0 дауыс
45.4k көрілді
Ел ордасы - жас Астана шығарма жазып берініздерші?

Ел мен жер тағдырын елеңдетпейтін кезі жоқ. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас-мұрамыз да, байлық базарымыз да — сол елмен жердің тағдыр талайы. Арғы бергі аталарымыздың ту көтеріп, туырлық тігер құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекен таңдауы тегіннен тегін болмаған.
Аңыз бен ақиқаттың шындық шырайындай Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп, халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуінде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезінде Астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәскеудің пәрменімен болған еді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана елорданың қай жерде болуын таңдау мүмкіншілігіне Елбасымыз ие болды. Астанамыздың Қазақстанның орталығында болуы қай жағынан алып қарасаңда дұрыс шешім еді. Себебі, Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбырлы жеңістерінің куәгері болды.
Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де себепкер болып отыр. Қалай десекте Астана қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз. Шынына келер болсам өз басым әлі күнге дейін елімнің ақ ордасын өз көзіммен көрген емеспін. Тек көз алдыма оның әсем көрінісі газет-журналдардан оқығаным, теледидардан көргендерім елестейді. Оның қазіргі сәулет өнерінің үлгілеріне сай бой түзеген биік те сұлу ғимараттары бір кездегі қарапайым облыс орталығын адам танымастай өзгерткені анық. Қала сұлулығы қай адам баласын болсын тамсандыратынына күмәнім жоқ. Өйткені, кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығымен, күміс көлдерімен Есіл, Нұра секілді қыз бұрымындай тарқатылған өзендерімен өзіне тартады. Сондықтан болар Астана мен үшін әрқашан салтанаттың қаласы, тасы өрге домалап тұрған жандардың мекені болып елестейді. Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Оның өзі Елбасының ізгі саясаты, көрегендігі мен кеменгер ойының жемісі, арманы, мақсаты, халқының тарихынан нәр алғандығы шығар. Астанамыздың шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылды деуге болады. Астана қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасындағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың, өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап көрсеткен болатын.

Астана- бүгін өскелең қала. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айталық, қаланы қақ жарған Есіл өзенінің жағалауын кезінде басқан қамыс- құрақ қаба сақалдан арылып, бетон тақтайшалармен төселген. Есілдің мәрмәр жағалауынан зәулім ғимараттар салуға да, қаланың орталық бөлігінде еуропалық үлгідегі шағын орамдар тұрғызуға да орын жетерлік. Ендеше, шаһардың кейбір кең де түзу көшелері дәстүрлі шығыс байтақтарын, мәселен, көргендерге Каир мен Делиді есестететіні сөзсіз.

Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Европа материгінде орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіретін шығар. Парижге барғандар ең алдымен Эйфиль мұнарасын іздесе Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейтін сияқты. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! Бәрін айт та, бірін айт дегендей барлығынан да бас алаң төріне көз тастаған жан бүкіл тарихы- бірігу тарихы болған халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, елінің басына ауырпашылық түскенде шешендігімен алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би- Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталады.
Әрине астанамыздың болашағы көбінесе 21 ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Астананы салдырып жатқан Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының емес, бірде Ұлы Дала, бірде Тың немесе Қазақ ССР-і деп әр кезде әрқалай аталған, ал бүгін Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді бір кезде мекен еткен және бүгінгі таңда мекендеп жатқан халықтардың «еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке-халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген өлке.

Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның ақ ордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Астана-Қазақстанның елордасы.Ол Есіл өзенінің бойында орналасқан.Астана қаласы бір мың тоғыз жүз тоқсан жетінші жылы Қазақстанның астанасы болып жарияланды.Мұнда көптеген ғимараттар,саябақтар бар.Астананың жанында Қорғалжын қорығы орналасқан.Осы қысқа уақыттың ішінде Астана гүлденген,дамып жатқан қала болды. 1998 жылы 6 мамырда - еліміз президенті Н.Ә. Назарбаев Ақмола қаласын Астана деп атауға жарлық шығарды. 1998 жылғы 10 маусымнан- жаңа астананың ресми тұсаукесері болып өтті. Содан бері осы күн Астана  қаласының туған күні ретінде мерекеленеді.         «Астана-бас қала» - деп  айтылуында үлкен сыр жатқан секілді. Ата-анаммен Астана қаласына  Қала күнін атап өтуге барғанымда оған мен көз жеткіздім. Жаңа астанада бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер жаңаша сәнмен, ерекше көрікпен салынып жатыр екен. Қаланың әсемдігіне қарап көзің тоймайды. Шет елдердегі қалалар секілді. Жаңа қаланың  ортасынан бой көтерген Бәйтеректің, Ақ орданың, Үкімет үйібәрі-бәрі де ерекше сәнмен орын тепкен. Әсіресе алаңқайларға  егілген,қазақша өрнекпен бейнеленген қызыл- жасылды гүлдер, жан-жағына салқын леп таратып тұрған түрлі-түсті фонтандар, халқымыздың ертегі-дастандарынан алынған ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері менің көз алдымнан ешқашанда кетпейтін шығар. Сонда жүріп  жанымда сыныптас достарым болмағанына өкіндім. Мүмкін биылғы оқу жылындасыныпымызбен ұйымдасқан түрде Астана қаласына барармыз деп ойлаймын. Бұл менің ғана емес, көптеген достарымның арманы. Ал жақсы нәрсені армандау, жақсы ниет жасау кез-келегн қазақ баласына тән қасиет. 

0 дауыс

...Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтан тұтатын көп ұлтты және көп дінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай.
Нұрсұлтан Назарбаев

Жоспар

I Кіріспе бөлім
Елбасының батыл қадамы.
II Негізгі бөлім
Есіл жағасындағы еңселі қала.
Әлем мойындаған арайлы Астана!
III Қорытынды бөлім

Жаңа Астанамен бірге – кемел болашақты сезіну.

Эйфель мұнарасы, Кремль... Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты. Бірақ олар белгілі бір адамдардың дарынымен, еңбегімен салынған. «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдық тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық,»-деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын. Иә, шынымен де, ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазып, астананы ауыстырып, осындай батыл қадамға барған - көсеміміз Н.Ә.Назарбаев. Сонымен, елбасымыз үлкен таңдау жасады: ел астанасы етіп Ақмола қаласын тағайындап, оны «Астана» деп атады. Бұл таңдаудың артында үкіметке екі міндет жүктеліп отыр:біріншісі – қаланың немесе астананың бірегей әрі қайталанбас ажарын қалыптастыру, екіншісі – қаланың осы бірегейлігі қаланың барлық азаматтарының астанада өздерін жайлы сезінуіне ықпал етуі тиіс.

«Елбасымыз!
Халқыңды бір сынадың!
Шырқаттың да келешектің ұлы әнін!
Көш шеруін бастап кеттің Арқаға,
Жүректерде жаңғырықты ұраның
Бірі қоштар,
Бірі мұны бекер ғып...-
Десті: - Бұған дәулет қайда жетерлік!...
«Тәуекелі тастай жігіт екен!»деп,

Басын шайқап, таңғалады шетелдік,»-деп Қайрат Жұмағалиев айтқандай, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кездерінде, әрине, оңай болған жоқ. Аз уақыттан соң-ақ жаңа Астана халықтың күдігін жоқ қылып, сенімсіздігін жойып, Еуразияның жүрегінде қарқынды дамып, бой көтерді. «Тәуекел түбі – жел қайық, Өтерсің де кетерсің,»-дегендей елбасының батыл қадамының нәтижесі ұшын көрсете бастады.

Жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын-үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан көп гүлді, мол жапырақты өсімдік тәрізді, Сарыарқа төсіндегі жеке дара жап-жасыл жазирадай. Қаланың жасыл желегі көз қуантып, гүлзарлар көздің жауын алып, субұрқақтар жанға сая болуда. Көз алдымызға суретшінің күн сайын тынымсыз салған, кешке қарай жаңа бейнелер, түстер, бояулар қосып, әрлей түскен суреті елестейді. Иә, бас қаламыз Астананың сәулет ажарында ұдайы жаңа өрнектер пайда болуда, әрдайым өзгеше бір тың бояулармен көркемделуде. Міне, жапырағын жайып, жас қаланың жас ағашы Бәйтерек тұр. Ол жан-жағына нұрын төккен алып шарды – өмір мен бейбітшілік символын күллі әлемге паш етіп тұр. Ал Президент Ақордасының төбесінде ұлттық жалауымыз желбіреген, киіз үй сипатты зор күмбез баршамызды бейбітшілікке, ауызбіршілікке шақырып, қызбалықтан, өшпенділік сезімдерінен сақтандырып тұр. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, «Ел анасы» монументі, «Астана-Арена» спорт кешені, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің зәулім ғимараты, «Хан Шатыр», «Керуен», «Мега», тағы басқа ойын-сауық, сауда орталықтары, Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Конгресс Холл», Орталық концерт залдары, Оқушылар сарайы, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесарының, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың және басқада қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін келтірген інжу-маржан,көне Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақтар іспетті.

