0 дауыс
17.1k көрілді
Бизнес бастау үшін субсидия. Оны қалай алуға болады? Субсидия дегеніміз не? Субсидияны қалай алады?

2 жауап

+1 дауыс
Субсидия: оны қалай алуға болады?

Кәсіпкерлерден бизнесін дамытуға не кедергі екендігін сұрағанда олар көбіне банктік ставкалардың тым жоғарылығын алға тартады. Әйтсе де, мемлекет банктерден сыйақы ставкасын төмендетуді талап ете алмайды. Өйткені, банктер – нарық құралдары. Олар бәсекелестік ортада жұмыс жасайды, сондықтан қызметінің бағасын өздері белгілейді.

Атап айтқанда, банктік ставка, яғни банктік мөлшерлеме инфляция деңгейінен, банктің өзі тартқан ақшасының құнынан, сол сияқты банктердің несиелеу барысында мойнына жүктейтін тәуекел көрсеткішінен тұрады.

Бірақ, мемлекет ел экономикасы үшін аса маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өтеп бере алады. Бұл шара пайыздық мөлшерлемені субсидиялау деп аталады және ол қазір әлемнің көптеген елдерінде экономиканың басымды секторындағы өнім өндірушілерге көмек көрсету барысында кеңінен қолданылуда. Қазақстанда қазір субсидиялар ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үшін бөлінуде. Енді несие құнын өзге де өндіріс компаниялары төмендете алады.

Сонымен, субсидия дегеніміз не? Оны кімдер және қалай алады? Нендей құжаттар жинақталады? Біз осындай және өзге де сауалдармен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Роза Байсалықоваға жолыққан едік.

- Роза Мұқанбетқызы, алдымен субсидия дегеніміз не? Мұны кейбіреулер аспаннан жауып жатқан ақшадай көреді.

- Жоқ, олай емес, әрине. Бірақ, бұл мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Мәселен, сіз жылына 14 пайыздық ставкамен несие алдыңыз. Оның жеті пайызын өзіңіз төлейсіз де, қалған жартысын мемлекет тегін өтеп береді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясындағы субсидия дегеніміз, міне, осы. Өз ісін дамытуға ұмтылушыларға бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып қалған жөн.

- Енді, осы субсидияны қандай несиелер бойынша алуға болады?

- Субсидияны өндіріс орнын жаңартып, модернизациялау мен кеңейтуге бағытталған қолданыстағы және жаңадан басталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға берілген банктің жаңа несиелері бойынша алуға болады. Жаңа несиелер қатарына 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілген несиелер де жатқызылады.

- Өзіңіз айтқандай, субсидия аспаннан жауып жатқан тегін ақша емес. Демек, оның да берілмейтін реттері бар шығар.

- Оны да таратып көрелік. Яғни, субсидия төмендегі несиелер бойынша берілмейді:

- мемлекеттік даму институттары тікелей кредитор болып отырған, құнына қосымша салық (акциз) қосылатын тауарлар шығаруға берілген несиелер бойынша;

- мемлекеттік даму институты тікелей кредитор болса;

- сіздің кәсіпорныңыз минералдық шикізатты қайта өңдеуден өткізетін металлургиялық өндіріс қатарына жатса және ҚР Үкіметі 2008 жылдың 31 желтоқсанында қабылдаған Қаулысына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізімінде болса, несие бойынша кепілдік ала алмайсыз;

- ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге қаржы ұйымдары тарапынан субсидиялау берілген болса;

- тау-кен өнеркәсібі кәсіпорнына жатқызылатын кәсіпкерлерге.

Міне, осы реттерде мемлекеттік субсидия берілмейді.

- Тағы бір сауал субсидияның қандай мерзімге берілетіндігіне байланысты туындайды.

- Жаңа жобалар бойынша субсидиялау мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі аралықты қамтиды. Оның үстіне, әрі қарай 10 жылға ұзарту мүмкіндігі де ескерілген.

- Ал, бұл ретте несие көлемі қанша болуы керек?

- Егер сіз бір жоба аясында 3 млрд. теңгеге дейінгі мөлшерде несие алатын болсаңыз, онда несиенің барлық сомасының пайыздық ставкасы бойынша субсидия ала аласыз. Егер несие көлемі бұдан көп болса, онда дәл осындай жолмен 3 млрд. теңгеге дейінгі несие сомасының ставкасы бойынша субсидия аласыз. Ал, несиенің қалған бөлігі бойынша төленетін сыйақы түгелдей өз мойныңызда.

