0 дауыс
24.2k көрілді
Саятшылық өнері деген тақырыпқа шығарма жазуға көмек керек?

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Ойлы көзбен қарап, зерделі сөзбен санап көрсең, қазаққа тән жақсы қасиет мол екенінекөз жеткізесің. Бағалай білсек, бақайдан басқа дейінгі, ондай ұлттық үлгілеріміз жетіп артылады. Солардың қатарында қазақтың саятшылық дәстүрініңде лайықты орны барекенін айту біз үшін зор сүйініш. Содан да құссалатын азаматтарды аттай қалап, атан түйедей қомдап, елдеріне шақырып қызықты сәттерге куә болып жүргендер қатары толыа түсуде.

Айтар сөздің әлқиссасын саятшы­лыққа қарай бұрсақ, бұл кәсіп басында нәсіпті ажырату үшін пайдаланылса керек. Бірте-бірте ата-бабаларымыз оны бекзат өнерге ұластырған. Биік дәрежеге жет­кізген. Тек­тілігі мен тегеуріні мықты қы­ран құсты баласындай баулып, алақа­нында ұстаған. Сән-салтанат кезінде жұрт­қа көрсетіп, бабына келгенде дала тағысына салған. Сонар кезіндегі ерекше сәттер кімнің де болса көңіліне қанат бітіріп, жан-дүниесіне сезім шуағын шашып, ұлан-асыр қуанышқа кенелткен. Балапан баптап, қыран ұшырудың сондай бір әдемі көрінісін ұлы жазушы Мұхтар Әуе­зов: «Аңшылықтың үміт, қуа­нышы көп. Ыстық оттай қызулы минөті көп, мағы­налы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл – салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз-түніңдей ыс­тық сезім өмір. Өйткені, бір минөттің ішін­де қуанатын да, жүдейтін де сәттерді басынан кешіреді. Соның бәрін айтып жүр­гендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түл­кінің құ­тыл­мақ болған айласына, құс­шының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшы­лық өмірінен ілгері-соң­­ғыдан қалған талай қызықты, жанды сұлу әңгімелер көп», дейді. Ұлттық құн­дылықты тап басып танып, оның кере­метіне шын сүйсініп, түй­сінген адам ғана осылай тамылжытып айта алса керек. Ондай ұлылық осы арада ұлы жазушыға бұйырғанын көреміз.

Саятшылық негізі – қыран баптап, құмай тазы жүгіртуде жатыр. Бұл туралы тарихи жазбаларда қызықты деректер көп­теп кездеседі. Бір ғана мысал, Ба­ба­құмар Хинаят пен Қуаныш Исабековтің «Саят­шылық – қазақтың дәстүрлі аңшы­лығы» (Алматы кітап, 2007) атты әдеби-танымдық кітабын оқып отырғанда оған айқын көз жеткізесің. Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлардан хабардар ететін тастағы ойма суретте құс ұстаған адамдар бейнеленген. Сол секілді Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыс­тардың нәти­жесіне үңілсең де алтын ұстап, темір қорыт­қан ата-бабалары­мыз­дың құсбегі­лікті, тазымен аң аулауды қатар алып жүргенін аңғарасың. Оған Атыраудан бас­тап Алтайға, одан Ала­тауға, Арқаға дейін­гі аралықты алып жатқан құт мекеннің кез келген жерінен табылған құсбегілік туралы деректер дәлел бола алады. Қыран мен сұңқар, төрт аяқты тұлпар бейнеленген алтын құймалар Атыраудағы Аралтөбе қоры­мы­нан, Алматы маңындағы Есік қорға­нынан табылғаны баршаға мәлім.

Саятшылық туралы алуан түрлі көрі­ністерді көркем дүниелерден де оқуға болады. Оған бір мысал мынадай. Мың жылға таяу уақыт бұрын жазылған «Қабус­­наманың» он жетінші тарауы түгел­дей саятшылыққа арналған. Жоға­рыда айтқан кітапта төрт­күл дүниені түгел билемек болған Шың­ғыс ханның сұңқар салғандығы, Керей Тұғырыл хан, Шыңғыс мұрагер­лерінің бірі Құбылай хан, сондай-ақ Әмір Темір қолы бос кезде құс салып, ит жүгіртуді әдепті әдетке айналдырғаны айтылады. Бұған қоса Шыңғыс ханның құсбегілік өнерді жоғары бағалағаны, тіпті мұны мемле­кеттік деңгейге дейін көтер­гені, саят­шылық әскери жаттығуда ең ма­ңызды рөл атқарғаны да алға тартылады.

Италия саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Николай Карамзин, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич се­кіл­ді шетелдік ғалымдардан қалған ең­бек­терді парақтасаң, бұл өнердің небір керемет­теріне қанық боласың. Мәселен, Күйік ханның ордасында 4 айға жуық болғанда М.Поло жиырма мың құсбегі мен аң­шының жүргенін хатқа түсірген. Он мың қызыл, он мың көк түсті киім киген аңшылар, ханмен бірге саятқа шы­ғады екен. Бұлардың ішінде екі мың адам тазы мен төбет иттерді жетектеп жүретін болыпты. Күншілік жерден шең­­бер құрып, аң мен құсты үркітіп қыспаққа алу сәтіндегі көріністердің ерекше болатынын да жазып қалдырған. Ал Жошы ханның айналасында үш мың қыран, Абылай ханның 500 бүркіт, 300 қаршыға, сұңқар ұстаған құсбегілері туралы да деректер баршылық.

