиденциясына айналды.
Көптеген алматылық шенеуліктер жылы Алматыдан жаңа астанаға көшкілері келмеді. Оларды ешкім қыстаған да жоқ, қоныс аударушыларға жылдық еңбек ақы мөлшерінде қаражат төленді. Алматыдағы жекешілендірілген үйлерін сақтап қалуға, жаңа астанадан жаңа үй алуға мүмкіндік берілді.
Алматының зиялы қауымының көпшілігі астананың көшірілуі туралы жобаны қолдамады. Ресейлік «Завтра» газетінде : «онсыз да қиын жағдайда отырған елге астана ауыстырудың қажеті не?» -деген пікірлер айтылған мақалалар жарық көрді.
Бірақ Н.Назарбаев оларға бұл мәселе туралы 6-7 жылдан кейін сөйлесетінін айтты. 
Сөйтіп Целиноград астанаға айналды. Целиноград-Ақмола-Астана болып дәйекті түрде бірнеше рет қайта атала отырып, тәуелсіз де Егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды.
1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шықты, онда 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылды.

1997жылы жаңа астанаға еліміздің рәміздерін көшірудің салтанатты рәсімі болды. Ақмола әкімшілігі Елбасының мемлекеттік нышанды жаңа астанаға алып келуіне үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл ұлы топ қазақы дәстүрмен әлем ресмилігімен қарсы алынуға тиіс болды. Ол үшін халқымыздың ежелгі ата дәстүрі бойынша осы жердің тірі тарихы болатындай жеті ақсақал жан-жақты таңдаудан өткізіліп, осы ұлы іс оларға жүктелді. 
Сөйтіп қазақ үшін қасиетті сан –жеті ақсақалдан құрылған топ орталық үлкен алаңда қалың көпшіліктің көзінше Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың алдына келіп, қолына қаланың кілтін табыс етіп, иығына қамқа тон жауып, баталарын берді. (Бата)
1997жылдың 10 желтоқсанында Н.Назарбаев өзінің жаңа жұмыс орнында жұмыс күнін бастады. Сол күні Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысында төрағалық еткен Елбасы « Қазақстан Республикасының астанасы туралы» халыққа үндеуіне қол қойды. 
12желтоқсан күні тұңғыш рет жаңа астана көрші елдердің басшыларын :Турцияның –С.Демирель, Қырғызстанның –А.Ақаев, Тәжікстанның-Э.Рахмонов, Өзбекстанның И.Кәрімовті қабылдап, бес президент Ақмола қаласында ашылған бірінші ескерткіш «Саяси қуғын сүргін құрбандарына» арналған монументтің ашылуына қатысты.
1998 жылдың 6 мамырында Президент «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы-Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998жылдың 10 маусымында астананың ресми тұсау кесері болды.
Міне, содан бері бұл қаланың Астана атауына ие болғанына он екі жыл. Он екі жыл ішінде Есіл бойында жаңа тұрпатты сән-салтанаты ғажайып қала пайда болды. Қала жыл санап емес, күн сайын жасарып келеді. Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темір-қазығына айнала бастады. 
Ғасырлар тоғысында дүниеге келген елордада 1996жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің жеке бастамасымен Еуразия ұлттық университетін ашты. Еуразия ұлттық университетіне ХХғасырдың белгілі түріктанушы ғалымы Лев Николаевич Гумилевтің аты беріліп, оған қазіргі заманға сай білім ордасына айналу, еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы болу міндеті қойылды. 
1997 жылы атауы «Конгресс - Холл » деп өзгертілген Тыңгерлер сарайы бүгінде қазіргі заманғы концерттік зал ғана емес, сонымен қатар, Астана қаласының басты мәдениет орталығының бірі болып саналады.Онда өткізілетін шаралар Қазақстанның жас елордасының мәдени, сондай-ақ саяси өмірінің қалыптасуының іргетасы ретінде тарихқа еніп отырады. Мысалы, 1999жылғы Елбасын ұлықтау рәсімі, Рим папасының Астанаға сапары, Қазақстан Республикасы Президентінің алыс және таяу шет мемлекеттер басшыларымен кездесулері – осы оқиғалардың бәрі Конгресс – Холдың тарихына тайға таңба басқан етіп із қалдырды.
Елбасы өзінің ерен ержігерінің арқасында үлкен батылдық пен көзсіз ерлікті қажет ететін бастаманы жүзеге асырып, қазақтың сахара төсінде әлемдік астаналармен сәулет таластыратын осы заманғы үздік мегаполис қалыптастырды.
1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды. 
Есіл өзенінің сол жағалауы жаңа Астананың мәдени – рухани орталықтанған жеріне айналды. Қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени игіліктерімен таныстыру мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы құрылды.