Кеңірек түсіндіріп көрелік. Мәселен, сіз бір жоба бойынша жылына 14 пайыздық ставкамен 5 млрд. теңге көлемінде несие алдыңыз делік. Егер мемлекет сіздің жобаңыздың ставкасын субсидиялауды мақұлдап берсе, онда:

- несиенің 3 млрд. теңгесі үшін сіз жылына 7 пайыз төлейсіз (қалған 7 пайыз көлемінде мемлекеттік субсидиялауды ескере отырып);

- ал, қалған 2 млрд. теңге үшін жылына 14 пайыз төлейсіз.

Бұл арада несие сомасы кәсіпкермен біріккен тұлғаның, яғни компанияның несиесі бойынша қордаланған қарызды тіркеуге алмай есептелінеді.

- Сонда, мемлекет өзіне пайызды төлеу шығынының қай бөлігін жүктеп отыр? Осы арасын тағы бір айқындап берсеңіз.

- Өткен, яғни 2010 жылы номиналдық ставкасы жылына 14 пайыздан аспайтын несиелер субсидияланады. Оның ішінде 7 пайыздан аспайтын бөлігін кәсіпкердің өзі төлейді, ал қалған жеті пайызын мемлекет өтеп береді. Егер несиенің сыйақысы 14 пайыздан төмен болса, онда арадағы айырманы кәсіпкердің өзі төлейді.

Өткен жылғы 1 қаңтардан бастап берілген жылдық ставкасы 14 пайыздан жоғары қолданыстағы несиелер бойынша да субсидия алуға болады. Бұл үшін сіз банкпен номиналдық сыйақы ставкасын жылына 14 пайызға дейін төмендету жөнінде келісуіңіз керек.

- Енді субсидиялау барысындағы банктің комиссиялық сыйақысы қандай болуы керектігі туралы айтып өтсеңіз.

- Банк несиеге қатысты төменде көрсетілген комиссиялардан өзге ешқандай да алым немесе комиссиялық сыйақы талап ете алмайды:

- жеке кәсіпкерлік субъектісі ұсынысымен несиелеу талаптарын өзгертуге қатысты алымдарды және бизнес иесі тарапынан несие бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда төленетін комиссияларды ескермегенде.

- Жобаға міндетті түрде өз қаражатымен қатысу шарт па? Солай болғанда оның мөлшері қанша?

- Мемлекеттік субсидиялаудың нақты талабы – қолға алынбақшы жобаға кәсіпкердің де өз үлесін қосуы. Жалпы, қайталап айтқанда, субсидиялау аспаннан жауып жатқан сұраусыз ақша емес. Ол ел экономикасына қажетті, арнаулы кәсіпкерлік бағдарламаларды жүзеге асыруға керекті жобаларды бастаған бизнес иесіне қолдау көрсету үшін жасалып отыр. Яғни, әр бизнес иесі өзінің қаржылық әлеуетін де көрсетуі керек.

Сондықтан, жеке кәсіпкерлік субъектісі мұндай жобаға оның жалпы құнынан 15 пайыздан кем болмайтын сомадағы өз қаражатымен немесе құны жобаның жалпы бағасының 25 пайызынан кем емес сомадағы мүлкімен қатыса алады.

- Ал, осы бағдарламаға қатысу үшін нендей міндетті талаптар бар?

- Бағдарламаға қатысу үшін міндетті екі талап бар. Яғни:

- бағдарламаға қатысу барысында салық тұрғысынан, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударылымдар бойынша қарыз болмауы керек;

- жеке кәсіпкерлік субъектісінің жобасы субсидиялауға қаражат бөлінген өңір аумағында жүзеге асуы тиіс.

- Біз біртіндеп кәсіпкерлерге қажетті нақты сауалға жақындап келеміз. Енді осы субсидияны қалай алуға болады?

- Біріншіден, банкке жаңа несие беру жөнінде өтініш түсіру керек. Егер сіздің қолыңызда игеріліп жатқан несие бар болса, онда субсидия алу жөніндегі арызыңызды және субсидия беру мақұлданған жағдайда несие бойынша пайыздық ставканы тиісті деңгейге дейін төмендету туралы өтінішіңізді қоса беруіңіз керек. Өтініш үлгісін «Даму» қорының сайтынан ала аласыз: www. damu. kz.

Екіншіден, егер банк несие беру жөнінде және пайыздық ставкаларды төмендету туралы оң шешім шығарып жатса, онда сіз әкімдікке жүгіне аласыз.

Үшіншіден, қажетті құжаттар мен мәліметтерді толық жинап алған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде сіздің жобаңызды аймақтық үйлестіру кеңесінің (АҮК) қарауына жібереді. Кеңес субсидиялау мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі жөнінде шешім қабылдайды.

Төртіншіден, сіздің жобаңызды АҮК мақұлдап жатса, әкімдік кеңес шешімін ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне жібереді.

