Қожа Ахмет Яссауи – ұлы орта азиялық ақын-сопы. Қожа Ахмет Яссауи өмірбаяны

2 ұнайтын 0 ұнамайтын
18.4k қаралды
Қожа Ахмет Яссауи – ұлы орта азиялық ақын-сопы және дін уағыздаушы. Қожа Ахмет Яссауи өмірбаяны
Тұлға, Адам сұрақ қойды | 18.4k қаралды

2 жауап

3 ұнайтын 0 ұнамайтын
Жақсы Жауап

Түркі халықтары әдебиетіндегі есімі ең жиі ауызға ілігетін, ең көп зерттеу нысанына айналдырылған шығармашылық иесі – Қожа Ахмет Яссауи. Бұлай деп сеніммен айтуымыздың тарихи-танымдық негізі бар: Яссауи түркілер тарихындағы көрнекті ақындардың бірі ғана емес, ол – түркі сопылық тариқатын қалыптастырушы, әрі түркі сопылық поэзиясының негізін салушы.
Ежелгі Сайрам (Испиджаб) қаласында дүниеге келген Яссауи рухани тәрбиенің алғашқы сабақтарын өз әкесі Ибрахим шайхтан алады. Әкесі дүниеден өткен соң, Арыстан бабтан аманат-ілімді қабылдаған болашақ Түркістан пірі біршама уақыт Йасы (Түркістан) қаласын мекен етеді. Есейе келе ілім іздеп, өз хикметтерінде айтылғандай, «Хорасан, Шам, Иракқа сапар шеккен» Яссауидің өмір жолын бірқатар деректер Бұхаралық атақты сопы Жүсіп Хамаданимен байланыстырады.
Өз дәуірінің көрнекті ғұламаларымен, мәшһүр сопыларымен сұхбаттас болған, сопылық тәжірибесін жетілдіріп, рухани кемелдену сатыларын өткерген ақын толысқан шақта Йасыға оралады. Сонда тұрақтап, тариқат ілімін таратады, өзінің ғибратты хикметтерімен мәшһүр болады. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жеткізген Яссауи 63 жасқа келгенде «Мұстафаға матам /аза/ тұтып» жер астындағы құлшылық мекеніне – қылуетке түседі. Сопы ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілетін Яссауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған. 
«Диуани Хикмет». Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикмат». (Хикмат жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді. «Диуани Хикматтан» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.

«Сен Хақты сүй зәкір болып, шәкі* болып,
Нәпсі көзін ой сахарда, аһ ұр келіп,
Дүниені қой Баязиттей пақыр болып,
Хақ Жамалын көрсетпесе кепіл болам». 
Қожа Ахмет Яссауи

Қожа Ахмет Яссауи – сопылық түрік тармағының қадірлі басшысы, ойшылы, ақын. Оның «Диуани хикмет» («Даналық кітабы» - көбінесе «Хикметтер» атауымен қысқартылып қолданылады) шығармасы сақталған. Биографиялық деректері үзінді түрінде.  Нақты қайтыс болған мерзімі белгілі – 1166 жылы. Ахметтің әкесі Ибрахим Сайрамда атақты шейх болды.

