0 дауыс
50.9k көрілді
Ахмет Байтұрсынов өмірбаяны жазсаңыздар?

5 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Ахмет Байтұрсынұлы

Байтұрсынұлы Ахмет (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8 желтоқсан 1937, Алматы қаласы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі [Ерғазы] Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер ,білімді тұлғаның бірі болған.

Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.

Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.

Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынұлы 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ к-ттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды.

Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынұлы пен Дулатұлы қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.

Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.[3]

Ахмет Байтұрсынұлы

Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.

1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.

1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1926 ж. Бакуде болып өткен "Бірінші Түркологиялық Құрылтайдың" президиумы мүшесі - Ахмет Байтұрсынұлы

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамыза тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум. сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.

Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсынұлының Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.

Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми- зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеум. мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.[4]

Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіш, Алматы, 1998
Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «[[Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген. Б. қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Байтұрсыновтың 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент 1922 жылы қалаларында салтанатты түрде аталды. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатұлы, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі ... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды. 1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында]]» (Мәскеу) Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. 1933 жылы шыққан М.Баталов пен М.С.Сильченко|Сильченконың «Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері» деген кітапшасында: «оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды» деп Б-ның қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Б. есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академиг А.Н.Кононов «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсынұлының толық өмірбаянын беріп, әлеум.-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлы есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай университеті Байтұрсынұлының есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

+2 дауыс
Ұлы ағартушы демократтар Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаевтың көздерін көрмесе де, ұлағатты сөздері-шығармаларымен сусындап, олардың ұстаздық ісін, ақындығы мен аудармашылығын XX ғасырдың басында азаматтық жүрегімен қабылдап алып, жемісті жалғастырған қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы сан ғырлы та­лант иесі еді. Ақын, аудармашы, педа­гог, публицист, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен еңбектері төңкеріске дейінгі кезеңде-ақ қалың ел, дүйім көпшілікке кеңінен мәшһүр болатын. Ол шынында да қазақ халқының «рухани көсемі» М.Әуезов болған айрықша санаткер еді.

Өмір белестері

Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай уезінің қазіргі Қостанай облысы Тосын болысында дүниеге келген. Әкесі қарапайым шаруа болғанымен кез келген зорлықшыға кеудесін бастырмаған намысты азамат болғанға ұқсайды. Бұған Байтұрсынның патша әкімдерінің әділетсіздігіне көнбей, ояз бастығына қол көтерем деп Сібірге жер аударылуы дәлел. Бұл оқиға бала Ахметтің жүрегінде өшпестей таңба қалдырған өмірдің алғашқы ауыр сабағы болар, сірә.

А. Байтұрсынұлы 1886-1895 жылдардаТорғай, Орынбор қалаларында оқып, мұғалімдік мамандық алып шығады, сөйтіп, бұдан бергі 13 жыл бойына, яғни, 1909 жылға дейін, ол Қостанай мен Қарқаралы өңірінің мектептерінде, сондай-ақ екі класты училищеде ұстаздық етеді. Жас ұстаздың көңіл-қиялымен үйлеспейтін өмір шындығымен бетпе-бет кеп, талай рет әкімдермен, ел ағаларымен айтыс-тартысқа түсетін шағы да осы кез. Ел ішінде Ахметтің есімі ұстаз ретінде ғана емес, әділетшіл азамат, сондай-ақ ақын ретінде де мәлім бола бастайды. Озбырлық иелеріне ойларын ашық айтқаны үшін жас педагог қуғынға да ұшырап, 1909 жылы түрме дәмін де татады. Осы жылы тұңғыш жинағы – аударма кітабы «Қырық мысал» жарық көреді.

Ахмет өміріндегі жаңа кезең 1910 жылдан басталады, ол осы жылы мұғалімдікті қойып, ақындық пен әлеуметтік күрес жолына түседі. 1913-1917 жылдар аралығында ол Орынборда «Қазақ» газетінің редакторы қызметін атқарып, газет беттерінде үлкен-үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, халықты өнер-білімге, мәдениетке, елдікке шақырудың ұйытқысы бола білді, дарынды публицист ретінде кеңінен танылды. Бір өкініштісі, өткенге коммунистік идеология тұрғысынан қараудың кесірінен соңғы жылдарға дейін «Қазаңқ газеті ұлтшыл-буржуазиялық сипаттағы басылым болды деп біржақты бағаланып келді.

