Түн менің ұйқым үшін жаралмаған,
Түн келсе, түйсік түсіп, алаң болам.
Іздеймін жоқтарымды таба алмаған,
Аңсаймын жерлерімді бара алмаған.
Алдандырып, әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды қаза болып,
Жастығымның астында, төсегімнің?
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!
« Қайырлы түн »
Қайырлы түн!
Жер — Анам,
Көк аспанды жамыл да,
Таңға дейін дін аман,
Тәтті ұйқыда дамылда.
Орманың да шуламасын, Суларың да туламасын.
Ақ басты ала тауларың да, Күңіренбесін, жыламасын.
Шамыңды өшір,
Түсіре ғой пердеңді,
Қайырлы түн, алып Жер! Дүбірлетіп сенің ұлы кеудеңді, Таптамасын танктер.
Қайырлы түн,
Көк аспан,
Алып жерді төсен де,
Таңға дейін тәтті ұйқыда толаста,
Ұшырама кеселге.
Қайырлы түн,
Ақ аспан,
Алып жерді төсен де,
Боз көрпеңді айқара жап иыққа.
Сенің нұрың тыныштықпен жарасқан.
Қайырлы түн, ұйықта!
-Мұқағали Мақатаев-