Сөйтіп «Біздің тарих-бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа болса-дағы»,-деп жерлес ақына ағамыз Қадыр Мырза Әлі айтқандай тарихымызды таразылап, барымызды екшеп, жоғымызды түгендеп, «жұқа оқулығымыздың» сан ғасырлық қалың тарихын қайта жаза бастадық. Осынау көне тарихтан қалған ескінің көзіндей өткеннің ескерткіштерін өскелең ұрпаққа көрсетіп, елімізге келген шетелдік қонақтарға таныстыру үшін 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен қайталанбас мәдени орын ашылды. «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық –мемориалдық кешені-деп аталатын бұл мәдени орын Қазақстанның кішірейтілген картасы іспетте. Аспан астындағы мұндай мұражай дүние жүзінің 17 елінде ғана бар. Бельгиядағы «Шағын Европа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала-Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.Келушілер Қазақстанның тарихымен, қазақ халқының мәдениетімен, тарихи ескерткіштерімен, сәулет өнерімен, ел аймақтарының экономикасымен, бай флорасы мен фаунасымен таныса алады.
2002жылы Евразияның кіндігі –Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Елорданың символына айналған «Астана - Бәйтерек» монументі салынды. Оның биіктігі 97 метр. Бұл монумент қазақ елі тамырын жеті қабат жер астына жіберген мәуелі бәйтеректей тереңге жіберген ел екенінің дәлелі іспеттес. «Тамырым менің тереңде, жапырағым биікте»-деп ақын жырлағандай, әлі де тамыр жаямыз, өсеміз, өркендейміз деген ұғымды береді. (Бәйтерек туралы екі түрлі аңыз бар)
Әлемдік ғажайып құрылыс алаңына айналған Астанада қазір жүздеген отандық және шетелдік ірі құрылыс фирмалары заманауи сәулет өнерінің озық үлгілерін паш етуде. 
2003 жылы Елбасының Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезінде көтерген бастамасының жарқын көрінісі ретінде Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.Сыртқы пішініне қарап жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы – ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік символы тәрізді. 
Сәулет өнерінің қайталанбас үлгілерінің қатарына кіретін бұл ғимараттар- «Бейбітшілік және келісім сарайы -Пирамида мен «Хан Шатыр» ірі сауда –ойын-орталығы» танымал британдақ сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша бой көтерді. Британияда 2008жылы жарық көрген 8 сериялы «Әлемнің сәулет жауһарлары» атты фильмде Астана туралы да сыр шертіледі. Бұл Қазақстанның жаңа елордасына шетелдерде қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
2004жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Ол Мемлекет басшысы 1997жылдан бастап жұмыс істеген Президенттің бұрынғы резиденциясында орналасқан. Осынау сәулет өнерінің қатаң стилімен салынған айбынды, маңызды ғимарат өзінің мәртебесін өзгерткеннен кейін жас Астананың маңызды тарихи көз тартар көрікті жерлерінің біріне айналды. Музей қорының негізі 100мыңнан астам экспонаттар құрайды. Олар: Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары арқылы көрермен назарына ұсынылып отыр.
Астана қаласында он екі жылғы қысқа мерзім ішінде орасан зор өзгерістер көп. Оң жағалау мен сол жағалауды қосатын үлкен көпір құрылысы аяталып, сазды субұрқақтар, әдемі гүлзарлар пайда болып, Астана-жастар қаласына айналды. Елорда тұрғындары Қазақстан қалаларының ішіндегі ең жасы болып саналады. Бүгінде астаналықтардың орташа жасы-32жас. Елорда тұрғындарының үштен екісі 20-40 жас аралығындағы азаматтар. Жыл сайын үш мыңға жуық үйлену тойлары тойланады. Елордада жас таланттардың барлық қырынан ашылуына жан-жақты жағдай жасалған. Міне, осының бәрі Астана қаласының жастар қаласына айналуына ықпал етуде.
Заманның талабына сай зәулім ғимараттар жарыса бой көтеріп, елорданың келбетін келтіре түсуде. Бұл - астананың ажарын ашуға үлес қосқан сәулетшілер мен алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары атқарған жұмыстарының жемісі