Орта ғасырда саятшылық өнерді ерекше құрметтегендер туралы әңгіме қозғал­са, оның көш басында көшпенділер тұр. Себебі, құсбегілік көшпенділер өмірін­де үлкен рөл атқарған екен. Түбіміз бір делінетін түрік сұлтаны І Баязидтің (1354-1403) 6000 сұңқаршысы болған көрі­неді. Ал атақты Бабырдың (1483-1530) «Бабырнама» атты кітабында саят­шылық жайлы ой таратылып, қыран құс жоғары бағаланады. «Хасан Әли Жалайыр құсбегі әрі ақын еді», дейді. «Саят­шылық» деген іргелі еңбек авторлары: «Мұндағы жалайыр (жалайыр Шора) қазақ құсбегілерінің пірі екендігі тарихи сабақтастықты аңғартады», дейді. Мұны күмәнсіз дәйекті байлам деп тұжырамыз.

Көне Руссияны билегендер сұңқар бекеттерін жасақтап, құсбегілік туралы қарар қабылдаған. Мәскеу төңірегіндегі Сокольники деген жер соған дәйек секілді. Біздің мемлекетіміздің анау ғасырларда іргетасын қалаған алыптары да ұлттық үлгіге сергек қараған. Оған Тәуке ханның тұсында қабылданып, қазақ­тың әдет-ғұрпын тиянақтаған әйгілі «Жеті жарғы­да» аңшылыққа ерекше мән берілгені мысал бола алады. Айтулы құжатта: «Аңға салатын итті, құсты, (бүркітті) өлтірген адамнан олардың иесі бір құл немесе бір күң беруді талап ете алады», делінген. Осының өзінен-ақ саят­шылыққа қазақтың қаншалықты мән бергенін көру қиын болмасы анық.

Жоғарыда аталған кітаптағы мына бір деректерді келтіре кетсек дейміз: «Еуропада үлкен қызығушылыққа ие болған құсбегілік өнер аристократтардың ермегі орнында жүргенімен, жалпыхалықтық қолдауға ие болып, ХVІ ғасырда шарық­тау шегіне жетті, – дейді венгр ғалымы Ласло Дьюла. – ХХ ғасырда адамзаттың технократтық өркениеті мен ату қару түрінің көптеп өндірілуі және жалпы адамзат санасының қатыгезденуі салдарынан көптеген құстармен бірге жырт­қыш, аушы құстар оққа ұшып, олардың қатары сиреп кетті. Бұл тенденцияны экологиялық факторлар мен табиғатты игеру, қалалану (урбанизация) үрдісі де ушықтырып жіберді. 1905 жылы бір ғана Венгрияда 6115 бүркіт, 57923 сұңқар тектесті, 11 мыңдай үкіні атып құртқан екен». Мұндай қатыгездікке не дерсің? Та­биғаттың тепе-теңдігі осындайдан бұ­зылады? Ал адамға жасалған арсыздық­тың да кесір-кесапатын жұрт біледі.

«Атбегі – аттың тұяғына қарар, құс­бегі – құстың қияғына қарар», деп текті­ліктің үлгісі, басқаны былай қойғанда, Күлтегін, Білге қағаннан бастап, Абайға дейін, одан кейін де әспеттелген. Білге қаған құс бейнелі тәж кисе, Көкшегір, Қарашолақ­тай бүркіт баулыған, «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деген Абай: «Қан сонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға… Бүркітші тау басында, қағушы ойда… Қыран құс көзі көріп самғағанда, Қанат, құйрық суылдап, ысқырады, Көктен қыран сорғалап құйыл­ғанда. Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады. Жеке батыр шық­қандай қан майданға, Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы», дей келіп: «Қыр – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қы­зыл… Қыран бүктеп астына дәл басқанда. Құсы да, иесі де қоразданар», дейді. Қас пен көздің арасында болатын осы бір сәтті ұлы ақын өлең-суретпен бейнелегенде құсбегіліктің бүкіл болмысы мен мұн­да­лап тұрғаны хақ. Сол дәуірдегі қазақ жақ­сыларының өміріне бойласаң, қыран тағ­дырлас бол­ғанын, заман шетке қағып, замандасы не тындырар дейсің деп аузын баққанда астындағы атына, қолындағы құ­сына, ерткен тазысына мұңын шағып, бебеулеген ғой. Ақан серінің «Қараторғайы», «Көкжендеті» сөзімізге дәлел.