Қожа Ахмет Яссауи 1103 ж. Испиджабта (қазіргі Сайрамда) туған. Алғашқы білімді өзінің әкесі шейх Ибрахимнан алған. Одан әрі білім мен тәрбиені оған ханафит мазхабынан белгілі ғалым Баха ад-Дин Испиджаби берді. Осыдан кейін Отырарға атақты Арыстан бабқа барады, ол сол кездері жергілікті мубайлықтардың басшысы болды. Қожа Ахмет Яссауи одан тұрмыстық және рухани даналықты асқан ұқыптылықпен қабылдады. Ұстазы қайтыс болғаннан кейін бүкіл әлем мұсылмандары ислам күмбезі деп атаған Бұқараға жол тартады. Ол мұнда, сол кездері өздерін Алланың рухымен бірігуді іздеуге бел буған мистиктердің белгілі мектебін басқарған  атақты шейх Қожа Жүсіп Хамадани тұлғасынан лайықты ұстазын табады. Бұған шейх-сопылар оларды шақырды.
Ахметтің тұлға ретінде рухани қалыптасуына және оның генеологиясына қатысты аңыздардың түрлі нұсқалары бар. Сопылық сияқты ислам бағытындағы идеялар мен символдар әлемінің өзіндік бейнесі бар екенін атап өту керек.  Олардың біріне сәйкес Мұхаммед пайғамбар қайтыс болар алдында, халықты жинап алып, мынадай сұрақ қойды: «Кім өзіне  менің аманатымның (таспиқ) символын алып, менің ісімді жалғастырады?». Ұзақ өмір сүрген Арыстан баб шығады. 500 жыл өткеннен кейін далада Арыстан Бабқа 11 жасар ұл бала кездеседі де, ешбір алғысөзсіз: «Ақсақал, алла жарылқасын, менің аманатымды беріңізші» дейді. Бұл бала – Ахмет Яссауи еді [1]. 
Сопылық исламда жаңа мистика-аскетикалық ағын болды. Орталық Азияда сопылық IX-X ғғ. кең таралған, бұл ордендерге рәсімделген жеке сопылық мағынадағы мектептер құрумен көрінді, олардың басында араб тілдес елдерде – шейхтар, иран тілдестерде - шейхтар мен пирлар, ал түркі тілдестерде шейхтар, пирлар, ишандар, баба, ата деп аталатын тәлімгерлер тұрды.  Орталық Азияда анағұрлым кең таралған ордендер - накшбандийа, йассавийа, кубравийа. 
Осыған орай мубайлықтар, исмайылдықтар, караматтардың діни бағыттары шафиттік, ханафиттік мазхаба және т.б. ғалымдарымен бір мезгілде өмір сүрді. 
Қожа Ахмет Яссауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Яссауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. «Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда». Осы хикмет жолындағы «дертсіз адам» адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. «Ашқсыз адам» – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Яссауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде «Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май» болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Яссауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол «Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін» – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. «Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар» деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Яссауи ілімі – дін, мазһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымында «дертті адам», «топырақ адам», «кемел адам», сондай-ақ, «ғарип адам» тұлғалары да дәріптеледі [2, 102 б.].
Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Яссауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: «Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде» – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Яссауи «Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғын» дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. 
Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали «өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың» дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту «ашқ» мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. «Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен…» «Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фани…» Бұлар – «өлмес бұрын өлу» философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Яссауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, «шынайы өмір» деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды «өлілер» және «тірілер» деп қарауға болады. Бұл жердегі «өлі» және «тірі» ұғымы рухқа байланысты. «Өлілер» – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. «Тірілер» – нәпсілерін жою арқылы рухтарына «өмір» сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер [3]. 
Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан, Қожа Ахмет Яссауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның «ішкі еркіндігі» шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында «моральдық еркіндік» дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Яссауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Яссауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы «халдер» мен «мақамат» категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа «ішкі құлдықтан» құтылу және «ішкі еркіндікке» жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Яссауи ілімі бойынша, «өлілер» мен «тірілер» ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – «еркіндікті аңсаушылар». Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – «еркіндіктен қорқатындар». Бұлар – нәпсі, мансап, байлық, атақ, дүние, адамға, т. б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу [4].
Қожа Ахмет Яссауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай «Зікір» арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Яссауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша «инсан», яғни «ұмытшақ» екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста «қалу бәла» серті («… мен сендердің Жаратушың емес пе едім» деген Тәңірінің сұрағына рухтардың «Ия, әлбетте» деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Яссауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған «сопылық ағым» ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Яссауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, «адамша тіршілік ету өнерін» меңгере алады (қазіргі «Диуани хикмет»).
Қожа Ахмет Яссауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана «шындыққа», «жан тыныштығына» қауышады. Қожа Ахмет Яссауи ілімінде «жан тыныштығы», «шындыққа жету» адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін өзі меңгеруге қолы жетіп, «Кемел адам» тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Яссауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменолсы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстындар мистикалық институттармен тұтасып, «халық діндарлығы» түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Яссауидың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның «құрма» символизмі арқылы Мұхаммед (ғ. с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың «себеп» болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей «жерасты мешітіне», яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады. Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. «Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады» деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Яссауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Яссауи ше хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әмре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Яссауи сарыны байқалды. XII ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Яссауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан [5].
Қожа Ахмет Яссауи  XII ғасырдың басында өзінің алғашқы шәкірттерін түрік әлемінің түрлі қиырларына жібереді. Қызынан туған өзінің жиенін  Ахмет Сопы – Қайалыққа, Хәкім ата Сүлеймен Бақырғаниды Үргенші қаласына жібереді. Ахмет Яссауидің сыбайластары мен шәкірттері: Хәкім ата (582/1183 ж. қайтыс болған) және Саид Ата (615/1218 ж қайтыс болды) өз шейхтарының рухани әдісін Сырдария мен Жайық бассейндеріне, Хорезмде және тіпті Шығыс Түркістанға  таратты. Яссауи ілімінің таралу процесі Орталық Азияның далалық аудандарын исламдандырумен қолма-қол  жүрді. Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген кезде оның шәкірттерінің арасында 12 мың таңдаулы және 99 мың қарапайым халықтан шыққандар болды. Оның Яссы қаласында 40 ханаках-чилляханы («шіркеу», сопылық үшкіруге оқытатын 40 күндізгі курстардан өтуге арналған арнайы оқу орны) болды, онда түрік әлемінің әр түкпірінен келген көптеген зерттеушілер оқыды. 
Қожа Ахмет Яссауи барлық өмірін, барлық күш-жігерін көптеген діни ағымдардың аясында рухани бірлік құруға арнады. Ол тек діни қайраткер ғана емес, сондай-ақ, тамаша ақын, философ болды, қоршаған ортаның барлық жағын шынайы түрде жайлап байқады. Оны бәрі: қауымдық өмір де, билеушілер тағдыры да, халықтың өзінің тағдыры да толғандырды. Ақылды адам бола тұрып, ол өмірді барлық тұрғыдан түсінді: сыртқы – ойшыл ретінде, ішкі – табиғаттың жоғары рухымен байланысы бар рухани тұлға ретінде түсінді. 
Қожа Ахмет Яссауидің шығармалары – өлеңдер, жинақтар, рисальдар жергілікті тұрғындар арасында  кеңінен белгілі болды. Ол тек рухани тәлімгер ретінде ғана емес, сондай-ақ, дана мемлекеттік қайраткер ретінде де қатысты. Өзінің рухани уағыздарында, өлеңдері мен трактаттарында, халыққа өзінің ашық сөзін айта алатынын сезген кезде қазіргі қажеттілікке үн қатты. Қожа Ахмет Яссауи басқа нанымдағы адамдарды төзімді болуға шақырады:  
Сүндет емес кәпір болса, берме азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.

