0 дауыс
16.8k көрілді
Зейнолла Қабдоловтың Сөз өнері кітабының мазмұнын және бір тақырыбын суретке түсіріп жібере аласыздар ма?

1 жауап

0 дауыс

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнерінің шебері

Қазақстанның халық жазушысы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдолұлы Қабдолов – көркем сөздің ел таныған майталман шебері, әдебиеттің ірі қайраткері. З.Қабдолов көркем әдебиеттің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін, көркем шығарма жазудағы табысы үшін еңбегіне сай халық жазушысы атанды. Ол - әдебиеттану ғылымына, оның ең бір күрделі саласы – әдебиет теориясына зор үлес қосқан  ғалым. Әдебиеттану саласында ұзақ жылдар бойы өнімді еңбек етіп, алдымен ғылым кандидаты, онан кейін ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін арнайы диссертациялық еңбек жазып қорғады. Әдебиет теориясы саласындағы жазған, жарияланған еңбектері жоғары бағаланып, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, онан соң толық мүшесі – академигі  болып сайланды.

З.Қабдолов 1927 жылы 12 желтоқсанда Атырау облысында туған. 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітіреді де, осы білім ордасында үздіксіз ұстаздық және ғылыми жұмыстар атқарады. Ұстаздықтың алуан сырлы жарқын өнегесін танытқан оның бұл саладағы ғибратты еңбегі – ұстаздардың өтуге тиісті педагогикалық мектебі десе де болғандай. Республикамыздың ең үлкен, белді ғылым мен білім ордасы - әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің білікті профессоры  қызметін атқара жүріп, көптеген шәкірттеріне ғылыми жетекшілік етіп докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғатты. Бүгінде өзінен кейінгі талай әдебиетшілер, жазушы, сыншы, журналисттер академик-жазушыны тәлімі мол ұстаз тұтады.

З.Қабдолов –қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті өкілі, үлкен ғалым. Жоғары мектептегі әдебиет теориясын оқытудың, әдебиеттану ғылымының негіздерін оқытудың басты әдіснамалық бағыттары З.Қабдоловтың әдебиет теориясы мектебінен өріс алған. 1970 жылы жарық көрген «Әдебиет теориясының негіздері» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы  студенттерді әдебиет туралы білімнің негізімен сусындатып келеді. Бұл кітап қазақ әдебиеттану ғылымында, әсіресе әдебиет теориясы саласында үлкен жетістік деп бағаланған, ғылыми жаңалағы мол қомақты, іргелі зерттеу болды. Оның айрықша құндылығы көркем әдебиеттің табиғатын, оның өмірмен жалғастығын, қазақ сөз өнерінің ұлттық сипат-ерекшелігін ғылыми тұрғыдан терең ашып беруінде, теориялық қағидаларды, көркем шығармаларды үлкен талғампаздықпен танып, нақтылы талдау жасай білу шеберлігінде болатын.   Бұл еңбек 1976 жылы «Сөз өнері» деген атаумен өңделіп, толықтырылып екінші рет басылды. Бірнеше рет қайта басылып шыққан «Сөз өнері» атты оқулық студенттердің жастана оқитын аса бағалы, құнды кітабына айналды.

«Сөз өнері» әдебиет әлемінің бар сырын ашып, сөз өнерінің басқа өнер салаларынан артықшылықтарын дәйекті пікірлерімен дәлелдейді, әдеби туындыдағы эстетикалық пайымға да диалектиканың жан-жақтылығымен қарайды. Ондағы жүйелі теория, нақты айқындаулар, дәлелді, негізгі толғам, тұжырымға жол ашады.

Зейнолла Қабдоловтың «Жанр сыры», «Әдебиет теориясының негіздері», «Жебе», «Сөз өнері», «Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі», «Арна», «Көзқарас» атты монографиялары мен зерттеу еңбектері әдебиеттану ғылымы мен сынының дамып, жетілуіне кәсіби деңгейге көтерілуіне үлес қосты.

Академик З.Қабдоловтың есімі қалың оқырманға жазушы ретінде де кеңінен таныс. «Ұшқын», «Жалын» романдары 1972 жылы Бүкілодақтық жүлдеге ие болды. «Менің Әуезовім» (1997) роман-эссесі үшін жазушы З.Қабдолов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, 1998 жылы аталған сыйлықтың лауреаты атанды.  

Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтерген халқымыздың саңлақ суреткері, ғұлама ғалым М.Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылық өнерін зерттеп, дәріптеуге сан жылғы ғалымдық ізденісі мен жазушылық еңбегін, күллі ұстаздық ғұмырын арнаған академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі қазақ әдебиетіне қосылған қомақты дүние. Ұзақ жылдар бойғы ізденістің қорытылған нәтижесі көрініс тапқан бұл еңбекте кемеңгер ұстаз, ақыл-ойдың кені ғұлама ғалым, көркем сөздің хас шебері М.Әуезовтің әдеби бейнесі мен адамгершілік тұлғасын жан-жақты жарқырата таныту мақсатын биік деңгейде орындаған. Кейіпкері тарихи тұлға болғандықтан көркем шығарма жанрын өмірлік деректерге сүйеніп жазылатын роман – эссе деп анықтап алуы ірі тұлға болмысын әрі ғалымдық көзқарас, әрі жазушылық дүниетаным тұрғысынан сомдауға көп мүмкіндік берген. Содан болар мұнда көркем әдебиетте қалыптасқан белгілі соқпақтардан бөлек жаңаша әдіс, тың болжам, батыл ой түйіндеулер көбірек орын алған.

