0 дауыс
2.3k көрілді
Тісті қалай күткен дұрыс

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Денсаулық... Тіс күтімі

[Денсаулық... Тіс күтімі]

9 ақпан – Халықаралық тіс дәрігері күні. Бұл мереке жылдан жылға кеңінен танылып келеді. Бұл дәстүр 249 жылы дәл 9 ақпан күні қайтыс болған Аполлония есімді қыздың құрметіне тойлана бастапты. Аполлония – александриялық шенеуніктің қызы, сол кездегі көпқұдайлылықтан бас тартып, христиандыққа бет бұрған. Сол үшін билік оны ауыр азапқа салып, өлтірмек болады. Ал ол кісендерін шешкізудің айласын тауып, өзі отқа секіріп өледі. Кейінгі ұрпақ Аполлонияның бұл қадамын христиандық ерлік деп бағалап, оны қасиетті адам деп таныды. Және оның есімін атаса, тіс ауруы басылатына сенген.  

Бұл күн тарихының біздің елге маңыздылығы шамалы болғанымен, тіс күтімі әрқашан өзекті болмақ. Сондықтан назарларыңызға ақ маржан тісті сақтау құпияларын ұсынамыз.

Тіс иегінің саулығы үшін ауыз қуысын тамақ қалдықтарынан келесі құралдардың көмегімен тазартып тұру қажет:

1. тіс щеткасы

2. тіс пастасы

3. тіс жібі (флосс)

4. ауызды шайқауға арналған сұйықтық

 

Тіс щеткасын қалай пайдалану керек?

Тісіңізді кем дегенде күніне екі рет тазалау қажет.

I. Таңғы астан кейін таңертең.

II. Түнде ұйықтар алдында, соңғы тамақты қабылдаған соң.

Тазалау барысы:

Тіс тазаларда міндетті түрде щетканы жуып алыңыз.
Щеткаға аздап тіс пастасын жағасыз.
Щетканың басын қызыл иек сызығына 45 градус бұрыш етіп ұстаңыз. Иектен тістің өткір жағына қарай кішкентай дөңгелек қозғалыстармен барлық тістеріңізді   мұқият тазалаңыз.                                                  
Әр тістің іш жағын да дөңгелек қозғалыстармен тазалау керек. Щетка тістің өткір ұшына перпендикуляр етіп қойылады.                        
Тістің сыртқы жағын щетканы айналдыра отырып тазалаңыз.                                                                                                      
Астыңғы және үстіңгі азу тістердің шайнайтын бетін ысқылаңыз.                                                                                                                     
Тазалауды қызыл иекті уқалаумен аяқтаңыз. Аузыңызды жауып тұрып щеткамен тісіңіз бен иегіңізді дөңгелек қозғалыстармен уқалаңыз.
Тілді де тазалау қажет. Ол үшін арнайы құрал қолданған дұрыс. Тілдің арт жағынан бастап, алдыңғы ұшына дейін абайлап «қырыңыз».
Щетканы жуып, бас жағын жоғары қаратып, стақанға қойыңыз.

Тіс щеткасын қаншалықты жиі ауыстырып тұру керек?

 

Қолдану барысында щетка ескіреді. Оның қызмет ету мерзімі адамның тіс тазалау жиілігіне, тазалау ұзақтығына, щеткамен уқалау күшіне және тіс пастасына да байланысты. Дұрысында тісті күніне екі рет, үш минуттан, 50-70 г күшпен уқалау қажет. Сонда щетканы шамамен үш айда бір рет ауыстырып тұрса жеткілікті.

Щетканы ауыстыру қажеттігін оның түрінің өзгеруінен де байқауға болады.

Грипп, ангина, тағы басқа жұқпалы аурулармен аурып, жазылғасын да щетканы ауыстырған жөн.

Тіс жібін қалай қолдану керек?

Тіс жібі тіс арасында тұрып қалған тамақ қалдықтары мен тіс дақтарын тазалауға арналған. Щетка оны толық тазалай алмағандықтан, тіс жібі міндетті қосымша құрал болып есептеледі. Сондықтан тамақ ішкеннен кейін, тісті щеткамен уқалап, кейін тіс жібімен тазалау қажет.   

Тазалау барысы:

1. Кассетадан 30-40 см жіп тартып шығарасыз.

2. Жіптің көп бөлігін сол қолыңыздың ортаңғы саусағына орайсыз.

3. Қалған бөлігін оң қолыңыздың ортаңғы саусағына ораңыз. Сонда саусақтар арасында 10 см жіп қалу керек.

 

4. Жіпті сұқ саусақ пен бас бармақтың көмегімен тартып, тіс арасына абайлап өткізіңіз.   

5. Жіпті тістің өткір жағына қарай қозғалта отырып, тазалаңыз. Яғни, астыңғы жақ үшін төменнен жоғары қарай, үстіңгі жақ тістерін жоғарыдан төмен қарай тазалайсыз.

  

6. Одан кейін жіп қызыл иектен шығарылады, бірақ тіс арасынан алмаңыз.

7. Дәл осылай қасындағы келесі тіс тазаланады.

8. Енді барып, жіпті тіс арасынан шығаруға болады.   

9. Жіптің қолданылған бөлігі оң қолдың ортаңғы саусағына оралады.

10. Ал сол қолдың ортаңғы саусағынан жіптің жаңа бөлігі тарқатылады.

11. Осындай тәртіппен барлық тіс тазаланады.

12. Есіңізде сақтаңыз: екі тістің бір аралығын тазалаған жіп бөлігін екінші рет қолданбаңыз. 40 см барлық тісіңізге жетеді.

 

Ауыз шайқауға арналған сұйықтықтар

Бұл сұйықтықтар тіс тазалығын арттырады, тіс дағының алдын алып, ауыз қуысын жағымсыз иістен қорғайды. Биологиялық белсенді компоненттері бар біртекті сұйықтықтың белгілі бір иісі мен түсі болуы мүмкін.

Дегенмен, сұйық тазалағыштың әсері болу үшін, міндетті түрде алдымен тісті щеткамен, жіппен, тілді арнайы қасықпен тазалап алу керек. Ал ауызды бұл сұйықтықпен шайқаған соң, оны бірден түкіріп тасатаңыз.  

 

Тілді тазалау жолдары

Ауыз қуысының күтімінде тіс тазалығы өте маңызды. Көптеген микроағза тілдің түбіндегі қыртыстарында жиналып қалады. Сондықтан, тілдің арт жағын жақсылап тазалау қажет.   

Тілді тазалаудың екі тәсілі бар:

- тіс щеткасымен және пастамен;

- арнайы қасықпен.

Тілді қасықпен тазалағаннан кейін ауызды арнайы сұйықтықпен шайған дұрыс. Ал арнайы қасықты сумен жуыңыз.

Тілді паста жағылған щеткамен тазалағанда да, тіл түбінен бастап, ұшына дейін жүргіземіз. Және щетканы тілге басыңқыраған дұрыс.

Тіс пастасы құрамындағы бактерияға қарсы және күкіртті қосындыларды жоятын заттар тілді өте жақсы тазартады. Күкіртті қосындылар жағымсыз иіс тудыратындықтан, тіс пастасы тынысыңызды кеңейтеді.
...