Аңызға сәйкес Яссауи Тәңірге қызмет ету үшін  қауымдық қарбаластан кетуге мәжбүр болады. Ол Яссы қаласының жер асты кельясына, мешіттің жанына қоныстанады, онда қалған өмірін өткізеді. 1166/67 ж. Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болады және ұлы киелі адам ретінде Яссы қаласында ол үшін жабдықталған кесенеде жерленеді, ол соңында мұсылмандардың жаппай қажылықтары мен табынатын орнына айналды.
Қожа Ахмет Яссауи құрған бата беру мектебі білімге шөлдегендердің тартылыс орталығы болды. Оның беделінің арқасында Түркістан Қазақстанның ең маңызды орта ғасырлық ағарту орталығы болды. 
Оның «Диуани хикмет» еңбегі – діни сопылық әдебиет ескерткіші ғана емес, олар көне түркі тілдес ескерткіштердің бірі болып табылады және көптеген түркітанушылардың пікірінше қарахандық әдебиет дәстүріне жатады. Олардың өлеңдерінің бастауы түрік көшпенділерінің шамандық өлеңдерінде де болады. Оның өлеңдерінің тілінде қыпшақ элементтері бар. Атақты «Диуани Хикмет» - түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы, олар ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа таралды, халықты адалдыққа, әділдікке, мейірімділікке және шыдамдылыққа шақырды.
Осы шығармада Яссауи тарикатының негізгі ережелері жалпыланған. Хикметтерді ислам уағыздады және халық арасында мұсылмандықтың нығаюына ықпал етті. Түркі тілдес халықтардың арасында «Диуани хикметті» «Құраны түркі» деп атады, себебі нақ солар Құранды Қожа Ахмет Яссауи «Хикметтері» арқылы қабылдады, сондықтан түріктер оны  - «Хазірет Сұлтан» - «Қасиетті Сұлтан», ал Түркістанды екінші Мекке деп атады.

