0 дауыс
905 көрілді
Энергетикалық сусындар адам денсаулығына аса қауіпті ма?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Еліміздің нарығына шөліңді әп сәтте басып, сергітетін түрлі энергетикалық сусындардың сатылып жатқанына біраз уақыт болды. Көбіне ештеңеден бейхабар жасөспірімдер, жас-тар, тіпті ата-аналардың өздері баласының денсаулығына аса қатерлі улы сусын сатып әперіп жатқанын білмейді. Қай сауда орнына барсаңыз да, сусындардың түр-түрін көресіз. «Кока-кола», «Пепси-кола», «Спраит», «Макси шай» т.б. жастардың сүйікті сусынына айналды. Бұл сусындардың зияндылығы, әсіресе жас ағзаға қаншалықты үлкен зардап әкелетіндігі жайлы кейінгі уақыттта ғана айтыла бастады.

Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев Қазақстанда энергетикалық және құрамында алкоголі аз сусындардың құрамында адам денсаулығына зиянды заттар бар болғандықтан сатуға тыйым салу туралы ұсыныс айтқан соң, бұл мәселе төңірегінде пікірталас орын алды. Тіпті мамандар «энергетикалық сусындар дүкендерде сатылмауы тиіс, адам ағзасына пайдасы мен зияны қатар тарайтындықтан, оны дәріханаларда ғана сату керек» десе, тағамтанушылар мен санэпидемиолог мамандардың біразы дүкен сөрелерінен тез арада алынып, мүлде тыйым салу керектігін айтты. Мұндай сусын құтыларында жүкті әйелдерге, балаларға, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүрек ауруы және жүйке жүйесі ауыратындарға және қан қысымы жоғары, глаукомасы бар адамдарға ішуге болмайды деген ескертпе болуы тиіс екендігін де ескертті.

«Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі, адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады», — дейді академик Т.Шарманов, («Алаш айнасы», 2011жыл, 28 маусым).

Еліміздегі дәрігер мамандар адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын бұл сусындардың құрамындағы әртүрлі хи-миялық қоспалардың орталық жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтыратынын айтады. Сонымен қатар энергетикалық сусындарды ұдайы тұтыну тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс сияқты ауыр дерттерге душар ететіндігі ғылыми тұрғыда анықталған. Әсіресе, бұл аса зиянды сусындарды алкогольді ішімдіктермен қатар қолдануға мүлде болмайды. Әрі бұл сусындардың құрамына цикламат, аспартам деген арзан қант алмастырғыштарын қолданады екен. Ол тіпті аса қатерлі ісік дертін де тудыратын көрінеді. Аспартам құрамына енетін фенилаланиннің жүйке жүйесіне және миға кері әсері бары да белгілі болып отыр. Сол себепті де дамыған мемлекеттердің көбінде аса зиянды бұл синтетикалық қант алмастырғыштарды қолдануға тыйым салынған. Тағамтану академиясының профессоры Ахмет Алдашұлы: «Қазіргі таңда газдалған тәтті сусындар мәселесі дүниежүзілік тұрғыда үлкен проблемаға айналып отыр. Ал біздің елде жастардың осы сусындарға әуестігі жылдан- жылға артып келе жатқандықтан, мамандар дабыл қағуға мәжбүр болды. Бұл сусындардың зиянын дүниежүзі ғалымдары зерттеп, айтып та жүр. Алайда, оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Сол себепті де газдалған тәтті сусындардың зияндығын жастарға жеткізуге тиіспіз. Бұл сусындардың ең бірінші зияны — газдалған тәтті сусындар, жалпы тәттіге әуестік, яғни адам тәттіні көп жей беретін болса, соған үйірлік, тәуелділік пайда болатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденген. Себебі, адам тәттіге әуес болса, оның асқорыту жүйесінің шырышты қабығындағы тәттіні сезгіш рецепторы біраз уақытттан соң өзінің сезімталдығы жойып, тәттілігін сезбей, соған әбден бойы үйреніп, көп жей беретін болады. Әсіресе жас өсіп келе жатқан балалар тәтті сусын, тәтті тағамды шектен тыс көп қолданса, басқа құнды тағамдарды жеуге тәбеті шаппай қалады. Содан адамның ағзасында құнарлы тағамдардың жетіспеушілігі пайда болады. Екіншіден, денесі толық адамдар «осы мен көп май жемеймін, неге семіре беремін» деп таңғалады. Әрине, майлы тағамды көп қолдану зиянды, артық салмақ қосуға әкеледі. Бірақ соған сәйкес дене қимылы болмаса, көмірсулар да майға айналып кететінін көп жағдайда біле бермейміз. Ал дене толықсып кетсе, ол көптеген қатерлі ауруларға ұшыратады. Міне, тәтті газдалған сусындардың бір үлкен қатері осында.