Әуезов өмірінің жарқын шақтары мен бұралаң соқпақты кезеңдеріне жете қанық, әрі оның көркем дүниелерінің тылсымына терең бойлаған жазушы бұл шығармада баяндайтын оқиғаларды асқан сарабдал көңілмен сұрыптайды. Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін қалыптасу кезеңдеріндегі ең маңызды мәселелерді қамтиды. Бітімі өзгеше бұл туындыда эссеист өзінің аңғарғанын, көрген-білгенін, сезген-түйгенін ешбір бүкпесіз қаз-қалпында баяндай отырып, өмір материалын өнер дүниесіне айналдырады. Дәл осы шеберлік оқырман көкейіне қонып, көңілін қозғап, таным көкжиегін кеңейте түседі.

Талапты жастың әдебиетке құштарлығын оятып, оны ғұмырлық сүйікті кәсібі етуге септігі тиген Әуезовтей дара тұлғаның жүрегінде із қалдырған өшпес бейнесін көркем образға айналдыруы шынайы әрі нанымды шыққан. Алғашқыда көне дүние философтарының ойларына бойлатып, әлем әдебиеті классикасының сырына қандырып, Абай поэзиясының тереңіне сүңгітіп, студент санасын өсірер ғажайып дәрістерімен елітіп әкеткен талантқа тамсанып жүрген шәкірт Зекең, кейін келе ұстазының жанын да, зарын да ұға білетін, көп нәрсені айтпай-ақ түсінетін серігіне айналады. Ұстазымен бірге ойланып, ұстазымен бірге толғанады.Ұстазы жүрегінен өткізген сызды өз жүрегінен өткізеді. Екі жүрек тұтастыққа айналып, екі ой бір арнаға тоғысып жатады.

 Роман-эссе кейіпкері - шығармашылық тұлға, жан-жақты дарын иесі. Сол себепті автор М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігін таныту мақсатында оның көркем прозасын пайдаланса, ал енді ғалымдық дүниетанымын  танытуда Абай поэзиясы туралы жазған пікірлерін, ғылыми еңбектерін нақты материал көзі ретінде қолданған. Жазушының шығармашылығы ғұмырнамасымен астарласа суреттелген. Қаламгердің өнері өмірінен өніп, өрбіп отырады. Мұны  «Абай жолы», «Қыр суреттері», «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Қорғансыздық күні», «Ескілік көлеңкесінде», «Қилы заман» сияқты халқымыздың тағдыры мен қасиеті баяндалатын шығармалары жайын сөз еткен тұстардан байқаймыз. Мәселен, «Абай жолы» сияқты дүние жазуға апарған негізгі  жол - бала жасынан Әуез атасының Абай өлеңдерін жаттатып, өмірге Абай көзімен қарауға тәрбиелеуінде  жатқанын романда баяндалатын бала Мұхтар басынан өткерген өмір көріністері растап отырады. Абайды Мұхтардың алты жасында  алғашқы әрі ақырғы көру сәті, ақын ағаның мейірімді жүзі мен ғұмыр бойы санасына арай шашқан жігерлі сөзін еске алатын тұстары сыршыл сезімге толы.

Абай мен Мұхтар болмысының ұқсастығы мен тұтастығын әркез ұмытпай жаза отырып, Әуезовтің фәни жалғанға келгендегі басты қызметі – Абай туралы эпопея жазып, Абай арқылы қазақ халқының өмірі мен тағдырын, сұлулығы мен ұлылығын көрсету болғандығына нандырады. Бұл тұста «Абай жолына» берілген халықтың бағасын, Әуезовтің өз сөзін дәл қалпында келтіріп, ол пікірлерді автор өзінің әдеби, сыни пайымдауларымен толықтырып отыруы эссеисттің  қарымды қаламгер, зерделі ғалым екендігін мойындатады. Шығарма  тілі көркем, образды ой айшықтарына толы, аз сөзбен көп мағына беру тәсілдерімен ерекшеленеді.

Туындыда автордың өз бейнесінің көрінуі  баяндаушылық  қызметті ғана атқармайды, кейіпкердің табиғатын ашуға, дара тұлғаның болмысын шеберлікпен мүсіндеуге бағытталған.

Қазіргі қазақ прозасында М.Әуезов бейнесін сомдауға ұмтылған шығармалар  аз емес. Осылардың ішінде стильдік, жанрлық тұрғыда жаңаша ізденіспен, сыни проза үлгісінде жазылған З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің орны дара.  

Сәлима  Қалқабаева, филол. ғ. к., доцент

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Зейнолла Қабдолов – Сөз өнері

Оқу үшін: http://rmeb.semgu.kz/ebooks/ebook_356/

...