2008жылы Астананың сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі» монументі толықтырды. Идеяның негізгі авторы Елбасы Н.Назарбаев.Монументтің биіктігі 91метр. Бұл қазақ елінің 1991жылы алған тәуелсіздігі мен арман-мақсатының символы.Елбасы осы монументке тапсырма беріп тұрып атын да, биіктігін де өзі тағайындаған. «Қазақ елі» аталуы оның қазақ елінің тарихы мен өнері туралы деректермен жабдықтала тұрып, негзінен қазақ елінің кезеңін, олардың алға қойған жаңа мақсатын,ұлы арманын бейнелеуінен.Монумент үш бөлімнен тұрады.Төменгі:қызыл, сары гранит тастармен жасақталған сатылы платформа биіктігі 2м; колоннадалар: биіктігі-9м. Мұнда қазақ елінің қилы кезеңдерінен мәлімет берілген.Мұнара биіктігі 10 метрлік төрт жақты арқалы тұғырға орнатылған. Мұнара тұғырындағы арқалы қуысқа «Негізігі заң» кітабы орналастырылған. Ақ мәрмір таспен қапталып жоғары жағы жағы қоладан құйылған.Мұнара қазақ елінің жарқын болашағына ұмтылған символы тәрізді. Мұнара басына «Алтын тәж» кигізілген. 
Қазақ халқының басына бақыт құсы қонған заманы өткен ғасырдың 90жылдары басталды. Сондықтан мұнараның ұшар басына қанатын жайып алып самұрық құстың мүсіні қондырылған. Қоладан құйылып, алтын жалатылған мүсіннің салмағы 2,5 тонна. Қанатын құлаштай жайған самұрық құс еркіндіктің, батырлықтың,адалдықтың символы.
Бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған бұл монумент әрбір қазақ баласын бірлікке, ынтымақтастыққа шақырып тұрған сияқты.
Ежелден сыртқы елдердің бодандығынан құтылуға асыққан бабаларымыз өздерінің көкейтесті арманын бізге ауыз әдебиеті арқылы жеткізіді. Қазіргідей ешкімге жаутаңдамайтын тәуелсіздікті аңсаған олар өздерінің жырларымен, ертегі-аңыздарымен сол күнді аңсағанын бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетіпті. 
Бүгінгі Қазақстан- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ата-бабаларымыз аңсаған сол күнді орнатты. Қазақстан халқы бірауыздылықпен, татулықпен, достықпен өзге елдерге үлгі боларлықтай қажыр-қайратын танытты. Біз Елбасымыздың ерен-жігерімен Астананы тұрғыздық. 
«Астана-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі» дейді халқымыз. Халық айтса -қалт айтпайды. Шынында тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру - тұңғыш Президентіміздің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев - елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі деп толықтай айтуға негіз бар.
Бұл жөнінде Елбасы: «Астана-бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз асатаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда».
Шынында Астана-Елбасының ерлігі! Астана-Елбасының өрлігі! Мұны бүкіл Қазақ елі біледі, түсінеді, түйсінеді. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай қиын болғанын да сезеді халық. Астанадай алып қала тұрғызу үшін алып жүрек керек. Құрылыс саламын деп балғаң мен қайлаңды сайлау үшін ыстық қайрат пен қайтпас қайсарлық қажет. Қазақ анасы туған алып жүректі ұл, ол-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 
Кезінде «осындай қиын шақта қазаққа жаңа астананың керегі қанша?» деп кері тартқандар бүгінде төмен қарайды. Өйткені жыл өткен сайын Астана құлпырып, қазіргі кезде көз тойғысыз келбетте. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» деп аталатын бөлімінде мынадай жолдар бар: «Әр жыл сайын Астана өзінің туған күнін тойлайды. Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады».. 
Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астананың күні ел өміріндегі тарихи оқиғалар тізбегінен орын алатыны анық. Бұл күн сан қилы кезеңдерді басынан өткерген халық үшін ерлік пен өрліктің биік шыңы. Бұл -осынау мерзім ішінде Отанымыздың қарқынды жылдамдықпен дамып, Қазақстанның берік ұстанған саясатын, мәдениетін, білімі мен экономикасын әлемге паш ететін күн. Өйткені Астана жай қала емес. Бұл еліміздің бүкіл тарихын, бүкіл болмыс-бітімін бойына сіңірген аспанмен астасып жатқан ертегілер елі. Астана барда Қазақ елі бар. Астана-қазақтың жүрегі.
Қазақстанның бүкіл келбетін көремін десеңіз Астанаға барыңыз. Қазақстан Республикасының дамуы мен болашағын көзге елестетемін десеңіз Астанаға барыңыз. Астана-елдің құт береке дарыған Ақордасы. Қазірдің өзінде миллионға жеткен тұрғыны бар елорда елдігіміздің, бірлігіміздің ұйытқысы. Ендеше Астана күні құт әкелсін, Астананың рахатын еліміз көрсін! Мерейің үстем болсын, Астана!
Көрменің мақсаты :