Астана – тек біздің ғана емес,дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, әлемнің сәулетті қаласына айналып отырған ғажайып шаһар. Тәуелсіз Қазақстан 22жылда әлемнің үздік елдері қатарына қосылса, Астанамыз 14жылда таңғаларлықтай көрсеткіш көрсетіп,әлемге Қазақстанның қандай мықты мемлекет екендігін дәлелдеді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, іргетасы қаланғанына елу жыл емес, өте аз уақыт болса да, аққу қанат елордамыз ежелгі Есіл бойында қанатын кеңге жайып, сәулетті де сәнді Ордаға айналды. Осы Еуразия жүрегіндегі еңселі қала әлем назарында. Жан-жағымыздағы бауырлас елдермен қатар, өзіміз қазіргі уақытта теңескен «мүйізі қарағайдай» ірі мемлекеттер де астанамызға көз тігуде. Діні бірге діндестеріміздің,тілі бірге түркі туыстарымыздың, «Жер» деп аталатын ортақ мекеніміз бір барша мемлекеттердің достықты, татулықты, бірлікті сақтап отыратын елшіліктері бар. Келешекте, 2017жылы өткізілетін «Expo 2017» көрмесін өткізу құрметі де Астанаға берілді. Бұл – біз үшін ұлы жеңіс. Бір Астананың сұлулығына, мәдениетіне 103 мемлекет дауыс беріп, біздің қаламыз әлемнің ең көрікті де дамушы қаласына айналды. Астананың осы байқауда жеңіске жеткенінің екі себебі бар: бірі – елбасы мен қазақ халқының саяси батыл қадамы, екіншісі – сәулетшілер мен құрылысшылардың дарындылығы мен тәжірибелілігі, қаланы көркейту жолындағы ерен еңбегі. 15жыл ішінде жай ғана кішкентай қаладан алып арман қалаға айналған бұл шаһарды, мейлі, әлем мойындасын, мойындамасын, Астана – қазақ халқының тарихының жаңа парағы, рухани дүниесінің есігі.

Шығармашылық қиялыма әлі із тастап үлгермеген келешекті бағалай аламыз ба? Бағалай аламыз. Өйткені, болашақ бізге армандарымыз арқылы із тастап отырады. Яғни, Астананың болашағы айқын: көз алдыма сағат сайын өсіп-өркендеп, әлемнің ең озық ғимараттарынан асып түскен сәулеті асқан қала, экологиялық жағдайы мұнтаздай Астананы елестетемін, жаңа астанамен бірге кемел келешекті сезінемін!Астана туралы айтатын сөз де, арман да биік шыңды таудан жоғары, байлығымыздай алапат мол... Тек, Тұманбай Молдағалиевтің мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

«Аман бол, қазағымның арыстаны,
Жер соғып қала берсін алысқаны.
Бәрін ал, алам деген биігіңнің
Жарық ал жұлдыздардан алыстағы.
Үмітпен ертеңіне қарады ұл-қыз,
Бір нұрға жаңа толды жанарымыз.
Астана, жаңа Астана, жан Астана
Жерге кеп қона қалған дара жұлдыз.» 

Армандай отырып, дара жұлдызымыздың болашағын өзіміз құрайық, келешек ұрпаққа мінсіз етіп қалдырайық. Тағы да 15жыл бұрын айтқан сөзіміз: «Есіл жағасында бой көтерген аққу қанат Астана – Ақ Орда құтты болсын, әлемдегі қалалардан асып, іші байлық пен ұл-қызға толсын!».

<!--QuoteBegin--><!--QuoteEBegin--><!--QuoteEnd--><!--QuoteEEnd--><!--QuoteEnd--><!--QuoteEEnd-->

Автор: Шайхыслям Ақтолқын

...