"Райымбек! Райымбек!" поэмасы жайлы

+1 дауыс
20.9k қаралым
Мұқағалидің "Райымбек! Райымбек!" поэмасы жайлы жалпы мағлұмат керек еді. Не туралы,ақынның көркемдеу шеберлігі жөнінде. Шығармаға қажет болып тұр.
• Санаты: Кітап, Әдебиет
өңдеді | 20.9k қаралым

2 жауап

+1 дауыс
Жақсы жауап
Поэманың қысқа нұсқасы

I бөлім

Тыныш жатқан қазақ еліне жоңғарлар шабады. Сол уақытта елінің,жерінің қиын жағдайға түскенін Қабай жырау зарлана айтады. Бастарына қара бұлт төніп, батырларынан айырылған қазақ елінің ауыр жағдайы суреттеледі. Сол уақытта Қабай жырау өліктер арасынан кішкентай баланы тауып алады......

IIбөлім

Бала Райымбек ат жарысынан "Райымбек! Райымбек!" деп өз атын өзі ұрандап келеді. Баланың бұл қылығына ауыл ақсақалдары ашуланады. Райымбек өзіне Қабай жырауды қалқан тұтып, өз ойында түйіп жүрген сөздерін халыққа айтады. Оның осы айтқандарынан кейін әкесі Түке қайтыс болады. Райымбектің жасы 18-ге толады. "Қазақтарды жау шауып жатыр", деген хабарды естіген Райымбек жауға аттанбақ болады.......

III бөлім

Өзінің жауға аттанбақ тілегін биге айтады.Би оған қиын да қатыгез талап қояды.Би батырға Іледен өтсе, тілегі орындалатынын айтады. Бидің шартын орындап, Ілені кесіп өтеді. Халықтың ықыласына бөленіп, артына қол жинап, жауға шабады.

Поэманың идеясы

Поэманың негізгі идеясы - XVIII ғасырдың басында жоңғарларға қарсы шапқан Райымбек батырдың ерлігін кейінгі жас ұрпаққа дәріптеу. Жастарға патроиттық сезім сыйлайтын туындыларды оқыту. Елін, жерін сүюге уйрету.

Поэманың басты кейіпкері

Поэманың басты кейіпкері - Райымбек Батыр. Райымбек Түкеұлы[1] (1705, қазіргі Алматы облысы — 1785, Алматы) — батыр, қолбасшы. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі Албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде “көріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген.

Жақсы жауап таңдалды
0 дауыс
М.Мақатаевтың "Райымбек! Райымбек!» поэмасы тарихи тақырыпқа, ерлікке, ел қорғауға арналған көлемді кесек туынды. Бұл поэма дереккөздерге сәйкес, 1970 жылы жазылса да, баспадан "Лениншіл жас" газетінде 1981 жылы жарияланды. Ақынның поэмасы тақырыбы мен идеясы көркемдік тұрғыдан сюжеті мен мазмұны, терең пішінмен композициялық құрылысы нақты, тарихи дәуірдегі халықтың тыныс-тіршілігін, өткен жаугершілік замандағы халықтың басындағы ауыр қайғыны айшықтап жазылған туынды. "Ақтабан шұбырынды" тарихи кезеңін және Райымбектің халық батыры ретінде қалыптасу тарихын бейнелеудің көркемдік ерекшеліктері қарастырылды.  
Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі саналатын ақын Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасында Отан, туған ел мен жер тақырыбы ерекше орын алады. Ұлттық сана-сезімнің, азаматтық ой-өренің биіктігін әйгілейтін осы арналы тақырып ақын поэзиясында түрлі тарихи кезеңдер аясында көркем пайымдалады. Сыршыл ақын өлеңдерінде қан майданда қаза болған әке бейнесі де, кіндік қаны тамған Қарасазына деген сағыныш сезімі де, тылсым Табиғаттың сұлулығы да киелі атамекен туралы ойлантады. Туған елі мен жерінің қадір-қасиетін көтеріңкі пафоспен («Үш бақытым»), нәзік элегиялық көңіл- күймен («Қайырлы таң»), енді бірде азалы үнмен («Райымбек! Райымбек!») жырлаған ақын сезім пернелерін баса отырып, өзінің қаламгерлік пәлсапасын ортаға салады. Мұқағали поэзиясында Отан – алып сырлас, құдірет күш, қамқоршы («Отаным, саған айтам»). Осы орайда М.Мақатаевтың аяқталмай қалған «Райымбек! Райымбек!» поэмасындағы атақоныс, ел, тарих жайлы поэтикалық толғаныстары айрықша мәнге ие.