Саятшылдық тарихын белгілі бір жылмен шектеу артық болар. Адамзатпен бірге жасап келе жатқан кәсіп десек, қателесе қоймаспыз. «Сен-дағы жерден нәр алдың, Мен-дағы жерден нәр алдым. Біреуден сен де жаралдың, Біреуден мен де жаралдым… Сүрейік өмір алмасып», деп ақын Мұқа­ға­ли Мақатаев айтқандай, қыранмен қанатта­сып, күн кешіп келе жатқан қазақ – қыран­ды бағалаудай-ақ бағалаған. Кейін ғой за­манға күйлейміз деп саябырсытып алға­ны­мыз. Оған қазақ ұлтының алтын тамыры болып саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрпы­мыздың шырақ­шысы болып, артына өлмес мұра қал­дырған академик Әлкей Мар­ғұлан­ның мына бір толғамын оқып көрелік: «Қазақ­станның көптеген ежелгі мәдени ескерт­кіштерінің ішінде кейінгі кезде назар­ға аса көп ілінбей жүрген біреуі бар дегім келеді. Ол – саятшылдық өнері… Саят­шылдық­тың, әсіресе, қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы сая­сатшылдыққа байланысты туған мың жарымдай сөз бар, олар қазір де небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңі­нен қол­данылады. Саятшылдықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күн көріс көзі санамаған. Біз бір кездерде қалың жұртты қайран қал­дырып, талай­лардың таңдайын қақтырған осынау өнер­дің біртіндеп сиреп, қайталан­бастай болып, жоғалып бара жатқанының куәсі болып отырмыз. Саят­шылдық – ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылым. Ол халық жүрегіне жол тап­қан көптеген әдеби, мәдени және музы­калық шығармалар тудырды… Ал даму­дың шырқау биігіне шық­қан, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған біздің заманымызда сол саятшылдық жо­ғалып бара жатқанына қайтіп өкінбеске. Саятшылық өнер арқылы халық табиғатпен қоян-қол­тық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кезде дамып қанат жайған халық мәдение­тінің де бір бөлшегі ұмытылғаны емес пе?» депті. Осы арада ұлы ғалымның Ахмет Бай­тұрсынов айтқан: «Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабық­паймын, Ел – бүгіншін, менікі ертеңгі үшін» деп бүгінді емес, ертеңге алаң болған көрегендігі көсемдік қой. Дәл қазір ғұла­маның …«бозторғай жұмыртқа­лаған біздің заманымызда…», деген сөзін еске түсіріп, тәуелсіздік тұ­сын­да саятшы­лық өнерді әлем­дік дең­гейге шығарсақ, оның да ал­ғашқы бастауы қазақ жұртында шығар деген алдағы байламымыз ақиқатқа айналатынына иманымыз кәміл.

Қазақ қыранды баптап, құмай тазыны жүгіртумен шектелген жұрт емес. Зерек­тігі мен зерделігінен шығар, құстың да, иесіне адал иттің де «тілін» білген. Қыран болар балапанды қиядан, ұшқыр тазыны ұядан таныған. Балапанды баулып, жетіл­діріп түлекке жеткізіп түлетіп ұшырған.

Иә, құсбегілік екінің біріне ермек өнері емес. Қасиеті ерен, киесі бөлек. Ақылыңа айлаң сай болмаса, құс салып ит жүгір­темін деу бос далбаса. Құс тілін таппасаң, баулып бағын ашпасаң, тегеу­рінін қайы­рып, тұяғын мұқалтып, қияғын жұтатып, қанатын қобыратып, шақар шаңқылын қарғаның қаңқылына апаруың мүмкін.

Қазақ даласынан қыранмен бірге самғап шыққан талантты құсбегілер аз болмаған. Солардың бірегейі: «Аспанда ұша берсем қанатым талады, жерге қон­сам жалайыр Шора алады», деп зар шеккен қыранның бүкіл болмысын алақа­нындағыдай таныған жалайыр Шора көз алдындағыны қойып, көз ұшында ұшып бара жатқан құстың қасиетін біліп, қайда қонатынын айтып, алғыр екен, алып келіңдер, не қоянға да шамасы жетпейтін жарға қонар жапалақ секілді әуре бол­маңдар, дейді екен. Тіней құсбегі туралы да аңызға бергісіз әңгімелер баршылық. Оның Сарықұсы қасқыр, түлкі, бұғы, марал, аюға түседі екен. Өмірден көзі ашық өткен этнограф, саятшылық туралы сөз қозғағанда күнді күнге, түнді түнге жал­ғап сөз қозғайтын Жағда Бабалы­құлы: «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұс­пен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен», деп отыратын. Мұндай айтулы бүркітшілер туралы айта беруге болады. Бірақ саятшылықтың құпиясын ашып, елдік деңгейге көтеру ісі басты мақсат болып тұр. Құпиясы өздігінен ізденгендер­дің азын-аулақ жазған, сыз­ғандарында айтылады. Шындығына келгенде, құсбегі­ліктің әлі де ашылмаған сыры, шешіл­меген жұмбағы жетіп артылады. Мұны ғылым тіліне арқау етіп, зерттеп, зерделеу келешектің еншісінде, кезі келер деп жүргенде қазір саусақпен санарлықтай болып қалған көнекөздерден соң көп дүние көмескіленіп қалмас па екен деген бір ой мазалай береді. Сол көнекөздердің көзі тұрғанда олардың бойындағы, ойын­дағы ұлттық үлгілерді жас бүркітшілерге дарыта алсақ, сабақтастық жалғасын табар еді-ау! Мұны ұлтқа керек деп атқара алмасақ, бір кездері әттең-ай деп сан соғып қаларымыз шүбәсіз. Бұл тұрғыдан келгенде «тәжірибе» жоқ емес!

