+1 дауыс
8.6k көрілді
Мұхтар Шаханов

Мұқағали Мақатаев

Фариза Оңғарсынова

Абай

Мағжан Жұмабаев

Осы ақындардың махаббат жайында жазылған өлеңдері қажет?

2 жауап

0 дауыс

Мұхтар Шаханов

Арифметикадан басталған өлең

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден бойдақтар жоғалады.
Алдында тұрған шақта асу белең
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.

Өседі адам қияға қарап тұрып,
Қалықтайды қиялын қанат қылып.
Жалғыз өткен күндерден жалығады ол
Сенімінің жеңісін санап тұрып.

Алдында тұрған шақта асу белең,
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.
Көрші, әні, айрылған сырласынан
Бір мұңлы күй төгілтіп тұлғасынан
Төсінде шөл даланың жалғыз ағаш
Тұрады қолын бұлғап қыр басынан.

Бұл өмір бір күн шаттық, бір күн егес,
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес.
Болсын мейлі көл жалғыз, терек жалғыз
Менің жалғыз болуым мүмкін емес!

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден жалғыздық жоғалады
Жоғалсын, мәңгі көргің келмес оны
Білемін, аңсайсың-ау сен де соны

Ия, өмір бір күн шаттық, бір күн егес
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес
“Екі” деген егіз сан аман болса
Менің жалғыз қалуым мүмкін емес!

Алғашқы махаббатқа хат

І

Біp үмітке біp үміт жалғадым,
Көп-ақ екен бергенімнен алғаным.
Заңғар көкке самғағаным не керек,
Саған ұшып бармаған соң арманым.
Әнмен айтып балаңдығын, пәктігін,
Көктем де өтті зорға басып аптығын.
Күнде баққа қыдырғаным не керек,
Сен қасымда болмаған соң, шаттығым.

ІІ

Батты қанша күн қызарып, атты қанша таң күліп,
Кеудемнен сан жұлдыз ағып, тау құлады жаңғырып.
Сонда да мен сенімімнің бepіктігін ән қылып
Тым айнығыш сезімдерді ар отына жандырып.
Жүріп келем асыл әнім, жүріп келем паң күліп,
Өткен күннің бедерлерін өшірсе де сан күдік
Екі адамның саусағының ыстығы,
Маңдайымда қалып қойды мәңгілік.
Қастерлеген бақыт атын, ар атын.
Сол екі қол болды менің қанатым.
Біpіншіcі – анам қолы, әрине,
Eкінішіcі – сенің қолың болатын.

ІІІ

Сенің қолың кішкене нәзік қана,
Нәзіктіктен тағдырға озып қара.
Сенің көңлің мен үшін шалқыған көл,
Сенің кеудең мен үшін жазық дала,
Ұғыстырды жылдардың жолы бізді
Күдік бізден мәңгілік қолын үзді.
Қарсы алдымда күлімдеп тұрсың, міне,
Көкірегіңе көп үміт толып ізгі.

Қайғысы мен шаттығын ерте келген,
Еркем едің өз әнін шерте келген.
Орамалың пәктіктің белгісіндей,
Желбірейді жарысып ерке желмен.

Арман құсым, сен мені адал түсін,
Саған теңдес мен қайдан табам мүсін,
Жылдар бойы көркіне көз байлаған,
Алғашқы іңкәр махаббат, аманбысың?

Соқпай кеттің көп болды, жағаға сен,
Біp жеңілдеп қалушы ем аға десең.
Қақпаны көп, мылтықты мергені көп,
Белестерден өттің бе аман-есен?

Ұзақ жылдар сен маған таптырмадың,
Тасасынан іздетіп көп тұлғаның.
Түлкісі көп алдамшы ормандардан,
Қалайша сен аман-сау өттің, жаным?

Дәрменсіз ғой, дәрменсіз білек енді,
Шікәм көңіл көтермес мінегенді.
Жүрегімнің жазира күнгейінен,
Сенің бейнең асқақтап түрегелді.

Өткердің ғой өмірдің көп белесін,
Құрбың саған қалайша өкпелесін?
Екі айырып кетсе де жолдар бізді,
Маған сырттай тілектес боп келесің.
Лапылдатып жаққанмен отты неше,
Жылдар бізден қайтеміз көп тілесе.
Мүмкін емес дедің сен сенімменен,
Мені біpey арзандап кетті десе.