Екіншіден, шетелдік ғалымдар газдалған тәтті сусындарды өндірушілер «халық көп алсын, көп табыс түссін» деп неше түрлі табиғи қоспаларды қосатындығын дәлелдеген. Яғни дәмін тіл үйіретіндей етіп қызықтыру, көп сақталуы, түрін, иісін жақсартып, газдау үшін бірнеше қоспаларды, консерванттарды қосады. Әрине, заң бойынша «мұндай қоспаларды нормадан аспай қосуға рұқсат етілген». Бізге өндірушілер: «Біз заң бойынша көрсетілген нормадан асырмай қосамыз»,— дейді. Ал егер адам бұл сусындарды ұдайы, ылғи іше беретін болса, нормадан асырмай қосса да адам ағзасында жиналып, үлкен зиянын тигізеді. Ағылшын ғалымдары осыдан бірнеше жыл бұрын «Кока-кола», «Пепси-кола» газдалған тәтті сусындарына «бензуат натрий» дегенді қосатындығын дәлелдеген. Кейін басқа елдердің де ғалымдары бұған көз жеткізді. Мұның басқа зиянын айтпағанның өзінде, бұл сусындарды жиі қолдана берсе, қатерлі ісік тудырады екен. Міне, осыны халыққа, әсіресе жастарға айтып түсіндіру керек. Жастарымыздың көшеде келе жатып та бөтелкемен осы сусындарды ішіп жатқанын көресің. Теледидарды қоссаң да соны ішіп отырады. Ал шөлдеп бара жатсаң, басқа да сусындар бар ғой. Бұл — адам ағзасы әбден үйреніп кетіп, ауруға айналғанының белгісі. Яғни бұл сусындарға үйренген адам оның тәттілігін сезбей, іше бергісі келеді. Себебі, тәттіні сезгіш рецепторлардың қасиеті жойылады.

Қазіргі таңда кез келген дүкендерде, тіпті көшелерде салқындатылған шай түрлерін көп сататын болды. Мәселен, үйреншікті әдіспен дайындалған кәдімгі шайдың өзін қоюлап жиі ішсе, оның өзі зиян. Ал «Макси шайға» т.б. салқындатылған шайларға әртүрлі зиянды, улы қоспалар қосылатыны белгілі. Жастарға «шетелден әкелінетін сусындарға үйір болмаңдар» деп түсіндіру — баршамыздың міндетіміз. Себебі, бізге дені сау ұрпақ қажет. Өкінішке орай, энергетикалық сусындардың, жалпы шетелдік тағамдардың зияндылығын қанша айтсақ та дүкендердің сөрелерінде толып тұр. Мұның шетелдіктермен тым араздаспайық деген саяси мәні де бар болар.

Тағы бір айта кетейін дегенім, мектеп жасындағы балалардың әке-шешесі күні бойы жұмыста жүретіндіктен, олардың қалтасына ақша салып береді. Ал олар денсаулыққа пайдалы тағам алып жейді дейсіз бе? Қазіргі таңда мектептегі асханалар жекеменшік болып кетті. Онда да ағаттық бар. Яғни өсіп келе жатқан балалардың ағзасына пайдалы, қажетті, құнды тағамнан гөрі тезірек өтетін, аса пайдасы жоқ тағам өнімдерін сататынын байқап қалдық. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне осы жөнінде хат жолдаған болатынбыз. Соның нәтижесінде 2007 жылы аталмыш министрліктің бұйрығына сәйкес «мектеп тағамына тәтті газдалған сусындарды қоспасын, сатуға тыйым салынады» деген қаулы шықты. Әрине, өзіміздің дәстүрлі қымыз, шұбат, айран, қатыққа не жетсін! Бұл өнімдердің құрамында қаншама адам ағзасына пайдалы заттар бар. Жастарымызға осындай ұлттық өнімдерімізді пайдалануға мүмкіндік жасауымыз қажет», — дейді.

