Мемлекеттік нотариус.
«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1 бабының 2 бөліміне сәйкес нотариаттық әрекеттер жасау құқығы мемлекеттік нотариалдық кеңселерде жұмыс істейтін нотариустарға да берілген. Мемлекеттік нотариалдық кеңсе аумақтық әділет органының құрылымдық бөлімі болып табылады, ол заңдық тұлға емес және ол туралы облыстық әділет департаменті бекіткен жағдайдың негізінде әрекет етеді. Мемлекеттік нотариустарды қызметке алу және одан босату аумақтық әділет органымен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік нотариус ретінде жұмыс істеу үшін лицензия алу міндетті емес. Дегенмен, жеке нотариаттарды енгізумен байланысты мемлекеттік нотариустардың саны өте тез азайды, тіпті көптеген елді мекендерде мемлекеттік нотариустар мүлдем жоқ. Мұны 1997 жылы жаңа Заңды қабылдаумен және тәжірибелі нотариустарды жеке нотиариатқа тарту қажеттілігіне байланысты, бұл қызметте үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар мемлекеттік нотариустарға квалификациялық емтихан тапсырмай жеке нотариусқа өтуге рұқсат берілуімен де түсіндіруге болады. Сондықтан мемлекеттік нотариустардың штаттарында үш жылдан кем еңбек өтілі барлар немесе жоғарғы заң білімі жоқтар мен жоғары заңдық білімі бар, бірақ лицензия алу үшін емтиханнан өтпегендер ғана қалды.
Нотариалдық округ шеңберіндегі мемлекеттік нотариустардың қызмет аумағы аумақтық әділет органымен анықталады. Мемлекеттік нотариустардың құжаттары Қазақстан Республикасының Заңдарында белгіленген тәртіппен міндетті түрде мемлекеттік мұрағатқа өткізілуі керек. Егер мұрағатқа жауап беретін мемлекеттік нотариус қызметінен босатылса немесе басқа жұмысқа ауыстырылса, онда оның міндеттері басқа нотариусқа жүктеліп, ол туралы акт жасалады.
Мемлекеттік нотариустың мөрінде оның аты-жөні, әкесінің аты, сондай-ақ мемлекет нотариат кеңсесінің атауы көрсетілуі тиіс. Әділет Министрлігінің 1997 жылы 1 тамызда бекіткен «Мемлекеттік нотариустың мөрі туралы» №64 Ережесіне сәйкес, мемлекеттік нотариустың мөрінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының суреті көрсетілуі керек.
Мемлекеттік нотариат кеңсесінде іс қағаздарын жүргізудің және мұрағаттың дұрыс ұйымдастырылып жүргізілуі үшін жауапкершілік аумақтық әділет органы басқармасы бастығының бұйрығымен мемлекеттік нотариат кеңсесі нотариустарының біріне жүктеледі. (Нотариаттық іс қағаздарын жүргізу жөніндегі Нұсқаулықтың 3 тармағы).
Мемлекеттік нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттері үшін мүліктік жауапкершілікке аумақтық Әділет органына жүктеледі.
Ақпарат алынды: мына жерден.