Белгісіз Қазақ тілі | 1.4k қаралды
1.4k қаралды
Олар кімдер? Қандай қызмет атқарған?

2 жауап

Сал-сері — дәстүрлі қазақ қоғамында ерекше өнерпаздықпен байланысты ұғым. Сал сөзінің этимологиясы серіктес жігіттерімен ауылға таяғанда әдейі аттан құлап, ауыл қыздары үйге көтеріп алып кіргенше сал болған адамша тырп етпей жата беретін іс-әрекеттен туындаған. Сал айрықша киімдерімен ерекшеленген. Зерттеуші Ә.Диваев “Салдың үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимей, қарақұрым киізден киім қылып киеді екен” дейді. Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппар мінездері, киім киістері, сән-салтанаты туралы аңыз-әңгімелер көп. Мысалы, Жетісу өңірінде “Дәурен салдың белбеуіндей” деген теңеу қалыптасқан. Ол Ілені кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада екінші ұшы бергі жағада қалады екен деген аңыз бар. Арқадан шыққан Қаспақ сал атын шәйі шүберекпен тұсаса, кей салдардың аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін беретінін ел аңыз қылып айтады. Қазақ халқының ежелгі салттарының бірі — салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс-әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі көрінуі мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы атын әп-сәтте бауыздап тастау, т.б. іс-әрекеттер орындалған. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік, т.б. өнер түрлері сыналған. Мысалы, К.Әзірбаевтан жазып алынған Дәурен мен Қырмызы салдардың бәсекесін айтуға болады. Салдар сайқымазақ, қу-әзілкештер секілді елді күлдіріп, думандатып жүрген. Салдар сияқты серілер де қымбат матадан киім киіп, арғымақ ат мініп, бүркіт баптап, құс салып, қасындағы жігіт-желеңімен ел аралаған. Бірақ салдарға тән ерсі мінез, аттан құлау, елден ерекше күлкілі киімдер кию тәрізді іс-әрекеттер жасамаған. Серілер таза, етек-жеңі жинақы киінген, кербез, паң мінездерімен оқшауланып, жомарттық, алғырлық, білімдарлық қасиеттерімен ерекшеленген, өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық-саятшылықпен айналысқан. Серілер репертуары салдардікінен едәуір аз болған, олар лирикалық әндер, мақтау өлеңдер шығарып, айтыстарға түскен. Серілерді сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деуге болады. Сал-серілер топтаса жүріп, ауыл-ауылды аралаған, ақын, әнші, балуан, т.б. өнерпаз серіктері қатар жүрген. Серілердің бірдей ат мінуі, біртектес киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала әртістеріндей әсер қалдырған. Сал-серілердің іс-қимылы халықтық драма өнеріндегі ойын-сауықтың бір түрі қызметін атқарды. Сал-серілер ақын, композитор, әнші болумен қатар әртістік, бишілік, сиқыршылық, т.б. қасиеттерді бойына жинақтаған өнерпаздар еді. А.Жұбановтың, Ә.Тәжібаевтың естеліктерінде Шашубай Қошқарбайұлы туралы “ат үстінде тұрып баянмен ән салғанда бет-аузын адам танымастай өзгертіп, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қалпағы төбесінде мөңкитін, таяғын сиқыршыдай ойнататын” дейді. Аяғына үлкен сырық байлап өнер көрсеткені үшін “ағашаяқ” деген атқа ие болған Берікбол 6 — 7 түйені қатар қойып, бір жағынан екінші жағына секіріп түсетін болған. Ол қолына ағаш алып, керулі арқанның үстімен жүгірген, шапқан аттың үстінде төбесімен тұрып билеу, шалқалап жерден аузымен тақия алу сияқты цирк ойындарын шебер орындаған.
Жақсы Жауап
Сері сөзінің мағынасы
118,599 сұрақ
305,915 жауап
153,310 пікір
68,352 қолданушы