0 дауыс
3.9k көрілді
Шашым қатты ұштанып кеткен болатын, сөйтіп кеше қыйғанмын. Ал енді шашымның қайта ұштанып кетпеуі үшін не істеуім керек? Сіз қандай амалдарды білесіз? Өзіңізге пайдасы тиді ме? Қандай шампунь, бальзамдарды білесіз?

2 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
Шашы ұзын немесе орташа қыздардың арасында ең көп таралған мәселелердің бірі – шаштың ұштануы. Бұл шаштың сәнін кетіріп, оның әлсіреуіне, жарықшақтануына және түсуіне әсер етеді. Дегенмен, әсер ететін факторларды жоя отырып, дұрыс емдеу арқылы бұл мәселені шешуге болады.

Шаш ұштануының белгілері

Шашыңыздың ұштанып жүрген-жүрмегенін анықтау үшін ұштарына назар аударыңыз. Егер кейбір қылшықтардың жалбыр-жұлбыры шығып, ұшы екі немесе одан да көп бөлікке бөлініп тұрса, онда сізде бұл мәселе бар деген сөз.

Мәселенің бар-жоқтығын анықтаудың тағы бір тәсілі – шашты қолға бұрау. Егер шашыңыздың ұштары үрпиіп тұрмай, тегіс жатса онда бәрі жақсы деген сөз. Дертті болатын болса, жалбыр-жұлбыр ұштар сыртқа шығып, жалбырап бұраудың сәнін кетіріп тұрады.

Көбіне шаштың ұшы ұштанады. Алайда шаштың ұзындығы бойымен ұштанатын кездері де болады. Шаш ұшындағы ақ нүктелер аурудың басталғандығының белгісі.

Қысқа шаштыларға қарағанда бұл дерттен, ұзын шашты (30 см-ден ұзын) қыздар көбірек зардап шегеді. Өйткені, қыл діңгегін ылғалдандыратын, майлайтын қоректі заттар мен тері майы шаштың бүкіл ұзындығына жетпейді, осыдан оның ұштары құрғап, сынғыш бола бастайды. Сол себепті, буылтықтан алыстай берген сайын шаш соғұрлым әлсіз болады.

Шаштың ұштану дертін трихолог дәрігерлер трихоптилоз деп атайды.

Негізгі себептер

Шаштың ұштануы ішкі және сыртқы себептерден болуы мүмкін. Ең көп таралған сыртқы себептерге шашты түрлі қыздырғыш құралдармен сәндеу, химиялық жолмен бұйралау және бояу, өткір жүзді тарақтармен тарауды жатқызуға болады. Ауа райының күрт өзгеруі, хлорлы және кермек су, ультракүлгіннің әсері де шаш құрылымына кері әсер етеді.

Сонымен қатар, шаштың сынғыштығы мен ұштануы ағзаға су, дәрумендер (бірінші кезекте A, B, C және E) мен минералдардың жетіспеушілігінен болуы мүмкін. Күйзеліс, ұйқысыздық – мұның бәрі шаш саулығына кері әсер етеді.

 

Шаштың ұштануы ішкі мүшелермен байланысты аурулардың, қан аздықтың, паразиттік аурулардың немесе созылмалы жұқпалы дерттердің бір белгісі болуы мүмкін. Кейде, 3%-ға жуық жағдайда, бұл дерт туа біткен қыл фолликуласының патологиясы болады.

Шаштың орташа өміршеңдігі – 2-ден 6 жылға дейін. Сондықтан, бір жарақаттанған шаш ұзақ жылға созылған дертке айналуы мүмкін.

Ұштанған шашты емдеу

Ұштанған шашты емдеудің ең танымал әдісі – зақымданған ұштарды қиып отыру. Қазірде шаштараздарда ыстық қайшымен қию процедурасы кең етек жайған. Бұл шашты қиылған жерінде дәнекерлеп, оның бұдан былай ұштанбауына ықпал етеді. Алайда шаш тек ұшында ғана ұштанбауы мүмкін. Сондықтан, мұндай әдістер дерттіліктің себебін жоймайды.