Тағамтанушы мамандар сусын өндіруші компанияларға өнімнің құрамындағы компоненттерді азайтуды ұсынды. Бірақ сусын өндірушілер дәрігер мамандардың қолында сусындардың адам ағзасына зияны жайлы нақты деректер жоқтығын алға тартып, бұл ұсыныстармен келіскен жоқ. Кәсіпкерлер сонымен қатар өнімдердің сатылу нүктелерін шектеуге де қарсы болып шықты. Осы күні бұл сусындардың басқа зиянын айтпағанның өзінде, оның семіздікке әкеліп соғатыны да дәлелденіп отыр. Бұл тіпті дүниежүзі елдеріне ортақ үлкен проблемаға айналған. Әсіресе осы сусындарды аса көп қолданатын АҚШ-та семіздік дертіне ұшырағандар аса көп кездеседі екен. Зерттеушілердің айтуынша, тәтті сусындарды, әсіресе, салқын күйінде ішу – семірудің тікелей жолы. Өйткені салқын сусындар 4-5 сағат қорытылуы тиіс тағамды асқазаннан 20-30 минутта «қуып» шығады да, адам өзін аш сезініп, қайта-қайта тамаққа ұмтылады екен. Шетелдік ғалымдар «Кока-Коланың» ағзада калий жетіспеушілігін тудыратынын анықтады. Ал калий жетіспеушілігі ұзаққа созылса, сал ауруына, яғни мүгедектікке апарады. Бұл сусындардың зияндылығына көзі жеткен бірқатар шетел мемлекеттері бұл тәтті удың дүкендерде сатылуына шектеу қоя бастады. Бірер жыл бұрын Малайзия, Әзірбайжан елдерінде аталмыш сусындарға қарсы шаралар жасалды. Айталық, энергетикалық сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе Австралия, Жаңа Зеландия, оның артынша Дания мен Норвегия өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған.

Сонымен қатар энергетикалық сусындар адамға күш-қуат береді деп ойлау да қате ұғым. Былайша айтқанда, сусын ағзаға сырттан күш-қуат әкеліп құймайды, адамның денесіндегі барын ұқсатады. «Бұл өнімге біз тыйым сала алмаймыз, себебі олар қазір нарыққа шығып кетті. Егер біз бұл өнімдерге тыйым салатын болсақ, онда «Кока-колаға», «Пепси-колаға» және басқа да көптеген сусындарға тыйым салу қажет», — дейді. Тамақ өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін бақылау зертханасының меңгерушісі Люция Каламкарова. («Қазақпарат» жаңалықтар)

Қысқасы, еліміздегі дүкен сөрелерінде, базар, көшелерде қаптап тұрған энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмды. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған. Ал Қазақстанда бұл энергетикалық сусындар кез келген жерде емін-еркін сатылып жатыр. Тіпті әрбір қаладағы көшелерде, теледидарда күндіз-түні бұл сусындар жарнамалануда. Адам денсаулығын емес, өз өнімін көбірек өткізіп, табыс табуды ойлаған өндірушілер жарнамаға да қаржы аяп отырған жоқ. Сол теледидардың алдында телміріп отыратын жастардың небір қызықтырарлық роликтердің әсерімен дәмі тіл үйірер алдамшы сусындарға тәуелді болып қалғандығы да жасырын емес. Ал бұл өнімдердің бізге беймәлім тағы қандай зияны барын кім білсін. Әрине, ол үшін бұл сусындарды тереңірек зерттеп, адам денсаулығына қаншалықты зияндылығын дәлелдеп, Үкіметтен бұл сусындарды сатуға, жарнамалауға тыйым салу қажеттігін талап ету қажет.

http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action;jsessionid=BA78794F777AD6C22D093C49742C619D.node1?newsId=54015
...