Кітап оқыған бір басқа, көзбен көріп, қолмен ұстаған, құлақпен естіген бір бас­қа ғой. Егер саятшылықты ғылым тіліне көшіріп, зерделейтін болсақ, аңшы­лық тарихының бастау басынан бастап, даму кезеңдері, шарықтау шегі, қазақтың құс­бегілік дәстүрі, оның ішінде саят түрлері, құрал-жабдықтар, жол-жорал­ғысы, жем беру, қайыру, киім үлгілері, жеті қазына­ның бірі құмай тазы – бәрі де осы күнгі­дей тарыдай шашылмай, бір арнада тоғысар еді-ау! Академик Әлкей Марғұ­лан данамыз айтқан 1500-дей сөз рухани қазынамызды толықтырып, тілдік қорымызды молайтар еді. Мұндай тірлік­ті тиянақты жүргізбесек, әркім өз білер­мендігіне салып, тіпті әр өңір өзінің топшылауымен тон пішіп, ұлттық байлық саналатын саятшылық дәстүрімізді құл­ды­ратып, су аяғы құрдымға жіберуіміз де ғажап емес. Қазірдің өзінде ондай ырың-жырың анда-санда байқалып қалып жатады. Сол себептен де ұлт ісіне жұрт болып бірігетін күн осы кез деп білеміз. Мысалы, асыл тасты күміспен көмкеріп, оны былғарыға бекіткен томаға, балақбау, ағаштан, жан-жануарлардың мүйізінен жасаған тұғыр, балдақ, жем қалта, су беретін саптаяқ, белдік – бәрі де ұлттық өнеріміздің жауһары екені сөзсіз. Осыны ғылыми тұрғыда дәйектеп, оны нағыз шеберлер жасап, әлемдік деңгейде құс салудан жарыс өткізсек, әлгі өнер туындыларынан көрме ұйымдастырсақ, кімнің де болса көзінің жауын алып, көңілін марқайтары айдан анық.

Кеңес заманының желігімен біраз жерге барып, баршылыққа басы айналып, артынан ақыл кіріп, осы біз кім едік, ілікке алынар неміз бар деген тұста, яғни өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына қарай саятшылық қайта жандана бастаған еді. Қашанда ұлт үшін жаралған ұлт зиялыларының жөні бөлек қой. Ол қай уақытта да көш ілгері жүреді, төңі­регін түгендеп, бардың бағасына жетеді. Оған салтанатты сарайдан, іс басында қарайған лауазым иесінен гөрі, халқының қасиеті, ұлтының үлгісі қымбат. Көп жұрт ескінің сарқыншағы, көненің қалдығы, бұл етекке оралғы, етке таңба, бетке шіркеу деп жүргенде, әлгіндей асылдарымызды ойы озық зиялылар хатқа түсіріп отырған. Соның бір дәлелі деп жоғарыда Әлкей Марғұланның зар сөзін келтірдік.

Сол ұлы ғалым ескерусіз қалды деген дәстүрімізді жаңғырту мақсатында алғаш рет, 1987 жылы: құсбегілік, наурыз, ораза, айт, тағы басқа ғұрыптарымыздың қыр-сырын зерттеп, зерделесек деген ниетпен этнографиялық «Жерұйық» қоғамы құ­рыл­­ған еді. Оның басы-қасында атақты этнограф Жағда Бабалықұлы, Әбілхақ Тұр­дыбайұлы, Әбен Тоқтасынұлы, тағы да басқа ұлтшыл азаматтар жүргенін бі­ле­­міз. Олар сөзбен барды қағазға түсі­румен шектеліп қалған жоқ. «Тірі» көріністі қайтсек халыққа көрсетеміз деп талпынды. Соның алғашқы қадамы ретінде «Сонар-89» атты республикалық салтанатты рәсім өткізді. Ол Алматы қаласының қақ ортасында, қасіреттен аман, халқына адал қызмет етіп жүргенде бабалар үлгісін мұрат тұтып, қыран ұста­ған дауылпаз ақын, нұр төгілген дидарымен, ғаламат серілігімен талайдың таңдайын қақтырған Сәкен Сейфуллиннің ұлы өнегесін жаңғыртып, асқан ұқыпты­лықпен стадионда ұйымдас­тырғанына куәміз. Бұл үлкен сілкініс туғызды. Құстарын ұстап, ат үстінде сап түзеген құсбегілерді көргенде бүкіл жұрт, әсіресе, үлкендер тәубе деп орындарынан тік тұрып, ілтипат танытты. Жастар жағы осындай да дәстүріміз бар екен-ау деп қызыға қарасты.

Сол сәттегі бүркіт, қаршыға ұстаған алдыңғы толқыннан бүгінде қалғандар бірлі-жарым ғана. Олар нағыз тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы еді. Тақтайдай тастың бетінде аттарының тағасы сартылдап, жұрттың дүрмегінен бүркіттері бұл не сұмдық дегендей шаңқылдағанда, шошынып қалар деп басына томағасын кигізіп, «О, Алла, бұған да шүкір! Біздің жанымызды түсінетін жандар бар екен ғой, оларға алғыс, аман болсын!» – деп күбір­легені әлі күнге дейін құлақтың түбінен кетпейді. Ол кезде ілуде біреу болмаса, бүркітшілер санаулы болатын. Олардың өзі шолақ белсенділердің көзіне күйіктей көрінетін. Етектен тартқан ескілік, жаңаға бейімделмеген, желкесі­нің шоры жазыл­маған пенделер ғой деп қарайтын.