Көкейіңде жатса да сұрақ тұнып,
Қандай жақсы, жақсы ғой тұрақтылық.
Мені біpey ұсақтап кетті десе,
Мүмкін емес дедің сен жылап тұрып.

Аз ба, көп пе шаттығым тереңімде,
Оны, әрине, жолымнан керемін де.
Мені ешқашан қимадың жамандыққа,
Әйтеуір сен қимадың мені өлімге.

Мүмкін, әлі күшім кем, іcім бала,
Айқындалып келеді түсім жаңа.
Саған, күнім, мәңгілік қарыздармын,
Маған шексіз сенгенің үшін ғана!

Мұқағали Мақатаев

Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.

Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.

Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.

Махаббат па?..

Махаббат па? 
Махаббат болған еді. 
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім, 
Тапты да,түсірді ғой торға мені. 

Махаббат па? 
Махаббат болған менде. 
Жиі барғам аққулар қонған көлге, 
Ал қазір тоңған жүрек,солған кеуде. 

Ғашықтық па? 

Ғашық та бола білгем. 
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен, 
Жанымменен сүйемін,жанарыммен. 

Сағыныш па? 
Қалай оны тауыса аламын. 
Сағынғанмын,шөлдегем, 
Ақыры шаршағаным,шаршағаным. 

Сүйгенім бе? 
Сүйгенім өмірде емес.
Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес, 
Өлгенше кетер емес көңілден еш...

Мұқағали Мақатаев

О, махаббат! 

О, махаббат, сен әлі тірі ме едің? 

Көзімнен ғайып болған күнім едің!

Гүлім едің,

Елтіген түнім едің.


О, махаббат сен әлі тірі ме едің?! 

Мен сені ұмытқанмын 

Жылытқаның есте жоқ, суытқаның, 

Суып қаным, 

Жинағам құрып хәлім. 


Құлаған отауымның уықтарын,

Содан бері мен сені ұмытқанмын. 

О, махаббат, сен әлі тірі ме едің? 


Тірі болсаң, мен де енді тірілемін
Ақ періште алдына жүгінемін,
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!

Фариза Оңғарсынова

Сен менің жанарыма жас тұндырып,
Өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.
Ошаққа отырғызып кетті мені
Әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.

Мен қалдым шыр айналып қу далада,
Жете алмай арман болған ну жағаға.
Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,
Көз алмай көп қарады туған ана.

Жаншылдым, жанартаудай биік едім,
Жоқ енді сүйенерім, сүйінерім.
Мен үшін қызығы да, қайғысы да – 
бәрі бірдей секілді бұл дүниенің.

Телефон шыр етедi…

Телефон шыр етедi:
Сонда менiң жүрегiм дiр етедi,
Көйлегiмнiң желбреп гүл етегi
жугiремiн. Не пайда сен емессiң.
Тек қимылдау көңiлдi жүдетедi.
Кешке дейiн неше рет дiрiлдетiп
мәнсiз, арсыз алаңмен күн өтедi.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймiн ендi мен – қылғын сарна!
Жүрегiме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесiнен бiр қойып сындырсам ба!?
Әне тағы… сенi ме! Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйiп мен тұрдым сонда.

Сен қайда жүрсің?

Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін
Шығар-ау деп жарқ етіп, түзден бір күн,
Мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке ашу, ыза.
Кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән – арманым.
Басқаларға айта алмас сырымды мен
Ішімдегі бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
Көмілмей жасқа, мұңға,
Орап сені сағыныш – ақ сағымға.
Қымсынбаймын, бар әлем қарап қалса
Сені ұйықтатып алдымда таң атқанша
Отырамын көз ілмей бас жағыңда.
Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт
Әттең атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
Ол да сені нұрымен аймалай ма?

Мағжан Жұмабаев

Сүй, жан сәулем

Сүй, жан сәулем
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ляззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
 
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп  деміңнен.
 
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып,
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық демалып.
 
Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ляззат, рақат, бақыт – бәрі қойыныңда,
Сұрамаймын енді жұмақ – жақсы жай!
 
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!

0 дауыс
Абайдың бар өлеңін осы жерден алсаңыз болады. Махаббат туралы да бар

http://www.namys.kz/?p=6993

Ұқсас сұрақтар

+6 дауыс
17 жауап
+1 дауыс
6 жауап
...