Ғасырлар тоғысында Елорданы көшіріп, жаңа астана- Астана қаласын салудағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі мен еңбегінің тереңдігін ашып көрсету. Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана күнінің ел өміріндегі тарихи оқиғалар тізбегінен орын алатын ерекше күн бола беретінін бүгінгі ұрпаққа ұғындыру. 
Қазақстанның берік ұстанған саясатын, мәдениетін, білімі мен экономикасын әлемге паш ететін күн екенін түсіндіру.

Көрменің тартымдылығы: 
Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады.Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбас өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілерінің болатынын Астана арқылы ұғындыру.

Көрменің ғылыми маңыздылығы:
Астананың мерейі – бүкіл Қазақ елінің мерейі екенін көрерменге жеткізу.

Экспозициялық шешім: «Көрме залында» жасақталмақ
1витринада: Ақмола туралы деректер. Елбасының 1995жылғы «Ақмоланың астана деп жарияланғаны» туралы Жарлығы
2витринада: Елбасының 1998жылғы «Астана қаласы деп қайта атау» туралы Жарлығы, Ақмолада мемлекеттік рәміздерді көшіру. Ақсақалдар батасы.Президент Резиденциясы
3витринада: Әкімшілік, Парламент, Министрліктер ғимараты.
4витринада: ЕНУ,Конгресс-Холл суреттері
5витринада:Атамекен этнографиялық кешені
6витринада:Бәйтерек
7витринада:Пирамида
8витринада: Қаланың жалпы келбеті, «Қазақ елі» монументі

Ашылу мерзімі 
2010жылы, шілде

«Астана-Елбасының ерлігі»- атты
көрменің тақырыптық экспозициялық жоспары 
(Астана күніне арналады).

Тақырып пен бөлімдер

Материалдар жиынтығы

Ескертулер

1

Фотолар-көшірмелер

1.Алматы суреттері-3 Ару қала Алматы, ел анасындай баршаға қамқор болған Алматы, жұртшылықтың жүрегінен орын алған асыл астана кімді болса да толғандырмай қойған жоқ.
2.Н.Назарбаев-суреті 
«Астана-бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз асатаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда»-
3.Сарыарқадағы ел байрағы: «Елім, жерім» деп өткен ата-бабаларымыздың арманы орындалды.
4.-5 Президент резиденциясы
6. Есіл бойындағы қала:Он екі жыл ішінде Есіл бойында жаңа тұрпатты сән-салтанаты ғажайып қала пайда болды.
7. Қала келбеті:Елбасы өзінің ерен ержігерінің арқасында үлкен батылдық пен көзсіз ерлікті қажет ететін бастаманы жүзеге асырып, қазақтың сахара төсінде әлемдік астаналармен сәулет таластыратын осы заманғы үздік мегаполис қалыптастырды.
8.Қала жобасы: Елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі- Нұрсұлтан Назарбаев. Оның басшылығымен қаланың бас жоспарын жасауға әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Олар-әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі ағылшын Норман Фостер, итальяндық шеберлер-Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас.
9. Астана-жастар қаласы. Елорда тұрғындары Қазақстан қалаларының ішіндегі ең жасы болып саналады. Бүгінде астаналықтардың орташа жасы-32жас. Елорда тұрғындарының үштен екісі 20-40 жас аралығындағы азаматтар. Жыл сайын үш мыңға жуық үйлену тойлары тойланады. Елордада жас таланттардың барлық қырынан ашылуына жан-жақты жағдай жасалған.