Кейбір кедергілерге қарамай, сәтімен басталған істі баянды ету жолында мыс­қалдап болса да, жұмыстар жүріп жатты. Кері тартқандардың беті бері қарай бастады. Менің аталарым бүркітші болыпты дегендер де табылды. Өзіне меншіктей қойсам деген шенеуніктер де шығып жатты. Бірақ ұлтқа тән нәрсе жекенің қор­жынына қайдан сыйсын.

1997 жылы жалайыр Шора атындағы құсбегілер орталығы шаңырақ көтерді. Бұл игілікті іс бұрыннан құсбегілер әуле­ті мекен еткен Алматы облысы, бұрынғы Шелек қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылынан бастау алды. Алтын арқауын сол ауылдағы құсбегілермен көптен бері барыс-келісте жүрген этнограф, ғылыми атағы жоқ болса да энцик­лопедиялық білімімен ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жағда Бабалықұлы, өзге де зерделі азаматтар тартып берді. Барлық жұмысқа ұйытқы болу журналист Бағдат Мүптекеқызына жүктеліп еді. Ол бұл міндетті, яғни бүркітшілердің сайысын содан бері жыл сайын қолдаушы­лардың көмегімен Отанымыздың әр өңі­рінде зор жауапкершілікпен үзбей өткізі­ліп келеді.

Н.Өнербаев, Қ.Сатыбалды, т.б. ұлттық спортқа ерекше зейін қойған азаматтар­дың жанашырлығымен «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының жұмыс істеп жатқанын айта отырып, мұндай жұмыс жалпыхалықтық деңгейде жүрсе нұр үстіне нұр болар еді дегенді назарға сала кетуді парыз санаймыз.

Осы арада мына ір нәрсені де айта кетсек дейміз. Бүркіт, бүркітшілікті елі­мізде алғаш қолға алған Нұра ауылы ме­нің өскен ортам болатын. Жүздеген жылдардан бері құсбегіліктің дәстүрлі арқа­уын үзбей келе жатқан құт мекені­міздегі біз көрген бүркітші Тоқтасын деген қазыналы қария еді. Қашан көрсең де Ақжелке деген қыран құсын «Бопам-бопам!» деп отыратын. «Құстың бабын білмесең түз тағысын қорлама, киесі ұра­ды», деген сөзді жиі естуші едік. «Бүр­кітіңді зар күйіне келтіремін деп әлсіре­тіп алма, семіртіп жіберсең қайыруын біл. Еңбек қылып алған аң-құсынан ауыз тигізбесең, бүркіті қорланады», дейтін. «Адамға көргенінен бермеу қандай қия­мет болса, құсқа да сондай қасірет», дей­тін. Бүркіт қалғып кетсе, үндемей соның ұйқысын бағатын. Балақ жүнінен бастап, басына дейін сипап шығатын. Мәшинеге жолатпайтын. «Жүрегі шайлы­ғады, жал­тақ болып қалады. Құлағы тұнады», деп отыратын. Орта жайлауға, 200 шақырым ұлы жайлауға балдақты ердің алдыңғы қасына байлап, биялаймен қолына қонды­рып аттың үстінде апарушы еді. «Құсты торға қамап қойып, торықтыруға болмайды. Кең далаға алып шығып, кереге қана­тын жаюға мүмкіндік жасап отыруың керек», дейтін. Құстың басынан құс ұшыр­майтын. Ол кісінің бүркітті баптауы ерекше еді. Кейде сүйек жұтқызатын. Жұтып жіберіп, мойнын толғағанда әлгі сүйек күтірлеп кететін. «Міне, қыранның құді­реті осындай. Мұндай құдірет адамда да жоқ!» дейтін. Ол кісінің Ақжелкесіне бір жылы құдасы құда түскенде бүркітін емес, астындағы жүйрік атын түсіп бер­гені бар. «Бүркіт әртүрлі болады», дейтін. Біріншісі, көбіне қыран болып келетін тау бүркіті, екіншісі, дала бүркіті, үшіншісі, ергежей­лі бүркіт дейтін. Бір жылы әлгі серік болып келе жатқан Ақжелкесін аңға алып шыққанда қырдан көріне салып қашқан қасқырды көріп, томағасын тарт­қанда қолдағы қыран талпыныпты. Алып жүр­ген қасқыры ғой деп жібергенде тік көтеріліп барып, қайта құйылып, қасқыр­дың шүйдесіне найза тырнақтарын салып, екінші аяқпен артқы бөкседен алып, екі бүктей бергенде әлгі көкжалдың серігі бір жырадан шыға келіп, бүркіттің басын жұлып алып кетіпті.

Тоқтасын атамызды бүкіл ауылымыз тәте дейтін еді. Тәтеміз бүркітінің қос қанатын қанжығасына байлап келгенде, қоңырқай түсі түтігіп кеткен еді. Біраз күнге дейін ішкі өксігін баса алмай жүрді. Тұғырымен балдақты, томаға мен биялайды өзі жататын бөлменің бұрышына жиып қойды. Аңшылықты серік қылған адамның қолына бұдан кейін бүркіт түсе қоймай, қар бір жауғаннан кейін тазы иттерімен түлкі аулайтын. Алған түлкісі­нен өзі керемет тұмақ тігіп киетін. Қас­қыр ішігі болушы еді. «Көрдіңдер ме от ұрып тұр. Ақ боранда мұртың қисай­майды! Сұлуынан жылуы қымбат қой», дейтін. Ол кісінің киімі сол тұста бір түрлі көрінетін.