 "Бісміллә" деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен "дәптер сәни" сөзін аштым, міне.

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.

Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді дәмдес болғыл.
Махшар күні құзырына жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.

Ғашық есігін Мәулім ашты, маған сыйлы,
Топырақ қылып әзір бол деп мойнымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып, жүрек, бауырым тестім, міне.

Осылайша Яссауи – Алланы исламда мистикалық танудың «түркі» жолдарының (тарикат) негізін салушы. Оның барлық тіршіліктің тұтас мәні туралы, жақындық және тіпті Құдайды өз санасымен тану процесінің тепе-теңдігі туралы, пайымдау, Құдаймен қарым-қатынас, бірігу жолдарында жеке рухани тәжірибе қажеттігі туралы идеяларының маңыздылығын мойындай отырып, зерттеушілер осы идеялардың халықтық дүние танымдарына бейімделуін атайды. Бірақ барлық айтылғандардан басқа, Яссауи қарапайым халыққа түсінікті және жақын көркем сөздердің үлкен шебері ретінде араб-парсы-түркі тілдік өзара әсер етісу процесіне қатысу тұрғысынан рухани мәдениет тарихына енді. Яссауи шығармалары – барлық түркі халықтарының жалпы рухани игілігі. Әлі күнге дейін түріктер «Хикметтер» мәтінін аудармасыз түптұсқада оқи алады. «Хикметтер» өздері құрған қауымды біріктірудің идеологиялық негізі болды. «Хикметтерден» алынған үзінділер Яссауи зікірі (сопылық үшкіру) кезінде ән боп айтылды, олар жиі белсенді дене қимылдарымен және қатысушылардың экстатикалық тәртібімен (асма) қатар жүрді. Зікір тақырыбы Ахмет Яссауидың хикмет-ғибраттарында да маңызды болып тұрады. 
Зікір (араб тілінен аударғанда - «еске алу») — Алла атынан тұратын намаз сөздерін көп рет айтумен шектелетін исламдық рухани практика. Зікір исламда көбінесе сопылықтың медатациялық практикасы ретінде дамыды. Сопылар зікірді «барлық мистикалық жолдар негізделген бағана» деп атайды.  Зікірді айтқан кезде орындаушы ерекше ырғақты қозғалыстар жасау, белгілі бір намаз қалпын (жалса) қабылдауы  және өзінің демін бақылауы қажет. Зікірді көбінесе фикраға, сол арқылы өзі туралы және Құдай туралы «үнсіз» ойлану немесе медитацияға қарама-қарсы қояды. 
Зікірді келесі түрлерге бөледі: жаҺри (жали) зикр – тілмен айтып еске алу; хафи зикр – іштей оймен еске алу. Еске алуды немесе жалғыз, немесе сопы қауымы өкілдерінің жалпы жиналысында жасауға болатын [мәжіліс әз-зікір]. Кейбір бауырластар (мысалы, шадилийа, халватийа, даркава сияқты және т.б.) оңашаланған зікірдің, яғни мистикалық «жолдың» аяғына жақындағандардың басымдығын атап айтты, оны олар «[Құдайдың] қалаулылар зікірі» (зикр әл-хавасс) деп атады.  Басқалары (мысалы, Алжит мен Тунисте рахманийа) оңашаланған еске алу «қаупін» нұсқады және оны ұжымдық зікірмен үйлестіруге кеңес берді, ол тақуалардың үлкен «жиналыстары» (хадра) кезінде де, сондай-ақ шағын «үйірмелерінде» де (халка) жөнеле алады. Ұжымдық зікір ережелері кейбір бауырластықтарда оларға қатысушыларға белгілі бір қалыпты және дем алуын бақылауды ұйғарады. Мұндай «еске алулар» өзінше литургияны еске түсіреді, ол бауырластықтың негізін салушы өсиет еткен құран аяттарын немесе намаздарды айтудан басталады. Мұндай бастама хизба немесе вирда деп аталады.