Бесіншіден, АҮК шешімімен танысқан министрлік сіздің жобаңызды не бекітеді, не қайтарып береді. Бұл жайында әкімдікті құлақтандырады.

Алтыншыдан, министрліктен жоба бойынша мәлімет алған әкімдік сізді, банкті және «Даму» қорын шығарылған шешіммен таныстырады.

Жетіншіден, банк сіздің жобаңызды бекіткені жөнінде министрліктің хатын алған соң субсидиялау жөнінде сізбен, банкпен және «Даму» қорымен үш жақты шарт жасалады.

Сегізіншіден, әрі қарай сіз субсидияланбайтын пайыздық ставка бойынша банктің сыйақысын өтеуді банкпен арада жасасқан шартқа сай жүргізе бересіз.

Ақырында, тоғызыншыдан, егер сіз қандай да бір себептермен несие бойынша дер уақытында төлем жасауды тоқтатқан болсаңыз, онда субсидия бойынша жасалатын төлемдер де уақытша тоқтатылады. Ал, әрі қарай мүлдем тоқтатылуы мүмкін.

- Осы орайда анықтап алатын тағы бір жай – несие бойынша субсидия төлеу қандай жағдайда тоқтатылады?

- Нақты айтқанда, субсидиялау төмендегідей жағдайларда тоқтатылуы мүмкін:

- субсидияланатын несие мақсатсыз жұмсалып жатса;

- жеке кәсіпкерлік субъектісі үш ай қатарынан банк алдындағы міндетті өтемдерін төлей алмаса;

- несие мерзімінен бұрын толық өтеліп жатса;

- АҮК «Даму» қорының немесе әкімдіктің өтінішімен (ескертуімен) тиісті шешім шығарып, министрліктің келісімін алып жатса.

Жалпы, субсидия төлеу жөнінде аймақтық үйлестіруші кеңес шешім шығарғанға дейін субсидия төлеуді «Даму» қоры тоқтата алады.

- Жоғарыда субсидия алу жөнінде біраз мағлұмат бердік. Ол біздің кәсіпкерлерімізге де, өз ісін жаңа бастауға ұмтылушыларға да көмек болмақ. Енді осы субсидияны алу үшін қандай құжаттар қажет?

- Біріншіден, кәсіпкердің мемлекеттік тіркеуден өткені жөнінде куәлігі (мөр басылып, кәсіпкердің қолы арқылы куәландырылған көшірмесі).

Екіншіден, лицензия, егер қызмет түрі оны алуға тиіс болса (мөр басылып, кәсіпкердің қолы арқылы куәландырылған көшірмесі)

Үшіншіден, жарғы, құрылтай шарты (егер құрылтайшы біреу болса, онда құрылтай шарты қажет емес). Акционерлік қоғам акциялар эмиссиясының нобайы мен акционерлер реестрінен үзінді беруі керек (кәсіпкердің мөрі мен қолы арқылы куәландырылған көшірмесі).

Төртіншіден, бюджетке төленуі тиіс міндетті төлемдер бойынша қарыздың жоқтығы немесе көлемі туралы (өтініш қабылданардан 30 күннен кеш болмауы тиіс) салық органынан алған анықтама қағазы.

Бесіншіден, кәсіпкердің қаржылық декларациясының көшірмесі оның соңғы қаржылық жылын қамтитын есебінің көшірмесімен бірге немесе Web сайттарда жарияланған кәсіпкердің қаржылық ахуалы туралы сараптама жасауға мүмкіндік беретін, кәсіпкердің дебиторлық және кредиторлық қарызы (борыштың көлемі, қордаланған мерзімі және тауарлар мен қызмет түрі) ашық көрсетілген ақпарат.

Алтыншыдан, кәсіпкерге бағдарламаға қатысу үшін барлық талаптарға сай болатын негізде несие берілетіні немесе несие бойынша сыйақы ставкасын төмендету жөнінде оң шешім шығарылғаны туралы банктің хаты.

Міне, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, субсидия алу үшін осындай міндетті құжаттар тапсырылуы тиіс. Қайталап айтқанда, мұндай қолдау кәсіпкерлердің қанатын кең жаюына мүмкіндік беріп, өз ісін жаңа бастағандарға алғашқы сәтінде-ақ қаржылай демеу жасауға жағдай туғызады.
+1 дауыс
Субсидия деген жәрдем ақша,яғни сіз кәсіп ашқыңыз келіп,бірақ қаражат жағынан қымтырылсаңыз,үкімет қолдау көрсетеді.5 жылға дейін ол ақшаны сұрамайды,5 жылдан соң алған сомаңыздың жарты пайызын қайтарасыз.Бір ескеретін жай,сіздің ашқалы отырған кәсібіңіздің халыққа тигізер пайдасы мол болуы тиіс.
...