Тоқтасын тәтем өмірден озғаннан ке­йін, үлгісін інісі Молдажан мен баласы Әбен жалғады. Қолдарындағы бүркіті туралы сұрасақ, әңгіменің тиегін ағытқанда балақ­тан басқа дейін талдап беретін. «Мынау сұқ саусақ – жембасар деп аталады. Ал мынау – ортаңғы саусақ – сығым, шына­шақ – шең­гел делінеді» дейтін. Ал бүркіт­тің жасына қарай атауларын Әбен аға төмендегіше тарататын. «Бір жас – балапан, екі жас – қантүбіт, үш жас – тір­нек, төрт жас тас­тү­лек, бес жас – мұзба­лақ, алты жас – көк­түбіт, жеті жас – қана, сегіз жас – жана, то­ғыз жас – майтүбіт, он жас – бар­қын, он бір жас – баршын, он екі жас – шөген, осылай кете береді. Бұл – мен білетін аттар. Кейбір бүркітшілер мұ­ны өздерінше құ­был­тып айтады. Қатып қалған не бар», дейтін.

Әбен аға көзі тірісінде көп жақсы азаматтармен араласты. Олармен сыйласты, сырласты. Қадірін білгендердің қатарын­да Кәдірбек (Сегізбаев), Алтынбек (Сәр­сенбаев), Мұхтар (Құл-Мұхаммед), т.б. бар.

Нұра ауылында жас бүркітшілер бар. Солардың ішінде көненің көзіндей болып Сейітжан Байжүнісұлы жүр. Қазір бүр­кітші болғанмен, құстың құдіретін түсін­ген, соны бүкіл өміріне серік еткен құс­бегі жоққа тән. Біз бүркітші кім, құсбегі кім дегенді ғылыми тұрғыдан анықтап алсақ, ата кәсіптің, ұлттық дәстүрдің беті айқындалар еді. Құс ұстағанның бәрі құсбегі емес, әуесқойлар көп. Оларға жалған атақты арқалап құсты қорлама, әліңді біл, босқа әлекке түспе деген байлам айту да керек болар. Дүрмекпен кете берсек, киелі өнердің қасиетін кетіріп алуымыз мүмкін.

Қазақ бағалаған саятшылықтың бірі – тазы ит жүгірту. Ұлтымыздың ұғымында: итті жеті қазынаның бірі, қадіріне жетсең жапа шектірмейді, тек опа береді» деп білген. «Итті тепкен ырысты тебеді» деп шаңырақтың құт-берекесіне балаған. 116 түрлі иттің ішінде қазақтың бай төбетіне жетер ит жоқ, дейтін Жағда ақсақал. Тазыға қатысты саятшылық та өзінше бір әлем. Оны бұл мақаланың аясына кіргіз­бегенді жөн көрдік.

Даланың еркесі мен елдің серкесі тіл табысқан саятшылық дәстүр қазір өрісте­гендей көрінеді. Бірақ жоғарыда әлде­неше рет тілге тиек еткеніміздей толық­қанды елдік биікке көтеріле қойған жоқ. Ортақ тұжырым да жасалмаған. Жылына бір рет «Салбурын» мерекесі өтеді. Соны келесі жылға дейін місе тұтамыз. Заманға қарай бүркітшілік те бизнеске айналып бара жатқандай көрінетіні және бар. Той десе, бабына қарамай қызық үшін бәйгеге қосатын тұлпарларын мәшинесінің тірке­ме­сіне салып алып, ойға-қырға шапқылап жүрген кейбір атбегілер секілді, бәлен жерде жарыс болады десе, құстарын құшақтап бара жатқан бүркітшілерді бай­қайсың. Нағыз құсбегіге қыран қымбат болушы еді. Ол саятқа жүз ойланып, мың толғанып барып шыққан. Бабын келтір­мей баққа ұмтылмаған. Ары-бері томаға­сыз алып жүрмеген. Өтпеді дегеннен гөрі, өтті деген белгі қою үшін ұйымдасты­рылатын шараларды болашақта сиретіп, құстың да, құсбегінің де абыройын асыратын ұлттық саятшы­лықты қалыптас­тырсақ, қазақтың абыройы асып, жер бетіндегі бір қазынасы төрткүл дүниені өзіне қаратар еді. Бұлай деуімізге себеп, ЮНЕСКО саятшылықты: «Адамзаттың материалдық емес, рухани мұрасы», деп таныды. Бұл – үлкен баға. Осы бағаны бағалау қазақ үшін парыз. Соңғы 2-3 жылдың ішінде жалайыр Шора атындағы бүркітшілер мек­тебінің саятшыларын ұлы­британия­лықтар шақырып, осы ұлт­тық дәстүрі­мізді қызықтап жүр. Мынандай бір жағдайға куә болғанымыз бар. Германияда тұратын дәрігер, сондағы бүр­кіт­шілер одағының президенті Нұра ауылына арнайы келіп, тірі құсты көр­генде: «Мынау неткен керемет, тау тағы­сын қолға үйрет­кен адамдардың бойында бір сұмдық қасиет бар шығар», деп жиырмадан аса бүркітшімен тілдесіп, өз еліндегі одақ тек суреттер мен кітаптар­ды, киноларды малданып отырғанын айт­қан еді. Нұра ауылындағы Исабековтер табанақы, маңдай терлерін тегін ұйым­дастырған, қазір көп жәдігер жиналған құсбегілер мұражайын көргенде, Алматы, Қарағанды облыстарында бүркітшілер мектебі жұмыс істеп жатқанын естігенде «Бәрі қазақта екен, қазақта», дей бергің келеді. Ендеше, осындай керемет өнері­мізді, ұлттық дәстүрі­мізді келешекте игілікке жаратсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Атам қазақ ежел­ден-ақ қыранды қасиет санап, бүр­кіт­шіні құрмет тұтқан, «Бүркіт сілкінсе мың пәле кетеді», деген. «Қиядағыны қыран, ұядағыны жылан көреді», «Хас сұңқардың баласы шыңнан тоят тілейді, қас тұлпардың баласы шап­қан сайын үдейді», деп бір қайырып тас­тайды. Осын­дай ұлттық дүниеміздің қадіріне жетсек, бабалар дәстүрін жалғап, кейінгі ұрпақ қолына шашпай-төкпей, сырын кетіріп, сынын бұзбай табыстасақ, ойд­а­ғы міндет орындалып, парызымыз ақта­лар еді.