Зікір сөзі Құраннан алынған, онда ол, жеке алғанда, келесі өлеңдерде кездеседі: «Сен Құдайыңды ұмытып қалсаң, еске түсір [узкур]» (18:24) және «О, Құдайға сенгендер! Алланы [узкур] жиі еске түсіру арқылы еске алыңдар» [зикран касиран] (33:41). 
Халладж, Мұхамедтің Құдайдың тағына (мирадж) «түнде шығуын» сипаттай отырып, «зікір бағы» арқылы баратын Құдай жолы, шын мәнінде өз тағдыры туралы және Құдай (фикр) туралы «ойлау жолдарымен» мәні бірдей дейді [6].
Осылайша, Яссауи сопылығының бірінші ерекшелігі - халықтығы немесе түркі тілдес халықтарға үндеуі. Бұдан оның екінші ерекшелігі– түркі тілінде тарату шығады. Яссауи  алғаш рет ислам әлемінде түркі тілін зікір салуға пайдаланады, дегенмен исламның басты ережелері, бұрынғыдай араб тілінде жеткізіледі. Жеке алғанда, Яссауи туған халқына ана тілінде айту үшін өзінің «Хикметтерін» жазады. Өз кезегінде нақ осы жағдай Түркістан ареалында яссауилықтың атағын қамтамасыз етті. Түрік әдеби тілі және философиялық терминология Яссауиден (және Жүсіп Баласағұн) басталады. Оның үстіне, Яссауи тілінің аналитикасында шеттен алуға ғана емес, сондай-ақ, жеке түрік лексемаларын когнитивті байытуға да көңіл бөлді. Мысалы, қарапайым сөзбен айтқанда «ата» мағынасындағы «ата» сөзі енді рухани тәлімгер, шейх дегенді білдіре бастады. Сонымен Сүлеймен Бақырғани халық арасында «Хәкім ата» ретінде белгілі. Егер Қорқытты аңыздарда жай ғана Қорқыт деп емес, Қорқыт ата деп атаса, біз соңғысында тек данышпан немесе музыкантты ғана емес, белгілі бір сопылық мағынаның басшы деп білеміз [7]. 
Бұл шындықтан онша алыс емес деп ойлаймын, себебі, Яссауи орденінің үшінші ерекшелігі өз үшкірулерінде музыканы кеңінен пайдалану болды. Хусам-ад-дин Сығнақи «Рисалада», «шейх Ахмет Яссауи жүз жетпіс маңдай алды және нағыз ұстаздар қызметінде болды және олардан иджаз немесе өз бетінше уағыздауға рұқсат алды. Сол дереккөзіне сәйкес ол олардың (яғни осы ұстарздардың) жарлықтарының иесі болды және олардың әрқайсы оған өз хиркаларын кигізді – сопылық мектептердегі сабақтастық символы. Ол олардан «зикр-и-джахр» (қатты зикр), «самаў и ракс» - салттық билердегі музыкалық үшкіруді қабылдады».
Яссауи мектебінің келесі ерекшелігі – еркектермен бірдей діни әрекеттер жасаған әйелдердің үшкіруге қатысуы. Бұл ортодоксальдық орталарда жағымсыз реакция тудырды, бірақ Яссауи бірлескен зікірдің қабылдарлық екенін дәлелдеді.
Теориялық негіздерге келетін болсақ, Яссауилік жетілу жолы негізгі төрт кезеңнен тұрды: 1) шариғат, 2) тарикат (жеке жол), 3) хақиқат (Жолдың соңында Ақиқатқа жету) және 4) маўрифат, яғни Болмысты толық және абсолютті білу және құдайшыл әлемнің құпияларын ашу, Құдайды жоғалу.
Яссауиде Жолды жүріп өту басқа өңірлердің сопылық тарикаттарының ішіндегі ең күрделісінің бірі болды. Мысалы, ескерілген төрт кезеңнің әрқайсысы тағы да он жеке «тұрақтарға» - мақамға бөлінді. Осы тұрақтарды игеру төтенше қиын іс болды. Қожа Ахмет өз шейхтарына, егер олар жетпіс ғылымды білмесе, жетпіс тұрақтан өтпесе, олар пұттан жоғары тұрмайтынын ескертті.
Аңыз бойынша Яссауи Мұхаммедтің ізбасары болған. Пайғамбар дүниеден өткен кез 63 жасқа жеткенде Яссауи жерасты мешітінің еркін сопысына айналып, қалған өмірін бата және уағыз оқумен өткізеді. Яссауи Арыстанбаб пен Юсуф Хамаданидан білім алады, сопылық негіздерін, араб, шағатай және араб тілдерін, поэзия мен Шығыс әдебиетін оқыған. Өзінің туған қаласы Яссыда сопылық «Яссауи» орденінің негізін қалайды. Өз ілімінде ол тақуашылық, төзімділік, мейірбандылық, әділдік пен адалдықты дәріптеді. Қожа Ахмет ислам және түбірімен тарихқа терең тартылған дәстүрлі түркі халқы ілімдерін үйлестірді. Яссауи мен оның шәкірттерінің арқасында сопылық арқылы ислам Орта Азия аумағына кеңінен таралды.