Бүлінген шаштың ұзындығын қысқартуға тура келеді, өйткені оларды қайта біріктіретін амалдар қарастырылмаған. Сонымен қатар, дерттің алдын алу үшін ұзын шашты қыздар бір жарым ай сайын шашты 1-2 см-ге қиып отырғаны жөн.

Бұл дертке шалдыққан қыздар шаштың күнделікті күтіміне өзгешеліктер енгізуі қажет. Химиялық бұйралаудан, шаш бояудан бас тартқаны дұрыс немесе хна негізіндегі табиғи бояуларды пайдаланса болады. Емдеу барысында бұйралау құрылғыларын, түзеткіштер мен термобигудилерді қолданбаған жөн, ал феннің тек салқын ауа жүйесін пайдалану қажет. Сонымен қатар сынғыш және зақымдалған шашқа арналған сусабындар мен шайғыштарға көшіңіз.

Зақымдалған шашты емдеуге арналған маскалар өте көп. Олардың дайынын да сатып алуға болады. Үйде жасауға да болады.

Бұл мәселемен күресуде қышқыл сүт өнімдерінің негізінде жасалған маскалар өте жақсы көмектеседі. Мысалы, йогурт маскасы. Шашты жуған соң сәл ысытылған табиғи йогуртты шаш ұзындығы бойымен жағыңыз. Кейін бас киім киіп, басты жылы ұстаңыз. Мұндай процедураның минималды ұзақтығы жарты сағат. Түнге де қалдыруға да болады. Соңында ашытқының иісін кетіру үшін лимон шырыны бар сумен шаюға болады.

Алоэ шырыны да шаштың сынғыштығы мен құрғақтығын емдеуге көмектесе алады. Ол шашты майландырмай, жақсы ылғалдандырады. Масканы дайындау үшін алоэ жапырағын үккіштен өткізіп немесе блендерде ұсақтап, оған бір ас қасық бал, 1,5 шай қасық коньяк, ас қасық үпілмәлік майы мен жұмыртқаның сарысын қосады. Жақсылап араластырып, қоспаны шашта бір сағаттай ұстайды, кейін жылы сумен жуып тастайды. Маскаларды аптасына бір рет дерттен толық айықанша жасап тұрған жөн.

Косметика өндірушілері зақымданған шашқа қарсы сарысулар мен флюидтерді ұсынады. Біріншісі ылғал шашқа жағылатын қойылтылған қоректі құрам. Емдік қасиетінен өзге, ол косметикалық тұрғыда да әсер етеді: шаш құрылымын тегістеп, ұштанған шашты қайта қалпына келтіреді. Сарысулардың құрамына, әдетте липидтер, протеиндер, өсімдік сығындыларын қосады. Мол пайдасына қарамастан, сарысуларды курс бойынша пайдаланады, күнделікті қолданысқа олар жарамайды.

Сарысуларға қарағанда, флюидтер 80% судан тұрады және құрамына май кірмейді. Сондықтан олардың басты міндеті – ылғалдандыру. Сонымен қатар, олар шаштың зақымданған аймағын тегістейді. Флюидтерді шаштың ылғал немесе құрғақ ұшына жағады (нақты нұсқаулықтар құтының сыртында жазылады). Құрылғыны шаймайды.

Шаштың ұштануы көбіне ағзаға судың жетіспеушілігінен болатындықтан, емдік шаралар ретінде күнделікті 1,5-2 литр су ішу қажет. Ал жазда және құрғақ ауа райы кезінде шашты жылы сумен немесе минералды сумен суарып отырған жөн.

Бұл дертпен күресуге, сонымен қатар, дұрыс тамақтану да көмектеседі. Тәтті тағамдар мен мал майын азырақ тұтынып, күнделікті тағам рационына теңіз балығын, жаңғақ, көкөніс пен жемістерді қосыңыз. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін арнайы дәрумендер кешенін тұтынумен жоюға болады. Ал дұрыс ұйықтау мен салауатты өмір салты бұл әсерді ұзақ сақтауға ықпал етеді.
0 дауыс
МЕНІҢ де шашым ұштанатын. сосын айына 1рет қиып тұрдым. қазір бәрі жақсы

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
3 жауап
0 дауыс
1 жауап
...