+1 дауыс
Қыран құстармен аңға шығады. Саятшылықта өнердің бір түрі. Құс салып аңға шығатын адам «құсбегі» -, деп аталады. Құсбегі де табиғаттан берілген сый. Ол қыран құсты тәрбиелеп, олардың табиғатын түсінеді, қай уақытта аңға шығу керек екендігін біледі. Мұндай адамдар қазір де бар, бірақ аз. Қолға үйрету үшін мына қыран құстар ыңғайлы: бүркіт, сұңқар, қаршыға]=. Негізінде аңшы адамдар – құсбегілер бүркітті қолға үйретіп, аңға салған. Түріне, аңға түсу қабылетіне қарап мына түрлерге бөліп, атаған: тастүлек, мұзбұлақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын, т.б. Аңшы құстарды өте жоғары бағалаған. Мұндай құстардың өз жабдықтары болады: құндақ, томағақалпақ, тұғыр, балақ бау, желі бау –байлауыш. Қыран құстарды қолға ұстап, тәрбиелеу үшін өзі бір үлкен ғылыми әдістерді меңгеру керек. Әбден дайын болған бүркітті қыс түскен соң қасқырға, түлкіге, қарсаққа, сайғаққа салған. Жазда, күзде –қазға, үйрекке, қырғауылға, т.б. құстарға салған. Аңшылардың көптен күткен аңға салу күні «сонар» - деп аталған. Сонар – желсіз, ашық күндері. Бұл күндері аңның ізі қарда анық көрінеді. Сонар үшке бөлінеді: 1 – ұзақ сонар, 2- келте сонар, 3 – қан сонар. Қан сонарда аңшының жолы болып олжалы қайтқан. Аңшының аңнан табыспен қайтуы ауылы үшін мереке болған. Олар өздерінің аңшыларын мақтанышпен қарсы алып, оларды мақтан тұтқан. Саятшылық тек қызық үшін уақыт өткізу үшін емес. Ол үлкен өнер.

Ойлы көзбен қарап, зерделі сөзбен санап көрсең, қазаққа тән жақсықасиет мол екеніне көз жеткізесің. Бағалай білсек, бақайдан басқа дейінгі,ондай ұлттық үлгілеріміз жетіп артылады. Солардың қатарында қазақтыңсаятшылық дәстүрінің де лайықты орны бар екенін айту біз үшін зорсүйініш. Содан да құс салатын азаматтарды аттай қалап, атан түйедейқомдап, елдеріне шақырып қызықты сәттерге куә болып жүргендерқатары толыға түсуде. Иә, арғы-бергі тарихқа көз жіберіп, ой тоқтатсақ,құсбегілер біраз елде болған. Бірақ дәл қазақ секілді қалыбында сақтапқала алмаған. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлтымыздың ұлылығынан шығар,ұлттық үлгілерін ұрпағына сырын кетірмей, сынын бұзбай жеткізіпотырған ғой. Мұның әдібін хаттап қағазға түсірмесе де, көзініңашықтығынан даласындай дархан көңіліне бәрін түймедей түйіп,көкейіне сақтаған түп төркінінде арғы қазақтың алғырлығы жатыр. Оғанбұл арада дәлел-дәйек іздеп жатпасақ та тарихи дүниелерден көріп-біліпотырмыз. Жердегіні қойып, көкті шарлаған қыранды қолға ұстап баулуы,алтын арқауды үзбеуі халқымыздың зеректігін, жадының таза екенінкөрсетеді.