Сөйтіп, ол 1919 жылдың көктемінде кеңес жағына шығып, қазақ өлкесін басқарушы орган – Қазақ революциялық комитетінің құрамына еніп, сан сала саяси-әлеуметтік істерге белсене араласады. Бұдан кейінгі өмір жолында өзі қайта қудаланған 1929 жылға дейін ол білімі мен тәжірибесін жаңа заман мақсатына аямай жұмсайды, республика халық ағарту комиссары, жоғары оқу орындарында ҚазПИ профессор оқытушы қызметтерін атқарады. Бұл кезеңде ол мейлінше жемісті творчестволық еңбек етіп, педагогика, әдебиеттану, әсіресе, тіл білімі салаларында құнды зерттеулер, оқулықтар жазады. Республикаға үлкен ғалым, ірі педагог, көрнекті әлеуметтік қайраткер ретінде танылады.

Осындай әлеуметтік-творчестволық тұлғасы қалыптасқан шағында ол 1929 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 5 жыл айдау азабын көреді, 1934 жылы елге оралады. Алайда, 1937 жылы тағы да заңсыз тұтқындалады. Халқын сүйген, сол үшін күйген аяулы азамат, ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы осы жы­лы сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны болады. Содан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойына оның есімі де, еңбектері де аталмай, атала қалса, ұлтшыл, кертартпа ақын-жазушылар санатында айтылып келді. Қазіргі шақта заман да, қоғам да өзгерді. Тәуелсіздік самалы тарихқа, өткен мәдениетке де жаңаша көзқарас әкелді. Соның арқасында қазақ халқы жазықсыз жау атанып, мезгілсіз құрбан болған Ахмет Байтұрсынұлы секілді аяулы азаматымен қайта қауышып отыр.

А.Байтұрсынұлының творчестволыққа бет бұруы оның ұстаздық қызметке араласкан кезеңінен басталады. Туған әдебиеттің тұнығынан сусындау, сондай-ақ, орыс әдебиетінен алған әсер-тағылымы да жас ұстазды өнер соқпағына әкелген. Ахметтің әдеби мұрасы сан салалы, әрі қомақты. Алайда оның творчестволық қалыптасуында айрықша мәнге ие екі жинағын атау ләзім. Оның бірі -1909 жылы Петербургте жарық көрген «Қырық мысал» да, екіншісі — «Маса» 1911 жинағы.

«Қырың мысал » Ахмет Байтұрсынұлын халыққа аудармашы ақын ретінде танытқан тұңғыш жинағы. Кітапқа оның орыстың әйгілі мысалшы ақыны И.А.Крыловтан аударған қырық мысалы енген. Жинақтың «Қырық мы­сал» аталуының мәнісі де осында.

Аудармашы орыс ақынының шығармаларынан суреттелетін құбылыстар мен жағдаяттары қазақ тіршілігіне неғұрлым жақындау келетінін, әрі ұғымға жеңіл үлгілерін таңдап, іріктеп алған. Крылов мысалдарының негізгі мазмұнын сақтай отырып, оны қазақ оқырманының ерекшелігіне лайықтап еркін аударуды Ахмет негізгі принципі еткен. Әрбір аударма соңына мысалдың негізгі идеясын неғұрлым айқындай түсу үшін ол өз тарапынан бірер шумақ қосып, өзінше түйіндеп отырған. Мәселен, «Шымшық пен көгершін» мысалының аудармасын алып қарайық. Абайсызда торға шырмалған шымшықты көрген жас көгершін оған көмектесу орнына:

Талтүсте торды көрмей соқыр ма едің,

Есалаң, ақылың жоқ, күшік, — деді,

деп оны табалайды, мұнымен қоймай,

Мысалы мені алдап еш уақытта

Top түгіл түсіре алмассың онан зорға, —

деп өзін мақтап, астамшылық көрсетеді. Осылай күліп, табалап тұрып, аңдаусызда өзі де тұзаққа түсіп қалады.