Яссауи дүниеден өткеннен кейін оның мазары орнында кесене тұрғызылды, бірақ уақыт өте ол әбден тозады. Яссауи өлімінен 233 жыл өткеннен кейін Орта Азияның қуатты билеуші Әмір Темірдің бұйрығымен жаңа кесене салынады.
1389, 1391, 1394, 1395 жылдары көптеген қантөгісті шайқастарда Темір (Темірлан) Алтын орданы талқандап, оның астанасы Сарайберкті өртеп жібереді. Осы жеңістің құрметіне қолбасшы сол кезде әбден тозығы жеткен Ахмет Яссауидің ескі кесенесінің орнына жаңа, орасан зор мемориалды кешен салуға шешім қабылдайды. Бұл шешімді қабылдағанда Темір діни сенімдерді ғана басшылыққа алған жоқ. Кесене салуға бұйрық бере отырып Темір бір жағынан ұлы уағызшыға құрмет білдіргісі келсе, екінші жағынан жаулап алған аймақтарда дала көшпенділерінің арасында абыройын көтеру арқылы өз билігін күшейткісі келді. Кесене құрылысы жөніндегі жазба дереккөзі «Жеңіс кітабы» ("Зафар-наме") болып табылады. Тарихшылардың айтуынша Темір кесене жобасына өзі қатысты [8].
Сопылықтың маңызды ерекшелігі әулиелер ғибадаты болып табылады.   Бабалар ғибадаты баяғыдан түріктер менталитетінің маңызды құрамды бөлігі болып табылды. Түрік мифтерінде бабалар бейіттері қасиетті, табыну орны болып табылады. Мұндай орындарды Құдайдың өзі барлық бақытсыздықтан жасырған деп саналған. Даладағы көштер ескі бейіттердің басына түнеуді жөн көрген, солардың жанында өз сөздерінің шындығына және сенімділігіне ант берді. Жерленген жердің жанында намаз оқу маңызды қазақ салттарының қатарына жатады. Бейіттің жанынан ағаш өссе, ол қайтыс болған адамның киелігінің куәсі болған. Сыйынатын қазақтар осы ағаштың бұтақтарына маталардың жолақтарын байлап, Алланы еске алып, одан өз тілектерін орындау туралы немесе аурудан құтқару туралы сұрайды. Сондықтан Яссауи бауырластар орталығы әдетте барлық Орталық Азия бойынша таралған атақты Яссауи шейхтары молаларының маңайына, жеке алғанда Қыпшақ даласында, Қазақстанның оңтүстік аумақтарында: Түркістан мен Шымкентте орналасқан.
Сопылық тарихын зерттеушілердің пікірінше, сопылық IX-X ғасырларда Таяу және Орта Шығыс елдерінде, Солтүстік-Батыс Африкада кеңінен таралды. Жалпы ірі суфиилік мектептер  VI/XII - IX/XV ғасырларда пайда болып тарала бастаған (қадириттер, яссауишылдар, рифаитттер, сухравардиттер, чиштиттер, шазилиялықтар, мавлавитшілдер, бадавиттер, дасукиттіктер, нақшбандияшылар, хальватиттер, байрамиттер, бекташылар).
Ислам дініндегі сопылық бағыттың таралу тарихына келетін болсақ, онда сопылық ілімнің түркі халықтары арасында таралуының бастауын XII – XVII ғасырларға жатқызуға болады. Түркістан, Бұқара қалалары сопылық ілімнің түркі, парсы тілдес халықтардың арасында таралуында зор рөл атқарды. 
Орталық Азияда сопылықтың Баха ад-дин Нақшбанд (Нақшбандия), Әбд әл-Қадир Жейлани (Қадария), Наджм ад-дин Кубра (Кубравия), Қожа Ахмет Яссауи негізін қалаған тариқаттар таралған. 
