Белгілі әнші Ұлықпан Жолдасов орындайтын «Алтынай» әні қырғыз аруы Алтынай Сулаймановаға арналған. Белгілі ақын Ханбибі Есенғараева 1991 жылы Қырғызстанның Ош қаласында 180 жыл бұрын қырғыз хандығын басқарған Құрманжан Датқа атты ханшайымның мерейтойына орай өткен халықаралық конференцияға барады. Осы шара барысында қазақстандық қонақты «Алкогольсіз ішімдік және шарап» зауытының директоры Алтынай Сулайманова күтіп алып, бірнеше күн қасында жүреді.
Ақын елге оралған соң жанының тазалығымен, елгезектігімен тәнті еткен Алтынайға арнап өлең жазады.
- Алатаудың маралы,
Жұлдыздайын жоғары.
Алтын сенің садағаң,
Алтыннан да бағалы, - деп келетін жолдарға сазгер Құралай Сәтмұхамбетова әдемі ән шығарады.