1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» – Ахмет Байтұрсынұлының төл өлеңдерінің топтамасы. Қазіргі өлшеммен қарағанда, көлемі шығындау бұл кітаптың XX ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық өміріндегі үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, өз дәуірі үшін елеулі мәнге ие болғаны, қазақ қауымы ортасында салиқалы ой туғызғаны белгілі.

Жинақтың мақсаты оның «Маса» аталуынан да таны­лады. Ақын кіріспе өлеңінде масаны ызыңымен елді енжарлығынан, жалқаулығы мен ұйқысынан оятуға септігі тиетін бейне етіп алады.

Кітаптағы өлеңдердің тақырыптық-идеялық мазмұнынан автордың ағартушылық көзқарасы да жақсы танылады. Халық тағдырына жаны күйіп, оны ұйқысынан оятуға, серпілтіп, жігерлендіріп, алға жетелеуге күш салған азаматтың үні естіледі. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген», «Жұртыма», т.б. өлеңдері – бұған дәлел.

«Қазақ салты» өлеңінде ақын қазақ қауымының әртүрлі өкілдерінің мақсаты мен өмір-тіршілігін сын көзімен саралай келіп, «ұмтылып талап ойлап талпынбаған» елінің енжар, жайбасар халіне күйініш білдіреді. Елінің бұл халіне оқыған азамат ретінде өзін де кінәлі санай отырып өлең аяғын:

Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,

Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.

Байға-мал, оқығанға шен мақсат боп,

Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан, —

деп азаматтық үлкен қиналыспен бітіреді.

… Ақаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ақақның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманынан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік әр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.

«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі — қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш.

Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын туманды оймен сезуші едік.

Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Ақаңа біздің айтатын сөзіміз: Ақаң — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы деп санайды.

Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт на­мысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманын­да жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды…

Қалай болса да, жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай…

Сәкен СЕЙФУЛЛИН

1923 ж.

Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы — баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.

Рымғали НҰРҒАЛИЕВ

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, қазақтың жерін ғана алып қалмай, ой-санасын да отарлауға айналған патшалық өзбырлық пен большевиктік қызыл қырғын кезеңдерде әдебиет пен саясат майданында қажымас қайратын халқына қапысыз еңбек етіп, ұлттық сананы қалыптастырған Ахмет Байтұрсындай ұлы тұлға бұрыңғы – соңғы тарихымызда сирек.

А.Байтүрсынұлы Ы.Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың аудармашылық және ақындық дәстүрін жалғастырып, қазақ әдебиетін өзінің шығармашылық ізденістерімен байыта түсті. Ахметтің шығармашылық тұлғасының қалыптасуына Ыбырай, Абай мектебі мен алдыңғы қатарлы реалистік орыс поэзиясының да әсер-ықпалы айтарлықтай болды. Жалпы, А.Байтұрсынұлы шығармашылығы XX ғасыр басындағы демократтық әдебиетке тән дәстүрлі ағартушылық, сыншылдың сипатта қалыптасты.
0 дауыс

Ахмет Байтұрсынов - Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). 1882-84 жж. ауыл мектебінде оқыды. 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895-1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды. 1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді. 1918-19 жж. Алашорда қатарында болады. 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады. 1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер. 1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. 1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған. Сәкен Сейфуллин баға беріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті: ...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды... халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті. Мұхтар Әуезов депті: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны - «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала - бұлт, шындық - күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты. Шығармалары Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Байтұрсынұлының екінші кітабы - «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. Әдебиеттану Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі - «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі. Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары - шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі - мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері - пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады. Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады. Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар. Аудармалары Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы - көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды. Түркітану Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. 1926 ж, Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады. Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін 20 ғ-дың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.

0 дауыс
Себебі мен оны былай түсіндіремін
0 дауыс
Ахмет Байтұрсынов 198291€ туған
...