Қожа Ахмет Яссауидың даңқты еңбегі "Диуани Хикметте" негізінен төрт нәрсеге аса көңіл бөлінеді. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат. "Шариғат" ислам дінінің заңдары мен әдет ғұрыптарының жинағы, "тарихат" сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, "хақихат" құдаймен бірігу оған жақындау, "мағрифат"— дін жолын танып, оқып білу. Ахмет Яссауидің пікірінше "шариғатсыз", "тарихатсыз" "мағрифатсыз" "хақиқат" болуы мүмкін емес:
... Ути ғүмырым шариғатқа неталмадым, 
Шариғатсыз тарихатқа уталмадым, 
Хақиқатсыз мағрифатка баталмадым, 
Катиг иуллар пырсыз ничук утар достлар.
... Өтті өмірім шариғатқа жете алмадым, 
Шариғатсыз тариқатка өте алмадым,
Хақихатсыз мағрифатка бата алмадым, 
Қиын жолдар пірсіз қайтіп өтем достар...
Яссауи өз хикметтерінде сопылық дін ілімі туралы өте көп әрі шын беріле айтады, ол бұл шын мәніндегі білім деп айтады, ал сопылықтың барлық ұсақ-түйегін білмейтін адамды ол "надан" "түк білмейтін","жалған сүюші", "жалған сопы деп есептеді.
"Менің асыл хикметімді жаны ауырмасқа айтпағын, Баға жетпес інжуімді құнын білмеске сатпағын", — деп, бар жан-дүниесімен сопылыққа берілген Яссауи, "егер мен басымнан  айырылсам да, бұл жолдан маған жалт беру жоқ", - дейді.
Ахмет Яссауи арқылы сопылық түркі тілдес халықтардың рухани танымында шешуші орын алды. Сопылық философиялық жүйе ретінде адамдардың дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал жасады. 
Яссауи тариқатында «Жария зікір» - дауыстап зікір салу дәстүрі болған. Қожа Ахмет Яссауи көз жұмғаннан кейін, Яссауи тариқаты бірнеше ғасырдан соң жойылған. 
XV ғасырда Яссауи тариқатының орнын басқан Мухаммед Баһауидин Нақшбанди сопылар үшін «жария зікір» жасауға тыйым салған. Нақшбанди тариқатының ұстанымы – зікірді іштей айту. Орталық Азия халықтары арасында нақшбандия тариқаты, Солтүстік Кавказ халықтар арасында – қадария тариқаты кеңінен таралды. Сопылық ілімінің негізгі тіректері: шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқат. Шынайы сопы осы жолдардан өтуі тиіс. Сопылықтың негізгі ұғымдары-Таухид, Тәуекел, Шүкіршілік, Тәуба, сабырлылық, амал-әрекет, пақыр, махаббат, ғашықтық, мағрифат (таным), талап және т.б. Сопылар Жаратушыны тану және жаратушыға деген махаббатқа жету жолында руханилық және ішкі тазалыққа мән береді. Сопылық ұғымы ислам аясындағы аскеттік және мистикалық ағымын көрсетеді. Орталық Азияда сопылық тариқаттары XII-XVII ғасырларда пайда болды. Яссауи тариқатының түркі халықтары арасында ислам дінінің таралуына өзіндік орны бар. Яссауи тариқатының негізінде - бекташийа тариқаты пайда болды. Бекташиа тариқаты қазіргі кезде Балқан аймағындағы мұсылман халықтары арасында әлі де сақталған. Сопылық XVIII ғасырда Солтүстік Кавказға дейін жетті. Сопылық – нәпсіні тежеп тәрбиелеу жолымен кемелдікке жету. Сопылық ілімінде жүрек адам болмысындағы маңызды орган. Сопылық-бұл тақуалық пен көркем мінезділікке тәрбиелейтін білім жолы.

жауап берді
0 ұнайтын 0 ұнамайтын
Қожа Ахмет Яссауидің Диуани хикмет яғни Даналық кітабын білетін кім бар. Мүмкін болса жазыңыздаршы.
Nurshat жауап берді

Сіздің жауабыңыз

Есіміңіз:
Құпиялық: Email поштаңыз тек сізге хабарлама жіберу үшін ғана қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Он бірге бесті қосыңыз?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз

Ұқсас сұрақтар

0 ұнайтын 0 ұнамайтын
0 жауап
Онлайн Чат
115,829 сұрақ
293,615 жауап
152,783 пікір
59,739 қолданушы