10. 2002жылы Евразияның кіндігі –Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Елорданың символына айналған «Астана - Бәйтерек» монументі салынды. Оның биіктігі 97 метр. Бұл монумент қазақ елі тамырын жеті қабат жер астына жіберген мәуелі бәйтеректей тереңге жіберген ел екенінің дәлелі іспеттес. «Тамырым менің тереңде, жапырағым биікте»-деп ақын жырлағандай, әлі де тамыр жаямыз, өсеміз, өркендейміз деген ұғымды береді.
11. Сәулет өнерінің қайталанбас үлгілерінің қатарына кіретін ғимараттар- «Бейбітшілік және келісім сарайы -Пирамида мен «Хан Шатыр» ірі сауда –ойын-орталығын» танымал британдақ сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша бой көтерді.

12. «Нұр Астана» мешіті

13. 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ашылған «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық –мемориалдық кешені Қазақстанның кішірейтілген картасы іспетте. Мұнда 14 облыс, 2 қала-Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған. Келушілер Қазақстанның тарихымен, қазақ халқының мәдениетімен, тарихи ескерткіштерімен, сәулет өнерімен, ел аймақтарының экономикасымен, бай флорасы мен фаунасымен таныса алады.
14.1996 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің жеке бастамасымен Еуразия ұлттық университетін ашты. Еуразия ұлттқы университетіне ХХғасырдың белгілі түріктанушы ғалымы Лев Николаевич Гумилевтің аты беріліп, оған қазіргі заманға сай білім ордасына айналу, еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы болу міндеті қойылды. 15.1997 жылы атауы «Конгресс - Холл » деп өзгертілген Тыңгерлер сарайы бүгінде қазіргі заманғы концерттік зал ғана емес, сонымен қатар, Астана қаласының басты мәдениет орталығының бірі болып саналады. 1999жылғы мұнда Елбасын ұлықтау рәсімі, Рим папасының Астанаға сапары, Қазақстан Республикасы Президентінің алыс және таяу шет мемлекеттер басшыларымен кездесулері өтті.
16. Есіл өзенінің сол жағалауы жаңа Астананың мәдени – рухани орталықтанған жері. Қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени игіліктерімен таныстыру мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы құрылды.
17. 2004жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Ол Мемлекет басшысы 1997жылдан бастап жұмыс істеген Президенттің бұрынғы резиденциясында орналасқан. Осынау сәулет өнерінің қатаң стилімен салынған айбынды, маңызды ғимарат өзінің мәртебесін өзгерткеннен кейін жас Астананың маңызды тарихи көз тартар көрікті жерлерінің біріне айналды. Музей қорының негізі 100мыңнан астам экспонаттар құрайды.олар: Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары арқылы көрермен назарына ұсынылып отыр.
18.2008жылы «Қазақ елі» монументі салынды. Идеяның негізгі авторы Елбасы Н.Назарбаев.
19.Әуежай

 

 

2

кітаптар

Н.Назарбаев «Қалың елім қазағым»
«Ғасырлар тоғысында»
Н.Назарбаев.

 

3

Баспа материалдары

«Ақмоланың әуелгі аты»
«Алматы кімдердің астанасы?»
газета «Қазақ үні» 1996ж,
«Тыңда Республика, Сарыарқаның төрінен үн қатады Астана!» «Егемен Қазақстан» газеті, 1997ж
«Ақиқатқа айналған арман» «Қазақ әдебиеті» газеті, 1998ж
«Бозоқ-Астананың түп-тамыры» «Нұр-Астана» газеті, 2006ж
«Сарыарқаның төріндегі арман қала» «Орал өңірі» 2008ж

 

 


Экспозиция бөлімінің меңгерушісі:Г.Мұханбетова.

Экспозиция бөлімінің кіші ғылыми қызметкері: З.Хангереева.

0 дауыс
Астана еліміздің жүрегі болуға сай қала деп ойлаймын
...