Елімізде ерте кезден-ақ «қойшылар алгебрасы», «малшылар математикасы» деп аталып кеткен тоғызқұмалақ – сондай ойындардың бірегейі. Тоғызқұмалақты қазақтармен бірге қырғыздар да, қарақалпақтар мен алтайлықтар да ойнайды. Тоғызқұмалақ ойнайтын бар халықтың да айтатыны: «Біздің түркі халқы ұрпақ тәрбиесіне қаншама мән-маңыз береді, мұны бір ғана тоғызқұмалақ ойынынан-ақ көріп, білуге болады».
Тарихи құжаттарда итальяндық саяхатшы Плано Карпинидің ХІІІ ғасырда Жетісу мен Тарбағатайды басып өткенде жаңағы аймақты мекендеген қазақ тайпалары руларының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары туралы көптеген этнографиялық материалдар жинап, Еуропа жұртшылығына таныстырғанында, қазақтың тоғызқұмалақ ойыны жөнінде де баяндаған көрінеді. Әзірге бізге белгілі тағы бір дерек, П.Карпиниден соң халқымыздың мол этнографиясынан деректер жинап, ең алғаш рет тоғызқұмалақ ойынының бейнесуретін түсіріп, ойнау тәртібімен бірге қағаз бетінде қалдырған адам-этнограф Н.Пантусов.
«Бұл ойын өте көне және кім ойлап тапқаны белгісіз,- деп жазады ол, өзінің 1906 жылғы зерттеуінде. Ойын қазақтың үш ордасының барлығына тегіс тараған».
Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғ.Мұсабаев та этнографиялық тексерулер жүргізген-ді. Зерттеу нәтижесінде еліміздің жерінен «тоғызқұмалақтың» тас бетінде қашалып салынған да таңбалары табылды. «Қазақтың ұлттық ойындары» атты кітап жазған Базарбек Төтенаев мұны растап, Тарбағатай тауының Сайқан жоталарының бірінде, Қоржынбай жайлауының етегінде жартасқа салынған тоғызқұмалақ тақтасының барын, Ақшұқыр деген тас төбенің үстіндегі тегіс таста тоғызқұмалақтың отаулары мен қазандары қашалып бедерленгенін баяндайды.
Неміс ғалымдарының зерттеулерінде де тоғызқұмалақтың мұнан 4 мың жыл бұрын Қазақстан мен Қырғызстан жерінде өмір сүрген тайпаларының ойыны болғандығы айтылады. Зерттеу деректеріне арқа сүйесек, тоғызқұмалақ ертеде ғұндардың әскери-танымдық ойыны болып, Мөде қаған тұсында «Орда» ойыны деп аталған. Түркілердің дүниетанымында «Орда» - мемлекет ұғымымен шектес қарастырылатын сөз. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда – бәрі де тарихымызда болған мемлекет атаулары ғой. Орда сөзінің Отан деген ұғыммен де мағыналас айтылатын кездері бар. Қазір мемлекетті президент басқарса, бұрын Ордаға билікті қаған жүргізді. Қағанға бағынған халықтың әр үйі әскерге ат (адам) беруге міндетті болды. Бейбіт заманда отбасында болатын жауынгерлер соғыс, жаугершілікте Ордаға жиналды. Орда халықты біріктіретін, жан-жақтағы әскерінің басын бір жерге қосатын, жинайтын орын болды. Соның әсері, тоғызқұмалақ ойынында «қазан», «орда» сөзі қатар аталып, қолданылып, жинақтаушы қызмет атқарып, соған сәйкес ойынның атауы ретінде де кейбір ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тауып, бізге жетіп отыр. Ойынның осы көне атауының қырғыз халқының «Манас» дастанында кездесуі де сондықтан. Дастанның Сағынбай Оразбекұлының нұсқасындағы 1978 жылғы бірінші кітабының 296 бетінде Манас батырдың тоғызқұмалақ (Орда, М.С.) ойынын ойнайтыны былайша жырланады:
Ордо деген оюнду
Бизге мирас қалганы.
Тогуздап коргоол салганы,
Бу Манастан калганы.
Әлгі «Манас» дастанының екінші кітабының 308 бетінде Алманбет батырдың Шу бойына Манасты іздеп келгенінде, батырдың қырық шатыр тігіп, алаңсыз Ордо ойнап жатқанының үстінен түскендігі айтылады. Қырғызша Ордо сөзі – қазақша Орда екені белгілі. Соған сәйкес, бірқатар этнографтар: «Біздің «тоғызқұмалақ» атты ұлттық ақыл-ой өнерімізді; «Тоғызқұмалақ –шексіз қозғалыс ойыны» деп жазғаннан гөрі, Орда деп атап, «Орда – ат жинау немесе қор жинау ойыны» деп жазғанымыз дұрыс», - дейді. Қазақ халқында тоғызқұмалақ туралы ең алғаш кітап жазған С.Аманжолов та 1936 жылы жарық көрген туындысында орда сөзін кеңінен пайдаланып, «18 отаудың ортасын ала бірімен-бірінің арасы 8 сантиметр жерде 2 үлкен шұңқыр болады, әрқайсының кеңдігі 8 сантиметр, тереңдігі 2 сантиметр. Бұл шұңқырларды – «Орда» немесе «Қазан» - дейді», деп мәлімдейді.
«Тоғызқұмалақ (Орда) ойынының ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің бір сыры, ата-бабаларымыздың ұл-қыз тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуінен, ауызша айтып қалдыру, есте сақтау қасиетінің мықтылығынан, балбалтастарға, Орхон-Енисей ескерткіштеріне ұлттық ойын тақтасын бедерлеп ұрпағына салып кеткен даналығынан. Қазақтың тоғызқұмалақ тәрізді есеп ойындарының тәрбиелік те, танымдық та терең мән-мағынасы бар ғой, шіркін. Оның жырмен өрнектелген бір түрі 1985 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жеті жүз жұмбақ» атты кітапта тіпті былай деп те жазылыпты:
Тоғыз отау көтерген Алтын орда,
Екі ауыл қатар қонған оң мен солға.
Тоғыз отау қоралап қой өргізіп,
Екі қойшы салыпты ылғи солға.
Бағады қойын қойшы шыр айнала,
Қошқар, тоқты, еркек қой, саулық жаңа,
Бірі арық, біреуі семіз емес,
Барлығының салмағы бірдей ғана.
Аяғы жоқ, құлақ жоқ, мүйізі жоқ,
Қанша қуғын көрсе де бүйірі тоқ,
Серке, теке, қой-ешкі айырылмайды,
Жаратты екен қай мықты осындай ғып.
Толық:
http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=558970