Айтар сөздің әлқиссасын саятшы­лыққа қарай бұрсақ, бұл кәсіп басында нәсіпті ажырату үшін пайдаланылса керек. Бірте-бірте ата-бабаларымыз оны бекзат өнерге ұластырған. Биік дәрежеге жет­кізген. Тек­тілігі мен тегеуріні мықты қы­ран құсты баласындай баулып, алақа­нында ұстаған. Сән-салтанат кезінде жұрт­қа көрсетіп, бабына келгенде дала тағысына салған. Сонар кезіндегі ерекше сәттер кімнің де болса көңіліне қанат бітіріп, жан-дүниесіне сезім шуағын шашып, ұлан-асыр қуанышқа кенелткен. Балапан баптап, қыран ұшырудың сондай бір әдемі көрінісін ұлы жазушы Мұхтар Әуе­зов: «Аңшылықтың үміт, қуа­нышы көп. Ыстық оттай қызулы минөті көп, мағы­налы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл – салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз-түніңдей ыс­тық сезім өмір. Өйткені, бір минөттің ішін­де қуанатын да, жүдейтін де сәттерді басынан кешіреді. Соның бәрін айтып жүр­гендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түл­кінің құ­тыл­мақ болған айласына, құс­шының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшы­лық өмірінен ілгері-соң­­ғыдан қалған талай қызықты, жанды сұлу әңгімелер көп», дейді. Ұлттық құн­дылықты тап басып танып, оның кере­метіне шын сүйсініп, түй­сінген адам ғана осылай тамылжытып айта алса керек. Ондай ұлылық осы арада ұлы жазушыға бұйырғанын көреміз.

Саятшылық негізі – қыран баптап, құмай тазы жүгіртуде жатыр. Бұл туралы тарихи жазбаларда қызықты деректер көп­теп кездеседі. Бір ғана мысал, Ба­ба­құмар Хинаят пен Қуаныш Исабековтің «Саят­шылық – қазақтың дәстүрлі аңшы­лығы» (Алматы кітап, 2007) атты әдеби-танымдық кітабын оқып отырғанда оған айқын көз жеткізесің. Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлардан хабардар ететін тастағы ойма суретте құс ұстаған адамдар бейнеленген. Сол секілді Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыс­тардың нәти­жесіне үңілсең де алтын ұстап, темір қорыт­қан ата-бабалары­мыз­дың құсбегі­лікті, тазымен аң аулауды қатар алып жүргенін аңғарасың. Оған Атыраудан бас­тап Алтайға, одан Ала­тауға, Арқаға дейін­гі аралықты алып жатқан құт мекеннің кез келген жерінен табылған құсбегілік туралы деректер дәлел бола алады. Қыран мен сұңқар, төрт аяқты тұлпар бейнеленген алтын құймалар Атыраудағы Аралтөбе қоры­мы­нан, Алматы маңындағы Есік қорға­нынан табылғаны баршаға мәлім.Саятшылық туралы алуан түрлі көрі­ністерді көркем дүниелерден де оқуға болады.
0 дауыс

Құсбегілік – өнердің өресі

Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір салтын басынан кешірген, сол себептен табиғатпен ерекше байланыста болған. Оның сырына неғұрлым енген сайын, тылсым күшіне одан әрі ұғына түсетінің рас. Табиғат сыйлығы көшпенді халық үшін үлкен тылсым күш болған. Демалыс уақытын өткізуде табиғат аясы – таптырмас орын. Құс салған бабаларымыз аңшылық-саятшылықты бойына серік еткен. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған.

Тарихи деректерге сенер болсақ, құсбегілік өнері бұдан үш мыңдай жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен бес жүз сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы он мың құсбегі ұстағанын жазады.

Құсбегілік – өнердің шыңы. Құс – адамның адал досы. Түзден ұстаған құсты үйрететін адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды. Ол үшін, томаға кигізіп, сылап-сипап, жем жеуге үйретеді. Одан соң барып, құсты аңға салады. Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуға мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қан соқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп те атайды.

Бабаларымыздан қалған мұраларды дамыту бізге сын. Өкінішке орай, біздің құсбегілерімізді қолдау аз. Оны қолдау арқылы халқымыздың төл өнерін әлемге таныта аламыз. Өз өнерімізді таныту – халқымыздың жаңа қырынан таныту. Бүгінде дамыған елдер қатарына талпынған халық үшін мұндай халық өнері үлкен әсер бермек. Бірақ бұл оймен құсбегілік өнер қалыс қалды деуден аулақпыз. Саятшылық пен құсбегілікті насихаттау үшін үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қазір елімізде құсбегілікті дамытуға жекелеген адамдар мен қоғамдық ұйымдар әлінше үлес қосып жүр. Десек те, осындай ұлы өнерімізді өз дәрежесінде ұлықтау ұлт болашағына алаңдаған әрбір жанға сын болмақ.

Құсбегілік өнері қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Аңыздардағы құсбегілік өнері өз алдына жазылса, ал бертінде С. Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасында Саятшы Ораздың бір ауылға күн көріс болған саятшылық, құсбегілік өнері сөз болады. Ғ. Мүсіреповтың шығармашылығын биіктен танытқан «Ұлпан» шығармасында аңшы Мүсірептің саятшылық, құсбегілік өнерін серік еткендігі айтылады. Бұл шығармаларда құсбегілік өнердің қыр-сыры анық айтылған. Құсбегілікке шыққан кездегі кеудеге керемет сезім сыйлайтын сәттер сәтті суреттелген. Әдебиетімізді парақтай берсек, бұл қасиетті өнер жайлы жазылған шығармалар көптеп кездеседі.

Рас, қазақ – қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Ендеше, осындай ұлы өнерден қуат алған халық үшін ендігі парыз – өресін танытқан өнерді дәріптеу, келешек ұрпаққа қасиетін бұзбастан, аманат ету.

...