+1 дауыс
11.3k көрілді

Қазақтың ұлттық ойыны Көкпар туралы өз ойларыңыз? 

көкпар ойыны, көкпар, көкпар сурет

Көкпар - ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 70 – 80 кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарға тартпайды. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде “Улак тартыш”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Қазақстанда 1949 ж. Көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 м-лік шеңбердің дәл ортасына Көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.

1 жауап

+1 дауыс

Адамзат тарихында жабайы жылқыны алғаш қолға үйретіп, алыс қашықтыққа мінетін көлік ретінде алғаш рет түркі жұрты жаратыпты. Қазір бұл жөнінде ғалымдар бірауыз пікірде. Ежелгі сақ қорғандары, грек, қытай, армян жазбаларында атқа алғаш мінген жауынгер халық туралы мәлімет көп. Тіпті, Страбонның естеліктерінде көшпенділер ас ішсе де, ұйықтаса да ат үстінен түспейтіні жайлы айтылады. Жылқы туралы қазақ халқы «Мінсең көлік, ішсең ас, кисең киім» деп жатады. Жетіге толған қазақтың баласы жабағыға оңай бас білдірген.

Қазақ халқы ас бергенде, той-томалақта көптеген ойынмен қатар көкпар тартады. Жалпы, көкпар сөзінің шығуына қатысты ғалымдардың пікірі әр түрлі. Біреуі ежелгі көшпенділер көк бөріні додаға салған десе, екіншісі көк бөрте деген сөзден шыққан дейді. Этнографтар осы уәждің соңғысын жөн көреді. Себебі, көк бөріні көшпенділер қасиетті аңға балаған. Лев Гумилев өзінің еңбектерінде А-шина әулеті бөріден тараған ұрпақ деген аңызға иек артады. Ал бөрте деген сөз ежелгі түркі тілінде ешкі деген мағынаны білдіреді. Көкпар тартарда ешкіні бауыздап, додаға салады. Оның да өзіндік себебі бар. Ат үстінде тартысқанда, басқа малдың терісі жыртылғыш келеді. Ал сексек бабаның терісі мықты. Қолөнершілер қайыс пен таспа тілгенде, басқа малдың емес, тап ешкінің ғана терісін жаратқан. Көкпар өнері Алтай мен Атыраудың арасында небір зұлматта да ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа аман есен жетіп отырды. Ата-баба аманаты бүгінде қайта түлеп, әлемдік деңгейге жол тартып барады.

Бүгінгі көкпарға Дәулеттің командасы жақсы дайындықпен келіпті. Жамбыл облысының Қаракемер ауылында туып өскен жігіт ағасы аттың жалына ес жимай тұрып жармасыпты. Қазір Астана қаласының атынан додаға түсіп жүрген шабандоздар көкпар бәсекесінде ешкімге есе жіберіп көрмеген. Команда каптитаны жарыс алдында әріптестерінің әрбір қимылын тағы да бір пысықтап алмақ. Түркі жұрты шыққан ежелгі қоныста Ұлттық ойындардың республикалық үшінші спартакиадасы басталды. Әр өңірден келген үміткердің ешқайсысы да осал емес. Әсіресе, көкпар мектебі жақсы қалыптасқан Оңтүстік пен Қызылорда облыстары астаналықтарға оңай жаңғақ болар емес. Көкпарды түркілермен бірге мажар халқы мен ауғандықтар да тартады. Тіпті Аргентинадағы үндістерде осы көкпарға ұқсас ойын да болған көрінеді. Ал ағылшындар қазақ көкпарын ат үстіндегі поло деп атайды.

Ал, қырғыз бен қазақтың көкпар ережесі тым алшақ емес. Негізгі айырмасы тек мына қазандықта ғана. Айыр қалпақты ағайындар таулы жерде тұрғасын еңіске домалап кетпесін дей ме, додаға түскен тушаны сондай қазандыққа салып отырған. Ал жазықтағы қазақ жердің бетіне шеңбер сызып, көкпарды сонда салған. Салмағы 60-70 келі тартатын серкені жерден іліп алып, жорта кету де оңай емес. Алдымен оған күш, еп және мықтылық қажет.

Көкпар жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім серкені өзі ғана иеленуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Қазір кәсіби ойында осы екінші жолмен көкпар тартады.

Ереже бойынша, екі команда бір минутта серкені жерден көтеріп әкете алмаса, ойын тоқтатылады. Сосын көкпарды алаңның ортасына қояды. Екі жақтан бір-бір адам шығып, көкпарға қайта таласады. Кім бұрын өңгеріп әкетсе, команда мүшелері ойынға араласады. Атты қамшылағанда, дойыр көкпаршының үстіне тиіп кетуі де мүмкін. Бірақ ондайда ойын шарты бұзылмайды. Жарақаты жеңіл болса, ойыншы да додадан шыға қоймайды. Ал қолға тиген көкпарды қолға ұстап шапқаннан гөрі, тақымға қысқан абзал. Тақымы мықты болса, білектінің өзі тартып ала алмайды. «Баласы түзде көкпар тартса, әкесі үйде отырып, тақымын қысыпты» деген сөз осыдан қалса керек. Қалай десек те, мамандар көкпар тартқан баланың ел мен жерге, ата-ана мен туған-туысқа, досы мен жолдасына деген сүйіспеншілігі ересен екенін айтады.

Көкпарға тек білектің күші ғана емес, астындағы аты да жарау болуы шарт. Әйтпесе, қазандық тұсындағы арпалыста кеуделі аттың соққысына төтеп бере алмайды. Сондай-ақ, әккі көкпаршылардың айтуынша, дода барысында жылқы - иесін, иесі - жылқысының әккі әдісін айтпай ұғуы тиіс. Ол үшін көкпаршы мен аты сырмінез болуы керек екен.

...