М. Мақатаев поэзиясындағы Отан концептінің көркем бейнелену сипатына деген мейлінше объективті ғылыми көзқарасты айқындау үшін ақынның тұтас әдеби мұрасы жайлы білу қажет. Шығармашылық тұлғаның, талант иесінің қалыптасу жолы, ол өмір сүрген дәуір, тұлғаға тән ұлттық жад мәселелерін терең зерделегенде ғана Отан ұғымының көркем тұжырым таби тарихына көз жеткізуге болады. Шын мәнінде, осы көркем концептінің жекелей М.Мақатаев поэзиясында өзіндік даму жолы бар. 1970 жылдың қоңыр күзінде жазылып, алғаш 1981 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Райымбек! Райымбек!» поэмасындағы ел мен жер тағдыры жайлы ақын толғаныстарының бұған дейінгі және кейінгі Отан тақырыбындағы туындылармен идеялық байланысы бар. Тақырыптас өлеңдердегі көркемдік дискурстан ақынның ой жетілдіру үрдісі айқын аңғарылады.  
«Райымбек! Райымбек!» поэмасының көркемдік поэтикасын бірнеше қырынан бағалауға негіз бар. Біріншіден, поэма фольклорлық дәстүрді жалғастырған ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Екіншіден, ақын Райымбек батыр бейнесі арқылы ұлттық рухты жырға қосып, қазақ батырының ерлігі жайлы баяндайды. Бұл поэма күні бүгінге дейінгі қазақ жазба поэзиясындағы Райымбек батыр тақырыбына арналған жалғыз үздік туынды десек, артық айтпаспыз. Үшіншіден, ақын қайсар рухты батыр бейнесі негізінде ұлт азаттығы мәселесін толғайды. «Мұқағали өмір сүрген кеңестік дәуірде Әлмерек би, Райымбек батыр, Қабай жырау, Сырымбет, Хангелді, Түке бабалардың есімін атаудың өзі үлкен қылмыс болып саналушы еді. Соған қарамастан, ақынның батылдығы арқасында тарихи шындық жыр тілінде өрілді. Бұл да Мақатаев поэзиясының ұлттық рухты көтерудегі зор үлесінің дәлелі», - дейді ғалым Б.Жақып [3].  
Поэманың жазылған мерзімін ескерсек, ақын поэзиясына тән күрескерлік рухты паш еткен бірден-бір туынды ретінде оның ұлттық құндылығы жоғары. Поэмада бала батыр Райымбектің алғаш көптің алдында сыналуы, топ жарып шыққан шешен, көш бастар көсем, тапқыр сарбаз ретінде көрінуі ел аузында сақталған аңыз-әңгімелермен үндес суреттеледі. Дегенмен халықтық жад мұрағаты – аңыз- әңгімелер желісіндегі сюжеттен гөрі ақынның жеке көркемдік шешім жасағаны бірден байқалады. Райымбек пен Қабай жырау арақатынасы, батырдың Ілені атпен жүзіп өтуі сынды аңыздық мотивтерді автор өзінше пайымдайды. Баланың қан төгіс жаугершілік заманында қайсар рухты болып өсіп жетілу жолы нанымды баяндалады. «Белінен дұшпан аттап баратқанда, Біздің ел неге қарсы тұра алмады?!» [3, 62] деп іштей намысы қозып, толғанатын жас батырдың осы бір сауалы, шын мәнінде, ұлттық сана-сезімнің ояну дәуірі келіп жеткенін айғақтайды. Райымбектің өзіне-өзі тастаған осы сұрағы рулық санадан елдік санаға көшу кезеңін аңғартады. Қас дұшпаны шапқанда «қақпа бола алмаған қайран елге» жас батыр өкпесімен қоса, ызасын да ақтарғысы келеді.  
Поэмада жас батырдың жалғыз арқа сүйері – Қабай жырау. Қырғыннан ертіп шығып, жетелеп өсірген жырауды Райымбек ең жақыны санайды. Райымбектің бойындағы жойқын күш тасқынын бірінші болып байқап, ақыл-кеңесін арнайтын да – Қабай жырау. Соғыс амалдарынан дәріс айтатын да сол қария.  
Дәстүрлі қара өлең үлгісін негізге ала отырып, өлең өрнегін қалыптастырған ақын поэмада суреттелетін тарихи кезең – «Ақтабан шұбырындыны» танымал «Елім-ай» әнімен сабақтастырады. Автор трагедиялық әнді оқырман ойында жаңғырта отырып, оны бейнелі түрде көркем тарихи фонға айналдырады. Әннің алғашқы тармағына психологиялық тұрғыда екпін түсіру арқылы ақын шығарманың кіріспе бөлімінде-ақ оқырман санасын өткен тарихи кезеңге көшіреді. Осы орайда ән мәтінімен, ол туралы тарихи деректермен таныс рецепиент көркем мекеншақ (қазақ жеріндегі «Ақтабан шұбырынды» заманы) жайлы ақпаратты өз санасында қайта жаңғыртады. Үш бөлімнен тұратын поэманың алғашқы бөлімінде ақын осылайша дәуір сипаттамасын мейлінше толымды жеткізуге ден қойған.  
«Мұқағали қазақтың бай ауыз әдебиетін, одан кейінгі жазба әдебетінің озық үлгілерін, әлемдік әдебиет жетістіктерін бойына толық сіңіріп қабылдай отырып, поэзияда қалыптасып орныққан өлшем-өрнекті керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан шеберлік танытты», - дейді ақын шығармашылығын зерттеуші Ж.Өтейұлы [5, 2]. «Райымбек! Райымбек» поэмасы ақын поэзиясындағы жеке қаламгерлік стиль өрнектерін тануға, ұлттық мұраттарды батыл жырлауға деген шығармашылық интенциясын зерделеуге мол мүмкіншілік береді. Осы орайда поэманың соны тақырыпқа қозғау салып, Райымбек ерлігін жырлауы жағынан да, ұлт-азаттық рухты жаңғыртуы тұрғысында да, қазақ өлеңін өзіндік бояу және нақышпен байытуы бойынша да ақынның бұл туындысы әлі де жан-жақты зерделеуді қажет етеді.

Ұқсас сұрақтар

127,938 сұрақ
322,808 жауап
153,161 пікір
72,926 қолданушы