Қазақ даласын әсем әнімен тербеп, артына өлмес мол мұра қалдырған Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы табиғаты көркем, аты аңызға айналған Бурабай жерінде Көкшетауөлкесінде Жөкей көлінің маңында дүниеге келген. Біржанның өз әкесінің аты – ТұрлыбайЕлден ерек өнерімен көзге түскен Біржанды атасы Қожағұл өз тәрбиесіне алған. Біржанның:«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» – деу себебі сондықтан. Біржанның ерекше қабілеті туралы академик А.Жұбанов: «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеге құмар, сезімтал болатын...», – деген. Біржанның шығармашылығындағы ерекше сәт – ұлы ақын Абай ауылына баруы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында тамаша суреттелген. Сазгер Біржан Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңіне ән шығарған.
Біржан өлеңдері, әндері тақырып жағынан әр алуан. «Ләйлім шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Көкек», «Бурылтай», «Ақтентек», «Ғашығым», «Айтбай» өлеңдерінде махаббатты, сүйіспеншілікті, сұлулықты әспеттеген. Біржан сал Қожағұлұлының «Жанбота», «Біржан сал», «Теміртас» ән-өлеңдері – әніне сөзі сай, өмір шындығын өнер көкжиегіне көтерген, ақынның азаматтық болмыс-бітімін көрсететін, поэтикалық қуаты мол туындылар, әсіресе, «Жанбота»Біржанның азаматтық позициясын анықтайтын, қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын танытатын шығармасы болып есептелген. Біржан өзінің «Сырғақты» өлеңінде:
Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
Жауқазын желбіреген жастық шақта,
Өмірдің мағынасын түсіне біл, –
деп, өзінің көргені мен көңілге түйгенін жастарға ақыл, өсиет түрінде айтқан. «Жастарға» деген өлеңінде ақынның ағартушылық көзқарасы танылады, жастарды игі істерге, жақсы қасиеттерге үндейді. Осы идеясын «Жақсы мен жаман» өлеңінде:
Біреудің аспанда жүр дәрежесі,
Біреудің көкте қолы, жерде басы.
Жақсының жаманменен айырмасы –
Ойласаң, жер мен көктей екі арасы – деп жалғастыра түскен.
Біржан шығармашылығынан ерекше орын алатыны – ақын Сарамен айтысы. «Біржан мен Сара» айтысы – көркемдігі жағынан айтыстардың ішіндегі ең таңдаулысы. Біржан мен Сараның айтысы негізінде композитор М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазған.
Жасы ұлғайған шағында денсаулығы нашарлаған Біржанды ағайын-туыстары«қартайдың» дегенді сылтауратып, алысқа шығармаған. Еркін өскен ел еркесін «жынданды»деп кінәлап киіз үйдің керегесіне таңып тастауы ақынның ашу-ызасын келтірген. Өмірінің соңғы кезіндегі осындай ауыр шағын Біржан сал «Теміртас» өлеңінде:
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Үкідей мен сендерді балақтадым.
Денеме кендір арқын жаман батты,
Есіктен келе ме деп алақтадым, –
деп зарлана суреттеген. Атақ-даңқы алты алашқа жайылған, өлең мен әннен меруерт тізген әнші, ақын, сазгер Біржан сал 1897 жылы жан азабына төзе алмай 64 жасында ауыр науқастан қайтыс болған. Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығын зерттеген ғалым Е.Ысмайылов: «Біржан лирикасы – халық өлеңдерімен тамырлас», – деп бағалаған.
Біржан сал Қожағұлұлының: «Біржан сал», «Жамбас сипар», «Жайма-шуақ», «Жонып алды», «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Жанбота», «Алтын балдақ», «Телқоңыр», «Көкек», «Адасқақ», «Бурылтай», «Ақсеркеш», «Ақтентек», «Талай заман», «Теміртас», «Ләйлім» деген ән-өлеңдері бар.